Түстегі болмыстың мәні
25.02.2020
1201
0

«Қызыл үй»

(Суретші Шаттық Батан шығармашылығы турасында)

Суретші Шаттық Батан

Жуырда Қазақстан Суретшілер одағында «Мэстро Жаңатай Шәрденов / Шаттық Батан: ұрпақтар сабақтастығы» атты көр­ме өтті. Қазақ сурет өнерінің классигі Ж.Шәрденовтың аты алысты шарлаған. Ал Шаттық Батан бүгінгі жаңа буын суретші­лер­дің белді өкілі ретінде танылып келеді. Жас суретшінің ізденісі, өзіндік бағыты туралы жазылған мақаланы ұсынып отырмыз. 

Cурет – бостандық сүйетін бекзат өнер. Ол жарық пен көлеңкенің, түстер мен реңдердің, болмыс пен мәннің симфониясы. Аспан ойдың меланхолиясы.  Готика, кейіндеп қайта өрлеу дәуірі ренессанс, барокко, рококо, классицизм, романтизм, символизм, импрессионизм, …модернизм деп жалғаса беретін  көп бояулы ағымнан құралған өнердің бұл түрі адам болмысының кемелденуінің рухани көрінісі.

«Орбита»

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Францияда импрессионизм деп аталатын шабыт ағымы академиялық сурет өнерінің заңдылықтарын бұзып, табиғаттың бір сәттік жалт еткен әсеріне мың алаулы сағынышын қондырып, мың түрлі бояулардың құбылыстарын сурет өнерінің тарихына жаңалық етіп әкелді. Бұл ағымның негізгі өкілдері – «судың Рафаэлі» атанған Клод Моне, бояулар симфониясының тілін ашқан – Огюст Ренуар, композициялық шешімдер мен импрессионистік техникалардың жаңа әдістерін ойлап тапқан Эдгар Дега мен Альфред Сислей және басқалар болатын. Кейіндеп ол постимпрессионизм ағымымен жалғасын тауып, Сезанн, Ван Гог, Гоген секілді алыптардың шығармашылығының жемісіне айналды. Бұл ағым қалыптасқан ақадемиялық дәстүрді бұзып, түстер мен реңдердің болмысына өзгеше мән беріп, сурет өнеріне жаңа көзқараспен қараудың  бастауы болды.

«Алтын күз»

Мысалы, Фрейдтік танымға салып, түстердің болмысына тереңнен үңілетін болсақ, олардың мәнін психоаналитикалық танымда талдауға тура келеді. Себебі түстер – адам баласының пайда болуы мен дүние тануының арасындағы аса маңызды мифтік сезіну түйсігі. Сірә, кино өнерінде режиссердің түстерге гиппертекст беруі адам жанының рухани мәнін ашуда кино тілін дүниеге әкелді. Бұл сурет өнерінің философиялық мәні терең екенін аңғартады. Әсіресе, бұған Ингмар Бергман, Антониони Микеланджело, Акира Куросава, Сергей Параджанов секілді, т.б. кино мэтрлерінің шығармашылығы дәлел. Ал әдебиеттегі Умбэрто Эконың «Қызыл гүлдің есімі» мен Орхан Памуктың «Менің атым Қызыл» кітаптары да түстердің мәнін одан сайын тереңдете түседі. 

«Қақпа»

Импрессионизм бағытында жүріп, өз стилін пейзаждық жанрда қалыптастырған Шаттық Батан өз замандастарының ішіндегі аталған ағымның еліміздегі көрнекті өкілі ретінде танымал. Еркін мазоктар мен жеңіл жағыстарға және бояуды қою қолдануға ерік беретін суретшінің картиналары ашық түстерге толы.

«Натюрморт»

Бояулар теориясын құнттап зерттеп, палитрасына ашық реңдерді орналастыру арқылы түстердің гармониясы мен олардың мәнін ұғынуды тереңнен көздеуді бағыт еткен Шаттық Батан бүгінде тек реңдердің құбы­лы­сын ғана емес, сонымен қатар адам санасындағы психологиялық мәнді, философиялық күйді де жеткізуге қабілетті. Тіпті оның кей картиналарын бүгінгі қазақ поэ­зия­сындағы романтикалық сарынға толы, ұйқасы мен ырғағы келіскен, көрнекі құсни өлеңдермен салыстыруға болады.

 

Алматы

 Шаттық Батан шығармашылығындағы табиғат көріністеріне зер салсақ, одан Алматы қаласының айналасында орналасқан орыс үлгісінде салынған үйлер мен заманауи қала архитектурасы байқалады. Мұндағы архитектуралық бейнелердің өзі қала тұрғындарының өмір сүру кезеңі мен олардың психологиялық-тұрмыстық сипатын анықтайды.  Ал бояулар болса, онда тіршіліктің мәні мен қоғамға деген немқұрайлықты бұзып, назарды табиғатқа бұруды сұрап тұрғандай әсер қалдырады. Ондай туындыларға «Алматы», «Магнум», «Абылай хан көшесі» секілді, т.б. картиналары мысал.

Қаратал

Болмыстың бояуын толық танитын қоғам қалыптасып үлгерген жоқ. Дегенмен сіз түстер арқылы адамзат баласының даму үрдісі мен құдай-тану дәстүрін, мифтік наным-сенімдерін тура бағамдай аласыз. Көне мыңжылдықтарда адамдар Мысыр құдайлары мен Тибет құдайларының мәнін жасыл түс арқылы  таныса, семиттік діндерде жасыл бояуды келесі өмірмен байланыстыратын символдық нышан ретінде қарастырады. Ал көшпенді болмысының қазақы танымындағы түстердің мәні сіз бен бізге мәлім. Яғни бұндағы адамзат баласының даму үрдісі барысында түстердің түрлі өркениеттерде аса бір маңыз тудырарлық қастерлі дәстүрге ие екенін байқауға болады. Бұл туралы әрбір түске жеке тоқталып, оның болмысын айқын ашуға талпынған неміс халқының аяулы ақыны Гетенің «Түстердің тарихы» туралы еңбегінде кеңірек баяндалған. Сондықтан түстерсіз өмірді, бояусыз суретті елестету мүмкін емес.

«Сайран»

Осы орайда түстердің болмысын терең сезінген қазақ сурет өнерінің бүгінгі өкілі Шаттық БАТАННЫҢ шығармашылығы алдағы ізденістері мен еңбегінің нәтижесінде жемісті болады деген сенімдеміз. Бояулардың болмысын ашуда  ешқашан қайталанбайтын өзіндік стилін қалыптастырып, түрлі эксперименттік ізденісін тоқтатпауға шақырамыз.

Тілек ЫРЫСБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір