Сықақшылар ауылы
27.04.2024
2756
0

 Қазақтың әкесі – тарих!
Анасы – тіл!
Қаруы – сатира!

«Сатира – күштілер қаруы» деп бекер айтылмаған. Шекспир айтпақшы: «Өмір – сахна, адамдар – актер». Күнделікті тіршілікте салт-дәстүрімізбен бірге әзіл-қалжыңымыз қоса жүреді. Әрқайсымыз өмір базарын әліміз келгенше базарлаймыз. Ал биылғы жыл қорытындысына байланысты, хат қоржынға келіп түскен сықақшылардың қанжығасына байлағанымен бөлісейік. Жасы 75-тің биігіне шыққан «Қазақстанның құрметті жазушысы» Доқтырхан Тұрлыбектің «Екі килә алма және «сникерс» атты сықақ әңгімелер жинағы, Көпен Әмірбектің «Көпен келе жатыр!..» 5 томдық жинағы, Ермахан Шайхыұлының «Сатира сарқыты», Еркін Жаппасұлының «Мыңқ етпес миығынан күледі» әңгімелер жинағы, Үміт Зұлхарованың «Келеке керек пе?» фельетон, сықақ әңгімелер мен өлеңдер жинағы шыққан екен.
Баяндамаға уақыт аз берілгендіктен, он төрт кітапты он төрт минутқа сыйғызуға тырыстым. Доқтырхан Тұрлыбектің шығармасы жайында «Қазақ әдебиеті» газетінде (№7 23.02.24) «ДТ-75» атты мақала жазғам. Сондықтан оған көп тоқталмай, соңғы кітабы туралы бір ауыз айта кетейін. Доқтырхан не жазса да өмірдің өзінен ойып алады. Оқып отырып сол оқиғаны өз басыңнан бірге кешесің. «Екі килә алма және «сникерс» әңгімесі ерлі-зайыпты қариялардың ортасындағы оқиға жайлы. Мал бағуға күйі келмеген соң, қолда қалған азын-аулақ малды сатып, қаражатын сақтық кассасына қояды. Көбейеді деп көп жыл күтеді. Бір күні білейік деп барса, ақша теңгеге ауысқанда құны жойылып кеткен екен. «Жақсы мал – жанның садағасы» деп базардан үйіне қайтады. Алған ақшасына екі килә алма және бір «сникерс» беріпті. Иә, ақшаның құнын жоғалтуынан туған келеңсіздік – барлық халықтың басынан өткен жағдай. Өзің де іштегі запыраныңды қозғап қала бересің. Доқтырханның кез келген әңгімесінде осы іспетті жайлар суреттелген.
Ал Көпен Әмірбектің «Көпен келе жатыр!..» 5 томдық жинағының тең жартысы – сурет. Бір сөзбен айтқанда, Еркін Нұразхан мен «Балдырған» журналындағы Нұрлан Тазабеков салған әдемі суреттерімен безенділірген. Бірінші томда («Па, шіркін, пародия!..») өзінің достарына жазған әзілі, өзіне жазған елдің де құттықтауы жинақталған. Сондай-ақ өзінің елден алған сұхбаттарын, «Егемен Қазақ­стан», «Қазақ әдебиеті», «Ара-КZ» басылымдарында басылған мақалалары да қосылған. Бір қуанарлығы – өмірінің соңында өмір бойы жазған дүниесін жинақтап шығарғаны. Соңғы, 5-кітапта тұтас фото-шежіре қамтылған. Төртінші томда көрген жаңа шығармам – 39-40 беттердегі «Бала басын изеді» атты мысал әңгіме. Бұл бұрын «Қазақ әдебиетінде» мысал-фельетон боп жарияланған. Сондай-ақ үшінші томның 119-120 беттерінде 28 шумақ айтыс өлең бар. «Көпен мен Ардақтың қақтығысы» деп аталады. Қыз-жігіттің айтысы. Осы үшінші томда Әмірбековтер әулеті жайлы үзік-үзік шежірелер қамтылған.
Қазақ сықақшыларының ішінде екі ата-текпен екі адам сияқты жүргендері бар: олар – Балапан Базар – Базарбек Түкібаев пен Ермахан Шайхыұлы – Ермахан Әбдіраман. Біз Ермахан Шайхыұлының «Сатира сарқытында» не барын ақтарып көрейік.
Депутат дауыс жинарда шынығады,
Мәжіліс отырысында тынығады.


* * *

Үш рет депутат болсаң да,
Халықтың қарызынан құтыла алмайсың.
Осы тұста ойыма халықтың «Анаңды үш рет Меккеге көтеріп барсаң да, ана сүтін ақтай алмайсың» деген қанатты сөзі келеді.
Депутатты «сайрай бер» деп дауға қой,
Министрді «сата бер» деп малға қой,
Ал халықты қару беріп жауға қой! – дейді Ермахан.
Атам қазақ:
Ұлы жүзді қауға бер де малға қой,
Орта жүзді қалам бер де дауға қой,
Кіші жүзді найза бер де жауға қой, – демеуші ме еді? Сонда Ермаханның ұтқан жері қайсы? Қолданыста бар мақал-мәтелді өзгертіп, ұйқасы мен мазмұнын пайдалану кімге абырой әпермек.
Бір ғажабы, Көпеннің де, Ерма­ханның да, Үміт Зұлхарованың да кітап құрастыру сиқы бірдей. Ежелден баспа ережелері бойынша фельетон кезінде мерзімдік баспасөз бетінде жарияланған соң қайтадан екінші рет басылмайды. Өте құнды мақалалардан үзінді алып, сол беттің аяғында сілтеме (сноска) беріледі. Ал бұл үш автор сол мақалаларын тұтас береді.
Жалпы кітаптардан байқағаным, баспа, полиграфия заңдылықтары ескерілмеген. Әркім диплом жұмысын түптегендей, өзінше топтама шығарған. Бұрынғыдай мемлекеттік баспа болмаған соң, кәсіби редактор қарамаған соң, екі маман жазушы кітапқа пікір жазбаған соң, редактордан талап болмаған соң, айранға шикі су қосқандай шалап болады да шығады.
Көпен әр кітапқа сұхбаттарын қосқан. Алдыңғы арба жол салғандай, Ермахан Шайхыұлы да соның ізімен жүрген. Қырық қадамның жазғаны кітаптың тең жарымын қамтиды. Бір сөзбен айтқанда, ауыз толтырып сатира деуге келмейді. Ал Көпеннің бұрын шыққан «Алып», «Мың бір мысал», «Па, шіркін, пародия!..», «Тілім қышып барады» кітаптары тек түрлі-түсті бояумен боялып қайта басылған.
Еркін Жаппасұлы «Мыңқ етпес миығынан күледі» атты әңгімелер жинағын 37 әзіл-әңгімеден құрапты. Жазуға төселген. Әңгіме арасында артық ой жоқ.
Сықақтың тәрбие берер тұсы, уытты тілі, естен кетпес әдемі әзілі болуы шарт. Не болса соны мылжыңдауды сатира көтере алмайды. Оқырман да оқымайды. Біреуді келеке етем деп, өзің келеке боласың. «Өзің көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деп бекер айтқан ба?
Ал енді «Қазақ әдебиетінің» соңғы беттерінде жарияланып жүрген сықақ өлеңдер мен әңгімелерге тоқтала кетейік.
Толымбек Әлімбекұлы («Қ.Ә», №10, 15.03.24.) «Әйел мен темекі» сатирасында былайша жырлайды:
Темекіні бір тартсаң,
Әдеттеніп кетесің.
Шеге-шеге оны да,
Түбіне әбден жетесің.
Будақтатып түтінін
Құмарлана шегесің.
Өкпеңе зақым келеді,
Оған да көнесің.
Қоймай шеге бересің,
Бір күні өлесің.
Әйел де – темекі секілді,
Дегеніне сенесің.
Бір жүрсең, жүріп кетесің,
Білегің түріп кетесін.
Ол «үр» десе –
Қысылмай үріп кетесің.
Ол «күл» десе –
Ыржалаңдап күліп кетесің,
Қасқырша ұлып кетесің.
Жын ұрып кетесің.
Сөйтіп, құрып кетесің.
Темекіні тастасаң,
Қайтып үйренбейсің.
Әйелді тастасаң,
Қайта күйбеңдейсің.
Темекі деген –
Бұлтарпайтын құрық па?
Әйелді тастасаң,
Қайтып келетінін ұмытпа!
Темекінің түбіне сен жетпейсің, темекі сенің түбіңе жетеді. Әйел темекі ме? Зиян ба? Ол «үр» десе, үретін ит бар ма? «Күл» десе, күлетін жынды бар ма? Әйелдер еркектің тұқымын тұздай құрта ма? Айтпағың не? Қайтып келетін әйелдерде намыс жоқ па?
Келесі өлең «Әйелі бар еркекті сүй, түсінсең» деп келеді. Онда:
…Махаббатқа жан-тәнімен берілген,
Өзгелерді сүюге де ерінген.
Әйелі бар еркекті сүй, сен,
Махаббаттың орын алған төрінен.
Махаббаттың пернесі де, тиегі ол,
Осы еркекке шын мәнінде ие бол!
Басқа жаққа мойынын да бұрмастан,
Әйелін де, сені де адал сүйеді ол! – десе, «Еркек деген аңыз» атты өлеңінде:
Еркек деген – ертегі, аңыз!
Шайнасаң – сағыз,
Қайрасаң – намыс!
Өртесең – қамыс.
Демеушің ғой нағыз.
Алсаң – несие,
Берсең – қарыз.
Ақша салатын әмиян!
Отбасың, жанұяң!
Ән ғып айтсаң – арияң,
Көл ғып айтсаң – дарияң!
Тау ғып айтсаң – асқарың,
Қой ғып айтсаң – қошқарың!
Айналайындар, аймалайыңдар –
Күндіз де, түнде де
Тірі боп жүре берсін!
Бөтен ортада да,
Жымиып күле берсін!
Үйге қолдары тигенде,
Ерте ме, кеш пе
Именбей кіре берсін!
Жеуге болмаса да,
Май жақсы!
Үйге қонбаса да
Бай жақсы!
Соңғы шумағында «Жемесең де май жақсы, бермесе де бай жақсы» деген мақалды өзгертіп алған. Қаншалықты сықақ десе де, бағасын әйелдер берсін.
Үлкен жазушы Ғаббас Қабышұлы «Армансыз адам – атсыз арба» деген әңгіме жазыпты. Жасы ұлғайған екі қарттың орыс сөзін қосып сөйлегенін әжуа етеді. Ағамыз оған күле отырып, өзі де ескі орысшасын қосып қояды екен.
Қанағат Әбілқайыр «Тіл» атты әңгімесінде зэктер құсап жаргонмен сөйлейтіндерден әдемі қалжың жасаған. Ғаббас Қабышұлы екеуі тілбұзарлар туралы ойлы әңгіме жазыпты, үндесіп тұр.
Белгілі сықақшы Берік Садырдың «Анекдотпен аяқталатын күнделік» атты шежіресі жай сықақтан гөрі тәрбиелік мәні бар, сатиралық дәні бар дүние екен. Сатиралық бетте ауыз толтырып айтатын соңғы үш жазушы ғана.
Соңғы жылдары сықақ жазушылардың бәрінің көзі қарауытқан ба «Тоқалдар мен мақалдар» жайлы көп жазып кетті. Аймұханбет Бейсембековтен үзінді келтірейік.
Бетегесі жоқ бел – жетім,
Тоқалы жоқ ер – жетім.
Қазақта «Жасы келгенде жалғыз қалған шал – жетім», – дейді.
Автордың тоқалы жоқ ері неше жаста екен? Тоқалы жоқтар жетімге жата ма?
Бәйбішең үшін отқа түс – күймейсің,
Тоққалың үшін тоққа түс – өлмейсің.
Компартияның уағызында «Отан үшін отқа түскен өлмейді» деп жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеуші еді, казіргілер оны да өзгертіп алыпты.
Иә, сықақшылар ауылының жайы осы жылы осылай болды. Сатираны кейде күлу үшін, кейде авторын білу үшін оқимыз. Аталған кітаптардан қандай тәрбие алдыңыздар? Сатира – өткенді сынау, дұрыс жолға салу ғана емес, оғаш қылықтардың алдын алу, болжам жасау. Осыдан соң ойыма аталарымнан естіген «Аталы сөздер» түседі:
Ара бал береді,
Шағатынын ұмытпа!
Ит соңыңнан ереді,
Қабатынын ұмытпа!
Ат үйретуге көнеді,
Тебетінін ұмытпа.
Алла өмір береді,
Өтетінін де ұмытпа.

 

Қазыхан ӘШЕ,
Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір