Қазақ әдебиеті 93 мемлекетке тарайды
14.02.2020
1368
4

Бүгін шығармалары БҰҰ-ның алты тіліне аударылған қазақ ақын-Жазушыларының кітаптарын таныстыру рәсімі өтеді. Қазақ әдебиетінің мерейін өсірген бұл жоба жайлы еңбектері шет тІлге аударылған авТорлар мен жобаның жетекшісі рауан кенжеханұлын әңгімеге тарттық.

 

Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ,

«Ұлттық аударма бюросы қоғамдық қорының» атқарушы директоры:

АУДАРЫЛҒАН КІТАПТАР 93 МЕМЛЕКЕТКЕ ТАРАЙДЫ

– Жалпы аударма ісі қалай жүзеге асты? Аудармашыларды қалай таптыңыздар?

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ішінде «жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» деген жоба бар. Елбасының мақаласында «БҰҰ-ның алты тіліне Қазақстанның қазіргі маңдайалды ақын-жазушылары аударылуы тиіс» деген тапсырма болатын. Бұл шара соның аясында жүзеге асты. Мұндай жоба біздің елде бұрын-соңды қолға алынған жоқ. Жұмыс барысында, ең әуелі, «Көркем аударманың сапасын қалай түзетеміз?» деген мәселе туды. Ақылдаса келе алты тілде жұмыс істейтін ең тәжірибелі мамандарды, ең беделді деген баспаларды жұмысқа тартайық деп ұйғардық. Сондықтан ағылшын тіліндегі шығарылымын дайындауға Кембридж университетінің баспасы тартылды. Олар келісіп, осы жобаға кеңінен атсалысты. Испан тіліндегі аудармасын шығаруға Сервантес институты, Қытай тіліндегі басылымын дайындауға Бейжіңдегі Ұлттар баспасы, ал орыс тіліндегі нұсқасын шығаруға Ресейдегі Мәскеу Мемлекеттік баспа үйі өз жәрдемдерін тигізді. Біз өз тарапымыздан өзіміздегі білімдар мамандардың қатысуымен жолма-жол аудармасын дайындап бердік. Аталған шетелдік ұйымдардың көмегі мен беделінің негізінде мақсатымыз ойдағыдай жүзеге асты. Тәржімалау жұмыстарына жалпы саны – үш жүздей маман қатысты. Жұмыстың сапалы шығуын реттеу мақсатында осы алты тілде еркін жұмыс жасайтын әдеби редакторлар жиылып, Қазақстанға келді. Нұр-Сұлтан қаласында, Алматы қаласында авторлармен жеке-жеке кездесіп, сұхбаттасты. Аудармалардың алғашқы нұсқасын талқылады. Одан бөлек, әрине, әдеби редакторлардың келгендегі бір мақсаты – елмен танысу, тарихи орындарды көру, осындағы мамандардың пікірлерін есту еді. Көздегендеріндей, мәдениетімізбен танысып, ұлттық әуенімізді тыңдады, жер-жерді аралады. Осы арқылы шетелдік қонақтар қазақ мәдениеті мен әдебиетіне тағы бір табан жақындай түсті деп ойлаймыз.

– бұл жоба жалғасын табуы мүмкін бе?

– Мұндай ұсынысты, негізінен, Жазушылар одағы беріп жатыр. Одаққа сегіз жүзге тарта қаламгер мүше екені белгілі. Қай-қайсысы да өз шығармасының аударылғанын қалайтыны анық. Алпыс автор да аз емес, әрине. Шығармалары аударылғандардың қатарында отыз ақын, отыз жазушы бар. Кітаптың таныстырылымы барысында сіз сұраған мәселелер талқыланатын болады.

– Кітаптардың таралымы жайлы айтсаңыз?

– Кітап өз тілдеріне аударылған әр елде 10 мың данадан басылып шықты. Және осы тілдерде сөйлейтін халықтардың бәріне таралды. Мәселен, ағылшын тілінде сөйлейтін он жеті ел бар екен. Испан тілінде сөйлейтін жиырма шақты ел бар. Олар да қамтылды. Сонда алты тілде сөйлейтін, жалпы саны – 93 мемлекетке, сол елдердегі ірі кітапханалар мен оқу орындары секілді жиырма үш мыңнан аса ұйымға кітаптар жеткізілді.

  1. Шығармаларыңыз БҰҰ-ның алты тіліне аударылды. Аудармашылармен сөйлесіп, пікір алысуға мүмкіндігіңіз болды ма?

  2. Бұл жоба сізге шығармашылық қуат, күш сыйлай алды ма?

РОЗА МҰҚАНОВА, жазушы:

ШЕТЕЛДІК АУДАРМАШЫЛАРДАН КӨПТЕГЕН СҰРАНЫС ТҮСУДЕ

  1. Ұлттық аударма бюросы Кеңесінің шешімімен тізімге «Мәңгілік бала бейне» деген әңгімем енді. Мені таңғалдырғаны, француз аудармашысы Филипп Ригоның Парижден «Қазақстан» телеарнасына «Мәңгілік бала бейне» туралы берген сұхбаты болды.

Ол: «Маған Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасы қатты әсер етті. Бұл – ядролық сынақтың құрбаны болған баланың тағдыры жайлы жазылған өте өткір, жүректі шымырлататын шығарма. Бұл – барлық әлем елдерінің оқырмандарына әсер ететін туынды», – депті. Аудармашының мұндай пікірі кез-келген қазақ қаламгерін қанаттандыратыны анық. Қазақ әдебиетінің мүмкіндігінің, болашағаның зор екендігіне сенім пайда болды. Бүгінгі әдебиет нені талап ететінін, не жазу керектігін, қандай тақырыптар сұраныста екенін тап басып білген дұрыс та шығар.

  1. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында қазақ әдебиетінің көптеген авторларының сүбелі шығармаларын шет тілдерге аударуға мүмкіндік туды. Осы жобаның арқасында шетелдік аудармашылардан сұраныс түсті. Осыған сәйкес, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жоба жетекшісі Аида Балаеваға, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлына алғысымды білдіремін.

 

ДИДАР АМАНТАЙ, жазушы:

БАТЫС ПЕН ШЫҒЫСҚА ЖОЛ САЛҒАН ТАРИХИ ЖОБА

  1. Жалпы, аталған жобаның маңызы өте зор. Кеше ғана қолға алынған істің оң нәтижесі ертеңнен анық көрінері сөзсіз. Бұл – Совет одағы ыдыраған кезден бастап, әдеби-рухани қатынасы үзілген, екеуара сүрлеу-соқпағы көмескілене түскен Батыс пен Шығысқа жаңадан жол салған тарихи жоба. Сеңді бұзған, жаңа дәуірді бастаған талпыныс, үздік туындыларымызды дүниежүзілік көркем әдеби ортамен, әлемдік оқырмандармен табыстырған, біте қайнасуына септігін тигізер алты алтын қақпаға немесе өткелге айналып келе жатыр. Бұл өткел болашақта да қазақ өнер-мәдениетіне қызмет ете береді деп ойлаймыз. Ескерусіз келген, естен шыға бастаған қаламгерлік еңбектің қоғамдық маңызына еліміздің қайта назар аударғаны қуантады. Шынымен, мемлекет тарапынан қолдау тапқан жоба арқасында, ұлт прозасының өрісі кеңейе түсеріне сеніміміз зор. Бұл жоба әлем тілдеріне тәржімалау арқылы қазақ прозасының әлемдік мәтін аясына енуіне мүмкіндік жасады. Біз – жалпы адамзаттық рухани кеңістіктің бір бөлшегіміз. Жоба осы пайымды нығайта түсті. Жалпы, жоба басталмас бұрын үлкен дайындық жұмыстары жүргізілген. Әуелі, әрбір гуманитарлық-лингвистикалық орталықтармен, институттармен, университеттермен тығыз байланыс орнатылған. Шетелден білімін жетілдіріп алып келген біздің азаматтар бар жұмысты батыстық озық үлгіде сауатты атқарған.
  2. Аудармашылар салалық жетекші ұйымдардың ұсыныстары бойынша іріктелген. Кездейсоқ, бөтен ешкім жоқ, бәрі өз ісіне берілген, шаруасын мүлтіксіз атқарып жүрген кәсіби мамандар. Тәржіма дегеніміз үлкен философия. Сөз білген ғана емес, автордың ойын, ниетін, мәнін түсіне алатын, аударма теорияларымен таныс, бабындағы аудармашылар ғана сыннан өткен екен. Ақ жол! Аудармашылармен бірнеше рет кездестік, сөйлестік. Таң қалдық. Интеллектуал тұлғалар. Аударған тілі – ана тілі (носитель языка). Мықты.

 

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА, ақын:

Қазақ поэзиясы әлемдегі ең қуатты поэзия

  1. Иә. Бұл үшін Нұр-Сұлтан қаласында аудармашылармен арнайы кездесу, жеке-жеке сұхбат өткізілді. Өте пайдалы кездесу болды деп ойлаймын. Жолма-жол аударма кезінде кейбір жаңсақ аударылған не аудармашының ұғымына жетпеген нәрселерді анықтап түсіндіруге мүмкіндік болды. Қазақтың тілі аса бай және иірімі терең болғандықтан бұлай болуы заңды да.
  2. Әрине, арнайы бағдарлама аясында алғашқылардың бірі ретінде менің поэзияма да таңдау түскені жаман жаңалық емес. Қазақ поэзиясы әлемдегі ең қуатты поэзия екенін ескерсек, көптеген мықты ақындар бар екенін мойындаймын. Бұл жобаға ілігуім маған жағымды әсер қалдырды. Ал шығармашылық қуат, күш алу дегенді мен ешқандай жобамен байланыстыра алмаймын. Әрине, стимул болғаны жақсы…
ПІКІРЛЕР4
Аноним 15.02.2020 | 13:02

Үш қырт.

Аноним 15.02.2020 | 13:24

Өңшең қалтұрщікті басыпты. Оны кім оқиды дейсің.

Аноним 15.02.2020 | 17:50

15.02.2020. Құлтөлеу Мұқаштың «Ақжайсаң аға» мақаласы желісімен.

Мына мақаладағы Құлтөлеу Мұқаштың (керней нағашымыздың)) бала күнгі естелігі мені қайран қалдырды! Тура сол сапардағы құрам біздің Шет ауданын да аралаған екен. Қандай сәйкестік! 2-ші класс оқушысының есінде «бүге-шігесіне» дейін сақталған дүниелер керемет әсер етті! Содан, жастық шақтағы ұқсас естелік бізді де шырмап әкетті дерсіз.., жазайын демейсіз ғой, әйтпесе.
Жаппар Өмірбеков, Мыңбай Рашев, Амантай Байтанаевтің «үштігі» ел аралап жүргенде, сол жолы біздің ауылға да келген екен деп топшылап отырмын. 1973 (1974-?) жылғы жаз айы болуы керек, студенттік каникулге ауылға келгенбіз. Аталған үш жазушыны әкем біздің үйге шақырған екен. «Бүгін үйге қонақтар келеді, әкең әдейі шақырыпты, сен келген соң»,- деді анам. «Олар кімдер, мен танимын ба ол кісілерді?» дегеніме, «ақын-жазушылар екен, әйтеуір әңгімелерін тыңдасын деп шақырады ғой әкең әдетте»,-деп жауап берді. Түсте қонақтар келді. Шай дастарханында отырып көзәйнек киген аға анамның қуырдақ пен балқаймағын өте әдемі сөздермен сүйсіне мақтағаны есімде қалыпты. Содан өздерін аты-жөнімен таныстырды. Іштеріндегі көп сөйлемейтін, үнсіз тыңдап/бақылап отыратын ағаның бір қолында қара қолғап бар екен. Ол кісі тауға шығып отыратын, сосын көбіне біздің жылқы байлайтын сайда ұзынынан түсіп, керіліп жататынын, көгалда аунайтынын үйдегі балалар қызық көріп айтып келетін. Бізге қызық болып көрінген сол көріністердің сырын жүре келе түсінгендей болдық қой, әрине.
Сол күні кешке клубта кездесу болды. Үйге қайтқанымызда ата-анамыз қой сойып, үлкен ас дастарханымен күтіп алды. Сол кеште, дастархан басында олар маған көп сұрақ қойды, ертеңінде қоштасарда, Жаппар ағамыз Жайық Бектұровке хат жазып берді. «Міндетті түрде Жайықпен кездес, менен сәлем айт, мына хатты бер»,- деді. Хаттың мазмұны, не үшін бергені — ол бөлек әңгіме…, бүгінгі көзбен қарағанда — ол өз алдына «тағылымды тарих».
Кейіннен ҚарМУ-дің кітапханасынан әкемнің сол жолғы қонақтарының үшеулерінің де еңбектерімен арнайы танысқаным есімде…
Жаппар Өмірбеков ақжарқын, кішіпейіл, аңғарымпаз адам ретінде есімде сақталды. Көз көрген ағамыздың 100- жылдығы — жақсы жаңалық болды мен үшін. Осындай естеліктер жарияланып тұрса… PS: Жаппар Өмірбековтің тәуелсіздік жолындағы белсенді күрескер болғанын, ЕСЕП партиясының мүшесі болғаны үшін 1944-1956 жылдары жапа шеккенін де осы жолы естіп-біліп жатырмыз, жас зерттеуші Әділет Жағыпар інімізден. https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=1097410263961046&id=100010762476612

Қама Жантай.

Аноним 07.03.2020 | 13:19

Өңкей наймандар ғой!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір