Ақберен Елгезек. Өртеніп ұмыт болған сағыныштан…
24.01.2020
1703
3

КҮЗГІ СЕРУЕН

Жапырақтан жаңғырып Күз дауысы,

Алтын бояу үрлейді Түз ғарышы.

Түйсігіңе жұмақты сездіреді,

Билеп тұрған түстердің қозғалысы.

 

Аспаннан сыңғыр етсе күміс xабар,

Шыршалардың жүйкесі тынышталар.

Жорыққа аттанғанда құс атаулы,

Шеру тартып ұрандар құмырсқалар!

 

Шөптердің арасынан дабырласқан,

Сақалын сауып отыр адыраспан!

Тербеледі итмұрын өз әніне,

Тербеледі ешкімді танымастан.

 

Жел де міне, тал таппай қағынарға,

Сұлап түсті соғылып кәрі жарға.

Қарта ойнайды таласып тас үстінде:

Жарқанат-ой,

Қиял-қаңбақ,

Сары қарға.

 

Бұл кезде көкжиекте нұр құлаған,

Гүлдер үні өлтірді-ау шырқыраған!

Басын шайқап бал ашар ермен-кемпір,

Шашынан жусан исі бұрқыраған.

 

Ермен-кемпір бал ашса – талағаны,

Қара жидек – көк тиын санағаны.

Қасында отырса егер татыр-әже,

Шырғанақтан тастай сал садағаны!

 

Үйеңкіге сәлем бер,

(ақын ол да),

Шарабынан бірақ та татып алма.

Күзге айналып ағады арық іші,

Бір шетінен тістелген уақыт-алма…

 

Мынау баудың жайқалып бау болғалы,

Күз келсе де жатады тар жолдары.

Ғалам үшін Тәңірден сауға сұрар,

Көкке қарай созылып тал қолдары.

 

Құла белдің шырмалған ну етегі,

Бейтаныс бір дыбыстар гулетеді.

Кеуіп қалған көгалдың орайынан,

Көбелектің руxтары пыр-р-р етеді!

 

Күннің қызыл ойынан тонғаны ма,

Торғай қонды көңілдің шарбағына?..

Бірін-бірі секеңдеп қуалап жүр,

Бағаналар сүйеніп балдағына.

 

Жетім күшік айырылған енесінен,

Өз бейнесін жалайды тегешінен…

Аңқауым-ай!

Аңтарылып қарап қалар,

Пойыз болып бұлт өтсе төбесінен!

 

Кеш қарайды.

Кешті де қош көрдік-ай!

Зәу көкте жас қарауыл – он күндік Ай.

Ертегілік әлемнің бір шетінде,

Адам өтіп барады, о, сұмдық-ай!

 

Жүрегімде шайқалып аз ғана мұң,

Мен мұндай қойылымға мәз боламын!

…Қыркүйектің шетінде сынып жатыр,

Ойыншығы кешегі жаз-баланың…

ТЕЛЕФОН

Менің телефонымда – болашақ аруақтардың аты-жөндері,

нөмірлері жазулы,

Олардың ішінде ағаларым да бар,

 інілерім де бар азулы,

Олардың ішінде қатал апаларым да бар,

боталарым да бар мақтаулы,

дос-қастарымның да, қарындастарымның да нөмірлері сақтаулы.

 

Олар бір-бірімен xабарласып жатады,

Дабырласып жатады күні-түн,

Олармен сөйлессем деген менің де бар үмітім.

Ешқайсысына қоңырау шалмаймын, сүйкей салмаймын нөмірін,

Сүйкей салсамшы, сұрай салсамшы көңілін.

Олар да маған xабарласпайды,

қоңырау шалмайды, кеңесіп,

Өздері ғана сөйлесе беретіндері,

сөйлесе беретіндері не осы?!

Ешкім маған xабарласпайды,

Мен де ешкімге xабарласпаймын, о, несі?!

…Өліп қалған жоқпын ба, албасты басып,

 мен осы?!..

ТАҢСӘРІДЕ

Жаңбырдан шарап қайнатып,

Сепсем бе қардан тұз оған.

Жаhанның жүзін жайнатып,

Естілсе кенет қызық ән.

 

Естілсе кенет қызық ән,

Алыстан талып құлаған.

Жақындап барсаң, ұзаған,

Алыстап кетсең, жылаған.

 

Бұлттардан жасап балмұздақ,

Күлтеге кепкен орасам.

Жалғанда өзім жалғыз қап,

Жарымның шашын тарасам.

 

Ешкімнен қолдау күтпей-ақ,

Ешкімге сенім артпай-ақ.

Отырсам шашым сүттей ақ,

Желкеме түйіп, шарт байлап.

 

Немесе жап-жас батырдай,

Ай асты жатсам шайқасып.

Туғаның үшін жат ұлдай,

Отаным үшін айқасып.

 

Немесе жынды баладай,

Молаға қашсам бұрмалап.

Алдымнан бұта, қарағай,

Жүзімді тіліп, тырмалап.

 

Бір кезде ескі қорғанның,

Қасында тұрсам дірілдеп.

Бір дауыс ішкі орманның,

Ішінен шықса гүрілдеп.

 

«Осынау шақты сүй!» десе,

Жалп етіп құлар жарқанат.

Апыр-ай, қандай күй кешем,

Көзімнен үрей сорғалап.

 

Миымда зулап жарық ой,

Жұлдыздай ақса шоқтана.

Сәулесін төгіп, анық Ай

Жолдарға түссе қап-қара.

Дөңгелеп күміс ақшадай,

Баратса Айың шырқырап.

Мен тұрсам кәрі патшадай,

Бойымнан құдірет бұрқырап.

 

Жарқ етсе сонда үмітім,

Солқ етсе өлген арманым.

Дүр етіп тұрса көне Күн,

Жап-жарық етіп жан-жағын.

 

Жап-жарық Күнім мұңымды ап,

Жүрегім соқса жайланып.

Бір кезде ұшсам шырылдап,

Бозторғайға айналып.

 

Естілген кенет кешкі ән,

Жоғалса таңда паңданып.

Әуелеп Көкте…

Еш күмән…

Өмірге тұрсам таңқалып…

ШАҺАР КЕЗГЕН

Өртеніп ұмыт болған сағыныштан,

Жұрт іші ағып келем, сабылысқан.

Жанарымнан сан ұшқын шашырайды,

Іштегі бітпейтұғын жарылыстан.

Ағып келем…

Теңіздей халық іші,

Кекілімді сипайды жарық ұшы.

Мен туралы білмейтін мына жұрттың,

Ұнайтыны несі екен сабылысы?

Ағып келем…

Өзгелердің қимылын бағып келем,

Ми қозып,

Лапылдайды жанып денем.

Сүйе аламын білемін, бәрін-бәрін,

Жүрегімді тұтатып, жарық берем!

Ағып келем…

Амалсыз, қарсылықсыз,

Көңіл тыныш, ми сергек, жан-құлықсыз.

Мына нөпір әкетсін, адастырсын,

Қамасын бір бұрышқа жаңғырықсыз!

Көздері көздеріммен шағылысқан,

Бір сәтте Мұңым – мыстан

бұрылыстан,

Атып шығып алқымыма қолын созар,

Аумайтын кәрі түрі ыбылыстан.

Қорықпаймын!

Садақаға өлең өріп бере салам,

Жұлып алып кез келген құбылыстан!

Сыңғыр етсе сәулесі сынық ойдың,

Жүрегі жылып кетер, сұмырайдың!

Ал мен ары жұрт іші аға берем,

Ешқашан ештеңеден жылымаймын…

 

***

Беймәлім бір жағдайларды түсінем,

Түсінем де, ауыр-ауыр күрсінем.

Содан кейін бір тылсымның күшімен,

Өлең жазып отырамын, қарайып,

Арқамдағы қанатымның ұшымен…

Көріп қойып ақ гүлдердің жүрегін,

Мен олардың мұң мен шерін білемін.

Серпіп тастап, мына әлемнің түнегін,

Жарық шашып жанарымнан, сұлбамнан,

Өзге әлемнің жолдарымен жүремін.

Байқап қалып өзге әлемнің шырағын,

Мен олардың белгілерін ұғамын.

Содан кейін таусылғанша шыдамым,

Бір нүктенің шетіне кеп, жаутаңдап,

Жәбірейіл жанарында тұнамын…

               

 

***

Жатқаныңда көзіңмен таң асырып,

Жүрегіңде бүр жарар бала-шыбық.

Әлемнің ажал кезіп әр бұрышын,

Тәндер жатар Көк-Аспанға Жан ұшырып.

Кере созып ақ нұрдай қанатымды,

Қақ жарып Жан ұшса ғой қара түнді!..

Тұғырдан шырқап Көкке кеткім келсе,

Дауыстап қайтарады Жар атыңды.

Тәңірімнен алыстап тағы бір сәт,

Қамалған құсқа қайта Жаным ұқсап.

Жұмысқа бара жатам Мұң кейпінде,

Аспанға қайта-қайта қарағыштап…

 

КАФЕДЕ

Алғаш рет мен көрдім түрін оның,

Келді, отырды, сәл қозғап орындығын.

Күнтізбеге қарады көне кісі:

Маусымның 10-ы бүгін.

 

Айыр тілі шағардай жүрегімнен,

Жылан-сағат ысылдап білегінен,

Қара кісі алдырды торы сыра,

Мәйге айналды ол сыра, білемін мен.

 

Сабырлы ол, шынымен мұңсыз ба еді,

Бақылайды байқатпай үнсіз мені?!

Мен алайып қараймын сағатына,

Ол асықпай түртеді күнтізбені.

 

Жолыққандай көрінді бұрын маған,

Күнге мініп келген бе Құбыладан?

Бұл кісіні білемін қайдан, қайдан,

Жымиса да жүзі оның жылымаған.

Ұмытпайды бір көрсе түрін адам.

 

Дәл осы сәт ол отыр қырың қарап,

Жол шетінде тербетті гүлін сабақ.

Гүлдің беті айналды сағатына,

Күлтелері қозғалды шығын санап.

 

Бұл шаhарда қала ма, кім біледі,

Мүмкін ертең Шығысқа жол жүреді?

Шылымынан бұрқырап лас ауада,

Сальвадордың суреті жөңкіледі.

 

Алғашқы рет көрдім бе оны бүгін,

Шырамыттым мен әлде түрін оның?

«Туған күні» деп айтты даяшы қыз:

Маусымның 10-ы бүгін.

 

…Жан-жағымда зымырап қала шұбай,

Мен де отырам ба күн ертең дәл осылай?

Беті сынған Аспанның сағатындай —

Қаңғырғанда уақыттан адасып Ай…

 

 

***

Таң атар, жаным, шыдай тұр,

Перде-түн қазір құлайды.

Артында оның Құдай тұр,

Сол үміт маған ұнайды.

 

Ашылса кенет перде-түн,

Ертекке қандай баларсың?!

Көргендей алғаш жер бетін,

Аңқиып қарап қаларсың.

 

Күлгенде көкте Күн-ие,

Төменде билер тал шыбық.

Қалқиды сонда дүние,

Шалқиды барлық тіршілік.

 

Мойныма менің асылған,

Түсірем мұңды тәубеге.

Аспаннан маған шашылған,

Оранам алтын сәулеге.

 

Сол сәуле түссе орайға,

Айналам кіші Тәңірге.

Көміліп алтын арайға,

Шомылып ғажап өмірге.

 

Бір сөзбен яки бір оймен,

Басқарам жанды ғаламды.

Сүйемін сонда Құдайды,

Сүйемін мәңгі адамды!

 

ПІКІРЛЕР3
Аноним 24.01.2020 | 17:09

Керемет 👏 бөлек сезім

Аноним 28.01.2020 | 10:38

Мықты!

Аноним 02.02.2020 | 16:07

Таланты зор, мақсаты жоқ, неге туғанын білмейтін қазекемдердің біреуі. Білсе, түсінсе, өмірінде он шақты өлең жазып кетер потенциалы бар. Со өлеңдері ұлттың санасына сіңіп, ұлттың сақталуына әсер ететін деңгейге жету үшін автор ұлтқа қазір, ертең, мың жылдан соң не керек екенін білу, түсіну керек… Ал, қазіргі деңгей, «сама садик я садила, сама буду поливать» гүл өлеңдету деңгей… Құдай талант бергенде, ұлтың ұшын береді-ау, адамзат үшін… Поэтом можешь ты не быть, гражданином быть обязан… Ұлт жоғалуда тұрғанда, ойлан, қол ұшыңды бер, со он өлеңіңді жаз! Төреғали Қазиев

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір