ӨЗГЕ ҰЛТТАР ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕНЕ МЕ?
14.02.2020
882
0

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевты қабылдады. ҚасымЖомарт Тоқаевқа үкіметтік комиссияның Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Масаншы, Қаракемер, Сортөбе, Ауқатты және басқа да ауылдардың тұрғындарымен өткізген кездесу қорытындысы бойынша мәлімет берілген.

Президент Жансейіт Түймебаевқа елдегі тұрақтылықты, ұлттар мен этностар арасындағы бірлік пен ынтымақтастықты сақтауға бағытталған шаралар қабылдау үшін бірқатар нақты тапсырма беріп, Жамбыл облысындағы дүнген қауымының жергілікті қазақ қауымдастығымен араласуына, мемлекеттік тілді үйренуіне, мемлекеттік органдарға құрметпен қарауына баса мән беру керектігін айтқан. Бұл өте құптарлық іс. Тек…

«Мемлекеттік тілді дамыту керек!» Тәуелсіздік алғалы 30 жылға таяды, біз осы ұранды жыл сайын сан мәрте қайталап келеміз. Бір жылдары «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін, содан кейін басқа ұлттар…» деген сыңайдағы сөздер де биік мінбелерден айтылған. Бейресми ақпаратқа сенсек, қазақтың 90 пайызы қазақ тілін біледі. Бірақ, заң органдары, бизнестік орта, саяси элита сол күйі «ресми тілде» іс-қағазын жүргізіп, «ұлтаралық тілде» уәжедесіп жүр. Былтыр ҰБТ сынағын тапсырған түлектердің 83 пайызы қазақ тілінде емтихан тапсырған. Демек, жыл сайын мемлекеттік тілді білетін жастар көбейіп келеді Ал осыған еліміздегі аз ұлттар қандай үлес қосып жатыр? Бұл саланы зерттеп, жүйелі ұсыныс жасап, өзге ұлттың жастарын мемлекеттік тілді білуге құлшындырар методика ұсынғандар бар ма? Мемлекеттік органдар қандай жұмыс атқаруда?

Еліміздегі Қазақстан халқы Ассам­блеясы жыл сайын өзге ұлт жастары арасында әртүрлі шаралар өткізеді. Олардың шараларына қарасақ, қазақ тілін білетін этнос өкілдері көп екен ғой деп ойлайсыз. Негізі, өзге ұлт жастарының ішінде мемлекеттік тілді білетіндері өте аз. Абайдың бір өлеңін жаттағанның бәрі қазақ тілін үйренді деп өзімізді өзіміз алдап жүрміз.

Тек мемлекеттік тіл ғана елдің тағдырын біріктіре алады. Ұлтаралық тіл – қазақ тілі болмай, Қазақстандағы диаспоралардың бірлікке ұюы екіталай екенін жоғарғы билік түсінуі керек. «Бір ел – бір тағдыр» ұранын «Бір ел – бір тағдыр – бір тіл» деп өзгертетін кез әлдеқашан жетті. Мемлекеттік тілді дамытудың заманауи тетіктерін жетілдіріп, жастарды осы тілдің мүмкіндігін түсінетіндей жауапкершілікке баулымасақ, қанша жерден айтсақ та, қазақ тілінің дамуы кешеуілдей бермек.

Осы жолы Қордайда болған конфликтінің түпкі себептерінің бірі дүнген этносының қазақ қоғамынан бөлек, оқшау өмір сүруінен туындап отыр деуге болады. Сол оқшаулықты жоюдың бірден бір жолы – қазақ тілін үйрету. Бір ауылда отырып, бірін-бірі түсінбеген халықтың арасында тыныштық болуы неғайбыл. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұны жақсы түсінеріне сенімдіміз.

Асқар АРМАНҰЛЫ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір