ДЕГЕН ЕКЕН…
10.06.2022
525
0

«Қиын кемпір»

Ел аралап, концерт беріп жүргенде талай қызық оқиғаларға душар боласың. Ерте кезде колхоздан колхозға қатынасатын көлігіміз – өгіз арба, түйе, ал ат арба берген күні қазіргі «Волгаға» мінгендей болатынбыз.
Колхоздардың көбінде клуб жоқ, концертті далаға қоямыз. Жайлауда отырған елге барып, киіз үйлердің ортасында екі айырға екі тезекті шаншып, оған автол, не керосин құйып жағамыз да, сол жалынның жарығымен концерт қоямыз. Кейде колхоз орталығындағы керосин шамын жиып алып, сахнаның екі жағына екі-үштен қойып жарық етеміз. Ән салып тұрғанда оның маңайына жиналған көбелек, шыбын-шіркей аузыңа кіріп мазаны алады.
Аузыңа көбелек кіріп кетіп, қақалып жатсаң: «Қарағым, ештеме етпейді, таза көбелек қой, түкіріп тастап айта бер әніңді» – дейді.
Бар ынтасымен тыңдап отырған халықтан неңді аяйсың.
Бір күні мынадай да оқиға болды. Бір колхоздың кеңсесінің алдына көк өгізімізді тоқтаттық. ЬІлғи жастар едік, колхоз бастығы менсіңкіремей, бізді қабылдағысы келмеді. «Енді не істедік» деп тұр едік, орта жастағы еңгезердей бір әйел кіріп келіп:
– Мына балалар қай балалар? – деді.
– Алматыдан келіп едік, апай, мына кісі қабылдамай отыр. Артистер едік, концерт қоямыз, – дедік. – Бұл неге қабылдамайды?! Немене, әкесінің малын төлеуші ме еді?! Колхоз қабылдайды. Колхоз төлейді. Ренжімеңдер, балалар! Қазір біздің үйге барамыз. Ал сен бастық бұларды қабылдайсың, концертін көреміз! Жүріңдер, балалар, қабылдайды, қайда барар дейсің, – деп бізді кеңседен ертіп шықты. Үйіне барсақ, екі бөлмелі екен. – Жоғары шығыңдар, балалар!
Төргі үйде жұдырықтай бір шал отыр.
– Мынау отырған біздің шал болады, – деді апай. – Қане тұр, мал сой, қазан көтер. Қонақтар келгенін көріп отырсың ғой, – деді.
– Ал балалар, жайланып отыра беріңдер, мен намаз оқып алайын, – деп жайнамазды жайып тастап, сәждеге бас қоя бастады.
Аузын жыбырлатып бірдеңелерді айтып жатыр. Бірақ анда-санда намазын бөліп айқай салады: «Әй, қайсың барсың! Самаурын қойдыңдар ма?.. Ахаузыбиләй мінәшәйтан иррохим… Әй, ана шал қойды бауыздады ма, жоқ па?.. Біссмилла иррахман…» осылай намаздың ара-арасында талай сөздер кетіп жатыр. Аузымызды басып, күлкіден жарылып кете жаздап біз отырмыз.
Сөйтіп концертімізді беріп, сол үйге қондық, тамаққа да тойдық, өгізімізге де шөп салынды. Ертеңіне:
– Әй, шал, ана балалардың өгіздерін жегіп аттандыр, – деді апайымыз. Кішкентай шал апамыздың айтқанын екі қылған жоқ. Көңіл жайланып, қоштасып, келесі колхозға жүріп кеттік.

«Мен боксер болғанда»

Әнуарбек Үмбетбаев – орта бойлы, кең иықты, батырға біткен пішіні бар адам. Сол қасиетін жақсы білген Әнекең қалайда кеуделірек болатын. Бұрынғының батырлары аңызындай өзі туралы өтірік-шыны аралас әңгімелерді көп айтушы еді.
Үмбетбаевтың оң қолының білегінде қу бас пен екі жілік айқастыра салынған сурет болатын. (Электр будкаларында сондай сурет тұрмай ма). Міне, Әнекең оның «тарихын» мақтанышпен айтатын.
Бір күні жастар жиналып, Әнуардан сол суреттің әңгімесін сұрадық.
– Ой, балалар, ол ұзақ әңгіме, қайтесіңдер, – деп, тағы сұрасын дегендей айта қоймады. Жалынып болмадық.
– Баяғыда, – деді Әнекең (Әнуар не әңгіме айтса да бәрін «баяғыда» деп бастайды. Әлде уақытын ұмытып қала ма, әлде сол өзіне ыңғайлы ма, кім білсін). – Баяғыда мен жас кезімде боксер болғам. Бүкіл Қазақстанда жеңбеген боксерім болмады. Содан бір жылы Орта Азия, Қазақ­стан арасында боксерлардың үлкен жарысы болып, Ташкентке аттандық. Қазақстаннан мен бардым. Сонымен, Ташкенттің үлкен стадионында жарыс басталып кетті. Талай мықты палуандарды жеңдім. Жарыстың ең соңында өзбектен бір боксер, қазақтан мен ұрысатын болып, финалға шықтық. Әлгі өзбек палуаны, көзің жаманшылық көрмесін, еңгезердей, мына Кәукендей екі бар. Қолы күректей. Алғашқыда жүрексініп те қалдым. Бірақ не болса да көрейін, ел намысын қолдан бермейін деп тырысып та тұрмын. Қолымызға боксер биялайын кигізіп, «ортаға шығыңдар» деді.
Алаңға шыққан соң, қол ұстасып амандастық та, ұрыс басталып кетті. Бірінші раундта ол мені тықсырып әкетіп барады. Стадион толы халық айғайлап оны қошеметтеуде. Бірінші раундтан кейінгі демалысқа шыққанда менің жаттықтырушым:
– Сен немене, осында жеңілуге келіп пе ең?! Бүкіл қазақ халқы боп, сені сөзсіз жеңіске жетеді деп күтіп отыр! – дегені ғой.
Ішім жанып, жүрегіме түк біткен сықылды болды. Қорқудың не екенін білмедім.
Екінші раундта анау бағанағыдай, өзінше тыртыңдап еді, оған көнетін Әнуар бар ма… Сендер білмейсіңдер, бокста «большой батман» деген әдіс болады. (Ол балетте кездесетін «па»). Оң қолымды бұлғап-бұлғап тұрдым да, (Әнекең оны қолымен көрсетіп тұр) бар күшті жинап, иектен періп кеп жіберіп ем, ана палуанның астыңғы иегі ұшты да кетті.
Осы кезде Айдали Жұбаншалиев деген ақсақалымыз бар еді, сол кісі:
– Япыр-ай, бос тұр екен, ә! – деп дауысы күж ете түсті.
Әнекең оған қараған жоқ.
– Жігіт қалпақтай ұшты. Судья маған «тоқта» деді. – Қолымдағы биялайымды шешіп алып, төрт жігіт басып отырып, оң жақ қолыма осы белгіні салды емес пе!.. Бұл – «смертельный» деген сөз. «Саған енді бокспен ұрысуға рұқсат жоқ – «смертельный» деді. Содан бері боксті қойып кеттім, – деді Әнекең.

 

«Мергендікті» тексеру

Бірде Жүсіпбек Елебеков Елағаңа (Елубай Өмірзақовқа):
– Сен аңға шыққанда мен де бірге барайыншы, – депті.
– Жарайды. Тек сен мылтықты қалай ұстауын білесің бе өзі?
– Е, немене, сенен басқа кісі аңға шығып көрмеді ғой дейсің бе! – деп Жүсекең ренжіп қалады.
– Жарайды, келесі жолы аңға шығарда өзім хабарлаймын, – деп тарасады.
Бір күні Елағаң Жүсекеңе:
– Ал, ертең аңға шығамыз, дайындал, – дейді.
Келесі күні таң сәріден екеуі жүріп береді. Күздің салқын кезі. Жүсекең қонаққа баратын адамдай жаңа құлақшын, пальтосын киіп шығады. Ал Елағаң болса, ыңғайлы киім киіп, итін жетектеп, мылтығын мойнына асып, қоржынын арқалай шыққан.
Аң аулайтын жерге барған соң Елағаң:
– Ал аздап дем алып, тамақтанайық, болмаса кешке дейін шаршайсың, – дейді.
Алғашқы аңға шыққан адамға қандай кызық десеңші, Жүсекең Елағаңның мылтығын алып, олай-бұлай қарап, сығалап, бірдеңелерді көздеп болмапты.
– Саған мен осы мылтықты оқтап берейін, ана ағашқа тигізе аласың ба? – депті Елағаң. Жүсекең мырс етеді:
– Ағашқа тиген оқты тауып аларсың сен…
– Олай болса мен мына бөрігімді талдың басына ілемін, сен соны атып түсірші!
Екеуі келісіп, Елағаң өзінің ескі бөрігін, тал басына іліп жиырма бес қадамдай жерден, «ал, ат» деп Жүсекеңе мылтықты оқтап береді. Бірақ оққа бытыра салмайды.
Жүсекең көздеп тұрып тартып қалады, бірақ бөрік қозғалар емес. Қайта-қайта атып Жүсекең әбден ыза болады.
– Мен айттым ғой, сен өміріңде мылтық ұстамаған адамсың деп…
– Ей, сенің мылтығың мылтық емес! – деп Жүсекең мылтықты лақтырып тастайды.
– Шынында, бұған не болды екен?.. – деп Елағаң түк білмеген кісідей мылтықты олай-бұлай қараған болады.
– Ал сен былай жаса, мына патронды ал. Мылтықты жөндеп сүрт, сосын өзің оқта, мен ана бөрікті жөндеп іліп қояйын, – деп Елағаң бөрікті алып, оның орнына Жүсекеңнің жап-жаңа қаракөл құлақшынын іліп қояды.
– Ал, мылтықты оқтап болдың ба?
– Болдым.
– Ендеше, тура көздеп ат!..
Жүсекең көздеп тұрып тартып қалады, құлақшынның мақтасы бұрқ етеді.
– Әй, Елубай, әне көрдің ғой!.. – деп мақтанып қалады.
– Иә, бұл жолы дұрыс тигіздің…
Жүсекең тағы атады, құлақ­шын мақтасы бұрқ етеді.
Қайта­дан қос ауыз мылтықты оқтап алып, ыза болған Жүсекең тағы атып-атып жібереді. Құлақшынның парша-паршасы шығады.
– Айттым ғой мен саған, мылтықтан болып тұр деп. Міне, көрдің ғой, жаман мылтығыңды жөндеп бердім, – деп Жүсекең масаттанып қалады.
– Иә… иә… солай болды… Сенікі дұрыс, – деп Елағаң қисайып жата кетеді. – Ал, енді оқты босқа тауыспа, болды! Жүр, жинал! Кетейік.
Жүсіпбек пальтосын киіп, құлақшынын таба алмайды.
– Елубай, құлақшынымды көрдің бе?
– Білмедім… Ана талдың басында тұрған сол емес пе? – деп парша-паршасы шыққан құлақшынды көрсетеді.
– Ойбай-ау, мынау менің жап-жаңа құлақшынымнан түк қалмапты ғой!..
– Енді өзің емес пе, қайта-қайта атып…
– Әй, оңбаған-ай, сен ғой соны істеген!..
– Мен сенің мергендігіңді байқайын деп едім.

(Халық артисі Кәукен Кенжетаевтың бірқақпайларынан)
Құлтөлеу МҰҚАШ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір