Серік Ақсұңқар. Менің Абайым
04.02.2020
2256
3

Прощай, немытая Россия,

Страна рабов, страна господ,

И вы, мундиры голубые,

И ты, им преданный народ!

(М.Лермонтов).

Абай – Алаштың Рентгені! Бәріміз де кеудемізді ашып соның алдында тұрмыз: кеудемізде қандай өрт? Көкірегімізде нендей дерт?!. Соның бәрі Абайдан айнаға түскендей көрініп тұр!

Мұхаммед ғ.с.с: «Менен кейін бұ дүниеге пайғамбарлар келмейді. Ақындар келеді!» – деген. Бұл енді адамзат қоғамдастығындағы пайғамбарлық миссияны ақындар атқарады деген сөз-ді. Пушкиннің «Пайғамбар» атты өлеңінде Тәңірі ел-жұртына бір ауыз лебіз айтсам деп, қолына қалам ұстаған адамның көкірегіндегі өлі етті суырып алып, оның орнына берісі – ұлтының, әрісі – адамзаттың асау рухы атойлаған асау жүректі ат ойнатып қоятыны хақында айтылған. Өлең емес –«Інжілдің» хикаясы бұл: Құдайдың осындай рухани операциясынан аман қалған адамның құлағына тірі жанға естілмейтін сиқыр дыбыстар шалынып, көзіне өзінен басқа жұмыр басты пендеге көрінбейтін құбылыстар көрінеді. Оның атын Поэзия дейді. Пушкиннің өзін пайғамбардай сезінетінінің түбі сол тәңірлік тезден төркіндейді. Қолына қалам ұстағанның бәрі жер бауырламай, өздерін Пушкинше ұстағанда, Алла адам баласынан дәл бүгінгідей теріс айналып кетпес еді…Пушкиннің «Пайғамбарының» тебіренісіне кенеліп, тереңіне бойлай алмаған пенденің қолына қалам ұстауға хақысы жоқ! Әуезов-Мағауиндер сол тұңғиықтың тереңіне жеткен соң телегей теңіздей тебіреніп, жазушының пайғамбарлық миссиясын атқарып кетті…

Абайдың жазған-сызғандарына қарасаң, – бір-ақ том! Академиялық түсіндірмелерімен ғана әрең дегенде екі том болып тұр… Мен де шатып, инерциямен көп шимайлап тастаған екем, Абайды телміріп оқыған соң, енді есімді жиып отырмын. Жинақтап қарасам, әрқайсысы 20-25 баспа табақтан 7 томдай дүние шықты. Алпыс алты жыл жазғаным екен, – іштен шыққан шұбар жылан; үш том – өлеңдер мен поэмалар, бір том – қара сөзді қалдырып, қалғанын компьютерден жойып жібердім! Көз алдыңда тұра берсе, алаңдап, ақырында қимай қалады екенсің. Мұның өзі де көп, тіпті… Біз Абайдан кері, кейін шегініп барамыз! Біздікі бос әуре екен, әттең, Қасым, Мұқағали, Жұмекенді де осылай бір сүзіп шығатын біреу болса?! Өлең жазудың техникасын меңгеріп алып, бұрқыратып жаза беретін профессионалдық ақындықтың да айықпас бір дерт екенін Александр Блок баяғыда-ақ айтып кетіпті. Алдымызда Абайдай – ұлы үлгі тұрғанда мұнымыз не?! Енді ғұмырым жетсе, өз Абайым (М. Цветаеваның «Мой Пушкині» секілді) туралы бір кітап жазып кетсем, арманым болмас еді. Енді, Алла жазса, соған отырам. Дүниеде екі кітаптан қорқып, оларға онша тереңдемей, анда-санда, атүсті оқушы едім, біреуі – Құран, екіншісі – Абай. Құран мен Абайды ертеректеу оқығанда өлең жазбай кетуші едім, – ақымақтығымнан өлең жазып жүр екем?.. Құдайдың жөні осы еді! Қазір есіл-дертім – Абайда. Құранға ғұмырым жетпес. Поэзия – бекзада жанр. Ресей-совет өкіметі Пушкинді миллион тиражбен таратып, – оңбай қателесті… Ресей түгілі, бүкіл дүниежүзінде Пушкиннің жырынан рухани ләззат алатын миллион тұрғын жоқ қой?! Абайды 16 миллион қазақтың қаншасы түсінеді?

Абайдың томын ашқан сайын өзімнің ақымақтығым мен дарынсыздығымды аңғара бастағандаймын, (бас қойып оқымайтыным – содан!), мына опасыз дүниеден көресініңді көрген сайын Абайдың кітабын жаңа ашқандай боласың! Басына күн туғанда ғана Алласын еске алатын, өлімге бола туған маңдайы қушық пенде құсап, мен де тағдырдың тәлкегіне түскенде Абайдың қара томдарына үңілемін, сонда ол сол сәттегі көңіл күйді тап басады! Дертіме одан басқа дауа таппай барамын: «Абай 1902 жылдан кейін өлең жазған жоқ», – дейді Мұхтар Әуезов. Ол сонда елу төрт жаста екен. Алпыс сегіз жаста мен де бұрқыратып жазып жатырмын. Не тындырдым?! Қаламдастарыма қарасам, өзіме деген бір қанағат сезім лып етіп, Абайға қарасам… көкірегім сыздап, көңілім құлазып кетеді, – екі оттың ортасында жүрмін мен! Оны оқыған сайын өзгелерге ғана емес, өзіме-өзімнің көңілім толмай, көкірегім қарсы айырылып барады… «Негізі, шын ақындардан гөрі нашар ақындар көп. Ақын көп болмайды ғой. Абайдың тұсында, Мағжанның, Қасымның тұсында қаншама ақындар болды. Абайдың тұсында да қора мен қопсының айналасындағы ақындар болған. Бірақ Абай бір өзі тарихта қалды. Иә, шын ақындардан гөрі нашар ақындар көп. Оның бәрін уақыт сұрыптайды. Мәселен, Мұқағали, Жұмекен, Қадыр, Тұманбай дегеннен кейін сен өзің тосылып қаласың. Сол сияқты уақыт бәріне төреші», – дейді ХХ1 ғасырдағы тегеурінді ақын Темірхан Медетбек (Бақ.Кз. сайтына берген сұхбатынан).

Пенде атаулыдан көңілі қалған қайран Абай «Ғақлиясының» 38-ші сөзінде тек Тәңірі хақында ғана ой толғап, « – Алланың өзі де – рас, сөзі де рас» деп, ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында Аллаға жеткен еді.

Бүгін Алаш Алланың алдына келіп тұр – кеудесіне Ата Заңын ұстап! ХІІ ғасырда Оған: «– Құлдарыңды Құдайына қараған, Сұбхан Ием, сақта, пәле-жаладан!» – деп, Қожа Ахмет Яссауи барған. « – Айтар болсаң – Алланы айт! – деп, ХVІІІ ғасырда Бұқар жырау – Көмекей Әулие барған-ды. ХХ ғасырда: «Жүрегім, мен зарлымын жаралыға, Сұм өмір абақты ғой саналыға. Қызыл тіл – қолым емес – кісендеулі, Сондықтан жаным күйіп, жанады да. Қу өмір қызығы жоқ қажытқан соң, Толғанып қарауым сол баяғыға… Ертегі уатпай ма баланы да, Сөз сиқыр ғой, жазбай ма жараны да? Ақын да бір бала ғой Айға ұмтылған, Еркімен өзі-ақ отқа барады да; Жай тақтақ жабайыдан жол қалғанда, Қанды өрт боп ақын жолы қалады да; Ойлайды, күңіренеді, толғайды ақын, Күрсініп көзіне жас алады да, Ақында адамзаттан дос болмайды, Жалғыз-ақ сырын сөйлер қаламына!»-деп, Тәңірінің алдына Мағжан барған. ХХ ғасырдың соңын ала Оған: «Я, Аллам! Жаратушы Жалғыз Ием, Медет бер, жапандағы жалғыз үй ем; Хал сұрар, жай түсінер бір пенде жоқ, Жүрек – жүн, ойым – опат, жанды – жүйем, Я, Аллам! Жаратушы Жалғыз Ием!» – деп, Мұқағали келді!

Бүгін, міне, Алланың алдында Алаш жұрты тұр – кеудесіне Ата Заңы мен Абайын ұстап! Тарихтың сойқан-сүрен дауылдарында мың өліп, мың тірілген Қазақ елі небір «Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұламадан – отаршылдық ойраны мен аштық, азап, революция, репрессиялардан аман өтіп, Атыраудан – Арқа – Алатау – Алтайға дейінгі ұлан-ғайыр аймақты көзінің қарашығындай сақтап қалғанын айтып тұр. Адамзаттың біреуін де алаламай, Абайша бауырына тартқанын айтып тұр.Тарихта атаусыз құрып кеткен ел-жұрт қаншама?! Қазақ болса:

 «Ей, тәкаппар Дүние!

Маған да бір қарашы,

Танисың ба сен мені,

Мен – қазақтың баласы!» (Қасым) деп, жұмыр жердің үстінде аяғын нық басып тұр! Кешелі-бүгін Абайға келді! Енді Абай барған халық Аллаға да барады!

Мемлекетінде меншіктеп әскер ұстамаған ел – бұл. Әлемде ешбір елді баса-көктеп басып алмаған жұрт! Полиция, түрме дегенді ХІХ ғасырда көріп, аң-таң қалған халық бұл: «Еңкейгенге еңкей, ол – біреудің құлы емес, Шалқайғанға шалқай, ол – Құдайдың ұлы емес!» – деген асқақ жұрт осы еді. Алла, сонсоң, осы күнге дейін аялап тұр оны!

Сонау Көк Түріктер заманында Көк Тәңірмен тілдескен, Ұлы Қағанат құрып, Шыңғысханмен бүкіл Еуро-Азияға әмірін жүргізген бұл жұрттың да шалыс басып, шалқасынан құлаған, бармағын тістеп, егіле жылаған кездері де аз емес. Неге? Құдайдың айтқанын, Құранның сөзін тындамаған кездері көп-ті – пенденің айтқанына еріп, айдағанына жүріп – қателесті… Алла не дейді? «Әй! Кәпір! де – сен табынған дәлтүрішке мәңгіріп, Тәңірі бар да Мен бас имен – Мәңгілік!»(Құран, «Мағұн» сүресі). Тәңірі бәрін көріп тұр: «Алла көнбес аярыңа не түрлі» дейді Құранның «Мағұн» сүресі. Халықтың қазына байлығын көзін бақырайтып қойып ұрлап алып, коттедж-виллаларда ықылық атып отырғандар Құранның «Һұмаза» сүресін оқыса, не бетін айтады: «Өңшең тексіз! Сұм-зымиян! Қайда – қырт?! Малын санап, алған іші майланып! Күннің күні Хұтамаға түседі ол, Алла алдына келеді қайтсе де бір айналып!»

Алаш Ата Абайы мен Ата Заңын кеудесіне басып, Алланың алдында тұр. Адамзатта маңдайы жарқыраған небір марқасқа ғұлама айтпаған сөзді біздің Абай айтқан: «Біз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетін пендеміз. Сол махаббат пен ғаделетке қарай тартпақпыз, сол Алланың хикметін біреуден-біреу анығырақ сезбекпен артылады». Пендеден пенде ғана емес, мемлекеттен мемлекет те бірінен-бірі Алланың хикметін анығырақ сезінуімен асып, асқақтайды. «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет, сезім» (Абай). Ата Заңында махаббат, ғаделет сезімі айқұлақтана көрініп тұрған мемлекеттер өркениет өріне бет алып барады. Біз де содан қалмауға тиіспіз. Сапарың сәтті болсын, Абайды алдына ұстаған Қазақ Елі!

Осыдан он шақты жыл бұрын Ресей тағы бiр дүрлiктi. Алты ай қыс ұйқыда жатқан орыс аюы орнынан қорбаңдап тұрған. Соңғы президент сайлауына көңiлi толмаған орыс оппозициясы Мәскеудегi қарсылық акциясына қарай ағылды. Оппозиционер-блогер Алексей Навальный ереуiлшiлердi «Чистые пруды» булварындағы «түсiнiксiз қазақ» – Абай ескерткiшi басына жиналуға шақырды. Сол-ақ екен, саяси шеруден хабардар болып, интернетке көз телмiртiп отырғандардың бiреуiнiң: «Еһ, Алеша, Абайдың кiм екенiн бiлмегенiң атыңа ұят емес пе?! Нағыз от ауызды оппозиционер Абай емес пе?!» – дегенi күллi жер жаһанға жарық жылдамдығындай тарап кеттi. Содан бастап, Батыстағы «окупайуоллстрит» қозғалысына пара-пар «окупайабай» шеруi басталды да жөнелдi. Ресейдiң «Альпина нон фикшн» баспасы сол кезде Абай шығармаларын 330 данамен шығарды. «Өте ме, өтпей ме?» – деген күдiгi болған. Баспа директоры Павел Подкосов оның бiрiншi күнi-ақ сатылып кеткенiн таңдана айтады. Сонан соң iле-шала 3 мың тиражбен қайта шығарған. Ол да лезде жоқ болады! Күндердiң күнi ол 30 мың, 30 миллионға жетуi мүмкiн…

Сыңсыған қалың орманның iшiнде аузы аққа жарымай, аш-жалаңаш, шыңылтыр аяз, азынаған жел өтiнде еркiндiк пен тоқшылықты аңсап өсiп, патшалық-советтiк империялардың темiр шеңгелiне түскен шерлi орыс жұрты Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Блок, Есенин, Евтушенко, Вознесенский сынды аузымен құс тiстеген арқалы ақындарын аттап өтiп, неге Абайдың басына келiп, ботадай боздап тұр? Орыс тарихының арғы жағына бармай-ақ, бергi жағын шолып өтсеңiз, бiрiмен-бiрi iркес-тiркес, қым-қуыт тарихи оқиғалар көз қарықтырады. 1917 жылғы Қазан төңкерiсi, жекеменшiктi жаппай тәркiлеп, бай-бағландарды жер аударып, атып-асу, қанды қасап репрессия, II Дүниежүзілік соғыс, халық шаруашылығын қалпына келтiру, қырғи-қабақ соғыс, соңынан Совет одағы секiлдi алып империяның шаңырағының ортағы түсуi – ормандай орыс жұртының жүрегiне зiлдей салмақ түсiрiп, қабырғасын қақыратып-ақ кеттi. Содан берi жиырма тоғыз жыл өткен екен. Бұл – ер жiгiттiң ат жалын тартып мiнiп, азамат атанар тұсы. Не өзгердi?

«Адамның адамшылығы iстi бастағанынан бiлiнедi, қалайша бiтiргенiнен емес» – дейдi Абай. Совет одағының заңды мұрагерi Ресей құқықтық мемлекет, азаматтық қоғам құрудың алғы шарттарын да жасай алмай, феодалдық-патриархалдық, патшалық-советтiк, тоталитар­лық- авторитарлық қоғамның ұрандарын ұста­нып қалды. Ресейдiң тарих тақсыретi таңдайына әбден татыған мемлекет ретiнде соңынан ерген бiздей еншiсi бөлiнбеген елдерге үлгi-өнеге көрсетiп, өркениет өрiне қаймықпай қадам басатындай хақысы бар едi ғой? Ақыры не болды? Сахара ойшылының ХIХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында сын тезiне алған «сабырсыз, арсыз ерiншек, көрсе қызар, жалмауыз, өсек, өтiрiк, мақтаншақ, бекер мал шашпақтық» сынды антиадамзаттық мерез мiнездердiң ХХI ғасырдың басында Ресейде, (бізде де!) одан сайын ордаланып, ойнақ салып бара жатқаны орыс оппозициясының да өзегiне өрт түсiрiп, Абайдың басына жетектеп алып келдi. «Чистые пруды» бульварындағы шерудiң түп-төркiнi, мiне, осында жатыр!

«Малға достың мұңы жоқ, малдан басқа, Аларында шара жоқ, алдамасқа. Табысына табынып, қалтаң қағып, Тойғанынан қалғанын берсе Алашқа. – Мал жияды мақтанын бiлдiрмекке, Көзге шұқып, малменен күйдiрмекке. Өзi шошқа, өзгенi ит деп ойлар, Сорпа-сумен, сүйекпен сүйдiрмекке. Ақылды деп, арлы деп, ақпейiл деп, Мақтамайды ешкiмдi бұл күнде көп. Осы күнде мал қайда, – боқ iшiнде, Алтын алсаң, бередi боғынан жеп. Осыны оқып, ойлай бер, болсаң зерек. Еңбектi сат, ар сатып неге керек? Үш-ақ нәрсе – адамның қасиетi: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» (Абай). Бiздегi нарықтық экономиканың бүгiнгi сықпыты – осы! Адамзаттың сан ғасырлық шежiресiнде әбден сыннан өтiп, мойындалған, күнделiктi әдет-ғұрып, тұрмыс-салтқа айналуға тиiстi адамдық-гуманистiк мұраттар аяқ астына тапталған! «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» жөнiнде әңгiме қозғаудың өзi – күлкiлi… Аспанмен таласқан, алтынмен апталып, күмiспен күптелген сарайларда халық қазынасына суық қолын салған ұры-қарылар тұрады! Аш-құрсақ халық — қараша үйлерде… Билiк – бiр жақта, халық – бiр жақта. Жұрт «бiрi қан, бiрi май боп екi ұрты, жақсы менен жаманды айырудан қалғаны» қашан?! «Аузымен орақ орған өңкей қырт, өз сөзiнен басқа сөздi ұқпайды!»; «бас-басына би болған өңкей қиқым елдiң сыйқын бұзып» бiттi!

Мынау Абай заманындағы атқамiнердiң типтiк бейнесi: «Уағалайкүмүссәләм, Болыс, мал-жан аман ба? Мынадайға кез болдың, Аума-төкпе заманда. Ел билеген адам жоқ, Ата менен бабаңда. Болыстықтан пайда қып, Шығыныңды алсаң жаман ба? Қалжыңдаймын әншейiн, Оған келе де бермес шамаң да. Орныңнан тұра шабасың, Атшабар келсе қышқырып. Ояз келсе қайтер ең, Айдаһардай ысқырып? Отырасың үйiңде, Өз-өзiңнен күш кiрiп. Босқа-ақ түсiп қаларсың, Бiреу кетсе үшкiрiп!..» (Абай). Бұлардың бүгiнгi бiздiң iрiлi-ұсақты шенеуiктерден айырмасы қандай?

Абай «измдердiң» бәрiнiң төбесiнен асқақ қарап, Аллаға қарай бет алып келе жатқан тұлға! Ол өзi ғұмыр кешкен феодализмге де, әлеуметтiк әдiлеттiлiк деп ұрандатқан социализмге, тiптi, бiздiң бүгiнгi жабайы капитализмге де жақпай отыр! Абай жолы—адамзатты Аллаға жетектейтiн сүрлеудiң басы екенiн бажайлатады. 30-жылдары совет өкiметiнiң одан зәресi ұшып, қорыққаны да содан!

Абайдың «Көңiлiм қалды достан да, дұшпаннан да, Алдамаған кiм қалды тiрi жанда» дегенiн белгiлi бiр тарихи тұлғалар, таптар мен топтарға, саяси ағымдарға қарата да айтуға болады. Ресей «Еуропаны кезiп жүрген коммунизм елесiне» өзi ессiз сенiп қана қоймай, өзiмен қоса бiз секiлдi боданындағы «бұратана» елдердi де қоса алдап соқты! «Пайда үшiн бiреу жолдас бүгiн таңда, Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда» дейдi тағы сол «түсiнiксiз» Абай! Ресей мен бүгiнгi Еуропалық одақ, бiрыңғай экономикалық кеңiстiктегi елдердiң болмыс-бiтiмi, мiне, Абайдың осы сөзiнен айқұлақтана көрiнiп тұр ғой! Советтiк-тоталитарлық қоғамды аластап, оның орнына қандай қоғам құрдық? «Ендiгi жұрттың сөзi — ұрлық-қарлық» (Абай) болып тұр! Қоғамның түр-келбетi өзгергендей болғанмен, мазмұны – бәз-баяғы қалпында. Генсек – Президент болды! Қызыл армия – аққа айналды! Обком хатшылары – генерал-губернатор! Милиция – полиция! Ұры-қарылар – миллионер-олигарх! Баяғы жалаң ұран, ұлыдержавалық шовинизм бізге қасқая қарап тұр! Орыстар Андрей Вознесенскийдiң:

Мы летим вперед,

А глядим назад.

Какой раньше рай!

Какой раньше ад!

Мой родной народ,

Оглянись вперед! – дегенiн құлағына да қыстырған жоқ. Ақын бұл сөздi Совет өкi­метi­нiң iргесi сөгiлмей тұрған 1981 жылы айтып едi ғой?!

Мұхтар Әуезовтiң «Абай жолы» романы жарық көргеннен кейiн 70 жыл өткенде, 2012 жылдың 25-шi шiлдесi күнi орыстарды шуылдатып, Мәскеудiң «Чистые пруды» бульварына алып шыққан айықпас дерттiң атауы, мiне – осы! Батыс Еуропа, Балтық жағалауындағы бауырларымыздан басқа, ТМД елдерi деген атқа ие болып, айдар тағып алған бұрынғы Совет одағындағы жұрттың басындағы жағдай— осындай! Орыс халқы ғұмыр бойы қолына шырақ алып, сандалып, сарсыла iздегенiн Абайдан тауып алып, ендi Аллаға бет қойғалы жатыр! «Алланың өзi де – рас, сөзi де – рас» (Абай) болып шықты – «Замана, шаруа, мiнез күнде өзгердi, Оларға кез-кезiмен Нәби келдi. Қағида, шариғатпен өзгерсе де, Тағриф Алла еш жерден өзгермедi» (Абай). Ақ патша кеттi… Бірінші хатшылар да келмеске кеттi. Президенттер де бiрiнiң соңынан бiрi жөнеп барады. Бiрақ, Ресей өзгерген жоқ! ХIХ ғасырда Тәңiрi Лермонтовтың аузына салған: «Хош, Ресей сорынан арылмаған…» – деген сөзiн ХХI ғасырдағы орыстың көшеде жүрген көрiнген баласы айта алатын жағдайға жеттi! Сонда адамзат тарихында айрықша орны бар екi ғасыр – екi жүз жылдықтың бостан-босқа iз-түссiз өткенi ме?! Тоталитарлық советтiк қоғамдық құрылыстан әзер құтылған кейiнгi жиырма жылды айтпағанда?!. Пушкин, Радищев, Салтыков-Щедрин, Герцен, Чернышевский сынды бостандық пен теңдiкке тәу еткен озық ойлы ұлдарының рухы қанында ойнақтаған орыс оппозициясы осыны ендi ғана сезiп, шиыршық атып отыр!

Абай шығармалары орыс тiлiне әлi өз мәнiн­де тәржiмаланып жеткен жоқ. Шала аудар­масының өзi құдайы көршiмiздi шалқасынан түсiрдi! Мәскеудегi оппозициялық шерулердi ұйымдастырушылардың бiрi – Борис Акунин: «Азаматтық белсендiлiк қандай жақсы едi! «Чистые прудыда» отырамын деп, Абайды оқып шықтым, ғажап ақын!» – деп жазады «Альпина нон фикшн» баспасынан шыққан Абай кiтабы хақында. Ресейлiк ақын, әдебиет сыншысы Лев Рубинштейн: «Бiр ғажайып арқасында Мәскеудiң құрметтi адамы әрi еркiндiк символына айналған дала данышпаны Абай ендiгi жерде еркiндiк сүйгiш Мәскеу жұртымен бiрге жер-жаһанды аралап, өзiнiн бостандық, еркiндiк құқығын талап ететiн болды!» – деп жазды.

Абай «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәттi, Адамзаттың бәрiн сүй бауырым деп, Және һақ жолы осы деп әдiлеттi!» – деген. Тарих зұлымдық пен сұмдықтан, қантөгiстен құрылған қоғам – адам баласының көсегесiн көгертпейтiнiн әбден дәлелдедi. Абайдың да айтпағы осы едi ғой! Бiр кезде Абай сынаған, қазақ қоғамында бұрын-соңды болмаған, орыс отаршылдығымен қоса келген жемқорлық, ел-жұртының үстi­нен бишiк үйiретiн билiкқұмарлық, мансапқұ­марлық секiлдi бюрократиялық кеселдер мен «көзiнен басқа ойы жоқ, адамның надан әуресiнiң» (Абай) Алаш жұртындағы жиiркенiштi көрiнiстерi бүгiнгi орыс қоғамын да тығырыққа тiреп отыр!

Совет өкiметi құлағалы өркениеттi жұрт секiлдi бiрде-бiр демократиялық сайлау өткiзiп көрмеген, обком хатшыларынан қолдан жарты патша жасап шығаратын Ресей («Вот вам Русь – производство царей из обкомовских секретарей!» – Евг. Евтушенко), Абайдың «Биiк мансап – биiк жартас, ерiнбей еңбектеп жылан да шығады, екпiндеп ұшып қыран да шығады» дегенiн оқып, пiрдiң қолын ұстағандай болды! Халық қазынасын тиын-тебенге жекешелендiрiп алып, бай-бағлан атанған Березовский, Әлиев, Храпунов, Әбіләзев секiлдi қашқан-пысқандардың кешегi Собакеевич, Хлестаков, Оразбай, Күлiмбайлардан қай жерi артық?! Орыс демократтары Абайға қайта-қайта оралып, көзiнiң жасын көл қылмағанда қайтедi?!

Абай 45-шi қара сөзiнде: «Бiз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесiне қарай бiлетұғын пендемiз. Сол махаббат пен ғаделетке қарай тартпақпыз, сол Алланың хикметiн бiреуден бiреу анығырақ сезбекпен артылады» – дейдi. Бұл – жұмыр басты пенделерге ғана емес, тұтас мемлекеттерге де қатысты сөз! Атом бомбасы, империялық кеудемсоқтық, шовинистiк өркөкiректiкпен елдiң алдына түсудiң күнi өтiп барады! Мәселе – осында! Абайдың басына келген орыстардың осыны түсiнуге өресi жетсе, жер шарының саяси картасы бiр-ақ күнде өзгерiп шыға келер едi!

Орыстар Абайдың Алашқа ғана емес, адамзатқа айтқан сөзiн оқығанда көктен Ғайса түсiп, жерден Мәдi шыққандай болды! Қалың орыс «түсiнiксiз қазаққа» Мұхтар Әуезовтiң «Абай жолы» романы жарық көргеннен соң, 70 жылдан кейiн қайтадан жалт қарады. Бiрақ… Орыс империясына «түсiнiксiз» болған жалғыз қазақ – Абай ғана ма?! Орыс отаршылдығына жанталаса қарсы шығып, өз елiндегi сатқындар мен түбi бiр түркi – қырғыз бай-манаптарының қолынан қаза тапқан қазақтың соңғы ханы – Кеңесары Қасымов, Исатай – Махамбет, Қыпшақ Кейкi, Оспан баһадүр, жыртқыштың бодауынан сытылып шығып, өз алдына қазақтың ұлттық мемлекетiн құрмақ болған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Мiржақып Дулат, Жанша, Халел Досмұханбетовтер, Мағжан Жұмабай, осы өзіміздің Әлiмхан Ермеков, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Жақып Ақбайұлы, Мұстафа Шоқай, Халел Ғаппасұлы және т.с.с. Алашорда қайраткерлерi, герман-орыс соғысында жауды Мәскеу түбiнде тоқтатқан полковник Бауыржан Момышұлы, Рейхстагтың төбесiне жеңiс туын бiрiншi болып қадап, атаусыз қалған Рахымжан Қошқарбаев, төсекте басы, төскейде малы қосылған түрiк-славян жұртының тiлiн зерттеп, орыс эпосы «Игорь жасағы туралы жырдың» төркiнiн түркiден шығарып, басы дауда қалған Олжас Сүлейменов… Құдайы көршiмiздiң «түсiнбей» қалған «түсiнiксiз» қазақтарын санап шығуға осы заманғы электронды есептегiш құралдардың шама-шарқы жетер ме екен, жетпес пе екен?

Осыдан жиырма бiр жыл бұрын болған оқиға, тағы бiр «түсiнiксiз қазақ» туралы айтудың ретi бүгiн келiп отыр. 1991 жылы тамыздың 19-ы күнi таң азанындағы Мәскеу радиосының хабарлары КСРО Жоғары Кеңесi төрағасы Лукьяновтың мәлiмдемесiмен басталды. Содан кейiн КСРО вице-президентi Янаевтың жарлығы оқылды. Iле-шала кеңес басшылығының мәлiмдемесi жарияланды. М.С.Горбачевтің денсаулығына байланысты өзiнiң мiңдеттерiн орындай алмауына, бұл мансаптың Янаевтың қолына көшуiне байланысты елдiң жекелеген жерлерiнде алты айға төтенше жағдай енгiзiлдi. КСРО-да төтенше жағдай жөнiндегi Мемлекеттiк Комитет құрылып, оның құрамына Қорғаныс кеңесi төрағасының бiрiншi орынбасары Бакланов, Мемлекеттiк Қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасы Крючков, Премьер-министр Павлов, Ішкi істер министрi Пуго, КСРО шаруалар одағының төрағасы Стародубцев, Мемлекеттiк кәсiпорындар ассоциациясының төрағасы Тезяков, Қорғаныс министрi Язов, КСРО Президентi мiндетiн атқарушы Янаев кiргенiн хабарлады.

Сол күнi Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетiнiң редакторы кеңсесiнiң есiгiн жауып алып, бiр мақала жазды. Айдары: «Жексенбiден дүйсенбiге қараған түнi Кеңес Одағында төңкерiс жасалды». Тақырыбы: «Иә, бұл – төңкерiс!»

«Иә, көреген саясатшылар әлдеқашан айтқан диктатура қатерi iс жүзiне айналды, – деп жазды Нұрмахан Оразбеков. – Заңды сайланған Президенттiң денсаулығы кенеттен нашарлап,елдi басқара алмайтын жағдайға жеттi деген қып-қызыл өтiрiкке сене қоятын ақымақ бүгiнде күндiз қолыңа шам алып iздесең де табыла қоймас. Иә, бұл – қып-қызыл төңкерiс!»

Газеттiң ертеңгi санына кетiп бара жатқан материалды секретариаттағы басқа да жiгiттер оқиды. Сол кезде редакцияға жазушы Жайық Бектұров келе қалады. Бұл өзi сталиндiк репрессияның өткелегiнен өткен өте сақ адам.

– Бiр тыңдаса, Сiздi тыңдайды, сөйлесiңiз! –деседi жiгiттер.

Жақаң:

– Ең болмаса, шапкасын жұмсартсайшы. «Кеңес Одағында маңызды оқиға болды» десең де жетедi ғой. Көкейiмiздегi сөзiмiздi айтамыз деп, көрдiк қой азапты! – дейдi.

Сонда Н.Оразбеков:

– Жақа, сөздi шығын қылмаңыз. Ендiгi кезек бiздiкi шығар, бәлкiм. Тағдыр солай болса, бұқпантайлағанмен құтыла алмаспыз! – деп көнбеген.

Таяуда жазушы Жайық Бектұровтың 100 жылдық тойына келген Н.Оразбеков осы тамыз бүлiгiне байланысты бiр фактiнi ортаға салды. Сол кездерi Қарағанды обкомы ГКЧП-ның күллi қаулы-қарар, нұсқауларын тiрi жанға көрсетпей, сейфке тығып тастаған көрiнедi…

– Рас па?! – дедiм мен аң-таң қалып.

– Сен, Серiк, – дедi Нұрекең жақтырмай қалып, – қазақ коммунистерiнiң бәрiн Елтай Ерназаров деп ойлайсың ғой деймiн?!

Бiр кезде өзiмнiң де коммунист болғаным ойыма түсiп, қызарақтап қалдым.

Бүгiнде ел арасында сол сойқан совет өкi­ме­тiнiң түбiне жеткен Горбачевтi сатқын деп айыптайтындар жиi кездесiп қалады. Сол 1991 жылы ГКЧП дегенiне жетiп, совет өкiметi қайта орнағанда, баяғы таз кепешiмiздi қайта киiп, қанды шеңгелде көзiмiз бақырайып отыра беретiн едiк қой. Еуропадағы ең соңғы деспот, дик­таторларға салсаң, адамзат тарихында Сталинге жетер ақылман тұлға, КСРО-ға жетер ел жоқ…

Тәңiрi Қазақстанның «Халық Қаһарманы» атағын осы Нұрмахан Оразбековтiң маңдайына жазғандай едi. Ол сол кезде, қазақ өз алдына, аузы дуалы орыс журналистикасы айта алмаған сөзді айтқан! Бiрақ, оны күллi елдiң соңынан салпақтап, егемендiгiн әзер алған өзiнiң қазағы да, ойы озық демократияшыл орыс көршiсi де түсiнген жоқ… Нұрмахан Оразбеков «Орталық Қазақстанның» редакторы боп келген бетте газеттiң маңдайындағы «Барлық елдердiң пролетарлары, бiрiгiндер!» – деген ұранды алып тастаған адам. Совет өкiметiнiң кезiнде! «Кiтабы жоқ жазушы» Жайық Бектұровтың сандығында 30-40 жыл бойы жарыққа шықпай, сарғайып жатқан Алашорда ардақтылары туралы жазбалар осы газетте жалғанның жарығына шықты. Мағжан Жұмабайдың «Батыр Баян» дастанын осы газет республикада бiрiншi болып жариялады.

1991 жылы Қарағандыда Қасымның 80 жылдығы дүркiреп өттi. Мен онда Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық бөлiмшесiнiң хатшысы едiм. Облыстық атқару комитетi төрағасының орынбасары Рымбала Омарбекова, Нұрмахан Оразбеков үшеуiмiз той қамымен Қарқаралыға келдiк. Қасым туралы баяндаманы кiм жасайды деген сұрақ туындады.

– Мен жасаймын! – дедi аупорткомның бiрiншi хатшысы.

– Сен неңдi айтасың? – дедi Нұрекең жұлып алғандай, – Қанша қойдан қанша қозы, қанша сиырдан қанша бұзау алғаныңды айтарсың. Ақын туралы сөздi ақын айтуы керек қой. Баяндаманы Серiк жасайды! – дедi. Мен ыңғайсызданып қалдым. Қасым хақындағы бiлiгiм де шамалы едi. Келе сала Қасымның қара томдарын қайта-қайта ақтарып, өзiм бұрын-соңды бiле қоймаған сиқыр әлемге сүңгiдiм де кеттiм. Сол тойда менiң Қасым туралы сөзiмдi жұртшылық жылы қабылдады.

90-жылдары Нұрекең Алматыға қайта көштi. Аяулы ағама Абайдың 30-жылдардың басында шыққан сарғайған бiр көне томын сыйға тарттым. Ағам кiтаптың сары парақтарын аударыстырып, сипап отырып: «Абай ағамның шығармаларын мен алғаш осы кiтаптан оқып едiм. Кейiннен көз жазып қалдым. Қолыма қайта түсер деп ойлаппын ба?» – деп мәз-майрам болды.

… Сол Нұрағамның да мына жарық дүниеден озғанына 3-4 жыл болып қалыпты. Абайды түйсіне, түсіне алмаған қазақ абайшыл, алашшыл бауырларын да түсіне алмай қалды! Осы бетімен кете берсе, түсіне алмай да кете беретін сықылды… «Түсінгендей…» сыңай танытып жүре беретін сықылды… Біз Абайды табынатын пұтқа, культке айналдырып алған жұртпыз. Оқымаймыз, мүлде! Оқымаған соң – түсінбейміз! «Абай былай деген…» дейміз. Алашты аузымызға қарату үшін, тіпті, имендіру үшін де Абайдың атын атаймыз! Бұл ұлттық трагедияға айналып барады! Неге? Енді бізден кейін дүниеге келетін буын Абайды мүлде, оқымай кетуі мүмкін! Атын айта салсақ жетеді деп ойлауы ғажап емес?! Осыдан екі-үш жыл бұрын Әдебиет порталы «Қасымнан кейінгі үздік он ақын кім?» деген сауалнама таратты. Қасымнан кейінгі үздік он ақынды 7-8 млн қазақ «анықтайтын» болса… жетіскен екенбіз! 7-8 миллион қазақтың ішінде Абайды түсініп, Абайға тұшынатын 700-800 қазақ болса, біз интеллектуалдық дамудың биік шыңында тұрған ел боламыз ғой?! Россия Пушкинді түсініп бітті ме?! Англия – Байронмен, Америка – Уитменмен, Германия – Гетемен, Испания – Лоркамен, Россия – Пушкинмен өмір сүріп жатыр ма?! «Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі – қан, бірі – май боп енді екі ұртың» деген Абай сөзі бүгінгі қазақ үшін әлі де көкейкесті сөз болып тұр! Меніңше, Абай ұлттық ақын ретінде мойындалғалы оны көз майын тауысып оқып, Хәкімнің қадіріне жеткен санаулы қазақтың ғана аты-жөндерін ауызға алуға болады. Кімдер дейсіз ғой?! Әлихан Бөкейхан, Мұхтар Әуезов, Қайым Мұхамедханов, Тәкен Әлімқұлов, Мұхтар Мағауин, Мекемтас Мырзахметов, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрмахан Оразбеков, Мұхтар Құл-Мұхаммед…

Осыдан біраз уақыт бұрын «Аргументы и факты» апталығы академик Сергей Капицаның «Россию превращают в страну дураков» (№37, ) атты дабылды мақаласын жариялады. Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығының (ВЦИОМ) мәліметтеріне қарағанда, ресейліктердің 35 пайызы кітап бетін ашпайтын көрінеді. «Егер осы бетімен кете берсе, – деп дабыл қағады орыс оқымыстысы – бұл елдің болашағы күнгірт».

Бұл жалғыз Ресейдің басындағы жағдай емес, бұрынғы одақтас елдердің бәріне ортақ қасірет. «Жұмыс көп. Кітап оқуға уақыт та жоқ» деген сылтау елдің көсегесін көгертпейді. Қайта оны тығырыққа тірейді. Кешегі аға ұрпақтың бейнеті бүгінгі біздікінен аз болып па еді? Еңбек өнімділігі бұдан бұрынғы уақытта бүгінгіден әлдеқайда мол болған. Қазір қайратты тау қопарардай небір енгезердей ер жігіттер күзетші болып күн көріп жүр – еңбек еткісі келмейтін кержалқау! Кердең сері… Адам мен маймылдың ағзасы бір-біріне өте ұқсас. Бірақ, маймыл түк оқымайды. Адам кітап оқудың арқасында өркениеттің биігіне көтерілді! Міне, мәселе – қайда?! ХХІ ғасыр – жөңкілген ақпараттар ғасыры. Атамзаманнан бүгінге дейінгі мол қазына кітапханаларда жатыр. Ертеде кітап болмаса да, халықтың ауыз әдебиеті кемеліне келіп еді. Мәселен, қазақтың халықтық эпосын алыңыз. Жас ұрпақ аталарының тізесінде отырып, миф пен аңыздардың көркемдікке суғарылған небір сұлу да ұлы нұсқаларын тындап, Гома Сапиенске (саналы адамға) айналған. Соңсоң, дүниеге Жазу келді де, ол ойлы Оқырманды туғызды.

Академик С.Капица жоғарғы оқу орындарына абитуриент қабылдаудың соны нұсқасын ұсынады. «Ешқандай емтиханның керегі жоқ! – дейді ашулы академик – әрбір абитуриент өзінің қандай мамандықты не үшін тандайтынын айтып, төрт-бес парақ сауатты шығарма жазып шықса, сол – жетеді». Өзінің ойын сауатты жазып шыққан адамның интеллектуалдық байлығы мен мәдениеті, ақыл-ой деңгейі сол шығармадан-ақ айнаға түскендей ап-анық көрініп тұрады. Біздің әкімдерге Абай – Алаш туралы шығарма жаздырыңызшы, – не болар екен?!. Бүгінгі таңда бүкіл әлем тығырыққа тіреліп тұр! Неге дейсіз ғой? Кітап оқымайды! Көзі – теледидарда… Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» дәуірнамасын түпнұсқадан оқу мен теледидардан көре салудың арасы – жер мен көктей! Мәдениет министрлерінің еңсесі үкіметтегі барлық министрден биік болуға тиіс! Мәдениетті коммерцияға басыбайлы құл қылудың соңы сорға айналып барады! Мемлекеттік, ұлттық идеяға көз жұмып сенетін, өз Отаны, өз елі мен жұртын елжіреп сүйетін армия мен ақша үшін өз елін де, өзгені де өлтіре беретін жалдамалы әскердің арасы да – жер мен көктей! Бұл екеуі – бір-біріне мүлде кереғар, екі бөлек армия…

Өнердің өзгеше шедеврлері ақшамен жасалмайды – жүректен туады! «Әуелі – экономика, сонсоң – саясат» деген ұстаным қазақ қоғамының түбіне жеткелі тұр! «Мемлекет-деп жазады академик – өзінің күш-қуатын ақшамен немесе әскери күшпен еселей алмайды. Мемлекеттің мерейін Мәдениет қана тасытады! Мәдениет және оның даму деңгейі – ұлттық қауіпсіздіктің басты өлшемі – осы!» – дейді орыс оқымыстысы.

Орыстар – ой үстінде. Ал біз қашан ойланамыз осы?!

…Бір ауылда көктен бір тамшы тамбай, құрғақшылық жұт болып ел Алладан медет сұрап, тасаттық береуге жиналады. Сөйтсе, бір бала үйден қолшатырын ала шығып бара жатыр екен. Үлкендер таңырқап: «Мына ыстықта қолшатырды қайтесің?! – демей ме, сонда бала: «Біз тасаттық беру үшін бара жатқан жоқпыз ба?» – депті… Періштенің көкірегі қандай саф таза! Көңілі ананың ақ сүтіндей қандай аппақ еді! Шіркін, біз де еліміздің Тәуелсіздігі мен ертеңіне, ұлттық һәм адамзаттық құндылықтарымызға, Алла мен Абайға осы сәбидей риясыз сенсек, бәсекелес 30 елді баяғыда-ақ шаңымызға көміп кетер ме едік, қайтер едік?! Сенім жоқ қой– бізде! Ішіміз толы – күдік пен қулық ой…

 

ПІКІРЛЕР3
Аноним 05.02.2020 | 16:05

өтірік көлгірсу. Мүшәйраны қайтеді. Ана қыртты ортаға салғанды мүлдем қоя ма. обал

Аноним 18.02.2020 | 16:48

Күрделі дүние, кең ауқымды қамтыған. Түсінген адамға ой салады. Қазақтың ханы да, қарасы да оқып шықса артық болмас еді.

Аноним 31.10.2021 | 11:37

абайды жекешелендіріп алған ба менікі депті ғо

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір