Әлем әдебиеті – «Қазақ әдебиетінде»
27.12.2019
11529
0

«Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясы жаңа құраммен жасақталғалы оқырман қауым әдеби апталық беттерінен әлем әдебиетінің тыныс-тіршілігін жақыннан сезе бастады. Сол үрдіс биыл да жалғасын тауып, жыл бойы әлем әдебиетінен таңдаулы шығармалар, шетелдік белгілі ақын-жазушылардың өмірбаяндары мен қанатты сөздері ағылшын, түрік, араб, өзбек, орыс тілдерінен қазақ тіліне аударылып берілді. Шет тіліне жүйрік тілшілер шетелдік қаламгерлермен шет тілдерде мәнді сұхбаттар да жасады.

2019 жылдың алғашқы нөмірлерінің бірі белгілі әрі белгісіз француз жазушысы, әлем әдебиеті жауһарларының бірінен саналатын «Оба» романының авторы Альбер Камюдің «Бірінші адам» атты аяқталмай қалған шығармасы туралы ой-толғаумен оқырманға жол тартты (№2; авторы Д.Әлімақын). «Бірінші адам» – Африка даласындағы сырлы тіршілік пен ондағы колониялық қоғамның шынайы тарихы һәм колониялық қоғамға жүрегімен, бүкіл болмысымен байланып отырған отарлық шекпенін жамылған халықтың Отан-анасына деген күрделі қарым-қатынасы, сол даладағы соғыс өрті мен төңкерістің қағаз бетіне түскен көрінісі». Автор аталған туындыға осылайша сипаттама беріп қана қоймай, оның қалың қатпарларына үңіледі.

 Әлем әдебиетінің қоржынынан ой маржанын іздеген мақалалардың тағы бірі – Нобель сыйлығын алған тұңғыш афро-америкалық әйел жазушы Тони Моррисонның «Сүйіктім» атты сүбелі шығармасы туралы жазылған, «Ана махаббатының күші» деген тақырыппен жарық көрген ой-толғау (№3-4; авторы М.Серікқызы). Автор онда романның айшықты тұстарынан өз аудармасында үзінділер келтіре отырып, кейіпкерлердің әрқайсысының жан-жүрегінен сыр іздейді. Сол арқылы Абайдың тағылымды сөзін арқау еткен тобықтай түйін жасайды.

Ал газетіміздің Бас редакторы, жазушы Дәурен Қуат пен журналист Дүйсенәлі Әлімақын екеуінің таңдауы қазіргі заманғы танымал жазушы – ауған текті америкалық қаламгер Халед Хоссейнидің шығармаларына түсті. Бірі «Алуан түсті Ауғанстан», екіншісі «Батпырауық қуған бала» жөнінде қалам тербеді (№6). Автор туындысына жан-жақты шолу жасаған Д.Қуат жазушының романдағы баяндау формасына, сөз түзілімдеріне кеңінен тоқталады.

Бұл жылы шетелдік қаламгерлермен сұхбаттар тізбегі қытай тілінде жазатын бірден-бір қазақ қаламгері, Қытай астанасындағы «Қытай жазушылары» баспа тобы директорының орынбасары, жазушы, аудармашы Акбар Мәжитовпен болған өрелі әңгімемен басталды (№3-4; сұхбаттасқан Д.Әлімақын). «Бастауыш мектепті бітіргенше 100-ден аса романды оқып тауысқан» кейіпкер сұхбатында Абайдың қара сөздерінің аудармасының қытай елінде қалай қабылданғаны туралы, 2013 жылы Қытай Президенті Ши Жин Пиң Қазақстанға келген сапарында, Назарбаев университетінде сөз сөйлегенде Абайдың 37-нші қара сөзінен үзіндіні жазушының аудармасында оқығаны туралы да айтады.

Шетелдік белгілі тұлғалармен сұхбаттардың ішінде қаламгер Жанболат Аупбаев Ташкентке сапарында өзбек спортының дүлдүлдері Б.Абдураимов, Р.Рыскиевпен және атақты кинооператор М.Каюмов туралы көзкөргендермен жүргізген сұхбатының шоқтығы ерекше асқақтап тұр. Естелік-сұхбаттар «Квартет» деген атпен газетіміздің бірнеше нөмірінде жарияланды (№5, №9, 10).

Осы жылғы қазақ әдеби кеңістігіндегі айтулы оқиғалардың бірі – қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен Азия елдері қаламгерлерінің І форумы. Аталған ірі шараға біздің газет те өз үлесін қосты. Мәселен, «Азия жазушыларының алтын шоғыры» деген тақырыпта бірнеше нөмірде форумға келетін шетелдік ақын-жазушылардың өмір жолдары мен шығармашылықтарына шолу жасап, өлеңдерін аударып беріп отырдық (№31, 32, 33). Ал ағылшын тіліне жетік дарынды жас журналистер Алпамыс Файзолла мен Дүйсенәлі Әлімақын форум аясында бірнеше шетелдік қаламгерлермен қызықты да мазмұнды сұхбаттар жүргізіп үлгерді. Мәселен, мысырлық аудармашы Мұхаммед Халуашпен, БАӘ жазушысы Нассер әл-Дхаеримен, израильдік ұстаз, балалар жазушысы Паулина Гейбл-Кравцпен, сингал жазушысы Прематилака Жаясеракамен, непалдық қаламгер драматур, сыншы, ғалым Абхи Сухедимен (сұхбаттасқан А.Файзолла. №31, 38, 45); моңғол ақын-жазушысы Гун Аажавын Аюрзанамен, Оңтүстік Кореялық ақын Ко Ынмен (сұхбаттасқан Д.Әлімақын. №37, 39).

Сондай-ақ шетелдік белгілі қаламгерлермен кей сұхбаттар ғаламтор желісінен алынып, ағылшын тілінен аударылып та берілді. Мәселен, канадалық жазушы Алис Мануроның сұхбаты (аударған Д.Әлімақын. №20).

Шетел поэзиясы мен прозасы да жыл бойы әдеби апталығымызда «Әлем әдебиетінің жауһарлары» айдарының аясында қазақ тілінде «сөйлеп» келді. Олардың қай-қайсысы да сапалы аударылуымен оқырмандардың ықыласына бөленді. Атап айтсақ, ақын Исраил Сапарбайдың аудармасында өзбек ақыны Фахриддин Насриддинұлының өлеңдері (№5), ақын Маржан Ершудің аударуында түркі елдерінің тілінде сөйлеген ноғай ақыны Кадрияның өлеңдері (№22), журналист Дүйсенәлі Әлімақынның аударуында (әрі шығармашылығына шолу жасай отырып) Палестинаның ұлт ақыны, қоғам қайраткері Махмұд Дәруіштің өлеңдері (№16), бір топ беларус ақынының өлеңдері (аударғандар Ш.Сариев, Б.Сәрсенхан, Н.Нұрғазы. №5). Жазушы Ғаббас Қабышұлының аударуында орыс әдебиетінің классигі А.Чеховтың қанатты сөздері (№3-4), қытай жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Мо Янның «Шығармаға да иіс керек» деген тақырыпта Париж Ұлттық кітапханасында жасаған баяндамасы (аударған Мұра Қасенұлы. №11), жазушы Серік Байхоновтың аударуында орыс жазушысы Георгий Гребенщиковтің «Бәйге» әңгімесі (№12) және Айтмұхамбет Қасымовтың аударуында осы жазушының «Сайлау» әңгімесі (№22), аудармашы Айнаш Қасымның аудармасында парсы жазушысы Мохаммад Али Джамаладзенің «Қаз кәуабы» әңгімесі (№13), А.Файзолланың аударуында америкалық жазушылар О.Генри мен Э.А.Поның «Кактус» және «Иірім» әңгімелері (№5, 8), аудармашы Рауза Мұсабаеваның аударуында неміс жазушысы Корнелиус Петкау мен ресейлік неміс ақыны, жазушы Эдит Шмитцтің «Саксофон сазы» және «Қайталанбас лағыл тас» әңгімелері (№18, 26), қытай тілді аргентиналық жазушы Лей Барлейдің «Көлеңкесін қорек еткен адам» әңгімесі (аударған М.Сайлау. №21), татар жазушысы Ркаил Зайдулланың «Ботам» әңгімесі (аударған Гүлнұр Қыранбайқызы. №30).

Шетел әдебиеті туралы танымдық-зерттеу мақалалар да оқырмандарымыздың көптеген оң пікірлеріне ие болды. Ерекше атап өтерліктері мыналар: жақында ғана «Әлем әдебиетінің әңгімелері» атты кітабы жарық көрген белгілі сыншы, әдебиеттанушы Амангелді Кеңшілікұлының парсы поэзиясының пайғамбары Румидің «Мәснави» поэмасы туралы тың деректер мен өзіндік пайымдарға толы «Румидің «парсы тілінде жазылған Құраны» мақаласы (№47), «Нобель сыйлығы бұйырмаған қаламгерлер» (№24. Дайындаған Д.Әлімақын), «Ажалына асыққандар» (№17. Дайындаған Еділбек Дүйсенов), аудармашы Шарафат Жылқыбаеваның «Тама мен Тана» деген атпен Күншығыс елінің аңыз-әфсаналарындағы Алашахан бейнесіне арналған мақаласы (№31), барбизоналық жеті суретшінің ең әйгілі картиналары жайында сөз қозғаған «Барбизонаның жеті ұлы» (Дайындаған Д.Әлімақын. №34), Арман Әділбектің жапон жазушысы, «Алтын Букер сыйлығының» иегері Казуо Ишигуро жайлы «Ұйқыға кеткен алып» атты мақаласы (№43), әдебиеттанушы Ардақ Нұрғазының француздың модернист ақыны Поль Валеридің тылсымға толы өмірінен сыр шертіп, өлеңдерінің астарына үңілген «Қарғыс атқан ақын» мақаласы (№44).

Ал «Жетіген» айдарымен шетел әдебиетінің жаңалықтары өзгеше формада берілуімен де газетіміздің шырайын кіргізді. Мәселен, «Достоевскиймен кешкі ас» (№14), Кафканың соты (№17).

Оқырман қауым жаңа 2020 жылда да «Қазақ әдебиеті» газетінен әлем әдебиетінің тыныс-тіршілігінен хабардар ететін жақсы дүниелерді оқи бермек.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір