Іштей өсірген «Қазақ әдебиеті»
13.12.2019
1173
2

Ұлт жаны кенішін ашқан газет

Баспасөздің ұлттық майданында басылымдық жаратылысы жөнінен «Қазақ әдебиеті» өзгешелеу газет. Бұл басылымды отының алды, суының тұнығы «Қазақ» газетінің тікелей ізбасарына жатқызатын қисындар ел арасында жеткілікті.

Иә, ұлтқа қызмет ету жолында құрбандыққа бара алатын пассионарлық мінез танытқан ол газеттің пендешілік пиғылдан таза, албырттық пен аңғырттыққа бармаған ұстанымының сабырына таңырқамасқа және амалың жоқ. Ұлт жаны кенішін ашуды көздеп, өз уағының геосаяси жағдайын байыптап талдаған түйіндері азуын айға білеген дүние білгірлерінің парасатынан бір кем соқпайтынын аңғарасың. Кейбір жағдаяттар бойынша жасаған болжамдары бүгінгі күннің өзекті мәселесімен үндесетін көкейкестілігін қайда қоярсың.

Тоталитарлық жүйе тәртібінің қатаң илеуінде жүрсе де көркем сөздің әдіс, айла, нышандары арқылы ұлт жүрегі соғысының дүрсілін жеткізген «Қазақ әдебиеті» халық алдындағы басылымдық парызын адал атқаруға әрқашан тырысты. Бүгінгі күннің тілімен кестелесек – өз жобасына келетін тақырыптарды қозғауды қапысыз пайдаланды. Пайдаланып та келеді. Сондықтан «Қазақ әдебиеті» газеті ұлтқа қызмет ету ұлы парызын Тәуелсіздіктің туы желбіреп тұрғанда ұдайы жалғастыра бермек.

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ, жазушы

 

Жұмабай аға әр нөмірге қатты дайындалатын

Ес біліп, сөз түсіне бастаған мектеп қабырғасындағы шақтан «Қазақ әдебиеті» газеті үнемі оқып, қадағалайтын бір басылымға айналып еді.

Ол кезде кімнің шын жазушы, кімнің шын ақын екеніне бас қатырмайтынсың. Газет бетіне шыққан әр қаламгер қазақ әдебиеті деп аталатын салқар көштің бір-бір қарқарасындай елестеуші еді. Дүңгіршектерде ол уақытта 25 теңге тұратын «Қазақ әдебиеті» студент күнімізде де серігімізге айналды. Аяғын апыл-тапыл басқан жас ақындарды бірде көшеден, бірде газет бетінен көріп, «біз де солардай болсақ қой…» деген арман жетегінде ғана жүретінбіз.

Бірінші курстың екінші семестрі басталған кезде Жазушылар одағының үшінші қабатына көтерілдім. «Қазақ әдебиетінің» есігін қаққалы тұрмын. Бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы екен. Әлбетте, өңі таныс. Алайда таныған, оқыған қаламгерім емес. Хатшысы кіріп хабар айтып еді, «кірсін», – депті.

Қою қара мұртты, орта бойлы, шашының бір пұшпағы ойып бояғандай ақ, қолы қайратты бас редактор: «Кел, әке», – деп қарсы алды. Бұрын-соңды редакция дегенді көрмеген басым, өзімді қалай ұстарымды да білмеймін. «Не жазасың?». «Өлең!» «Оқышы!» – дейді. Оқыдым… Ойланып отыр. Өзі де өлеңмен бастағанын айтты. Кейін, тіпті, біраз уақыт өткен соң алғашқы қадамы – жыл қорытындысында Қадыр Мырзалиевтің аузына іліккенін – жас ақын болғанын білдік қой. Оған дейін үндемей отырмын сол…

«Осы жастар қазір не оқисыңдар? Сендерге кім қызық?» – дейді. «Оралхан Бөкей, Мұхтар Мағауин, Сайын Мұратбеков» деп бес-алты жазушының ғана атын айта алыппын. «Осы соңғы оқыған кітабың туралы жазып келші, сосын сөйлесейік», – деген. Содан біраз уақыт өткенде «Жылымық» туралы жазып бардым. Жаратпады. Сірә, Бердібекше айтқанда, мазмұндап қана берсем керек.

Арада үш жыл өткенде үзбей оқып жүрген газетімнің бір жылда шыққан, жақсы деп санаған материалдар мен газеттің журналистеріне жеке-жеке тоқталып, бір мақала жазып апардым. Онымды хатшыға тастап кеткем. Артымнан курстасым Арман Әлменбет арқылы шақыртыпты. Кіріп барсам, «Сволыш, әлгіні жазған сен бе?» – деп қарсы алды. Күліп тұрып, «сволыш» дей салатын адамды тұңғыш көруім. Әрине, тағы кейін, біршама уақыт өткенде ол сөздің ең жақсы сөз екенін түсіндім ғой. Содан мақаламның дұрыс екенін, бірақ әлі де басқа дүниелер жазу қажеттігін айтты. Тура сол кезде өз қатарластарымның кітабы «Жас толқын» сериясымен шығып жатқан. Соларға рецензия жазатын болып шықтым. Әр мақалам үш-төрт рет қайта жазылып барып жария көреді. Осылай он шақты мақалам шыққан соң, сүйікті басылымға жұмысқа шақырылдым.

Алғашқы таныстыру жиналысында жазудың жауапкершілігін сөз ете отырып, әр жас іштей өсуге талпыну керектігін айтқан. Ішкі өсудің адам дамуындағы бір категория екенін тағы да кейін түсіндік қой. Бірақ ол уақытта ештеңе сезінбеген едік. Рафат Әбдіғұлов ағамызша айтқанда, «жасырып-жабатыны жоқ» бізді сол іштей өсірген – «Қазақ әдебиеті». Сол кездегі Бас редактор – Жұмабай Шаштайұлы.

«Қазақ әдебиетінің» қасиетті қабырғасында өткен төрт жылдағы газеттің әр саны жан толқуынсыз шыққан емес. Ол әрбір журналист үшін солай деп ойлаймын. Ал Бас редактордың жайы, тіпті, қиын.

Жұмабай аға әр нөмірге қатты дайындалады. Алдында газет-журналдар жатады. Бәрін бас алмай оқиды. Қазақшасы бар, орысшасы бар. Қара блокнотына тапсырманы тізіп, кезекті газет саны көтеруі тиіс мәселелерді тиянақтайды. Әлбетте, жиналысқа қағаз-қаламсыз кіруіміз – қылмыс. Ондайға жол жоқ. Алдында отырған жеті-сегіз журналистің әрқайсына жеке тоқталып, тапсырма беріп, жазуы тиіс материалды қай жағынан келіп, несіне баса назар аударуы тиіс дегеннің бәріне егжей-тегжейлі тоқталады. Жиналыстан шыққанымызда жазуымыз керек мақаланың өзегі белгілі болады. Енді сол бойынша іздену ғана қалатын.

…Мақала дайын. Қағазға шығарамыз. Қайта-қайта оқимыз. Мазмұнынан бөлек, грамматикалық қатенің өзін ұнатпайды. Үтір, нүкте, тырнақшаның орнында тұрғанына тағы бір көз жеткізіп аламыз. Әрине, Ғабиден Мұстафинше айтқанда, «біліміміз жеткен жерге дейін» жазып, алдына қоямыз. Соңғы кездері, мақаламызды жаратып-жаратпай отырғанын қарсы алғанынан-ақ білер едік. Сөзін әлгі алғашқы естіген «сволышынан» бастаса, бізден бақытты адам жоқ еді.

Ал енді жазған мақалаға тақырып қоюдың өзі – азап. Өзің бірнеше нұсқа ұсынып барасың. Бас редактор ұнатпайды. Осы «Қазақ әдебиетінде» істеген төрт жылда жазған мақалаларымның төртеуіне өзім тақырып қойып па екем? Білмеймін. Бәрін Жұмабай аға қоятын. «Қазір, әке, ойланайық», – дейді. Біршама уақыт өткенде шақырады. Не өзі келеді. Кабинетіне кірсең, таныс сөз: «Табылды, әке!» Тақырып әдеттегідей, мақалаңның мазмұнын дәл беріп тұратын.

«Қазақ әдебиетінің» сексен жылдығында Алмас екеуіміз бүкіл тігіндіні ақтарып, таңға дейін отырушы едік. Абылайхан көшесімен төменірек түскенде Салық комитетіне қарсы дүңгіршекте дөнер сататын. Түнгі бірдің кезінде бір-бір дөнер жеп алып, қайта парақтайтынбыз. Сол бір-екі айдай тігінді оқыған кезіміз, қазір ойласам, өміріміздің ең бір жақсы сәттеріне қиналмай енеді екен. Алмас сонда бір ғажап мақала жазған.

Жақсы да, қатал да сөзін естіп жүрген Бас редакторымыз, төрт жыл өткенде ұстазымызға, әкеміздей жақынымызға айналған. Ал «Қазақ әдебиеті» жүрек түкпірінен айнымастай орын алған.

Әбішше айтқанда, сексен бестен ассаң да, селкілдей көрме, баба басылым!

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, сыншы

ДҮЙСЕНБІ МЕН БЕЙСЕНБІНІҢ АРАСЫ

 Жұм-ағаң – Жұмабай Шаштайұлы «Қазақ әдебиетіндегі» кезекті жиналысын аяқтап қалды. Дүйсенбілік жоспар. Бұл жолы да маған тапсырма бермеді. Кейін білдім, бір тапсырманы «бүлдірген» адамға екінші мәрте тапсырма бергісі келмейді. Берсе де, ұсақ-түйек – әлдекімдерден пікір алу, көлденеңнен шыға қалған әлдебір мәтінді жөндеп жіберу, аударып жіберу… Қысқасы, «нәлет біздің жүріске».

Енді орнымыздан тұра бергенде, «А-а, айтпақшы…» – деп тоқтатып алды. «Мен мына бір нәрсені ойладым да, кеше…» – деп бастап, қазақ әдебиетіндегі шешендік туралы айтып кетті. Жиреншеге тоқтады. Қоңыр былғарымен тысталған қалыңдығы кітаптай дәптердің ішінен «кеше ойлаған тақырыптар» аз шықпайды. Ақыры, «осыны кім алады?» – деді. Жазатын адамдардың бәрі бұл аптаға тапсырма алған. Алмаған мен ғана, бірақ маған қарамайды.

…Жиреншені зерттеуге кітапханаға кетіп барам. Іштей «өзім сұрап алып нем бар еді» деймін. Бұған дейін «шын дарын бір деммен жазу керек» деп, бұрқырата беруші ем, дәл осы жолы өйте алмадым (аздаған оқу-тоқудың сарқылған шағы екен ғой), Жиренше туралы шағын ғана мақала қиынға түсті.

Үзіп-жұлып, сызып тастап, қайта жазып, балталап жүріп бітірдім.

«Газет күні» – бейсенбі күні мақаламызды ертерек өткізіп беріп, дәлізде күтіп жүреміз. Бас редактордың кабинетінің хатшы қыз отыратын кіре берісі ашық тұрады, бәрі естіледі. Іштей санайсың. «Оқып болды-ау» деген шамада қоңырау шырылдайды. Көрмей біліп тұрсың, хатшы есікті ашады. «Шақыршы ананы» – анық болмаса да, естіледі. Хатшы «кімді?» – деп сұрап үлгергенше есіктің көзінде тұрасың. Осы бір сәт өтіп болмаушы еді.

…Кіріп келгенде-ақ мақалаңның қай деңгейде екенін болжап үлгересің. «Сен, сволыш…» – деп бастаса – бәрі жақсы. Үндемей, қипақтап отырып қалса – іс қиын. Қалай бастарын білмегендей аз отырады да, кенет ақтарылып береді дейсің. Кейде мақалаңды талдап кетеді, бұл – орта деңгей, бірақ басуға болады деген сөз. Бір қызығы, ұнамаған мақаланы қайта жаздырып, «мына жерін, ана жерін түзе» деп жатпайды. Басуға жарайтын мақала болса, бірді-екілі ескертумен жібереді, ал жалпы мақаланы қызыл ала қылып отырмайды, нашар болса, сол күйі қолыңа ұстатып жібереді.

«Жиренше» өтті. «Былай болады, бірақ аз болып қапты», – деді.

Осыдан бастап мақала жазу қиындап кетті…

Алмас Нүсіп, жазушы

                                                                                               

ПІКІРЛЕР2
Аноним 15.02.2020 | 13:23

Жорға Жұмабай. Кәмөнес. Мәнсап десе өле кетіп тұрады. Крышасы коммунизм идеясымен қисайғанский. Бала-шағаны жинап өзін мақтатқан екен. Бірақ көт жалаңаш қой.

Аноним 10.01.2024 | 14:12

Жұмекең мәмілегер редактор болды Біреуді біреуге айдап салатын арадатуға бармайтын еді.Мына.бір пікірде арандатудың салқыны бар

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір