Адамдарға жақсылық пен жарық сыйлағым келеді
14.01.2020
1412
0

Ақжолтай Жұмағалиев

Адамзат баласына ғайыптан құйылатын тылсым жарық сәуледей ұлы өнер түрлерінің бірі әдебиет пен сурет өнері шығар. Тілсіз, үнсіз ғана жатқан құпиясын көзбен көретін, құдіретін көңілге тоқитын сурет өнерінің өзі өзге бір әлем… Өзімен-өзі қиялдың жетегінде қоғамнан да, саясаттан да тысқары саяқ жүретін суретшілер қауымы көбіне томаға тұйық болып келеді. Бірақ олардың жүрек құлыбының кілтін дұрыс бұрасаңыз, ағыл-тегіл ақтарылады-ай келіп… Біздің назарымызға іліккен жас суретші Ақжолтай Жұмағалиевпен аз-кем әңгімелесіп қайтқан едік.

Мен – Атырау қаласының тумасымын. Бала кезімнен сурет өнеріне қызықтым. Тек орта мектепке келгенде ғана суретпен кәсіби түрде шұғылдана бастадым. Арман жетегінде жетінші сыныптан кейін Н.Тілендиев атындағы Атырау облыстық «Кіші өнер академиясына» түстім. Алғашқы ұстазым – әкем. Ал кіші өнер академиясында ұстазым болған сюрреализм бағытының өкілі Әділқайыр Жантасов. 2013 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға келдім. Бұл жердегі ұстазым ҚазҰӨА профессоры, суретші Әлібай Бапанов болды. Маған аса шебер, дарынды жетекшілерді ұстаз еткен тағдырға айтар алғысым шексіз. Қазір фрилансер ретінде жұмыс істеймін. Қазақ ұлттық өнер академиясында магистратурада оқып жатырмын.

Әр салған суретіме ынтам мен зейінімді, жігерімді, жанымды саламын. Бәрі де керемет туынды болады деп айта алмаймын. Лотерея сияқты. Сәттілік ылғи серігің бола бермейді.

Осыдан дәл жүз жылдай уақыт бұрын Пабло Пикассо, Сезанн, Моне, Писсарро, Ван Гог, Гоген, Дали сынды суретшілер өзге бағытты іздеп, қалыптасқан арнадан мүлде өзгеше жанрларға ауысты. Суретшіге ізденіс керек. Мен де реализмнен өзге бағыттарды зерттегім келді. Алайда абстрактілі өнерді реализмнен жоғары қоймаймын. Реализм деген – шеберліктің шыңы. Реалист суретшілер қашанда сұранысқа ие. Шеберлік – айна-қатесіз ұқсата білу ғана емес, сол картинаға жан бітіру дер едім. Табиғат берген талантым бар деп астамсымай, ізденіспен еңбек ету – нағыз суретшіге тән қасиет.

Қызыл желкен

«Сурет салып отырғанда қандай музыкалар тыңдайсыз?» деген сұрақтар маған жиі қойылады. Абстракционизм өкілдері, мысалы, Кандинский музыканы, яғни, үнді естіп, оны картина етіп жаза алатынына сенген. Бірақ мен Кандинскийдің суреттерінен ешқандай да музыка естімеймін. Бәлкім, ол естіген де шығар. Ал мен үшін музыка – шабыт. Ескі музыкаларды, әсіресе, жетпісінші жылдардың рок музыкасын тыңдаймын. Ештеңеге зауқым соқпағанда, маған музыка көмекке келетіндей көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, музыка маған күш береді.

Жұмаққа апарар жол

Менің «Жұмаққа апарар жол» атты картинамда жарық сары сәулеге қарай қадам басқан, қолына таяқ ұстаған адам сұлбасы бейнеленген. Арканың ар жағында ағаштың солғын көлеңкесі тұр. Осы суретті көргенде, аңызда айтылатын «Адам Ата мен Хауа Ана» рұқсатсыз жеп қойған алма ағашы есімізге түседі. Бұл картинаны қарбалас өмірден, күнделікті тірліктен, қоғамнан шаршап, жұбаныш іздеген менің жаным деуге де болады. Ал қол – менің өз қолым. Осы тілсіз құдіретті сурет өнері мені қашанда жарыққа жетелейтіндей. Менің жаным осы өнерден сая тапты.

Суретшінің өлімі – өзінің жазған картинасына риза болып, «болдым, толдым» деген шағы. Қала тіршілігі, беймазалығы бізден де тысқары емес. Күнделікті өмірдегі қарапайым өмірді бақылау менің әдетіме айналған. Кейде саябақта серуендеймін, дос­тарыммен қыдырамын, суретші жолдастарымның ортасында боламын. Сондай сәттерде көрген бейнелерді бақылап, көңіліме тоқып жүремін. Бірақ жалғыздықты жаным сүйеді. Көбіне оңаша шеберханамда боламын. Қазір магистратурадағы ғылыми жетекшім, әрі ұстазым Мәлік Мұқановтың шеберханасында жұмыс жасап жатырмын. Ол кісі өнер үшін еңбек етіп жүрген мықты азаматтардың бірі. Оның шеберханасында нағыз шығармашылық кеңістік сезіліп тұрады.

Моно ЛИЗА

Жақсылық пен жамандықтың күресі қай заманда да кездеседі ғой. Сондықтан адам баласы ашық түстерді, жақсылықты, қуанышты көре білгені дұрыс деп ойлаймын. Біз қазір соншалықты көз ілеспес жылдамдықпен даму үстіндеміз. Қарбалас, күйбең тірлікпен жүріп, жақындарымызға бір сәтке болсын көңіл бөлуге мұршамыз келмей жатады. Мен адамның жанын бір кесе десем, соны мейлінше бақытты сәттер мен жақсылыққа толтыруға болады деп ойлаймын. Бәрі де адамның өз қолында.

Өмірде қайғы, нала, өкпе, наз және қасірет, жамандық бар. Мен суретші ретінде адамдарға жақсылық пен жарық сыйлағым келеді. Адамдар соған қарай ұмтылып, жақсылықтан күдер үзбесе екен деймін. Бір кездері экологиялық тақырыптарда картиналар салған едім, онда Табиғат-анамызға зиян келтіріп, оны біртіндеп жойып бара жатқанымызды көрсетуді мақсат еттім. Жылдар жылжыған сайын ол мақсаттардан алыстап барам. Тек жарық… Жақсылықты көрсеткім келеді.

Егер біреу менен «өкінішіңіз бар ма?» – деп сұраса, «жоқ» дер едім.

Менде қазір бір ғана қорқыныш бар. Сезімімді, жанымды, өмірімді, өзімді арнап жазған туындыларым елеусіз қала ма деп қорқамын…

Жазушы әрі суретші Генри Миллер: «Қалағаныңызды жазыңыз да, бақытты болып өліңіз», – депті. Ал мен бақытты болып өлетіндей қиялымдағы картинамды әлі жазбадым. Жазбаймын да. Суретшінің шеберлігі, тәжірибесі қаншалықты өссе, өзіне қоятын талабы одан да жоғары болады. Ол бір орында тұрса да, қиялы биікке самғай береді. Ол жүгіре басып сол қиялы қонақтаған жерге шыға бергенде, қиял құсы қанатын қағады да, одан да алысқа самғайды. Егер жазған бір туындым, шимай-шатпағым, тым болмаса, бір адамға ой салып, оған қуаныш сыйласа, мен бақытты болып өлетін шығармын.

Әзірлеген Дидар ҚАЙРАТҚЫЗЫ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір