«Қазақтың ауылы» деген ұғым жоғалмаса екен
29.01.2020
1740
2

Жадыра Шамұратова

– Әңгімеңіздегі («Қара қазан») әр детальды сипаттаудағы, сөз қолданыстағы еркіндігіңіз, тұтастық желісі мен ішкі тығыздығының берік   сақталғаны  сондай, шығарманы қалай жазып бастадыңыз, сол бастағаныңыздан арасын үзбестен жазып  аяқтаған секілді әсер қалдырады. Әр көрініс қаз-қалпында бейнеленген.  Әңгіме идеясы қалай туды, құпия болмаса, қанша уақыттың ішінде жаздыңыз?

–  Несие төлейтін уақыт таяп, қаражат жағы ойландырып тұрғанның өзінде  жылына бір рет туған ауылға барып қайтам. Сол ауылды бір көріп, топырағын табаныммен бассам, аптап ыстықтан сарғайып күйіп кеткен даланың о шеті мен бұ шетіне жанарымды талдырып, ащы жусанын құныға иіскесем, тұла бойым еріп, ішімде неше алуан сезім болады. Ол сиқырлы күш ежелгі қытай медицинасында айтылатын қара табандағы әртүрлі нүктелер арқылы кіре ме, болмаса менің жүрегімнің аса сезімтал бір тамыры туған топырақтың кодын оқи ала ма, ол жағын айтып бере алмаймын. Сол бойы менің өзіме шақ бір жарым метрлік бойыма тарап, кеудемді көл-көсір күншуаққа малындыратын бұл сәтті ешкім бейнелеп айтып бере алмас, тіпті тілін жеткізіп суреттедім десе де бәрібір бір қайнауы ішінде кетер еді. Бірақ  түсіме жиі кіретін сол ауылда ұзақ қала алмаймын, жаңағы алып-ұшқан сезімімді суытпастан кері қайтам. Ішімде алай-дүлей борандар мен аптап ыстықтар арпалысып, алды-артыма қаратпай кері ала қашатын секілді. Соның өзінде осы алған қуатым маған бір жылға жетеді.

Әңгіменің алып-жұлып бара жатқан жаңалығы жоқ, өте қарапайым, кейінгі жылдары кеудемді сыздатып, екі күн­де қағазға түскен сағынышым.  

Жадыра Шамұратова. Қара қазан

– Шығарма желісі өз өміріңізден алынған екен ғой. Әңгімеңізді дәстүршілдік қалып пен жаңашылдықты әдемі тоғыстыра отырып жазғаныңыз аңғарылады. Жазу барысында осы үйлесімді сақтағыңыз келді ме, әлде өздігінен осылай туындады ма?

– Дәстүршілдік дегеніңіз қисынды. Ауыл туралы әңгіме болса,  Тынымбай ағамыз сияқты жазу керек қой деп ойлаймын. Тәуелсіздік алған жылдары тек қана жасампаздық салтанат құрған жоқ, ел қиындық көрді, күнкөріс іздеп тентірегені бар, өмірден мағына таппай сенделіп кеткендері бар, құндылық атаулы тонын теріс айналдырып киіп, жабылар мәреге жетіп, тұлпарлар сүрініп, алағай да бұлағай заман болғанын келер ұрпақ осы Тынымбай ағаның және тағы біраз мықты қазақ жазушыларының шығармасынан оқып білетініне күмәнім жоқ.

Біздің балалық шағымыз 90-жылдарға тап келгеннен бе, маған біздің ауылдың адамдары басқашалау, қалжыңы аз, мұңы көп болып көрінеді. Сол кезде ауылдың атпалдай азаматтары арақтан азып, мас күйінде асылып қалып жатты. «Өзім өлсем де балаларым жетім ретінде жәрдемақы алады ғой» деп шарасыздықтан өзіне қол салғандар болды. Сол азаматтар жігері құм болмай сәл шыдаса, қатарға ілігетін еді ғой дейсің. Сол жетім өскен балалар әкелерінің құнын ешкімнен даулай алмады. Қазір не көп, тренинг, психолог көп, сол кезде ауылда сөзінің де, өзінің де салмағы бар екі-үш ақсақал болғанда ғой, ондай жағдай болмас еді.

– Дәнел апайдың ашулы сәтіндегі сөздерін еске түсіре келіп, анаңыздың сол кезде Дәнелдің отының алдын бұрқылдатып тұрып сабалап-сабалап жібергенін сипаттайсыз. Жалпы, өмірдегі шындық пен көркем шындықтың сіз үшін айырмашылығы бар ма?

– Қазақ ғұрпындағы туыстардың бір-біріне бала беруі – тек қазақтың қолынан келетін жомарттық, қазаққа ғана жарасатын дархандық. Ондай сенімді басқа ешкімнен көрмейсің. Інісінен бала сұрағанда, ағасы «бауырым сөзімді жерге тастамайды» деп інісіне сенеді,  сол баланы өзімдікіндей етіп  өсірем, қиянатқа бермеймін деп өзіне сенеді, баласын беріп отырған інісі ағамның көңілі қалмасын деп, әйтеуір қор қылмасына сенеді. Ата-анамыз бізді кішкентайымыздан бауырына салғанда күндердің күнінде жерге қаратпас деп сенгені анық, сол сенімді ағам екеуміз де ақтай алдық деп ойлаймын.

Екінші мысалдағы көрініс – бала кезімде көз алдымда қалғаны. Оқиғада шешемнің Дәнелдің отының алдын сабалап-сабалап жібергені – өзін жәбірлеген қайынсіңлісіне ашуын білдіргені, яғни архаизмде «бейвербалды амалдар» деп аталады. Ежелде қатты ашуланғанда, қарсыласқанда оттың басын сабалайтын болған. Отты сабалағанда не болады, от сөніп, күл шашылады, мұның да бір мәні болуы мүмкін. Шығармадағы кейіпкер Дәнелдің кейінгі тағдыры шынымен қиын болды, тіл-ауыздан айрылып, сал болып қалудың, он балаңнан қайыр көрмеудің азабын басқа бермесін.

– Және бір тұста ауылдағы ақ пейілді адамдарды ойға оралта отырып, «Бойымнан тоқ жүріп өткендей, өзімнен өзім қарадай секемденіп, артыма қарағанымда… көз ұшында созылған құладүзде желден басқа ешкім мазасын қашырмаған, ұлы тыныштықтың қолтығында қаперсіз қалғыған ескі қонысты ғана көрдім», – дейсіз. Біздің де бойымыздан тоқ жүріп өткендей болды. Сондай-ақ ауыл өмірінен жатырқап қалғаныңызды  да айтасыз.

– Сол адамдарды сағынасың. Әрқайсы­сын ойша оралтасың, кейбіреуіне дұға бағыштайсың. Қазір өзінің үйінде бір үйлі бала тұрып, көршінің баласын көрген жерде айналып-толғанатын адамды көрдіңіз бе? Мен үшін тазалық та, көл-көсір мейірім де солармен кеткендей. Бүгін біз аталарымыздың, әкелеріміздің бейіті қалды деп жылына бір барамыз, ертең ол төмпешіктер де жоғалады, біз де сағымға сіңіп кетеміз,  бірақ дүниенің желі оңнан да, солдан да соққан күндердің-күнінде қазақтың ауылы деген ұғым жоғалмаса екен дейсің…

– Әңгіме «Біз қалаға қазансыз оралдық», – деп аяқталады. Көршілеріңіз де қажетсінбеді. Ауыл өмірінің, ауылдағы құндылықтардың символындай болған қара қазан, расында, ешкімге керек болмағаны ма?

–  Иә, біреулер үшін түбі күйелеш қара шойын көрінгенімен, қазан  – символ. Қазақтың қазаны – үйдегі үлкен-кішінің түгелдігінің, бір ыдыстан ас ішуге жиналатын татулық-бірлігінің, сол бірліктің арқасында ұйыған берекесінің символы.  Қара қазаны оттан түспеген қазақтан асқан бай болмайды.  Қазақ ең бір ессіз тентек адамды ғана қазанбұзар тентек атаған, өйткені отта тұрған қазанды аударып, сындырған адамда ес болуы мүмкін емес. Әңгімеде кемпірдің «қазанын тастай қашқанның несі жақсы дейсің» деп күрсінетін жері бар. Қазақтың болмысы, қазақы мінезі сол қара қазандармен бірге ескі жұртта қалды. Ұлттың танымын, дәстүрін өзгертудің салқыны қашан басталып еді, оған да біраз жыл, «ол қазанның бірі әкемнің үйінен келген еді» дейтін жері бар, бұл да тұспал, ертеде қазақ қызын ұзатқанда қанша жерден жақсы көріп тұрса да оған қазанын бермеген дейді, өйткені қыз басқа жұртқа кетеді, енді бөтен елдің адамы, қазаныңды берсең үйіңдегі молшылық пен береке сол әулетке ауып кетеді деп есептеген. Біз уақыт ауысқан сайын дәстүрден осылай ажырап отырдық. Қазақтың қарнын тойдырған қазаны да күндердің күнінде архаизмге айнала ма деген уайым ғой…

– Әңгімеңізге көп рақмет!

                         Әңгімелескен

Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІРЛЕР2
Аноним 29.01.2020 | 19:54

Керемет сұхбат. «Қара қазанды» оқып отырып жылағам. Жадыраға шығармашылық жеміс, жеңіс тілеймін!

Аноним 29.01.2020 | 22:27

Ия ол өмір, Өмір көші осылай жалғасады…Сағым жылдар…Сағыныш…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір