Дәстүрлі діни танымның ерекшелігі
17.02.2020
187
0

Діни танымның өзегі – өткенімізді пайымдау, жерімізге алғаш діннің келу тарихын, оның таралу жолдарын зерттеу, сол арқылы бүгінгі ұрпаққа салт-дәстүрімізбен біте қайнасқан дәстүрлі ислам қағидаттарын түсіндіру. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл турасында үнемі айтып жүр. Төмендегі мақаладан біз өткен тарихымыздың бір үзік хикаясын тани аламыз. Бүгінгі жастарға берер тәлімі мол, мағлұматы толымды мақаланы оқырман қауымға ұсынып отырмыз.

Редакциядан.

Халқымыздың тарихы мен руханиятының жарқын беттерінің бірі ислам дінімен байланысты тұстары екені анық. Алайда ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан дәстүрлі дініміз – исламның тарихында әлі де болса толық зерттелмеген мәселелер баршылық. Соның бірі – түркі халықтары, соның ішінде қазақ халқының арасында таралған исламның өзіндік ерекшелігі туралы мәселе. Көпшілік зерттеушілер түркі халықтары арасында, негізінен, исламның сопылық бағыты таралды деген пікірді қолдайды. Алайда сол сопылықтың шынайы мәні қандай, сопылық пен ортодоксалды ислам арасындағы арақатынас, сопылықтағы әулиелік құбылысы және т.б. қарапайым халықтың ғана емес, онымен арнайы айналысып жүрген ғалымдар арасында да толық жауабын таппаған, әлі де болса жіті зерттеуді қажет етіп отырған мәселелер жетерлік. Мақала авторына жуырда ғана белгілі болған бір үзік дерек аталмыш жайттардың зерттелуіне өзіндік үлесін қосады деген үміттеміз.

Өткен 2019 жылдың жазында, Тараз қаласында тұратын 92 жастағы қария Баттал Жаңабайұлы, осы өңірде ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында өмір сүрген, халық арасында «Аппақ ишан» деген атпен белгілі болған Сейдәшім ишанның өмірінен бір үзік деректі ауызша сұхбат кезінде айтқан еді. Қарияның айтуынша, әкесі Жаңабай балалық шағынан сопылыққа ден қояды. Оның сопылықта өз ұстазын тауып, сол жолға біржолата түсуіне, өңірге ХХ ғасырдың басында Арқадан көшіп келген кіші жүз, тама руынан шыққан Құлжан молданың септігі тиген. Құлжан молда Бұхара-да оқыған, ислам орталықтары – Бағдат, Шам, Мысыр жерлерінде діни білімін ұштаған өте сауатты адам болса керек. Жаңабай мен Құлжан молда арасында рухани достық орнап, ол кісі Жаңабайға сопылық жолда ұстазсыз болмайтындығын түсіндіріп, оған сол кезде ишандар көп шоғырланған Ташкенттен өзіне пір тапқаны дұрыс екенін айтып, бағыт береді. Жаңабай алғаш 9-10 жастар шамасында, елден Ташкентке мал айдап шыққан кіреге (малын сатып, Ташкеннен басқа тауарлар сатып алуға барушыларды осылай атаған) ілесіп жолға шығады. Алайда бұл сапарда оның жолы бола қоймайды, кіре саудамен Ташкенде болған 3-4 күн ішінде өзіне пір тауып үлгермейді. Кейінірек Құлжан молда Жаңабайға бүкіл түркі дүниесінде «пірлердің пірі» атанған Арыстан бабтың басына барып, сол аймақта Аппақ ишан деген атпен белгілі Сейдәшім ишанға қол беруі жөнінде кеңес береді. Көп ұзамай Жаңабай Арыстанбаб басына барып, сол жерден Сейдәшім ишанды тауып, оған пірі ретінде қол беріп, ишанды қолқалап, өз туған ауылына қоныс аударуға көндіреді. Қазақ тарихында қожаларды рухани ұстаз ретінде еліне көшіріп алу деректері көп кездескен, ол жөнінде жазушы Қ.Жұмаділдің «Прометей алауы» атты шығармасында жақсы суреттеледі: «Түркістан жерінен Қазақстанның шығысына (Семей) қоныс аударған қожалардың рухани миссиясының нәтижелі болғандығының айғағы – Абай, Шәкәрім сынды ұлы тұлғалардың қазақ руханиятындағы алатын орны – қожалардың қазақ халқының рухани дамуындағы қомақты үлесінің бұлтартпас айғағы десек болады.»

Сейдәшім ишан, шәкіртінің қолқа салуымен Талас жеріне көшіп келіп, Жаңабайдың ауылы – Көшек жерінде мешіт салғызып, халықты рухани тәрбиелеу қызметіне кірісіп кетеді. «Сейдәшім ишан ел арасында өте сыйлы, қадірлі болды», – деп жалғастырады Баттал қария әңгімесін. Ол отбасын құрып, бірнеше бала (4 ұл, 2 қыз) сүйеді. Бірінші жары, жергілікті Ысты руынан тарайтын ойық, қызылқұрттың қызы болса керек, екінші жары сол ойықтың көкшекөз руының қызы болады. Отбасылық өмірінің осы деректеріне қарап, «қожалар өздерін ақсүйекпіз деп, қазақпен қыз алыспаған, өздерінің тегін таза сақтауға тырысқан» деген пікірдің біржақты, үстірт екеніне көз жеткіземіз (мүмкін, бұл қасиет – яғни өзін халықтан бөліп, жоғары ұстамау, нәпсісін ауыздықтауда үлкен деңгейлерге жеткен шынайы сопыларға ғана тән болған шығар).

Кейінірек, 1933 жылы Жаңабай сопы пірі – Сейдәшім ишанмен бірге Талас ауданының Қызыл-әуіт ауылына көшіп барып, халыққа рухани қызмет етуін жалғастырады. Жергілікті халық арасында үлкен беделге ие болған ишан 1939 жылы дүниеден өтеді (туған жылы 1870 жыл шамасы). Сол Қызыл-әуіт ауылында Сейдәшім ишанның құрметіне халық ескерткіш-тақта қойған, оған «Бұл жерде ел арасында Аппақ-ишан деген атпен белгілі болған, Жаңабай сопының пірі Сейдәшім ишан жатыр» деп жазылған. Сейдәшім ишанның Қызыл-әуіттің дәл қай жерінде жатқандығы былтырғы жылға дейін белгісіз болып келген еді. Өткен жылдың көктемінде тағы да сол Баттал қарияның көмегімен ишанның жатқан жері дәл анықталды. Ақсақалдың айтуынша, әкесі – Жаңабай сопы өмірден өтер алдында, ұлдарына, денесін пірі – Сейдәшім ишанның аяқ жағына қоюын өсиет етіп қалдырған екен.

Жаңабай сопы да ел арасында аса қадірлі болыпты. Баттал ақсақалдың айтуынша, алыс-жақын аймақтардан келген қонақтар Жаңабай сопының алдына келіп, амандаспай кетпейді екен. «Әкей жан-жағына адамдар топтастырып жүретін көшбасшы болды дей алмаймын, бірақ кісінің ала жібін аттамайтын, қолынан келсе көмегін аямайтын, бай-бақуаттыларға көз аларта қарамайтын, имандылыққа барынша ұйыған кісі еді. Үнемі жастығының астына ақ матаға оралған 2-3 кітапты тығып ұстайтын, ешкім жоқта пірі – Сейдәшім ишан екеуі сол кітаптарды оқып отыратын, сырттан кісі келе қалса, кітаптарды жастықтың астына тыға қоятын», – деп жалғастырады әңгімесін Баттал ақсақал.

Әкелерінің 100 жылдығына орай Жаңабай сопының басына балалары қызыл кірпіштен биік кесене тұрғызыпты. Дәл осы жақсы сақталып қалған кесене арқылы былтыр жатқан жері анық болған Сейдәшім ишанның басына ұрпақтары көктастан ескерткіш орнатып, бүкіл Қызыл-әуіт, Талас жұртын жинап үлкен ас берді.

Ел аузында Сейдәшім ишан жайында басқа да көптеген аңыз-әңгімелер қалған. Соның бірінде, Талас жерінде егістікке су жетпей жатқанда ишан өзінің қасиетімен суды кері ағызып жеткізгендігі туралы айтылады. Бұл аңыз сопы әулиелеріне тән болған тылсым қасиеттің құбылысынан хабар береді. Осы жерде, исламдағы әулиелік құбылысты зерттеумен арнайы айналысқан тарихшы-ғалым ретінде қысқаша тоқталып кеткім келеді. Арабтың «уали» (көпше түрі «аулийа») сөзінің бірнеше мағынасы бар, атап айтқанда, «қамқоршы», «сенімді адам», «Құдайдың қамқорлығындағы кісі», «Құдайдың досы» деген мағыналар береді. Бұл сөз Құранда Аллаға қатысты, Алла Тағаланың «мұсылмандардың қамқоршысы» мағынасында қолданылған. Құранда мұсылмандардан тек Алла ғана шынайы қамқоршы және көмекші екенін мойындау талап етіледі. Сондықтан да Құдайдың қамқорлығында деп есептелген адам ерекше кісі, «Алланың досы», яғни «әулие» деп саналады. Бір сөзбен айтқанда, әулиелер деп ислам қоғамындағы ерекше діншіл, тақуа адамдарды сипаттауға болатын тәрізді. Мұсылман әулиелерінің қалыптасуына ықпал еткен исламдағы сопылық бағыт болды. Сопылықта өзінің ерекше тақуалығымен, терең танымы мен діни жанкештілігі арқасында даңқы шыққан аса ірі сопы ғұламалары тірі кезінде-ақ әулие атана бастайды, ал мұндай әулиелер қайтыс болғаннан кейін, мұсылмандардың оларға деген құрметі, олардың мазарларына зиярат ету арқылы жалғасын тапты. Сопы ғұламалары (ас-Сулами, Кушайри) әулиелер өмірбаянын жазып қалдырған, онда әулиелердің өмірінен қызықты жайттар, олардың әулиелік дәрежесіне жету жолдары және көрсеткен кереметтері баяндалған. Әулиелер өмірбаяндарынан байқағанымыздай, әулиенің Құдайға жақындығы, оның ерекше ішкі қуатынан, керемет көрсетуге мүмкіндік беретін Кұдай шапағатынан (барака) көрініс табады. Бұл күш-қуат адамның ойын оқу, науқасты емдеп жазу, құс тәрізді ұшу, судың бетімен жүру және бір мезгілде әртүрлі жерлерде болу сияқты, әдеттен тыс қабілетке ие етеді (мысалы, атақты Хорасан бабтың күн сайын бамдат намазын Меккеге барып оқып қайтатындығы туралы әңгіме ел арасында кең таралған).

Сонымен, Баттал ақсақалдың жеткізген тарихи дерегі негізінде Қазақстандағы исламның тарихына қатысты бірқатар қорытындылар жасауға болады. Ең алдымен, қазақ халқының тарихында исламның сопылық бағыты сонау ерте кезеңдерден бастап кеңестік жауынгерлік атеизм саясаты жеңіске жеткен ХХ ғасырдың 40-жылдарына дейін үзіліссіз жалғасып келген.

Екінші қорытынды «Аппақ ишан» атауына байланысты. Қазақ тарихында бұл есіммен белгілі бірнеше ишан болған, ең алдымен, XVII ғасырда өмір сүрген, Шығыс Түркістан мұсылмандары арасында үлкен беделге ие болған Аппақ қожа. Сонымен бірге ұрпақтары әлі күнге дейін дінге қызмет етіп, сопылық жолды ұстанып жүрген, Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Шаян ауылында салдырған мешіті, медресесі мен дәрісханасы біздің күнімізге дейін сақталып жетіп, тарихи ескерткіштер ретінде мемлекет қорғауына алынған, ХІХ ғасырда өмір сүрген Аппақ ишан. Аппақ ишандардың қатарына ғылымда осы күнге дейін белгісіз болып келген үшінші Аппақ ишан, яғни ХХ ғ. басында Жамбыл облысы, Талас ауданында халықтың рухани тәрбиесімен айналысқан, жергілікті халық әулие ретінде құрметтеген Сейдәшім ишан қосылып отыр. Аталмыш мәселеге байланысты мынадай қорытынды жасаймыз: жалпы, «ишан» деген сөздің өзі парсы тіліндегі үшінші жақ, көпше түрдегі «олар» деген есімдіктен шығады, яғни ишандарды халық ерекше құрметтеп, есімін көзінше ғана емес, сыртынан да атамаған. Ал «аппақ» деген сөздің шығу төркінін түсіну үшін тағы да сопылықтың тарихына көз жүгіртуіміз керек: сопылық тарихының өн бойында шынайы-сопы, жалған-сопы түсініктері болғандығы белгілі. Мысалы, Ясауи өз «Хикметтерінде» сопылардан риясыз, шынайы болуды талап етіп, жалған-сопыларды аяусыз сынға алады, олардың қоғам үшін аса қауіпті екенін халыққа барынша түсіндіруге тырысады. Жалған-сопылық құбылысының орын алуының өзі сопылықтың халық арасында айрықша беделге ие болуынан туындаған. Осы жағдайларға байланысты, «Аппақ ишан» атауы шынайы сопыны жалған-сопылардан айыру үшін, яғни сопының шынайылығын, тазалығын, айрықша тақуалығын көрсету ниетінен туындаған деп түсінеміз.

Мақалада қарастырылған мәселе бойынша жасалатын келесі бір қорытынды, кеңес өкіметінің жауынгерлік атеизм саясаты сопылық тәрізді халық руханиятында ерекше сұранысқа ие болған құбылыстың бірте-бірте көмескіленіп, ХХ ғасырдың ортасына қарай мүлде жойылып кетуіне алып келген. Мұны Жаңабай сопының Талас өңіріндегі ең соңғы сопы болу фактісі айғақтайды (оның соңынан шәкірттері қалмаған).

Сөз соңында, ислам тарихының одан әрі зерттелуіне септігін тигізіп, Талас халқы арасында Аппақ ишан атымен белгілі болған Сейдәшім ишан туралы, сондай-ақ оның шәкірті – Жаңабай сопы туралы тарихи фактілерді жеткізген Жаңабайұлы Баттал қарияға Сейдәшім ишанның ұрпақтары атынан, жалпы Талас халқы атынан және ислам тарихын зерттеуші ғалымдар атынан шексіз алғысымызды білдіреміз.

Ерке ҚАРТАБАЕВА,

тарих ғылымдарының кандидаты,

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір