Кітап сату мәдениетін қалыптастыру керек
30.12.2019
1395
0

Сенімдідерек көздеріне сенсек, дүниежүзінде кітап шығару ең табысты кәсіптің бірі болып саналады. Тіпті, нарықтық көрсеткіші жағынан кино индустриясынан да озық көрінеді. Ал Қазақстандағы кітап саласына қатысты түйткілді мәселелер күн тәртібінен түсер емес. Әдебиетіміздің алтын дәуірі саналатын 60-70 жылдардағы ахуалға ой жүгіртсек, «қаламгер – кітап – оқырман» үштігінің бір-бірін толықтырып тұрғанын аңғарамыз, ол тұстағы сан мыңдаған тиражбен таралатын көрсеткіштер бүгінде ұлы аңсарға айналғаны көңіл қынжылтады. Осы ретте, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ ҚОЙТАНОВ мырзадан баспа саласына, кітап нарығына қатысты ойларын сұрап көрдік.

– Әділ Каженбайұлы, қаламгер мен оқырман арасындағы байланысты нығайту мақсатымен бірнеше жобаларды жүзеге асырып келесіздер. Бірқатарына тоқталып өтсеңіз.

– Ең үлкен жоба ретінде Жазушылар одағымен тығыз байланыста, бірігіп жасаған Азия қаламгерлерінің I форумын атауға болады. Нұр-Сұлтан қаласында ашылған бұл форум ойдағыдай өтті, Президент қатысты, шетелден келген қонақтар да өз ризалықтарын білдіріп жатты.

Тағы бір жобамыздың жоспары бойынша, үлкен зиялы қауым өкілдерімен, өнер адамдарымен Кітап палатасында кездесу өткізіп келеміз. Тұлғалармен еркін түрде өрбитін сұхбат ұйымдастырып, нәтижесінде барлық сұхбаттарды кітап етіп шығарсақ деген ойымыз бар. Бұл шараның ең алғашқы қонағы Әбдіжәмил Нұрпейісов ағамыз өз өмірі мен тарихи кезеңдерден мысалдар келтіре отырып, сүбелі сөздің қадірін арттырды. Кезекті жиынға Қабдеш Жұмаділов ағамыз келіп, ол кісі де төрт-бес сағат отырып, кең көсіліп әңгімесін айтты, сұрақтарға жауап берді. Бексұлтан Нұржекеев ағамыз да өзінің орайлы ойларымен бөлісіп, жиналған қауым үшін ғақлиялы кеңестерін ортаға салды. Алғашында бір-екі сағатқа деп жоспарланған жиынымыз аз уақыттың көлеміне симай, уақытқа шектеу қоймай­тын болдық.

Кітап палатасында сақтаулы тұрған сонау қырқыншы, елуінші жылдарда га­зет беттеріне шыққан материалдарын қонақтарға көрсеткенімізде, Әб-Аға­ла­рымыз: «Мынау менің қырық тоғы­зын­шы жылы шыққан мақалам ба? Жырты­лып қалмасын», – деп, газетті ұстап кө­ріп, таң­даныстарын танытып жатты. Сон­дай-ақ біздің қорда сақталған ескі-ескі кітаптарының көрмесін жасадық. Ұжым үшін де ел зиялыларымен кездесу үлкен рухани әсер қалдырды. Бұл дегеніміз – өмірлік сабаққа толы жанды лекция ғой. Әрі тұлғалардың әңгіме барысындағы бейнелерін бейнежазбаға түсіріп алып жүрміз. Бұл да ертеңге қалар, архивте сақ­талар үлкен тарих болмақ. Тәуелсіздік күніне орай, ҚазМУ-дің журналистика факультетімен бірігіп арнайы класс аш­тық. Студенттер бізге келіп, кітап пен ба­сылымдардың жарыққа шығуына қа­тысты бағыт-бағдар алып, осы саланың қыр-сырымен тәжірибе жүзінде таныса алады.

– Көпшіліктің көз алдында өрбитін сұхбат барысында ұлт зиялылары көбіне қай қырынан танылып жатады?

– Әр тұлғаның өзіне тән болмысы бар. Бірі жайдары келеді, бірі өзін өте ер­кін ұстаса, енді бірі ашуланып келуі мүм­кін. Бірі өте әңгімешіл болып, кеңінен тол­ғанса, бірі керісінше әңгімені аз айтуы ық­тимал. Әңгіме барысында кісілік кел­бет­тері кеңінен ашылып, характерлері де тың көрініс табады. Кездесудің өзегіне айналар сөздері де – қайталанбайтын сөздер.      Әбекеңе өзінің қазіргі келбетінің портретін салдырып, сыйға тартқанбыз. Ол кісінің сондағы қуанғаны сондай, портретті құшақтап алып, суреттегі бейнесінің беті­нен сүйеді, «мен ғой», – деп. «Бұған дейін көп картина алып жүрмін ғой, ол суреттерде бетімді жалтыратып, жап-жас етіп қоятын. Ал мұнда тап қазіргі кезім тұр», – деп, портреттегі өзіне қайта-қайта бетпе-бет қарап, таңдана қуанып еді. Суретші де жазушы болмысын жақсы ашқан.

– Кітап палатасының қорындағы мате­риалдардың сандық мөлшері қандай?

– Кітап палатасы 1937 жылы құрылған. Бізде 1899 жылы шыққан кітаптар да бар, яғни қордағы материалдардың ең алғашқы жылдық көрсеткіші сол кезеңнен басталады. Төте жазумен, латын графикасымен, кириллицамен шыққан кітаптармен қатар, мерзімді басылымдардың да көне нұсқалары қорда сарғайған қалпында сақталып тұр. Бес миллионның үстіндегі қорымыз бар.

– Архивтегі материалдарды сапалы түрде сақтаудың қандай да бір шарттылықтары бар ма?

– Көне материалдарды сақтаудың өзін­дік ережелері, технологиясы болады. Өзінің қалыпты температурасында сақталуға тиісті талаптарды орындауға бізде әзірге жағдай жасалмаған. Қағаз мәңгі дүние емес қой, шіриді, бұзылады, әртүрлі ауа райына байланысты өзгерістерге ұшы­рауы мүмкін. Сол үшін де осы құнды дү­ниелерден айрылып қалмау мақсатымен болашақта қордағы жазба мұралардың бәрін компьютерлік жүйеге көшіріп, мұрағатын сақтап қалсақ деген жоспар бар. Бұлардың бәрі өз қалпында болашақ ұрпаққа қалуы тиіс. Ұлттық кітапханада табыла бермейтін құнды дүниелер бізде сақталған. Қазір соның бәрін түгендеп, жүйелеп, түптелмеген газеттерді түптеп, ретке кел­тіріп жатырмыз. Ұлттық кітапханада да осы негіздегі шаралар қолға алынып, материалдардың базалық көшірмесі жасалып келеді.

Осындай мақсатпен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болып есептелетін әрбір қаламгерге тегін сайт ашып беруді көздедік. «Smart qalamger» деп аталады. Кей түсінбестіктерге сәйкес, көпшілігі біз мемлекеттен қаржы алып ашып жатыр екенбіз деп ойлап жүр. Бірақ бұл – «Ақпараттық-технологиялық орталығы» қоғамдық қо­рының қолдауымен жүзеге асып жатқан әлеуметтік жоба.

Веб-сайтқа жазушының жылдар бой­ғы барлық шығармалары топтастырылып, қай жылы, қай газетке қандай ма­тер­иалы шыққаны да нұсқаулықпен көр­сетілетін болады. Бізде ғана сақталған библиографиялық мәліметтер бар, солар да сайтқа енгізіледі. Әрі сайттағы материалдар көпшілік үшін өте қолжетімді, ақын-жазушылар да бір-бірінің парақшасына еркін кіріп, оқи алады.

– Алдағы жылға қандай жоспарла­ры­ңыз бар?

– Шетелдерде, Пекинде, Әбу-Даби­де, Мәскеуде әлемдегі ең үлкен кітап көр­мелері жиі өтеді. Қазақстан атынан бол­сын, Жазушылар одағының атынан болсын, бұл жиынға арнайы барып қатысуға ешкімде мүмкіндік бола бермейді. Қаржылық мүмкіндігі бар бір-екі баспа ға­на барып қатысуы мүмкін. Осыған орай, Қазақстандағы «Жыл кітабы» деген атаумен кокурс ұйымдастырсақ дейміз. «Жыл кітабының» ішіне «тарихи кітап», «әлеуметтік кітап», «балаларға арналған кітап», «әдеби кітап», «дизайны мықты кітап» деп келетін аталымдар енгізіп, байқау қорытындысы бойынша жеңген кітаптарды Қазақстанның атынан манағы үлкен көрмелерге шығарып, әлемдік деңгейде насихаттасақ деген ниетіміз бар. Баспалардың арасында да бәсеке орнап, жақсы кітап шығаруға деген ұмтылыс күшейер еді. Мәдениетімізді, білімімізді, көркем шығармалардың құдіретін танытатын қаншама кітаптар шығып жатыр. Бірақ еленбей қалуда. Шетел былай тұрсын, өзіміздің арамызда насихаты дұ­рыс жүргізілмей жатады. Ал арнайы грантын бөліп, жүлдесін тағайындасақ, баспалардың ынтасы артатын еді.

– Әлемдік кеңістікте кітап шығару ісі белгілі бір жүйеге қойылған ба?

– Әлемде немістердің полиграфиясы мықты дамыған. Олардың кітаптары тұрған кезде, қарап тұрып қызығасың. Сапасы да бөлек, дизайны да тіптен ерек. Техника мықты дамыған оларда. Дүниежүзіндегі елдер өз кітаптарының сапалы шыққанын қаласа, Германияға арнайы тапсырыс беріп шығартады. Оларда кітап шығару ісі, баспа саласы ғасырлар бойы өз жемісін беруде. Бұның ең әуелгі себебі – немістерде өз қағаздары шығады.

Бізде қағаз шығару өнеркәсібі қолға алына қоймады ғой әзірге. Шығарғысы келетіндер көп, ол үшін оның материалдық көзін табу керек. Білетініміздей, қағаз ағашы  көп Ресейде  шығады. Бір елдер қа­мыстан қағаз жасаса, енді бір елдер күріштің сабанын шикізат көзіне айналдыруда.

Елімізде енді-енді қарқын алып жатқанына қарамастан, полиграфия саласында шетелге ұялмай шығаратындай кітаптар баршылық. Көрсететін дүние көп. Әттеген-айы сол, көрсете алмай жүрміз.

– Біздегі баспалар қажетті техникалық құрылғылармен толықтай жасақталған ба, жалпы, кітап сапасының артып, оның таралуы жақсару үшін қандай жағдайлар жасалу керек деп ойлайсыз?

– Техникалық құрылғылар жоқ емес, бар. Бірақ баспа өнімінің сапалы шығуы тек техникаға ғана байланысты емес. Сапалық көрсеткішке, тіпті, ауа райы мен географиялық айлақтың да әсері мол екен. Біз білмейтін нюанстар жетерлік. Қазір Германиядан өзге, Турцияда, қытайларда полиграфия қарқынды дамуда. Себебі, оларда кітап шығаруға, оның технологиясы мен материалдарына ауа райы оңтайлы келетін мекендер бар.

Қаншама елдердің кітап өндірісімен танысып жүрміз, біздің елде кітап шығаруға деген қолдау өте жоғары. Жыл сайын мем­лекеттік тапсырыспен бес мың тираж­бен шыққан кітаптар облыстарға тарап, кітапханалардың сөресінен орын алуда. Алайда жарық көрген дүниенің дер кезінде оқырман қолынан табылуына бұл аздық етеді.

Кітаптың сапасы көтерілу үшін бізде жақсы дизайнерлер жетіспейді. Баспа көп. Бірақ  олардың ішінде қазіргі на­рық­қа төтеп беріп, өздері кітапты шығарып, сатып, пайда көре алатындары аз. Қалғандары тек мемлекеттен, басқадан тапсырыс күтіп қана «күнелтуге» мәжбүр. Іс алға басу үшін менеджмент керек, арнайы мамандар керек, оны бір жолға қою оңай емес. Қазір оқырмандар  ең әуелі кітаптың дизайнына мән беретін болған. Ресейдің кітаптарына қарап көріңізші, әп-әдемі болып, «мені алшы» дегендей менмұндалап тұрады.

Шетелдік тәжірибеде автор баспаға келеді, баспагер автордың кітабының но­байын қарайды. Егер де жақсы кітап болса, автормен келісімшартқа отырады. Қаламгерге белгілі бір мөлшерде қаламақы беріледі де, ары қарайғы авторлық құқықтың бәрі баспаға өтеді. Баспа өз ақшасына шығарады, таратып, сатады әрі пайда көреді. Бұл – әлемдегі қалыптасқан жағдай. Біз мұндай жағдайға жете алмай отырмыз. Бір себебі – халқымыздың санының аздығында болар. Екіншіден, баспалар ондай тәуекелге барғысы келмейді

Тағы бір ең негізгі проблема – кітап тарату мәселесі. Айталық, бір баспа бір кітапты шығарып, бағасын мың теңге етіп есептесе, кітап дүкені жетпіс пайыз қосып, «мың жеті жүз» деген бағаны қоя­ды. Үш мыңның кітабы бес мың бо­лып шыға келеді. Мұндай қымбат бағаға кітапты кім ала қойсын?! Әрі кітап дүкендері санаулы ғана. «Кітап өтпейді» деген сөз де осыдан шығады. Кітап дүкендеріне берсе, екі есе етіп сатады, ал өзі жүріп сата алмайды. Мықты-мықты қаламгерлерді көрдім, кітаптары үйлерінде тұр. Тарихшылардың, мықты тіл мамандарының, әдебиетшілердің кітаптары қолдарында жүр. Өз айналасынан шықпайды. Обал. Ал оқырмандар тап сол кітапты іздеп жүреді.  Өндіруші мен тұтынушы қатынасы жүйеленбеген. Кітап сату мәдениеті қалыптаспаған бізде. Кітап оқырманына жетпейді. Осыған орай, әр облыста, әр ауданда әкімшілікке қарайтын, аренда төлемейтін бір сауда орны болып, сол нүктелерге баспалардың бәрі кітаптарын өткізіп, үстіне он пайыз ғана қосылып сатылса, тиімділігі артар еді. Ең кереметі сол. Оқырман да кез келген уақытта іздеген кітабын оңай таба алар еді, оқырмандар қатары көбейер еді.

– Әңгімеңізге көп рақмет.

Сұхбаттасқан

Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір