Таразиды оқысам, тартынып қалам…
16.12.2019
2723
0

Рухы биік елдің – айбыны асқақ. Ал рух қалай биіктемек? Рух көзі – білім-ғылымда; білім-ғылымның қайнар бастауы – кітапта. Жалпы адамзат тарихында бағзы дәуірлерден сақталып келе жатқан тастағы таңбалардан бастап, көптеген жазу-сызулар арқылы кейінгілерге жеткен ақыл-ой қазыналары кітап арқылы игілігімізге айналды. Өйткені кітап дегеніміз –рухани өсиет, рухани мұра.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, ақын, этнограф, жазушы

Өзі қаламгер оқырман көбінесе алдыңғы толқын атақтылардың шығармаларын оқып болғаннан кейін іштей «мұндайды мен де жаза аламын ғой» дейтін секілді болып тұрады. Мүмкін мен өзім кешкен сезімді сөйлетіп отырған шығармын. Ал кейбір шығарманы оқып болғанда әлгіндей асқақ күй кешпек түгілі, шығарманың басыңа салған шытырман ойларынан шыға алмай меңірейіп қаласың. Әсерінен айыға алмай әрі-бері теңселесің. Кейіпкерлерінің әр әрекетін есіңе аласың. «Ол неге өйтті, неге бүйтті?» деп өз-өзіңді «тергей» бастайсың.

 Өз басым жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әкім Таразидың шығармаларын дендеп оқығанымда жоғарыда айтылған екінші күйді басымнан өткердім. Тілім ұшына «кәсіби проза» деген сөз келді, келді де тұрып алды. «Сонда біз көбінесе прозаға ұқсатып жазылған публистикалық шығармаларды да түгелдей проза дей береді екенбіз ғой» деген де ой келді. Шыны керек, жазып отырған шығармасының кез келген жеріне киліге кіріп, «ол былай еді…» деп айтып-айтып тастап, «ал, ары қарай оқи бер» дегендей жалғасып кете беретін шығармалар да аз емес қой. Сонда «шығарманы неге оқиғаның өзі ілгері жылжытпайды, неге ондағы шынайы тартыс алға тартып отырмайды?» деп налып қалатының да рас. Ал кейде баяндаудың өзінен автордың айтпақ ойы ашылып қалып жатады. Өзі бейімдеп жібереді ғой енді. Сонда енді ары қарай оқудың мәні бар ма, жоқ па дегендей тағы да қоңырайып қаласың. Оңай емес. Оқырманмен жасырынбақ ойнау оңай емес.

Әкім Тарази

 «Автор ақ қағаздың бетінде оқырманмен шахмат ойнайды ғой», – деді бірде Әкім аға Тарази. «Титтей де босаңсуға болмайды», – деп толықтырып қойды тағы да. Соның алдында ғана «Тасжарған» романын оқып болған едім. Соны айттым. «Тасжарғанның» авторымен үш-төрт күн шахмат ойнадым. Бірақ мен жеңген секілдімін», – дедім сөзіме сыңарезу әзіл қосып. «Қалай?» – дейді автор Әкім Тарази. «Бас кейіпкер Омардың кім екенін таптым, ол – «халық жауының» баласы екен ғой», – дедім. «Ол шығармада айтыла ма?» – деді автор. «Жоқ, айтылмайды, бірақ таптым», – деймін мен. «Ендеше, екеуміз де жеңімпазбыз», – дейді Әкім аға жеңіл ғана шуақты күлкісімен жан-жағын жадыратып.

 «Тасжарған» романын оқығаннан кейін біраз күн ой үстінде жүрдім. «Қала әкімі болып жүрген Омар неге лезде мұндай қиын күйге ұшырады?» деп мазам кетті. Сосын қайта шолдым. Сөйтсем, қаладан келген журналист Мираспен сұхбаттасып отырып туған ауылдары турасында айтқанда бір-бірін танитын болып шығатын жері бар. Мәселенің бәрі сол жерде екен. «Сен анау… ауылдың шетіндегі ескі үй… ешкім қатыспайтын ескі үй…» – дей береді Мирас. Міне, романның мәні осы екі-үш ауыз сөз, көп нүктелермен ашылып сала береді. Ол кездегі ешкім қатыспайтын үй деген «халық жауының» үйі емес пе? Ал, «халық жауы» деген шын мәнінде қазақтың жанашырлары екені бесенеден белгілі. Оның баласы қандай болмақ? Енді соның бәрін Омардың бойынан іздей бер. Омар жыр айтады, Омар күй тартады, Омар сатқындық десе жаны түршігеді… енді сол кейіпкердің тұла бойы тұтас Кеңес үкіметінің жалған жүйесіне қарсы келеді де отырады. Азапты бек шегеді. Міне, жалған жүйеге шынайы қазақ азаматының ішкі қарсылығы. Омардың кім екені шешілген соң роман зарлап сала береді ғой, шіркін! Автордың аяр қоғаммен кереғар жан дүниесі құлындай шыңғырып қоя береді. Бірақ 500 бетке жуық үлкен романда ол жайында бір ауыз сөз жоқ, бір ауыз. Барлығын Омардың айналасымен қарым-қатынасынан көре беріңіз, сезе беріңіз. Сонда осындай үлкен романда сөзді қойып көп нүктенің өзі бекер тұрмаған болып тұр ғой. Тіпті романның оқырман ойында гүлдейтін екінші үлкен бөлігі сол көп нүктеде тұрғанын қайтерсің! Бұл қандай шеберлік және қандай батырлық дейсің! Айналып келгенде кейіпкер Омардың қарсылығы Кеңес үкіметінің кертартпа саясатына деген автордың, сонымен бірге қазақ халқының жан дүниесінің қарсылығы болып шығады.

Ал, осылай жазып көр! Мұндай ауыр ойлар мен образдарды сомдауға енді онша желпіне қоймайсың. Әр кейіпкердің жан дүниесіне еніп, оларды тербетіп отырып сөлін сығып шығару және оған автор ретінде селт етпей, жанашырлық жасамай, үнсіз ғана кейіпкердің өз әрекет-ісімен алып шығу дегеніңіз оңай немесе рахат жұмыс емес екеніне толық көзің жетеді. «Жазу қандай қиын» дейсің іштей. Жазушыны толғақтай қинаған ойлардың ең алдымен кейіпкерлер бойына жайылып, оны айналасымен қарым-қатынас, оқиғалар қақтығысында шынайы алып шығуды ойласаң, кетпен-күрегіңді иыққа салып алып атыз басына тартып кету демалыс секілді сезілетінін жасыра алмайсың.

 Бұл романның жазылу тәсілі ерекше. Шығармада Қойкелді дейтін кейіпкер бар. Омардың нағашысы. Өз тағдырын Тасжарған қаласымен бірге көреді. Ол сол қоғамның қыр-сырын әбден меңгеріп, жүйенің, айналасының өзіне істеген арамдығын өзіне қайтарып істеп отыратын қақпан баспас қағылез адам ретінде бейнеленеді. Шағын шаруашылықты шашауын шығармай ұршықтай иіріп отырып: «Шіркін, өзіміз деген ел басқарудың профессорымыз ғой!..» дейтін еді. Сосын романда автордың сол Қойкелдіге байланыстырып айтатын қызық екі сөйлемі бар: «Қойкелді анау деп нұқып көрсетпейді, атымның ізінен аңғар дегендей ойқастап, ауыл төңірегін айнала шабады» және «Алтайы қызыл түлкі өз ізін өзі кесіп, сан бұралаңға салып жүріп-жүріп келіп, тіке тартады. Қойкелді негізгі ісіне көшті…».

Роман тура осы Қойкелдінің стилімен жазылғандай көріне береді. Аждаһа жүйенің айтқызбаймын деген дүниесінің бәрін, бірін қалдырмай айтудың тәсілін табады. «Атымның ізінен аңғар» деп айнала шабады, сосын «тіке тартады!». Сондықтан «Тасжарған» романы қазақтың сан ғасырлардан келе жатқан қоғамдық жүйесі мен кісілік ұлы құндылықтарын, ұлттың өнегелі де өзгеше болмысын аяқасты еткен аяр қоғамның, аждаһа жүйенің арамдығын аямай ашып берген, сол кезеңнің өзінде тұрып ашып берген күрескер роман, күрескер болмыс дер едік. «Тасжарған» десе Тасжарған!

 Ал, «Қорқау жұлдыз» романының жөні тіптен бөлек. 1987 жылы жазылған бұл романда қоғамдағы әділетсіздіктерге төзбей өзін-өзі өртеп жіберетін Лима атты жас келіншектің жағдайын баяндайды. Бұл Желтоқсанда алаңға шыққан жастардың жан дүниесі емес пе? Романда Брежнев алаңы немесе Алматы жоқ, онда алаңға шыққан жастар да жоқ. Алайда, сол көтеріліске әкелген шындық, көтеріліске әкелген шындықтан теріс айналып кеткен қоғамның бейнесі бар. Тіпті сол жастарды алаңға шығуға мәжбүр еткен психологиялық күйді, санаға салынған құрсауды тас-талқан ғып шыққан жан айқайын алаңнан бетер сезінесіз. Түнқатар деген кейіпкер бар. Оның жан азабы өз алдына. Оның бәрін шағын мақалаға сыйдырып айта салу мүмкін емес, әрине. Бұл жайында «Жазушы жаны» деген зерттеу кітабымызда «ерегеске толы екі роман» деген тақырыппен арнайы талдағанымыз бар. Тағы да бірқатар әңгімелеріне тоқталғанбыз.

 Образды қалай сөйлетеді! Қорқау жұлдыз – қорқау қоғам. Қорқау қоғам – қара құрдым. Қазақ деген халықтың еркін болмысын, азат санасын жалмап жұтып кете барған ол қоғамға мұнан артық қандай теңеу табуға болады?!

 «Біздің біраз жазушылар қажеті болсын, болмасын көркем табиғатты жеріне жеткізе суреттеп отырып алады. Ол жәй ғана шығармадағы орта ғой. Ал, ортаны қажетіне қарай ғана пайдалану керек емес пе? Таусылмайды. Кейде тіпті оқиға неше парақты аударғанда доңғалағы құр айналған арбадай баяғы орнында тұрып алады. Табиғат көбіне кейіпкердің көңіл-күйіне қарай суреттелінеді. Мысалы, көңіл-күйің керемет болса, «шіркін, мына желдің кереметі-ай!» дейсің. Жүнжіп, сіркең су көтермей тұрса, «мынау не деген сүреңсіз боран» дейсің. Тіпті көңілді шағыңда «қандай ғажап жарқыраған ашық аспан», салың суға кеткен күні «тас төбеден шақырайып» тұрады» дейді, кәсіби прозаның кәнігі тарланы Әкім Тарази. Өзі баяндауға сонша сараң. Шығармаларын жетелеп емес, ілесіп отыратын секілді көрінеді де тұрады. Кейіпкерлер арасындағы, иә кейіпкерлер жан дүниесіндегі тартыс шахқа түскен шынжырдай шығарманы өзі жылжытып әкете береді.

Ал, ондай шығармаларды тудыру оңай емес. Әлдебір рахаттанып отырып шәй ішкендей желкілдете жазылған эсселерді оқып отырып, проза жазғымыз келіп кететіні бар ғой, сондайда не жазып тастау керек, не Тарази тақылеттес жазушыны оқу керек. Сонда ғана жаның жай табады…

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір