ТІЛ МӘДЕНИЕТІН САҚТАЙЫҚ
«Қазақ әдебиеті» газетімен табысқаныма аттай 60 жыл толыпты. Сонау 1964 жылы Алматы қаласындағы Қазақ политехникалық институтының студентімін. Ол кезде қаланың бүгінгі Достық даңғылындағы «Қазақстан» қонақүйі, Республика сарайы әлі салынбаған кез, олардың орнында бір қабатты үйлердің бірінде орналасқан институтымыздың әскери кафедрасына жұма күндері сабаққа келеміз.
Әлі есімде осы жер сол уақыттарда қашан қарасаң да, қысы-жазы жайнаған көктем шырайын өзгертпейтін Көктебеден асықпай-саспай Абай атамыз жаяу түсіп келе жатқандай әсер беретін жұмақтың төрі еді ғой, шіркін! Сол бір көріністерден өзім де түсіне бермейтін ләззат алып, қарадан қарап марқайып, аудиторияға барар алдында газет-журналдар сататын киоскілерді шолып өтетін әдетіммен газеттерді парақтай бастап едім, бұрын-сонды кездестірмеген «Қазақ әдебиеті» деген газетке көзім түсті. Дұрысы – оттай басылды.
«Қамбар қайда,
Қасарысса,
Найзағайлы қара бұлт?
Өлді Қамбар.
Өр кеудесін жеді кеулеп ала құрт.
Қойы маңырап,
Үйі қаңырап,
Қалды аңырап жетім ел.
Зарға толы,
Қанға толы,
Қалды жаны жара жұрт…», – деп басталатын Қ.Шаңғытбаевтың «Реквием» атты поэмасын берген екен…
Содан бері рухани азығыма айналған осы басылыммен біргемін. 2025 жылға да толықтай жазылып қойдым. «Қазақ әдебиетінің» шығармашылық ұжымына «90 жылда көтерген жүктеріңіз қанша зіл ауыр болса да, белдеріңіз бүгілмей қара тартып келесіздер. Етпен сүйектен жаратылған қазақ деген жұмырбасты пенденің сіздерге айтар алғысы ұшан-теңіз дегім келеді.
Осы ақиқатқа басымды ие отырып, газет арқылы көптен көкейімде жүрген, айта-айта жауыр болған ана тіліміз хақында ой қоспақпын. Бұл мәселе баяғыдан ұлт басылымының назарында екені белгілі ғой.
Газетте 1976 жылы Ғабеңнің (Мүсірепов) «Авгейдің атқорасынан бастайық» деген атақты мақаласы жарық көрді. Сол мақалада жазушы «Қай халықтың болса да, қоғамдық өсу-өркендеу жолында көтеріле алған биігі мәңгілік болып ана тілінде сақталып отырады» дей келіп, «Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі» деп еді. Алты алашқа белгілі сөз зергерінің айтқанына күмән келтіретін қазақ табыла қоймас деуші едім. Осы күні «бас-басына өңкей қиқым би болған» заманда, тіліміз – мәңгілік деген түсінікке күмәнмен қарай бастадық. Кейінгі кезде біздің телеарналарда қазақтың ауызекі сөзіне ағылшын сөздерін қосып алатын не болмаса, түгел ағылшынша айтатын дерт пайда болды. Жел қай жақтан соқса, соның ығына қарай жапырыла құлайтын солқылдақтығымыздан қашан арылар екенбіз?! Бәзбіреулер осы сауатсыздығымызды жетістігіміз дейтін шығар. Егер де қазақ тілінің тазалығына жаны ашитын БАҚ мамандары осындай қойыртпақ жасаса, басқаларымызға не жорық. Бір-екі мысал. Бастапқы жылдары жұрттың назарына іліккен сөздердің біреуі жаңылмасам, «мониторинг» болды. Қазақшасы «бақылау» деген әп-әдемі, қарапайым да қонымды сөз. Өкінішке қарай, сол мониторингіңіз ел аузынан түсер емес.
«Online» дегенді қазақ бұрын совет үкіметі уақытында естімеген, бүгін естіп отыр. Оқу, ағарту саласына тамаша келіп тұрған «Сырттан оқу» дегенді «асфальтта өскен» (Қ. Жұмаділов) ғұламалар құлақтарына да ілер емес. Ал енді «QosLike», «ground», «Lovelas» тағы да басқалары телеарналарды жаулап алды.
Қазақ тілі деп шауып жүріп, ана тіліміздің мәйегін жоғалтып алдық. Әсіресе өзбек, қырғыз тілдерін білетін ағайынымызбен түсінісе алмай қалатын болдық. Бірде Шымкенттің тумасы, көрші тұратын ақсақал сөз арасында: «Келінім туып, шілдеханаға дайындалып жатырмын», – деді.
– Жаңа туған баланың сізге келін болатынын қалай біле қойдыңыз? – дедім. Тіл мәдениеті сөз етілмей келеді.
Жалпы, басқа халықтың тілін білген құптарлық дүние. Солай екен деп, өзіңнің ана тіліңе өгейлік көрсетпеу керек. 1927 жылы Бакуде үлкен конференция болып, А.Байтұрсынұлы баяндамасында «Ендігі жерде түрік тілінің негізгі қазынасы – қазақ тілі», – деген болатын.
Қазақта сырғы, сылып, сүріп деген сөздер бар. «Сырғы» деген – шабылған шөптерді жинап, мая салатын құрал. «Сылып» медицинада «алып тастады» деген мағынада қолданылады. Ал «сүріп» деп, сиыр мен бұқаның жыныстық қатынасын айтады. Телеарнадағы «ғұламалар», «жиналған қарды сүріп тастады» деп жаңалық ашыпты.
Қазақ ықылым заманнан «қарлы судың қарқыны қатты, топан су келді» дейтін. «Қарғын» деген сөз құлаққа түрпідей естіледі. Республика күніне араналған мерекелік концерт бірнеше телеарналардан «Қастерлі Отан – Қазақстан» деген тақырыппен берілді. 1977 жылы Қазақстан КСР-нің «Ғылым» баспасы шығарған І.Кеңесбаевтің он мыңнан астам сөз қоры бар «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде» бұл сөзге «қастерін тікті», «қастық ойлады», «өшікті» деген түсініктеме берген.
Кезінде қазақ даласын аралап, он төрт томдық түркі тілдерінің салыстырмалы сөздігін жасаған Радлов: «Дүниеде ұлы үш тіл бар, олар – фанцуз тілі, орыс тілі және қазақ тілі», – деген. Осы ұлылықты сақтап қалу үшін ең біріншіден, журналистер дайындайтын жоғары оқу орындарына ауылдық жерде қазақша орта білім алған жастарды алу керек. Екіншіден, терминкомның құзыретін арттыратын арнайы заң қабылдануы керек.
Смағұлдың Тлеубердісі,
Астана қаласы