Табиғатпен егіз жазушы
Жаратқан Ием бір басына сан өнерді үйіп-төгіп бере салған, дарабоз дарын иесі Ерсінбек Қойбағарұлының шығармашылығы дәл кемелдену үстінде өмірден озды. Оның қазасы отбасының ғана емес, қазақ әдебиетінің қабырғасына батты. Бұл жайында жазушы Тұрысбек Сәукетаев: «Сайрам жеріндегі әдебиетіміздің шырақшысы, қасиетті сөздің жоқшысы қайтпас сапарға аттанды», – десе, Әбдірахым Пратов: «Өзбек әдебиеті мен ақын-жазушыларының досы болатын… Туған ағам еді», – деп қайғырды.
Жүз орындық балалар бөлімшесінің меңгерушісі қызметінен өз еркімен босап, курорт жүйесіне қатардағы дәрігер болып жұмысқа тұрған ол, мұны: «Жазушылығыма қолайлырақ», − деп түсіндірген еді. Сол жылы, яғни 1984 жылы тұңғыш жинағы басылып, өмірінің соңына дейін шығармалары үздіксіз жарияланып келді. «Әрине, «Манкент» сияқты дертке дауа, жанға сая жер – шығармашылық адамы үшін құтты қоныс болғандығы да сөзсіз. Әуезовтің сөзімен айтсақ: «Орыс әдебиетінің шырқау биігі болған П.А.Чехов жазушылық-дәрігерлік еңбегінің ең бір жемісті, жеңісті кезеңін Ялтада өткізгендігінен бәріміз де хабардармыз. Ерсіннің де шығармашылық дүниелерінің шоқтығы сияқты, ең құнарлы дүниелерінің осы кезеңде біздің Ялтамызда жазылғаны күмәнсіз», − дейді филология ғылымдарының докторы Керімбек Сыздықов.
Е.Қойбағарұлының туындылары 18 жеке кітап болып және 10 ұжымдық жинақта жарияланды. «Қарашаш», «Ешкінің сирағы», «Доктор Арсений», «Терістік шұғыласы», «Тағдыр тауқыметі», «Суицид» хикаяттары мен «Махаббатым – ғайып-еренім», «Мылқаудың досы», «Тоқсаныншы жылдың жазы еді», «Ем қонбайтын келіншек», «Балауыз шамдар», «Медиатор», «Қоқысшы», «Қалдан ата» әңгімелері оқырман жүрегіне адамдық қасиеттер ұялататын үздік прозалық туындылар қатарына жатады.
Е.Қойбағарұлының шығармашылығымен танысқан әрбір оқырманды экология және табиғат мәселелері толғандырады. Оның барлық шығармаларының ішінде құрт, құмырсқа, бақа, тасбақа, ит, мысық, жылан, балық, сан түрлі құстар, алуан түрлі гүлдер, өсімдіктер, сондай-ақ «Қызыл кітаптағы» жан-жануарлар мен үй жануарларының жайы сөз болады. Барлық тіршілік иесінің өмір сүруге деген құлшынысын айшықтап, адамзатты табиғатпен етене араласуға шақырады. Прозадағы негізгі тақырыптары – отаншылдық, достық, махаббат, экология және адамдар арасындағы ізгі қарым-қатынастарды реттеуге бағытталған.
Оның оннан аса өлеңдеріне танымал сазгерлер ән жазып, ол әндер халық арасына кеңінен тарады. Сол әндерді атап айтар болсақ, «Сен бе деп қалам», «Манкенттің түнін есіңе ал», «Офицер мырзалар», «Ән – Хадиша», «Махаббат серенадасы», «Оу, сұлу қыз тапшы емін», т.б.
«Қасірет қақпаны» атты балаларды есірткіге қарсы тәрбиелейтін трагедиялық пьесасы және «Бала мен қайыршы», «Қызғалдақты жұлмаңдар», Костинскийден аударған «Тосын сый», жапон драматургі Дзиндзу Кипоситоның «Тырна ұлпалары» атты шығармалары қойылып, драматург ретінде көрермендердің ыстық ықыласына бөленген.
Жазушының әңгімелері мен повестері өзбек, қарақалпақ, түрік, орыс тілдеріне аударылған. Үш томдық таңдамалы шығармалар жинағы оқырмандар назарына ұсынылған.
2013 жылы «Суицид» атты хикаяттар мен әңгімелер жинағы Алматы қаласындағы «Баянжүрек» баспасынан жарық көрді. Хикаятта өмірден түңіліп жүрген Жалғас есімді жас жігіт ойда-жоқта Тоты деген қызбен танысады. Араларында достық қарым-қатынас орнайды. Достық нығая келе, махаббатқа ұласады. Қайта-қайта өлмек болып, қыл арқанға жүгіріп жүрген жас жігіттің өмірін ұлы махаббат сезімі аман сақтап қалады. Жазушы осы туындысы арқылы аутоагрессиядан құтылудың амалын қарастырады және оны түбегейлі зерттейді. Жасы бар, жасамысы бар, мына жалғаннан баз кешіп, ана дүниеге ерте аттанып жатқандарға жүрегі сыздаған жазушы қоғамдағы келеңсіздікке қарсы осы хикаятты жазған еді. «Адамның өмірі – Алланың аманаты. Өз-өзіне қол салып, өмірін қиған адам үлкен күнә болып есептелініп, мұсылмандарда оның жаназасы шығарылмайды екен. Құранның «Ниса» сүресінің 29-аятында: «Өз-өздеріңе қол жұмсамаңдар және оған апаратын бұзықтыққа бармаңдар. Алла сендерге ерекше мейірімді», – деп хикаяттағы оқиғаны ширата түседі. Прототиптер – Диана, мысық, тырна қатысқан түрлі оқиғалар хикаяттағы Жалғас пен Тотының бет-бейнесін, мінез-құлқын аша түседі. «Автор – медпсихолог, психотерапевт болғандықтан да, өзіне етене жақын, таныс тақырыпты таңдап алған. Негізгі екі кейіпкердің сұхбатына құрылған хикаятта адам жанының тығырыққа тірелуі, күйзеліске ұшырауының салдарына үңіліп, оған тиісті дәрежеде ем жүргізбесе, өлім жайлы ойлаған адамның соған жетпей тынбайтындығына алаңдаушылық білдіреді. Негізгі оқиғаның бел ортасында жүретін Тарғыл атты мысық арқылы жазушы мысыққа деген әлем елдерінің көзқарасын орынды келтірген. Мысықты көркем деталь ретінде алғандықтан оған деген Тотының қамқорлығы, жалпы мысық туралы көзқарасы кеңінен суреттеледі. Сондықтан жазушы мысық туралы екі кейіпкердің естіген әңгімелерін молынан келтіреді.
Хикаяттың негізгі идеясы – бүгінгі таңда белең алып бара жатқан суицидтің алдын алу, қоғам мен заман қыспағынан тығырыққа тірелген жандардың жанына шипа іздеу, оларды емдеу», − деп қазақ әдебиетінің қазіргі прозасы жөнінде зерттеп жүрген әдебиетші ғалым – Гүлжаһан Орда Ерекеңнің шығармашылығына қызығушылық танытқан.
Жазушы Е.Қойбағарұлы – өз шығармаларында заманмен бірге өмірге, адамға, табиғатқа деген көзқарастың өзгергенін шынайы суреттей білген жазушы. Е.Қойбағарұлының қаламынан туған табиғат суретін кітаптан оқып отырған оқырман сүйсінбей қалмайды, әрине. Қай көріністі де көзіне елестетіп, сұлулығына көңіл көзін қоса суғарып, жазушымен бірге өртеніп, лапылдап, рахат сезімге бөленіп отырады. «Автордың қаламгерлік шеберлігіне, ғылым-білімінен хабары мол білімдарлығына, азаматтық өресінің биіктігіне сүйсінесің», − дейді Қуанбек Боқаев. Әрі ол жазушының шығармашылығына «Махаббаттың құпиясын ашқан қаламгер», − деп баға береді.
Аяулы ақын қарындасы Тұрсынай Оразбаева: «Ерекеңмен сонау жастық шақтан ағалы-қарындастай болдық. Екеуміз көршілес ауылдардан: мен − Қайнарбұлақтан, ол − Құрлықтан едік. Біз бір-бірімізді қажет кезде демедік, жетектедік, қамшыладық, пікірлестік. Оның мәдениеті мен түсінігі, білімі өз ортасында өзгелерден озық тұратын. Сол даралығын көзіқарақты оқырман шығармаларынан байқар. Жайсаң азамат еді, жарықтық. Менің Ерекең жайлы айтарым ішіме сыймайды. Өте көп…», − деп еске алған болатын қамығып.
Ерсінбек Қойбағарұлының жарқын бейнесі, оның өмірі мен шығармашылығы оқырмандарының жадында мәңгі сақталады.
Гүлдәрия Әшірбаева,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.