Біздің қоғамда Достоевскийдің кейіпкерлері көп
14.01.2020
1468
0

Жас әдебиетшілер қашанда өз заманының болмыс-бітімін дәл тануға ұмтылуы тиіс. Қазақ әдебиетінің көнеден ескірмей жеткен қазыналары мен бағамды беттері жас таланттар ойымен жаңаша сараланбақ. Ізденісі саяз, сүрдегі ескі, танымы қасаң әдеби ортада жаңашылдық болмайды. Жас қаламгерлерді әңгімеге тарта отырып, олардың әдеби өрісін, талғам деңгейін анықтап, өзара пікірлесудің мәдениетін қалыптастыру – мақсатымыз болуға тиіс. Әдеби орта сергектікті, елгезектікті қалайды. Жас ақындар Еламан Қабділәшім, Абай Ораз, Алпамыс Файзолла, Арман Шеризат қатысқан «Дөңгелек үстеліміздің» шымылдығы «Абайдың ең ерекше өлеңі деп қай өлеңін атар едіңіз? Сіз ұсынар өлең несімен ерекше?» атты сұрақпен ашылды. Сондай-ақ олар дара жазушы Мұхтар Мағауиннің еңбектері туралы да ой бөлісті.

«ЕҢ ӘДІЛЕТТІ СЫН – АБАЙДЫҢ СЫНЫ»

Е.ҚАБДІЛӘШІМ: – Меніңше, Абай­дың ең ерекше өлеңі – «Сегіз аяқ». 1889 жы­лы «дүниеге келген» өлеңді бас абайтанушы Мұхтар Әуезов: «Ұлы ақынның жазушылық еңбегінің орта тұсында туған үлкен бір белдей әрі мол, әрі бар жағынан көркем келісті шыққан, зор шығарманың бірі», – дейді.

Ақынның толысқан, толған шағында туған бұл өлең бұған дейінгі және бұдан кейінгі шығармашылығының жиынтығы секілді көрінеді маған. Бұл өлеңнің бойын­дағы ойшылдық пен пәлсапалық, тереңдік пен кемелдік, мұң мен қайғы, шер мен шемен, арман мен мұрат, ақыл мен нақыл Абай ақынның күллі өлеңі мен қара сөздеріне жүк болғандай. Абай «Сегіз аяқ» өлеңінде бұған дейін айтқан ойын, көтерген проблемасын түрлендіріп, бұдан кейінгі өлеңдерінде «Сегіз аяқты» толықтыра түскендей.

«Бойда қайрат, ойда көз, болмаған соң, айтпа сөз…», «Қайнайды қаның, аши­ды жаның, мінездерін көргенде…», «Ын­сап, ұят, терең ой, Ойлаған жан жоқ, жауып қой…», «Орынсыз ыржаң, болымсыз қылжаң, бола ма дәулет, нәсіп бұл?..», «Адал бол – бай тап, адам бол – мал тап, қуансаң, қуан сол кезде…», «Болмасқа бо­лып қара тер, қорлықпен өткен қу өмір…», «Құлағын салмас, тіліңді алмас, көп наданнан түңілдім…» деген секілді өзек­ті өртеп, көкіректі керіп шыққан отты ойлар ақынның әр жазғанынан ұшырасып жатады.

А.ФАЙЗОЛЛА: – Абайдың жалпы шы­ғармашылығы даналық пен парасатқа тұнып тұрғандықтан, бір өлеңін таңдап алып, өзгелерінен даралау қиын. Ақынның маған ой салатын, араға уақыт салып, қайта-қайта оқудан жалықпайтын жырлары көп. Әсіресе, мына өлең жолдарын күбірлеп, ойға шомып кететін сәттерім жиі болады:

Сағаттың шықылдағы емес ермек,

Һәмишә өмір өтпек – ол білдірмек.

Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,

Өтті – өлді, тағдыр жоқ қайта келмек.

Сағаттың өзі – ұры шықылдаған,

Өмірді білдірмеген, күнде ұрлаған…

Осылай басталатын өлеңді оқысам, ғұмырдың жалған екенін жан-жүрегіммен сезінемін де, уақытымды тек пайдалы нәр­селерге, биік мұраттарыма жету үшін еңбектенуге жұмсағым келеді.

 

А.ШЕРИЗАТ: – Әлбетте, мен үшін Абай­дың барлық өлеңі ерекше. Бала күн­нен жаттап өскенім рас. Менің зердемді аш­қан сол жырлар. Әлі де оқып келем, ой­шыл терең мұхит секілді бойлатпайды. Өлеңдерінің әр жолы – өмірмен жалғасқан күрделі философиялық тұжырымдар.

Біз әлемге Абай биігінен қарауымыз кер­ек. Сонда ғана көкжиегіміз кеңіп, өмір жарасымға айналмақ. Сонда ғана «ада­мзаттың бәрін бауырым деп сүйе алмақ­пыз». Сонда ғана шындықтың бетіне тура қараймыз. Меніңше, қазақты сынаған ең әділетті сын – Абайдың сыны. Өкінішке қарай, біз сол сыннан ешқандай да сабақ алмай келеміз. Абай – мәңгілік тақырыптардың жыршысы. Ар, иман, әділет, Хақ, жан мен тән секілді тақырыптарды арқау етіп, бүкіл жаратылыстың сырына үңілді. Сана өлшеміне, жүрек таразысына салды. Оны ақынның әр өлеңінен байқауға болады.

Жүректің көзі ашылса,

Хақтықтың түсер сәулесі.

Іштегі кірді қашырса,

Адамның хикмет кеудесі.

А.ОРАЗ: – Алыстан орағытпай-ақ бірден жауап берейін:

«Өкінішті көп өмір кеткен өтіп,

Өткіздік бірнәрсеге болмай жетік.

Ойшылдың мен де санды бірімін деп,

Талап, ойсыз, мақтанды қалдым күтіп».

Кейінгі кездері хакімнің осы өлеңі жаныма ілесіп, көлеңкемдей боп бір елі қалмай жүр. Соған қарағанда, жоғалтып алғаным көп-ау. Артыма әлсін-әлсін қарап қоямын. Ұзын арқан, кең тұсау – қалай жоғалтпайын? Асылы, сөз өнерінде адамның ақылы жетпес, әрі-сәрі күйге түсіріп таңырқатып, таңдай қақтырар кие бары рас. Маған Абай өлеңдерінің алдымен ішкі даусы (өкініші, күрсінісі, ызасы, қайғысы т.б.) естіледі. Бұл менің түйгенім.

«КІТАПТАҒЫ «АВТОРЛАРДЫ» САҒЫНАСЫҢ»

«Қ.Ә.»: – Ел арасында ақындар, оның ішінде жастар прозалық шығарма оқымайды деген сөз бар. Соңғы оқыған прозалық шы­ғар­­маларыңыз қандай? Қысқаша тоқтал­саңыздар.

Е.ҚАБДІЛӘШІМ: – Кейінгі кезде естеліктер оқуды әдетке айналдырдым. Осы тақырыпта оқыған соңғы кітаптарым – Әзілхан Нұршайықовтың «Екі естелік», Ұлықбек Есдәулеттің «Әбілхаят», Көпен Әмірбектің «Көкемнің көзі», Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов тура­лы естеліктер кітабы және Есенғали Рау­шанов­тың естелік-эсселері.

Өз басым әнді аудиотаспадан тыңдаған дұрыс деп білемін. Әйтпесе, қазір ән­ші­нің әнінен гөрі, өзінің дақпырты «әй­гілі». Ал жазушы немесе ақынның шығармаларын тек кітаптан оқу керек деп ойлаймын. Олар туралы айтылатын ауызекі әңгімелерді естігенде, кітаптағы жауһарларды дүниеге әкелген авторды «са­ғынасың». Әрине, ол әңгімелердің дені іштарлықтан, қызғаныштан, пен­де­шіліктен, менмендіктен шығатыны бел­гілі. Сондайда сауатты жазылған ес­телік­терді парақтасаңыз, жүрегіңізді жұбатады. Парасатты тұлғалар, арлы адамдар жайлы естеліктер соларға қарап бой түзеуге, ой түзеуге тәрбиелейді. Сол себепті естеліктерге жиі «бүйрегім бұрып» тұрады.

Жазушы Төлен Әбдіктің «Тозақ оттары жымыңдайды», «Әке», «Қыз Бәтіш пен Ер Сейіт» повестері мен «Бассүйек», «Аялдамадан аялдамаға дейін» әңгімелері ерекше ұнады.

А.ФАЙЗОЛЛА: – Жақында Федор Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романын оқып бітірдім. Бұл – психологиялық шығарма. Автор бас кейіпкер Родион Романович Раскольниковтың өмір жолы, жасаған қателіктері, жай-күйі, ішкі арпалысы, жан қиналысы арқылы бүкіл қоғамның бет-бейнесін әшкерелеген… Дәл қазір біздің қоғамда Достоевскийдің кейіпкерлері өте көп секілді. Бізге тек осы қоғамның портретін жан-жақты ашатын Достоевский секілді суреткер жетіспей ме деп ойлаймын.

А.ШЕРИЗАТ:– Соңғы оқығаным жазу­шы Ырысбек Дәбейдің «Қоңыз» романы болды. Ашынған халықтың жанайқайы бар. Жазушы ешкім айналып өте алмайтын тақырыпқа барған. Көптің көңіліндегі сұрақтарға жауап іздеген. Жалақысын ала алмай бас көтерген мұнай­шылардың ызасы, аяққа тапталған намыс, басшылықтағылардан көрген қорлық, адамдардың аянышты тағдыры ешкімді де бейжай қалдырмайды.

А.ОРАЗ: – Ауылға келгеніме екі күн бол­ды. Үй ішін түгендеп болғаннан кейін іздейтінім – кітап. Сөреде 7-8 кітап қалыпты. Қалғанын отқа жаққан ба, әлде майлық еткен бе, белгісіз. Қолыма іліккені Сайын Мұратбековтің «Қылауы» болды. Ысқырған шәйнек жамбасын қақтаған пешке мен де жағаласып арқамды төсеп, тағы бір оқып шықтым. Дүниеде кітап оқығаннан артық бақыт бар ма? Болса – тауып берші. Балалығыма тағы бір оралып, мен де Сатай боп Рабиғамды іздедім.

 

БӘСЕКЕ – ІШТАРЛЫҚТАН ШЫҚПАҒАНЫ АБЗАЛ

«Қ.Ә.»: – Технологияның дамуы, тым қолже­тімділік жастардың ізденіс аясын тарылтып бара жатқан секілді. Замандастарымыздың ізденісіне көңіл тола ма?

Е. ҚАБДІЛӘШІМ: – Бұл қолжетімділік – қауіпті қолжетімділік. Технологияның дамуы жастардың ізденіс аясын тарылтып жатқанынан бөлек, жалпы адам баласының сауаттылық деңгейін құлдыратып жатқан секілді. Бұл дамудың негізгі көрінісі – ин­тер­неттің алға шығуы, әлеуметтік желінің төрге озуы. Барлық желі пайдаланушылары секілді біз де ғаламтордағы өсек-аяңға, жалтыраққа, бос мақтанға көп көңіл бөле бастағандаймыз.

Сондықтан да ізденісіміздің азая бастау қаупі бар. Осындайда, Жәркен Бөдештің «Ізденбеген іздеусіз қалады» деген сөзі аз да болса, жігеріміз бен шабытымызды қам­шылай түсетіндей.

Үлкен ізденіс соңында жүрген замандастарымды білемін, олардың «Қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес» қосу үшін аянып қалмасын да білемін. Қызығамын. Бірақ қызғанбаймын.

Әдебиетке бәсеке керек. Бірақ ол бәсеке – іштарлықтан шықпағаны абзал. Біздің бәсеке ізденіспен, жаңа шығармалармен, тың идеялармен өлшенуі қажет.

Ізденіп жүрмін деп өлең формасына түр­лі ерекшеліктер енгізу, ұйқассыз өлең жазу, түсініксіз ойлар айту ұтқыр шешім деп есептемеймін.

Ақ өлең деп қазақ поэзиясының жаңа дәуірін бастауға ниетті достарымның ісіне сәттілік тілеймін! Бірақ құйылып, төгіліп, тізіліп түспесе, ол ақ өлеңдегі жасанды ой, құрама тіркес ғұмырлық қуатқа, өмірлік күшке ие болмайды.

Бізге ұлттық таным-түсініктен, тамырдан ажырауға болмайды. Тамыры жоқ қаңбақтың күйін кешпеуіміз үшін! Басқа үшін емес.

«Балталасаң бұзылмас» ұйқастың «тамырына балта шабу» дұрыс емес!

Өлеңде ең әуелі әуез, образ, жан, ой болуы керек. Бұның барлығы ұйқасып, үйлесіп тұруы міндет!

А.ФАЙЗОЛЛА: – Жалпы замандастарым жөнінде айтар болсам, қазір көбі технологияның зиян жағын пайдалануға үйір. Атап айтқанда, әлеуметтік желілерде отырып, уақытын босқа кетіреді. Көзі, жүйкесі, денсаулығына да қанша зарар тиіп жатыр. Сондай-ақ жастардың басым бөлігі тереңдікке талаптанудан гөрі ойын-сауық, ырду-дырдуға үйір екені мені қынжылтады. Көпке топырақ шашпаймын. Бірақ кітап оқитындардан гөрі кітап оқымайтындар анағұрлым көп. Ал жас ақын-жазушылар туралы сөз қозғасақ, әрқайсысы шама-шарқынша ізденіп жүрген секілді. Дегенмен жақсы әдеби туынды жазу үшін өмір бойы оқып, үйреніп өту керек екені рас. Ізденісті тоқтатпау қажет деп ойлаймын. Сонымен бірге былтыр Елордада өткен халықаралық әдеби форумдарда шетелдік қаламгерлермен сұхбаттасу барысында олардың дені бірнеше тілді білумен қатар, бірнеше өнерді меңгергенін де байқадым. Мен танысып-білісіп, әңгімелескендердің бәрі дерлік қарт ақын-жазушылар. Шетелдік қаламгерлер қазір осындай жан-жақты болса, сонда олардан кейін өсіп шығатын жаңа буын қандай болмақ?! Кейінгі толқын алдыңғы толқыннан да асып түседі емес пе? Мені осы ойландырады. Ғаламдық заман көшіне ілесу оңай болмайтын сияқты.

А.ШЕРИЗАТ: – Технологияның дамуы ізденіс аясын кеңіткен болар. Уақыт жылдамдығына ілесіп, қоғаммен бірге тыныстай білген адам ғана барынша сезініп, шынайы дүние жазбақ. Әрине, әркім өз жолымен ізденіп бағуда. Алдымызда қалыптасқан үлкен мектептер бар. Менің замандастарым соны дамыта, жаңаша түрлендіріп бағуда. Сәтті де, сәтсіз де дүниелер жетерлік. Уақыт бәрін екшейді.

А.ОРАЗ: – Жаһандану дегеніңіз бұдан кейін күшеймесе кері шегінбейді. Заман өзі соған алып келе жатыр. Осы ретте кітап оқу деген мәселені айтқым келіп отыр. Ғаламтордан, әлеуметтік желілерден 300-400 беттік кітап оқу менің миыма кірмейді. Мен кітапты құшақтап алып оқымасам, ұқпаймын. Себебі, оның өзіне тартатын иісі болады. Әсіресе, ескі кітаптардың. Технологияның дамуын бұл қазақ көп күтті ғой. Ұзақ күтті. Адам қай кезде де «экономист» болу керек. Уақытқа келгенде әсіресе. Өзіне керегінше пайдаланса ештеңе де жоқ. Ізденіс аясын тарылтып отырған ештеңе көріп отырған жоқпын.

Замандастарым өз әлінше шауып жүр.

МАҒАУИННІҢ ЕҢ БИІК ТУЫНДЫСЫ – «АЛАСАПЫРАН»

«Қ.Ә.»:  – Әлқисса, биыл абыз жазушы Мұхтар Мағауин сексен жасқа шықты. Қызыл империяның тізесі батып, үкімі жүріп тұрған кезеңдерде қазақтың түпкі тамырын қазбалап, рухымызды көтерген жазушы жас буынға ерекше нәр бергені сөзсіз. Біз Мағауиннен не алдық, нені үйрендік?

Е.ҚАБДІЛӘШІМ: – Біз дегеніміз қазақ қой! Біздің алғанымыз – Мұхтар Мағауиннің қазаққа бергені. Егер жазушының зерттеуші ретіндегі, азамат ретіндегі табандылығы, қайраткерлігі болмаса, «Алдаспан», «Бес ғасыр жырлайды» секілді ұлы дүниелер дүниеге келмес еді. Қазақтың Мағауиннен алған, Мағауиннің қазаққа берген ең ұлы, ең басты дүниесі осы деп ойлаймын.

Ал алуын алып, үйренуге келгенде кертартпалығымыз ұстап қалған секілді. Жазушы мінезіндегі турашылдық, бойындағы қажырлылық, шығармашылығындағы еңбекқорлық, қаламындағы адалдық пен арлылық секілді қасиеттерді әлі күнге өзімізге сіңіре алмай келеміз.

 А.ФАЙЗОЛЛА: – Мұхтар Мағауин – ұлт тарихын әдеби шығармалары арқылы жаңғыртқан жазушы. Мен үшін оның ең шоқтығы биік туындысы – «Аласапыран». Ораз-Мұхаммед сұлтанның тағдыры арқылы тұтас бір тарихи кезеңді, қазақ халқының болмысын, өмір салтын, т.б. жәйттарды жеткізген. М.Мағауиннің шығармашылығы қазақ оқырмандарына рухани азық екені даусыз.

А.ШЕРИЗАТ: – Мағауин – өткір жазушы. Не айтса да кесіп айтады. Қа­зақ әдебиетіне бергені ұшан-теңіз. Әр шы­ғармасында өзіндік қолтаңбасы айқын. Осыдан бірер жыл бұрын «Жалғыз» деген өлең жаздым. Өлеңнің жазылуына бір журналистің Мұхтар ағамен жасаған сұхбаты себеп болды. Сол сұхбаттың басында журналист қалай барғанын, сол жақта (шетелде) жазушының бақытты өмір сүріп жатқанын суреттепті. Ол мүмкін емес қой. Қазақты жанымен сүйіп, өшкен тарихын тірілткен жазушы туған жерінен алыстап бақыт тапты дегенге кім сенеді? Осы орайда классикке арнаған сол өлеңімді оқып берсем деймін.

ЖАЛҒЫЗ
(Мұxтар Мағауинге)

Тағы да оның түсіне ауыл кірді,

Оянды үнсіз арқалап ауыр мұңды.

Дала аңсаған көңілі аласұрып

Шайқалады теректей дауыл күнгі.

 

Көз алдына оралып өткен өмір,

Тұнық шағын түсірді еске мөлдір.

Бала күнгі ақ қанат арманындай

Ақ бұлт жүзіп барады көкте жеңіл.

 

Ауыл шалғай бұл елден кеткен алыс,

Кеудесінде қажасып өкпе-намыс.

Сарыарқасы жиі еніп түсіне оның,

Сағыныштан сарғайып шөккен Арыс.

 

Шөккен Арыс өсек пен жаладан да,

Келмейді оны айтқысы жан адамға.

Ұлтын шексіз сүйетін жүрек қой ол

Ақиқаттың көзімен қарағанға.

 

Жүрек қой ол, тариxқа тіл бітірген,

Алып шыққан қап-қара бізді түннен.

Түк түсінбес түңілді мына жұрттан

Дәуірінде ұлыны кім түсінген?!

 

Кеше Абай да дәл сондай кешірді азап,

Жалғыздыққа жұтылып жетім қазақ…

Баласына үйретіп баба тілді

Даласына картадан отыр қарап…

«Қ.Ә.»: – Жазушының жан азасы, сом бейнесі кестеленген тұғырлы жыр екен! Абай, бұл сұраққа сенің жауабыңды білгім келіп отыр.

А.ОРАЗ: – Саналы ұрпақ үшін мүйізі қарағайдай ақын-жазушылар жақындаған сайын биіктей беретін тау секілді. Я болмаса, үңілген сайын түбі көрінбес шыңырау іспетті. Алды тоқсаннан асты. Атын атап, түсін түстегенім әбестік, көргенсіздік болар. Онсыз да қаншамасы өмірден өтіп кетті. Жазу-сызудан басқа тіршілігі жоқ адам сексеннен кейін де том-том кітап жазса, таң қалмаймын. Саналы ғұмырын, қажыр-қайратын әдебиетке арнаған майталман Мағауин тұтас бір әдебиетті жасап шықты десек те артық болмас. Жазушылығынан бөлек ізденімпаз ғалымдығы өз алдына бір төбе. Оған әр үйде кірпіштей боп қаланып тұрған «Қобыз сарыны», «Алдаспан», «Бес ғасыр жырлайды» секілді кітаптары дәлел. Мағауиннің жазғанын жіпке тізе бергенде таң атар…

«Қ.Ә.»: Бүгінде өндіріп жазып жүрген қаламгерлер саны сиреп қалған секілді. Жанкештілікпен жазуға отырған таланттар әр тұстан қылаң береді. Жалпы, не жазып жүрсіздер, алға қойған жоспарларыңыз қандай?

Е.ҚАБІЛӘШІМ: – Қазір екінші кітабымды дайындау үстіндемін. Жинақ атауын, әзірге, он екі айдың ішіндегі жаныма ең жақын, көңіліммен егіз қазан айнының құрметіне «Ақырап» деп атадым. Мүмкін, кітап атауы кейін өзгеріп қалар? Бірақ, ол кітаптың қашан, қайда, қалай жарық көретіні, әзірге белгісіз.

А.ФАЙЗОЛЛА: – Шабыт келгенде, өлең жазамын. Аударма жасаймын. Оқыған кітаптардан алған әсерімді қағаз бетіне түсіремін. Күнделік жазамын. Жалпы, шығармашылық ізденісті үзбеуге тырысамын.

А.ШЕРИЗАТ: – Өлеңдер, балладалар жазып жүрмін. Алдыма қойған жоспар көп. Оны алдағы уақытта бөлісе жатармын.

А.ОРАЗ: – Жоспарым – осы уақытқа дейін жазғандарымды жиып-теріп бір жинақ шығару. Тағы да Абайдың сөзіне құлақ асамыз. «Күніне немесе аптасына бір рет өзіңе есеп бер» деуші ме еді? Биыл жиырма беске келдім. Ширек ғасырда не бітіргеніме есеп беремін.

Әзірлеген Б.МАНАС

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір