РУХАНИ ЖАН АЗЫҒЫ МОЛЫҒА ТҮСУДЕ
16.04.2024
914
0

Биылғы ақпан айында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның еліміздегі кітап шығару ісінің жаңа ережесін бекіткені туралы «Кітап – адамзат үшін ең құнды қазына» атты сараптау-талдау материалы қоғамдық пікірге ұласып, жұртшылықтан қолдау тапқалы кітап баспалары рухани жан азығын молайтуға мүмкіндігінше үлес қосуды тиянақты қолға алды.

Соның бір дәлелі – таяуда ғана «Өлке» баспасынан әр алуан тақырыптағы он бір кітаптың оқырманға жол тартуы. «Жасөспірімдер кітапханасы» сериясымен жарық көрген «Асыл жан» атты Абай атамыз туралы естеліктер жинағы, белгілі қаламгер Сара Мыңжасарованың «Өмір көріністері» деректі повесі, сондай-ақ Ыбырай Алтынсариннің мұсылмандықтың тұтқасы не екенін дәріптейтін және ұсақ әңгіме, мысалдары мен ертегілері, әр түрлі өлең-жырлары топтастырылған «Қазақ хрестоматиясының» екі томдығы, мектеп оқушыларының ұғымына лайықталған батырлар жырының «Алпамыс батыр. Ер Тарғын», «Қобыланды батыр. Қамбар батыр», лиро-эпостық «Қыз Жібек. Айман-Шолпан» нұсқалары – қарапайым оқырманға да, әдебиет оқулықтарына қосымша әдістемелік ретінде мұғалімдерге де, шәкірттерге де берері мол рухани қазына. Жүрегі қазақ деп соққан, қазақ тілінің, әдебиеті мен мәдениетінің түпкілікті жанашыры болған көрнекті жазушы Герольд
Бельгердің «Мұнар тау», «Қазақ дәптері» әңгімелер, эсселер, толғаулар жинағы, қай тақырыпты қозғаса да дәлелді дәйектермен жеріне жеткізе өрнектейтін жазушы Сайымжан Еркебаевтың «Жел өті» романы, Сара Мыңжасарованың ақ жаулықтылардың көркем образын сомдаған «Әйел бақыты» романы – жұртшылық сұранысын тудырып тұрған шығармалар.
Көпшілік талғамына сай көркем дүниелерді түрлі-түсті штрихтармен безендіру – «Өлке» баспасына тән дәстүр.

Еркін ЖАППАСҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір