ЕГІЗ ҚҰМДА ТҰНҒАН ЖЫР
10.09.2024
180
0

Төкпе ақын Нұрым Шыршығұлұлы әп дегенде «Тайсойған, Бүйрек екі құм» деп қанат қомдап алып, әрі қарай желдірте жырлап, сүйсіне сипаттаған өңір қадым заманнан қазақы қасиет ұйыған, парасатты ойға, парықты сөзге тізгін берген, жауһар жыр өрген, күмбір күй төккен, өнерге өріс ашқан, ақындары аруақты, билері білікті егіз құм.

Әрідегі желмаялы Асанқайғыдан бастап, берідегі талай сөз сүлейлері өз туындыларына арқау еткен аймақ. Баһадүр батыр Исатайдың кіндік қаны тамған жер, айбарлы ақын Махамбеттің өзі де, бабалары да мекен еткен атақоныс. Ғалымдар, жазушылар Махамбеттің өзінің де Тайсойғанда туғандығы жөнінде орнықты тұжырымдар айтып, дәлелдеп берді. Оған күмәнмен қарауға болмайды. Осы Тайсойған, Бүйрек алқаптарынан, Сағыз бойынан шыққан тума таланттар – жыр жүйріктері Есет Қараұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Нұрым Шыршығұлұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Ығылман Шөрекұлы, ғалым-қайраткерлер Халел Досмұхамедұлы, Салық Зиманов, жазушылар Ғабдол Сланов, Зейнолла Қабдолов және басқалар бүкіл қазаққа ортақ мақтаныштарымыз. Олардың шығармаларының «Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясымен жарық көрген көптомдық кітаптар легінен ойып тұрып орын алулары келісті-ақ. Рухани қазынамызды байытқан сол мұралардың сапына енуге тиісті ел ішінде ауыздан ауызға көшіп жүрген термелер мен толғаулар, әзіл-қалжың, қағытпа өлеңдер, арнаулар, сөз қағысулар қаншама?! Олардың иелерінің қатарында құлашты кеңге сермейтін, аяқты аршынды алатын ақпа ақындар мен жоспа жыраулар да бар. Өкініштісі, көбінің жанашыр жоқтаушысы, құнттап жинақтаушысы болмағандықтан есімдері белгілі болғанмен еңбектері бүгінге жетпеген, білетін жады мықты, шежіре қариялардың көздері әбден сиреген. Сөйткенмен тырнақтап жинағанға әлі де табылады. Бірқатарының үзік-үзік жұрнақтары, бірқатарының жарым-жартысы, бір бөлегінің түгелдей мәтіндері сақталып, күні бүгінге дейін көп кәдесіне жарап, айтылып жүргеніне шүкіршілік етесің. Сондай әрі мен беріні жалғайтын көне жәдігерлер, өрімді өлең-жырлар Тайсойған, Бүйрек өңірлерінде де, Сағыз алқабында да аз емес.
Атыраудың ең қиыр теріскейінде, арасын Ойыл өзені тіліп өтіп жатқан бұйра-бұйра егіз құмның мінездері мен табиғаттары адамдарына да, олардың өнер дүниелеріне де көшкен бе дерсің. Ежелден Тайсойғанды қоныс қылған Адайдың Тәзіке арысының төл баласы, XVIII–XIX ғасырлар тоғысында өмір сүрген ақын Шәйтім Мұңайтбасұлының, батырлар мен аруақтылар өрбіген Ысықтың Пұсырман бөлімінің бірегей перзенті, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап жыр додасына түскен Айтмағамбет Лұқпановтың термелері мен толғауларын алып қараңыз, өздері өсіп-өнген жердің қытымыр қысындай бірде буырқанып, бірде долданады, бірде жазира жазындай жазылып, жаймашуақтанады. Ерекше екпін бар, кісіні жетектеп, ілгері ұмтылдыратын өршіл рух бар, поэтикалық қуат бар. Ешкімді бейжай қалдырмайтын серпінді күш. Әйтсе де осы екі ақынның екеуінің де өмірдеректері мен әдеби әлемдері қалың көпшілікке кеңінен таныс емес. Алдыңғы Шәйтім ақынның есімін өзінің «Ақын-жыраулар» деген зерттеу еңбегінде атап өтіп, алғаш қайта тірілткен белігілі ғалым Қабиболла Сыдиықұлы ағаймыз еді. Қазір бұрынғыға қоса, бірді-екілі өлеңдері жаңадан табылды. Жылдарды араға салып, сарғайып жеткен дәптер беттерінде жазулы. «Тайсойған-Бүйрек ақындары» атты кітапқа солардың біреуі ғана тыңнан енгізілді. Өмірдеректері де бірте-бірте нақтылана түсуде. Ал Айтмағамбет ақынның әдеби мұрасы кезінде жинақталмаған. Көптің аузында, әркімнің қолында жүр. Біз оны немерелері Сайын Сәлімгерейұлы мен Сәден Сәкенұлының, туған жеріндегі көзін көрген, сөзін жадқа ұстаған ақсақалдардың көмектерімен бірсыдырғы жинастырып, там-тұмдап баспасөз беттеріне ұсынған едік. Қой жылының бастауында бір кезде Алматыға жарыққа шығарамын деп әкетіп, жариялатуға үлгермей о дүниелік болып кеткен жазушы Берқайыр Аманшиннің зайыбы Жәмби мұрағатқа өткізген Айтмағамбеттің қос дәптері табылды. Бұл оның жазған-сызғанын зерттеп, түгендеп жүрген біз үшін үлкен олжа. Бір қызығы, Айтмағамбет ақын өзінің екі жүзге тарта төл туындыларымен қоса, байырғы ақындардың төрт жүздей термелері мен толғауларын жатқа соғып, домбыраның қоңыр үніне өзінің қоңыр дауысын қосып, төгілте төкпектетіп, таңды-таңға ұра толғағанда тыңдау­шысын сиқыршыдай ұйытып тастайтын, білгенін көпке үйретіп, таратып, төңірегін думанға бөлеп жүретін сері болған. Табылған дәптер «бұл өзінің шығарғаны ма, әлде өзі айтып жүретін өзге ақындардың біреулерінікі ме екен?» деп, әр жырына күдікпен қарап, жалтақтай кітаптар ақтаруымыздан біршама құтқарды деген ойдамыз.
Аза мен ыза булыққан, өксікті өлең-жырлар көбіне тар қапаста, азапты сапарларда, қуғын-сүргінде, бәле-жалаға ұшырағанда кеудені қопарып, жүректі тілгілеп барып шықпай ма?! Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы жазықсыз «халық жауы» атандырған зұлмат қармағына іліккен Зәкәрия Сағындықұлының, Тілеген Әубәкіровтің, неміс түрмесінде қорлау мен кемсітудің сұрқия түрлерін бастан кешкен тұтқын Сұлтанқұби Жұрынбайұлының, майданда оқ пен оттың ортасында жүрген сарбаздар Мұқан Жұмалиевтің, Көшербай Ғалиевтің, Қуатбай Жетпісбаевтың мұң-зар мен қайғы-уайымға, сағыныш пен шерге толы толғаулары мен термелері соны айғақтайды. Оларды тебіренбей, толқымай оқу қиын. Мәселен, Сұлтанқұби туған топырақтағы, өскен өңірдегі жерлер атауларын, өзен, көлдерді, құдықтарды бас-басына дейін қалдырмай сипаттап, жырға қоса отырып:
…Ел көре алмай еріксіз,
Өте ме күнім қаңғырып.
Құдіреті күшті Құдайым,
Құдіретіңмен қойдың ба,
Елім мен қалған жерімді,
Бір көруге зар қылып… –
дегенде іші-бауырың елжіреп, амалсыз қыстығып, көзге жас үйіруге тура келеді. Тайсойған, Бүйрек аймақтарынан жыр өргендер арасында Зімбіл Тегенбайұлы, Таубай Шаңкөтов, Ыбыраш Мырзалыұлы, Айтмағамбет Лұқпанов, Сақып Медетбайұлы, Сұраубай Үттібайұлы, Дәулетқали Мұратұлы және басқа да азаматтық, лирикалық толғамдары арқылы танылғандармен қатар, осындай қысталаң жағдайлар мен тентіреткен тірліктер туғызған запыран жырлар иелері де болған.
Соңғы лекте аталғандардың ішіндегі Таубайдың өзі де кейін отызыншы жылдардың ұр да жық саясатының тәлкегіне ілініп, тергеліп, жер аударылады. Жырларын басы бүтін түгендеп, жинастырмақ түгіл басы саудаға түсіп, ақыры туған жерінен тысқары Орынбор жақта көз жұмған. Оның есімін атауға қорыққандықтан шығармаларына «халықтікі» деген атау беріп, жұрт ауыздарынан тастамай айтып жүрген. Жазушы Ғабдол Слановтың тұңғыш романының атауына айналған, онда әнші, сері Сақидың айтуымен қайта-қайта алдыңнан шығатын «Дөң асқан» әні Таубай Қыдырұлы Шаңкөтовтікі екендігі уақыт өте келе анықталып отыр. Шын мәнінде, оны алғашқылардың бірі болып мақаттық жорналшы Тәжібай Текеев жазып, хаттап кеткен. Қалай болғанда да, романда ұтыры келген жерде орынды қиыстырып пайдаланып, шығарманы байыта түсуге септескен «Дөң асқан» әні Ғабдол Слановтың төл туындысы емесі ақиқат. Оған «Атырау ақын-жазушылары кітапханасы» сериясымен жарық көрген көптомдықтар қатарына 13-кітап болып енген жазушы жинағындағы «Менің өмірбаяным» атты деректі шығармасында «…Сегіз жасар кезім ғой. Оқу басталғанша бірнеше күн әр ауылдан келген балалар жиналып, танысып, ән салысып жаттық… Нұрпейіс Есендосов деген менен әлдеқайда естияр, әнші баладан «Дөң асқан» әнін келе сала үйренген едім» (Алматы, «Арыс» баспасы, 2002 ж. 20-бет) деп, ап-айқын жазылуы дәйекті дәлел болады. Сол себепті де кітапта алғаш рет «Дөң асқан» әнінің өлеңін ақын Таубайға басыбайлы еншілеп ұсындық.
Ел ішінде Рақым Қожақметов пен Жұбандық Бәткеновтың рулар намыстарын жыртқан сөз қағысуы, Зімбіл Тегенбайұлы, Аққожа Қарайдарұлы, Мәзім Дәулетов, Төлеп Жұмағалиев, Таспан Есқалиев және басқалардың әзіл-оспақ, сын-сықақ өлеңдері де, арнау жырлары да көп айтылады. Демек, халық кәдесіне жарап келеді. Өміршең дүниелер қашан да өлмейді.
Әрине, бұл өлең-жырларды иелері жамбастап жатып, жайғасып отырып шығармаған. Көбіне аттың жалында, атанның қомында, орайы соққанда табан астында туындатқан ғой. Сондықтан да болар, кейде буын өлшемі келмей, ырғағы орын таппай, ұйқасы әлсіз болып, құрылымы қырын тартып жататыны бар. Оған сөз жоқ, бүгінгі білікті ұрпақ кешіріммен қараулары тиіс.
Өздеріңізге ұсынып отырған жазбамызда Тайсойған, Бүйрек өңірінен, Сағыз аймағынан жыр туындатқандарды түгел қамтыдық десек, шындыққа жуыспас еді. Дұрысында, олардың бізге жетпегендері қаншама?! Тіпті әрідегі сөз сүлейлерінің таптырмай жүрген шығармаларын айтпай-ақ қойып, берідегі айтыстарға қатысқан, әнге сөз жазған Аққайша Шәмішева, Шүкір Мағзомов, Сәрсен Мұратов, Сапар Нұралин және басқалардың жырларын кезінде түгендеп, жинастырмауымыз өзімізге мін.
Көзі тірі, алпыс-сексен аралығындағы төрт-бес ақынның қаламдарынан шыққан дүниелері де «Тайсойған-Бүйрек ақындары» атты жинаққа өткенмен сабақтастырыла енгізілді. Бір ғажабы, қазір ортамызда жүрген өлең өлкесінде өзіндік іздері бар ақсақалдардың өздерінің шығарғандарын қапелімде жинақтау оңай емес. Бір сыпыралары естен шығарылып, жоғалған, енді бір бөлектері әр қойын дәптерде жүр. Бұған не дерсің?! Өкінеміз. Ойқанамыз. Бәрі өз мұрамызға өзіміздің жүрдім-бардым, салдыр-салақ қарауымыздың салдары, құнсыздық. Тайсойған, Бүйрек құмдары мен Ойыл, Сағыз өзендері бойлары табиғи таланттарға қай кезде де шүкір, зәру болмаған. Алдыңғы бабалар іздерін, ортаңғы толқын аға-апалар өкшелерін басып жаңа бір толқын – жас ақындар бүгінде қаулап өсіп келеді. Олар – өлең өлкесінің ертеңі.
Мен бүгін бақыттымын,
Бақыттымын!
Жанар жүзім бақытты, бақытты үнім.
Құлмәлі Махамбеттің тұқымы едім,
Тоңды жарып, сілкініп атып тұрдым, – деп, мұрты жаңа тебіндеп келе жатқан жас өскін, шын мәнінде, Махамбет жаралған тектің осы күнгі ұрпақтарының бірі, қарабаулық Шопан Шыңғысов толғағандай, қасиетті топырақ құр тұрмай, сілкініп атып тұрған тың толқынмен ұштасып, жыр әлемін байытар жаңа күшпен толығып келе жатқаны – көңілге қуаныш ұялатады.

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі,
ҚР Үздік өлкетанушысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір