«Өмір дастаны» – өзге мұрағат қорында жоқ жалғыз қолжазба
Ертіс – Баянда ақын, жазушы, аудармашы, журналист Ғали Ормановтың «Өмір дастаны» атты кітабының таныстырылымы өтті. Көрнекті қаламгерден мұра болып қалған бұл жәдігердің ерекшелігі – кітаптың түпнұсқасы еліміздің өзге кітапханалары мен музейлерінде сақталмаған. Жәдігерді Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне қаламгердің жиені тарту етті.
Кітап араб графикасында 1948 жылы жарық көріпті. Басылып шыққан орны –Қазақтың мемлекеттік баспаханасы, «Қазақ елі» журналының баспасы деп көрсетілген. Жинаққа ақынның «Ана сабағы» дастаны мен «Алғашқы адым», «Жолда», «Қуаныш», «Біздің ауыл», «Темір ат», «Шеңбер», «Ана толғауы», «Қырманда», «Ұстаз», «Біздің заман» және тағы басқа өлеңдері еніпті. Жәдігерді ақынның жиені Айдар Қырықбайұлы музейге аманаттап отыр.
Ғали Орманов (1907-1978 жылдар аралығында өмір сүрген) – бүкіл саналы ғұмырын ұлттық әдебиетіміздің өсіп-өркендеуіне арнап, қазақ поэзиясының дамуына ерекше үлес қосқан ақын. Орыстың, Шығыстың классикалық үлгіге айналған туындыларын тәржімалап, қазақ әдебиеті саласына өлшеусіз үлес қосқан аудармашы, аса құнды еңбектер жазған қажырлы тұлға.
«Ақын, жазушы, Ғали Ормановтың еңбегі – музейіміздің қорын толықтырып отырған кітаптардың бірі. 1948 жылы шыққан кітапқа ақынның 22 жасынан бастап жазған өлеңдері жинақталған. Ғали Ормановтың аударма саласына сіңірген еңбегі орасан зор. Ол қырғыздың «Манас» эпосының бірінші кітабын, А.Пушкиннің «Мыс салт атты» поэмасын қазақ тіліне аударған. Ақын төл туындыларымен де қазақ әдебиетіне зор үлес қосты. Оның Жамбыл Жабаевтың қасында жүріп жазған күнделігі бар. Оны оқып, зерттеп жатырмыз. Латын әрпімен жазылған осы күнделікті Жамбыл атамыздың алдағы мерейтойында шығарамыз деп отырмыз. Ғали Ормановтың бұдан басқа қолжазбалары мұрағатта жоқ», – дейді Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы Ербол Қайыров.