Қазіргі қазақ әдебиетінің антологиясы әлемге тарады
26.02.2020
1026
0

Қазақ әдебиеті жаһанды шарлап кетті. Енді әлем оқырмандары біздің ұлттық әдебиетіміздің жауһар туындыларын өз тілдерінде оқи алады. Бұлай деуімізге себеп жуықта «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында БҰҰ-ның 6 тіліне аударылған қазақ әдебиеті антологияларының таныстырылымы өтті. Жиынға шығарма­лары әлем тілдеріне аударылған авторлар мен ҚР Мемлекеттік хатшысы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қазақстан жазушылар одағы басқармасы төрағасы Ұлықбек Есдәулет және «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы қатысты.

Алты тілде басылып шыққан әр антологияның таралымы – 10 мың данадан. Жалпы саны 120 мың жинақ әлемдегі 23 мыңнан аса ірі кітапханалар, оқу орындары мен ғылыми орталықтарға жеткізілді. Оның ішінде ағылшын тілді басылымдар ағылшын тілі ресми мәртебеге ие 18 мемлекетке, араб тіліндегі жинақтар осы тілде сөйлейтін Таяу Шығыс пен Африкадағы 22 мемлекетке, испан тіліндегі басылымдар Испаниямен қатар Латын Америкасының 20 еліне, Қытай тіліндегі басылымдар 1,5 миллиард халқы бар елдің барлық аймақтарына, орыс тіліндегі жинақтар орыс тілін білетін 14 мемлекетке, француз тіліндегі таралым Еуропа мен Африканың 17 еліне таралды. Бұл жоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлестіруімен жүзеге асып отыр.  

ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қазақ әдебиетінің үздік үлгілерін БҰҰ-ның 6 тіліне аудару және оны осындай кең көлемде тарату – бұрын-соңды біздің тарихымызда болмағанын айтты. «Нақтылап айтсақ, қазіргі қазақ поэзиясы мен проза үлгілерінен құралған қазақ әдебиетінің екі томдық антологиясы ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдеріне аударылды. Әр жинаққа 30 автордың шығармалары кірді. Осылайша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының арқасында тұңғыш рет қазақстандық 60 автордың шығармасы бір уақытта әлемнің ең ірі 6 тіліне тәржімаланды. Бұл жобаны ұйымдастыру және үйлестіру жүйесі де бұрынғыдан өзгеше. Ондағы басты мақсат – көркем аударманың жоғары сапасын қамтамасыз ету еді», – деді Қырымбек Елеуұлы. Ал Франция Президенті Эммануэль Макрон «Қазіргі қазақ әдебиетінің прозасы» және «Қазіргі қазақ әдебиетінің поэзиясы» деп аталатын антологиялар үшін  Алғыс хат жолдап, Қазақстан қаламгерлерінің шы­ғар­машылық әлеуетін көрсететін жинақтардың маңызына тоқталыпты. Ол хатында бұл жобаның елдер арасындағы мәдени алмасулардың жандана түсуіне ықпал ететінін атап өткен көрінеді.

«ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ АНТОЛОГИЯСЫ» ЖӨНІНДЕ ШЕТЕЛДІК БЕДЕЛДІ МАМАНДАРдың ПІКІРІ

Роса ЛЕОН,

Сервантес институтының жетекшісі (Испания):

– Қазақ оқырмандары біздің ұлы жазушыларымызды, ақындарымыз бен суретшілерімізді білетініне сенімім кәміл. Оларды дүниежүзіне насихаттау үшін біз жатпай-тұрмай еңбектенеміз. Бірақ шынайы достық пен  түсіністік үшін мәдени алмасу екіжақты болғаны жөн. Сондықтан бұл жинақтардың жарық көруі – біз үшін мәні зор оқиға. Мәдениеттердің өзара сабақтастығының нақты үлгісі осындай болса керек.

Энни МИХАИЛИДУ,

«Кембридж университеті баспасы» (Cambridge University Press) Білім саласын реформалау департаменті, халықаралық даму бөлімінің жетекшісі (Ұлыбритания):

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті елдің келешегіне қатысты нақты мақсат-міндеттерді айқындады. Мені Қазақстанның Орталық Азия аумағында жаңа технология мен инновацияны, бизнесті дамытып, мәдениетін, тарихы мен өнерін айырықша дәріптеп, бағалайтыны қуантады.

 Тьерри-де-ла-Круа,

«Мишель де Мол» (Michel de Maule) баспа үйінің бас редакторы, лингвист, ақын (Франция):

– Біз авторлармен тікелей сөйлесуге мүмкіндік алдық. Қазақстанға барып, авторлармен бетпе-бет жүздесу, сұхбаттасу зор көмегін тигізді. Біздің шығармашылық топ бұл іске ынта-шынтасымен кірісті. Әрі оқырманның көңілінен шығатындай жақсы аударма жасалғанына сенімдімін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір