«ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ» ТҰҢҒЫШ ШЕЖІРЕШІСІ МЕН БОЛЫППЫН
11.12.2019
1036
1

Мені газетке шақырып, қызмет берген Ж.Қорғасбек қазақ жастарының үні – «Жас Алаштың» тізгінін ұстап кеткенде, орнына майталман ақын, қарымды публицист Ұлықбек Есдәулет, одан кейін заманымыздың Аязби жазушысы атанған Жұмабай Шаштайұлы келді.

Болат Шарахымбай

Редакцияда Әмірхан Меңдеке, Тұрсынжан Шапай, Ғалым Жайлыбай, Еркін Жаппасұлы, Талаптан Ахметжан, Көпен Әмірбек, Сайлаубек Жұмабек, Заря Жұманова, Мақсат Тәжімұрат сынды әдебиеттің белгілі өкілдерімен қатар Әмірхан Балқыбек, Думан Рамазан, Дәурен Қуат, Қасым Аманжолов, Ғалым Қалибекұлы, Бекжан Әшірбаев, Аягүл Мантай, Ерлан Жүніс, Тоқтарәлі Таңжарық секілді жас перілермен қоян-қолтық қызмет істеу бақыты бұйырды. Шүкір, ол да болса осы «Қазақ әдебиетінің» арқасы. Қазір жұдырықтай болып жұмылып қызмет істеген, бірге жүрген сол бір кездерді сағынамын.

Есіме «Қазақ әдебиетінің» 70 жылдығы тұсындағы оқиғалар түсіп отыр. Ол кезде газеттің бас редакторы – Ұлықбек Есдәулет ағамыз. Мерейтой мемлекеттік деңгейде аталатын болып, қарбалас дайындыққа кірісіп кеттік. Бас редактор мерекелік материалдарды әзірлеп, ұсынып отыруды ә дегеннен маған тапсырды. Мерекелік материалдар деген не? Ол – бұрынғы бас редакторлар мен қызметкерлердің тізімін жасап, іздеп табу, олармен байланыс орнату, сұхбаттар ұйымдастыру, газетке қатысы бар фотосуреттерді жинау, оны сұрыптау, басылым бетінде жариялап отыру секілді «қара жұмыстар». Уақыт болса тар, жұмыс қауырт. Мен өзіме жүктелген жауапкершілікті жақсы түсіндім. Сөйтіп, жатпай-тұрмай ізденуге кірістім. Ұлттық кітапхана дейсіз бе, Ғылым академиясының кітапхана қоры дейсіз бе, түп-түгел сүзіп шықтым. Шаң басқан кітаптардың арасынан тозығы жетіп мүжілген, жазулары өшуге айналған, ескірген, сарғайған газет тігінділерін парақтап отыру нағыз азап екен. Бірақ, амал не? Менің көздеген жалғыз мақсатым болды, ол – бұрын белгісіз, жылт еткен бір жаңалық табу. Нәтижесінде, «Қазақ әдебиетінің» тұңғыш бас редакторы болған Ғабит Мүсіреповтен бастап, газет тізгінін әр жылдары ұстап, алға жетелеген бас редакторлар туралы мәліметтерді түгелге дерлік тауып, оның біразын басылым бетінде сөйлеттім десем болады. Газет бетінен арнайы бұрыш ашып, мерекелік материалдарды нөмір сайын жариялап тұрдық. Сұрастыра-сұрастыра қазақ руханиятының үлкен бір фотогалереясын жасаған фототілшілер Сайлаубек Пернебаев пен Қайрат Мұстафинді (жазушы Ғабиден Мұстафиннің ұлы) тауып алдым. Олармен байланыс орнату, жеке архивтеріндегі тарихи суреттерді іздетіп, таптыру, оны қиылып сұрап алу, қысқасы, амбициясы тосын кісілермен тіл табысу оңайға түскен жоқ. Осылайша, «Қазақ әдебиеті» газеті өмірінің жетпіс жылдық тарихи шежіресі жасалды. Ендігі қызықты қараңыз. Сөйтсем, мен жасаған бұл дүние «Қазақ әдебиеті» қызметкерлерінің өмірі мен шығармашылық жолына арналған тұңғыш тарихи шежіре болып шықсын! Бұл тақырыппен бұрын-соңды бірде-бір адам айналыспаған көрінеді. Баяндамалар жасалған, естеліктер жазылған, бірақ қысқаша тарихи хроникасы жасалмапты. Рас, әдеби газеттің тұңғыш шежіресін жасағанымды басында өзім де білген жоқпын. Оны айтқан – Қадыр Мырза Әлі. Ақын ағамен Жазушылар одағының дәлі­зінде жолығып қалдық. Ол сәлемімді алып тұрып: «Қазақ әдебиетінің» тұңғыш шежірешісінің мүбәрәк қолын алу мен үшін үлкен мәртебе!» – дегені не шыны, не қалжыңы екені белгісіз. Мен жақтан еш жауап болмаған соң, түкке түсінбей тұрғанымды байқаған Қадағаң: «Сен өзің не жасап жүргеніңді білесің бе?.. Сен бұған дейін ешкім ден қоймаған «Қазақ әдебиетінің» шежіресін жасап жүрсің. Үлкен шаруа тындырып жүрсің. «Қазақ әдебиеті» газетінің шежіресін тұңғыш жасаған автор ретінде атың қалатын болды! Қолыңды сол үшін алып тұрмын», – деді. Балалық па, шалалық па, Қадағаңның осы айтқанын ол кезде жан-дүниеммен құлай қабылдаған жоқпын. Дегенмен, Қадағаңның сөзі әріптестерімнің құлағына жетіп, содан кейін «Қазақ әдебиетінің» тұңғыш шежірешісі» атанып кеттім. Осы күні сол атағымды мақтан ететін болдым.

Уақыттан жүйрік не бар? Бір күні Түркістаннан бір ғалым ағамыз қоңырау шалды. Сөз саптауына қарағанда, «Қазақ әдебиеті» газетінің тарихы бойынша ғылыми диссертация қорғамақшы болып дайындалып жүр екен, соған мен жасаған шежірені пайдалануға рұқсат беруімді сұрап хабарласып отырған беті екен. Несін жасырайын, көңілім кәдімгідей өсіп қалды. Иә, еңбегіңнің еленгенін сезіну қандай ғажап!

Соңғы жылдары газет кескін-келбетін өзгертіп, жаңа форматта, жаңа сипатта жарық көре бастады. Басылым бетінде бір интеллектуалды ағыс жүріп жатқандай. Басқалар көрмегенді көрсем, өзгелер байқамағанды байқасам, содан бір жаңалық өрбітсем деген талпыныс сезіледі. Батылырақ бола түскендей. Тақырыптық және мазмұндық тұрғыдан да толыға бастағандай. Қысқасы, шын мәніндегі тәуелсіз елімізге сай еркін, азат әдеби орта қалыптастыруға «Қазақ әдебиетінің» мүмкіндігі зор. Біздіңше, оған ұжымның шығармашылық әлеуеті толығымен жетеді.

Болат ШАРАХЫМБАЙ, ақын

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 23.01.2020 | 00:53

Болат бауырымыздың бұл ісі қанды шайқастағы Алып-Батырлардың бес қаруын сермеуінен ешбір кем түспейтін мәдени өмірдегі ерлік пен парапар әрекет екен-ау!? Міне, керемет! Ара-тұра басылымдар тарихына бас сұғып қоятын біз сияқтыларды ғана емес, өз заманының «Нағыз Энциклопедияшысы» атанған Дана Қадыр ағамыздың қырағы көзіне түсіп, көңілін аудартқан сирек сайыпқыран екенсің ғой, өзің. Бақытың баянды, жұлдызың биікте болсын!
Сәлеммен, бір желтоқсаншы жолдасың Қалиолла ОРЫНҒАЛИ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір