Жан азығы болудан қалып барады
Кітап оқуға құлықсыз студент
Бесіктегі бөпесін бесік жырымен уатып, бүлдіршінін ертегімен есейткен, жеткіншегін аңыз әңгімелермен жігіттікке жеткізген қазақтың жаны ықылым заманнан бері қара сөзбен бірге жасап келеді. Қара сөзінің қалыбы бертінде қазақтың әдебиетіне жалғасып, қаймағы бұзылған қай заманнан да рухымызды аман-есен сақтап қалған еді. Бүгін өзінің жаны мен рухын әдебиеттен іздеген қазақ бұрынғыдай қалың емес, әр төбенің басында ғана, көз ұшында бұлдырайды. Әлеуметтік саланың қай маманы болса да, ұлт болмысындағы ерекшелікті қазақ жанының айнасы іспетті қарап, қазақтың әдебиетіне қызықса керек еді. Олай болмай тұр. Өкінішті. Оны айтасыз, әдебиеттен өзге саладағы жастар тұрмақ, сөз өнеріне құлшынғандардың өзінің кітапқұмарлығы кемшін түсіп жатқан жоқ па деп қорқасың, қауіптенесің. Неге бұлай, себеп-салдарына терең бойлап әлемдік үдеріске иек арта салу үйреншікті әдетке саяды. Әдеби кітаптың оқылуы жөнінде қандай да бір зерттеу жүргізілгені туралы ақпарат іздеу барысында толымды дүние таба алмадық. Әлеуметтанушы мамандарды сұрастыра келе, жоғары оқу орнында сабақ бере жүріп, студенттерімен бірлесіп, кітаптың оқылу деңгейін анықтауға талпынған әлеуметтанушы, Алматы медицина колледжі, әлеуметтік гуманитарлық және экономикалық пәндер кафедрасының оқытушысы Әйгерім ЖАҚЫПБЕКТІ сөзге тарттық. Әңгіме барысында жоғарыда айтылғандардың долбар емес, шыңғырған шындық екеніне көзіміз жете түсті.
Әйгерім ЖАҚЫПБЕК, әлеуметтанушы
– Осы жылдың наурыз айында әдеби кітаптың оқылуы жөнінде әлеуметтік зерттеу жүргізген екенсіз, зерттеудің нәтижелері қандай болды?
– Иә, зерттеудің жүргізілгені рас, бірақ кең ауқымды қамти алмадық. Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік фармацевтикалық академиясының студенттері (103 топ) социология пәнінен осы оқу орнының ауқымында ғылыми жұмыс жүргізіп, Алматыда өткен социология бойынша зерттеу олимпиадасында үшінші орынға ие болды.
– Бұған дейін Қазақстанда кітаптың оқылу деңгейі туралы ауқымды зерттеу жүргізілген бе?
– Социологиялық зерттеу орталықтары әдетте кез келген зерттеуді арнайы тапсырыс бойынша жүргізеді. Ал мен социолог-оқытушы ретінде студенттердің ғылыми жұмысына осы тақырыпты ұсындым. Нақты тақырыбы – «Интеллектуалды ұлтты қалыптастырудағы кітаптың ролі мен әсері» деп аталады. Алғаш оқу орнында сабақ бере бастағанда студенттердің көпшілігінің кітап оқымайтынын байқадым. Бұған не себеп болды деген сұрақ мазалады. Екіншіден, «Интеллектуалды ұлт» деген бағдарламаның басты аспектісі кітап оқу емес пе? Егер біз интеллектуалды ұлт боламыз десек, ең алдымен кітап оқуды қолға алуымыз керек еді ғой» деген ой келді. Сөйтіп, бұл тақырыпты студенттерге ұсындым. Сауалнама фармацевтикалық академияның қазақ, орыс топтары арасында екі топты салыстыра отырып жүргізілді. Оған 17-23 жас аралығындағы 200 студент қатысты. Студенттер кітап оқи ма, қаншалықты жиі оқиды, қай жанрларға қызығады, т.б. сұрақтарды топтастырған сауалнама барысында көптеген сәйкессіздіктерге кез болдық. Мәселен, қазақ тобының студенттері фантастикалық жанрдағы кітаптар ұнайды деп жауап берді де, бірақ осы жанрдағы оқыған кітабыңызды атаңызшы десек, «Махаббат қызық, мол жылдар», «Абай жолы» деген кітаптардың атын атады. Ал соңғы кітабыңызды қай уақытта аяқтадыңыз деген сұраққа «Есімде жоқ», «Бір жыл бұрын» деген жауаптар қайтарды. Оның ішінде «Есімде жоқ» деген жауап басым болды. Демек, респонденттер өздері атап отырған кітаптарды мектеп қабырғасында ғана оқыған. Ал орыс тобының студенттері фантастика жанры ұнайды десе, сол жанрдағы кітаптың ең болмағанда бір-екеуін атап берді. Кітапты көп оқимын деп жауап бергендер 26 пайыз, кейде оқимын – 59 пайыз, бірдеңе оқуға зауқым жоқ – 8 пайыз, оқуға уақытым жоқ – 7 пайыз. «Ата-анаңыз кітап оқып берді ме?» деген сауалға, иә, жиі – 33 пайыз, кейде – 45 пайыз, оқыған жоқ – 22 пайыз болды. Қазір оқылымды кітаптар қатарында психологиялық әдебиеттер, жетістікке жетудің сырларын таныстыратын, қаржы сауаттылығын арттыратын кітаптар алда келеді. Өкінішке қарай, біз бұл зерттеуді әрмен қарай дамытып кете алмадық. Себебі, фармацевтика мамандығын алуға дайындалып жатқан студенттерге өз саласына жақын тақырыптарды зерттеу тиімдірек болды.
– Осы ретте әлеуметтанушылар кітаптың оқылу деңгейін неге зерттемейді деген сұрақ туындайды?
– Әлеуметтанушы аты айтып тұрғандай, ең алдымен әлеуметті таниды. Ал қоғамда әлеуметтік проблема көп. Әлеуметтанушылардың кейбірі миграцияға, енді біреуі демографияға, үшіншісі білім алудағы проблемаларға қызығады. Дәл осы тақырыпты неге зерттемейді деп оларға кінә тағу, меніңше, орынсыздау. Өйткені, бір формациядан екінші формацияға ауысу, икемделу барысында қоғамдық проблемалардың көбейетіні заңдылық. Осыған сай социологтардың зерттеу нысаны да көп. Маман аз, оның ішінде қазақтілді маман тіпті жетіспейді деуге болады.
Студенттермен жүргізілген зерттеуді бастамас бұрын осы мәселе бұған дейін зерттелген болар деген оймен осы тақырыптағы зерттеулерді іздедік. Тұшымды ештеңе таппадық. Мүмкін жарияланбаған зерттеулер бар шығар, ол жағы белгісіз. Біз жүргізген зерттеу жұмысының жоспарына сәйкес, кітап оқуға ынталандыру (мотивация жасау) мақсатында жоғарғы оқу орындарында ілулі тұратын мониторлардан көрсетілетін әлеуметтік реклама түріндегі ролик түсіруге кафедраға ұсыныс жасадық. Әркім өзі оқыған кітаптың қызықты тұстарын айтып, екінші адамға береді, екінші адам үшінші адамға беретін эстафета түріндегі роликті монитордан көрсетсе студенттердің ықыласы оянар деп ойладық. Бірақ ол ойымыз қолдау таппады. Қазақстанда көптеген бастамалар шоу-бизнес өкілдерінің аузымен айтылса ғана қолдау табады емес пе?..
Біраз уақыт бұрын өндірістік тәжірибе алмасуға Кореяға барған едік. Кореядағы студенттер туралы ақпараттардың ішінде жоғары оқу орнында оқитын студент 1000 мен 5000-ның арасында кітап оқуы тиіс деген мәлімет болды. Корея студенттерінің кітапқа деген көзқарасы олардың болашағының қандай болатынын көрсетіп тұр. Кез келген қоғамды алға жетелейтін білімді адам. Ал кітап оқу мәдениеті қалыптасқан адам қашанда білімді болуға асығады. Еліміздегі кітап оқуға деген көзқарас өзгермейінше, білім деңгейі көтерілмейінше мемлекетіміздің дамуы да кешеуілдей бермек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сөз соңында:
Қазіргі студент жастардың арасындағы кітап оқудың маңыздылығын, оқылымды кітаптардың тізімін, интеллектуалды ұлтты қалыптастырудағы кітаптың ролін, қазақ және орыс топтарындағы кітаптың оқылу деңгейін салыстыру мақсатында жүргізген әлеуметтанушының зерттеуі бүгінгі қоғам мүшелері мен әдебиет арасындағы байланыстың айнасы іспетті. Бірақ сол айнаға қарауға ақпараттың ағымы мен уақыттың жоқтығын сылтауратып қарай алмай жүрміз.
Дайындаған
Назым Дүтбаева.