Ұмыт болған тұлға
22.12.2025
187
0

Бәтен Әлмұратұлы Жұмабаев – Қазақстан мемлекеттік көпшілік кітапханасының Ораз Қиқымұлы Жандосовтан кейінгі екінші директоры. 22 жыл еліміздің халық ағарту саласында жоғары лауазымда қызметтер атқарған Б.Жұмабаев туралы мардымды мәліметтер жоқтың қасы. Ұлт зиялыларын ұлықтау – біздің әрбіріміздің міндетіміз деген қағиданы ұстана отырып, жүргізілген біраз ізденістің нәтижесінде белгілі болған тағы бір алашшыл азаматтың тағдырын назарларыңызға ұсынып отырмын.

Б.Ә.Жұмабаев 1890 жылы Орал губерниясы, Гурьев уезі, Испуль болысына қарасты №8-ауылда кедей шаруаның отбасында дүниеге келді. Әкесі Әлмұрат мектептің күзетшісі болған. Ата-анасы өмір бойы отбасын асырау үшін мектептің техникалық шаруасында қызмет еткен. 10 жасқа толғанда, Бәтенді әкесі өзі қарауыл болып істейтін мектепке оқуға береді. Бастауыш мектепті бітірген соң, Бәтен 1904 жылы Орал ауыл шаруашылығы училищесіне оқуға түсіп, оны 1906 жылы тамамдайды. Оның ендігі арманы оқуды одан ары жалғастыру еді. Осы арманның жетегімен 1906 жылы жаяулатып Орынбор қаласына жетеді де, Орынбор қырғыз мұғалімдер мектебіне оқуға түседі. Орынбордағы мұғалімдер мектебін 1911 жылы бітіреді. Оқуды бітірген соң, бір кластық қана орыс мектебі бар, ең шалғай Матеш деген ауылда мұғалім болып қызмет атқарады. Қаржылық жағдайдың қиындығына байланысты Қазан төңкерісіне дейін ол тек мұғалімдік қызмет атқарды. Азамат соғысы жылдарында қатты науқастанып, төсек тартып жатып қалады да, денсаулығына байланысты соғысқа қатыса алмаған. 1922 жылдың 4 ақпанында Ресей большевиктер партиясының қатарына қабылданады. Ары қарай халық ағарту саласында еңбек етеді. Бастапқыда, 1921–1923 жылдар аралығында Жымпиті қаласындағы 8-Қызыл әскерлер ротасында мектеп жұмысшысы болып қызмет істейді. 1922 жылғы уездік Кеңестер съезіне, 1923 жылы Бүкілқырғыз оқу-ағарту қызметкерлерінің съезіне делегат болып сайланады. 1923 жылдың қыркүйек айының аяғында «Уралгубоно» аппаратына жұмысқа ауыстырылып, 1923 жылдың 7 желтоқсанына дейін осында қызмет атқарады.
1923 жылы желтоқсанда Жұмысшылар ағарту одағының басқарма мүшесі болып сайланып, 4 желтоқсанда Орал губкомының бекітуімен Жұмысшылар ағарту одағының төрағасы болып қызмет атқарады. 1923 жылдың қазан айынан Орал облыстық қоғамдық ұйымы (ООҚ) жанындағы Орал әдістемелік кеңесінің мүшесі болып, Кеңестердің VI губерниялық съезінде Орал губерниялық Кеңестер атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Осы уақыттан бастап Орал губерниялық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі, 1927 жылға дейін Бүкілодақтық коммунистік партия Орал бөлімшесі уездік комитетінің мүшесі болды. 1925 жылы өткен мұғалімдердің Бүкілодақтық 1 съезіне қатысқан.
1925 жылы ол Қостанай облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі болып ауыстырылады. 1930 жылы Семей «Казинпрос» мекемесінің директоры болып тағайындалады.1932 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. 1934 жылы Алматы қалалық Кеңесінің депутаты болып сайланды.
Бәтен Жұмабаев 1933 жылдың 26 қаңтар айынан, 4 сәуір 1938 жылы тұтқындалғанға дейін Қазақ ССР Мемлекеттік көпшілік кітапханасының (қазіргі Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы) директоры қызметін атқарады.
Б.Жұмабаев бұл басшылыққа тағайындалғанда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік көпшілік кітапханасының ашылғанына екі жыл ғана толған еді. Сол кездері кітапханадағы көптеген кемшіліктерді, кітап қорының талан-таражға түскенін, сырттан көмекке берілген кітаптардың жертөледе, жерде көгеріп, жыртылып жатқандығы туралы жергілікті басылым беттерінде жиі жазылып жатты. Б.Жұмабаев орын алған осы қиындықтарды жеңіп шықты. Кітапхана басшысы ретінде іскер, белсенді, білімділігімен ерекшеленді. Кітап қорын игеру, жүйелеу, тіркеу, орналастыру сияқты жұмыстарды бастап кетті. Кітапханада арнайы білімі бар жергілікті мамандар болмады. Білікті мамандардың аздығынан жұмыс өте баяу жүрді. Осыларды ескере отырып жаңа басшы 1934 жылы «Кітапхана техникумын» ашты. Сонымен қатар осы жылы «Қаз ССР-дың 10 жылдығы атындағы Қазақстан мемлекеттік көпшілік кітапханасының бюллетенін» шығарды және журналға өзінің редакциялығымен кітапхана жұмысы туралы жаңалықтарды жариялап отырды. Сол кездегі қызметкерлер еңбектерінің жанкештілігі, күн-түн демей уақытпен санаспауларының арқасында бірде-бір кітап жертөледе бүлінбей, сөрелерге орналастырылды. Кітап сөрелерін қойып, кітаптарды рет-ретімен орналастырып, 200 орындық оқу залы оқырмандарға қызмет көрсетті. Сонымен қатар Бүкілодақтық кітап палатасы жүйелі түрде кітап қорын үнемі толықтырып отырды. Б.Жұмабаевтың негізгі міндеті кітапхананың ғылыми мәртебесін көтеру еді. Барлық саланың ғалымдарын, жалпы кітапхана қызметін пайдаланушылардың тапсырыстарын орындауды жолға қойды.Кітапханааралық абонементті жолға қойды. Кітапхана қорында жоқ кітаптарды, оқырмандар тапсырысымен Ленин атындағы СССР Мемлекеттік кітапхана, Мелекеттік шетел әдебиетінің кітапханасы, Салтыков — Щедрин атындағы Мемлекеттік кітапхана және Украина, Өзбек, Қырғыз Мемлекеттік көпшілік кітапханаларынан алғызып отырды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік көпшілік кітапханасына орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің атын беру де осы Б.Жұмабаевтың басшылығымен жүзеге асқан еді. Бәтен Әлмұратұлы Жұмабаев кітапхананың нағыз білім мен мәдениет ошағына айналуына, білімді таратуға белсенді үлес қосты. Оның кітапхана директоры болған кезеңі (1933–1938) КСРО-дағы үлкен террордың шарықтау кезеңіне сәйкес келгенін түсіну маңызды. Бәтен Жұмабаев та қазақтың басқа да білімді адамдары сияқты ( «Алаш» қозғалысының мүшелері) « ұлтшылдық, «контрреволюциялық әрекетпен» айналысты деп айыпталды.
1938 жылы 4 сәуірде тұтқынға алынды. 1938 жылы 11 қарашада Қазақ ССР НКВД үштігінің бұйрығымен Бәтен Жұмабаев ату жазасына кесілді. Ал 1958 жылы 22 мамырда кінәсіз деп танылып ақталды.

Баян Өтебаева

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір