Ұқсата алмай жүрміз кейде барды да…

Нарбатыр ҚАСҚЫРБАЙ
ЖАЛҒЫЗ ТЫРНА
Есімде жоқ, арғы жыл ма, былтыр ма,
Үздік-үздік басып мұңлы сұңқылға, –
Қарашада Қаратауды бетке алып
Ұшып бара жатқан еді бір тырна.
Жалғыз тырна, үні қандай зарлы еді?!
Қарашаның күні сондай зәрлі еді.
Қара жерден қарап тұрдым мен оған
Бір Құдайдың тисе деумен жәрдемі.
Жалғыз қалу – бұл тірлікте қорлық іс,
Күресу – шарт, қалғанынша соңғы күш.
Бар арманын зарлы әуенге сыйдырған,
Қанша жерге барар екен сорлы құс?
Қабағынан қар жауардай ауа сыз,
Көкте ұшқан жалғыз тырна – шарасыз,
Жалғыз ноқат бара жатты аспанда,
Қараша айы, қараша өмір, қара күз..

ТУҒАН КҮН
Е, Қарлыға, Құдай қосқан Қарлыға,
Бай да емеспіз және тақыр жарлы да.
Қарашаның қапталына ілесіп,
Мен туған күн келе жатыр алдыда.
Туған күні бар досқа ашып есікті,
Солармен сан бөліп таттық несіпті.
Атап өттік қаншама рет қатырып,
Бірақ содан ойлап тұрмын не шықты?
Таңырқасып бас шайқасқан «пай-пайдан»
Шаршап біттім төгілген ән-айқайдан.
Маған арнап табыс қанша тіленді,
Сол табысқа жеттім бе мен, әй, қайдам?..
Шақырмай-ақ қоялық дос-құрбыны,
Кінәратқа жатқызады кім мұны?
Тамашаның жоғын жоқтап өтер де
Қарашаның азар болса бір күні.
Е, Қарлыға, Құдай қосқан Қарлыға,
Ұқсата алмай жүрміз кейде барды да.
Туған күнді тойлап өту түк емес,
Не өмір тұр бізді тосып алдыда?!
ПІКІРЛЕР22