Бізді біріктірген – болашаққа деген сенім
09.12.2019
815
0

«Қазақ әдебиетіне» 1996 жылы, жазда келдім. Қадірі, орны бөлек басылым ғой, бүгіндері соны кәдімгідей мақтан тұтамын. Ол бір, қиындау болса да, жақсы кезең еді — бізде ғана емес, бүкіл қоғамда, жалпы жұрттың санасында «бұл — біздің еліміз, өз қазағымыздың бостандық алған киелі жұрты, осы елдің барлық шаруасы озық жұрттардан артық болуы керек» деген шынайы құлшыныс басым, сенім мол, романтикаға толы кезең еді.

Мейірхан Ақдәулет

Газетті жаны таза жақсы ағамыз Ахат Жақсыбаев басқарды да, орынбасары белгілі қаламгер Жүсіпбек Қорғасбеков еді. Құлшынысы мол ұжымның сол жылдары тындырғаны мол болғаны даусыз — газет тек әдебиетпен шектеліп қалған жоқ, қоғамның барлық проблемаларына тікелей араласып отырды, сол тұста әлі де баяғы жалтақтық пен үрейден арыла қоймаған қазақы баспасөзде ең өткір мәселелерді көтерген де, әдебиеттің жоғын жоқтаған да – осы «Қазақ әдебиеті» болатын. Біз, мүмкіндігінше, «әр нәрсені өз атымен атауды» ұстандық, көңіл жықпастық пен «қазақы кемшіліктерді» қойып, идея үшін — еліміздің барлық жоғын түгендеп, қоғамдық сананы пайдалы бағытқа өзгертсек деген идея үшін қызмет істедік. Бір жақсысы, осы идеяны ұжым іштей түйсіне білді. Бірер жылдан соң басшылыққа Жүсіпбектің өзі келді. Сірә, бізді біріктірген сол кезгі болашаққа деген сеніміміз бен бүгіндері жоғалып кеткен романтика шығар. Сол кезгі ұжым өте қуатты болған сияқты: Қуанбек аға, Адам (Мекебаев) аға, Әмірхан Меңдеке, Думан Рамазан, Болат Жетекбай, «Штаб бастығы» Еркін Жаппасұлы, Әлия досым (Бөпежанова), барлығы да газеттің беделін көтергені рас. Сол тұстағы баспасөз министрі Алтынбек ініміз газет шыққан сайын телефон шалып, «Шал, мына түрлеріңмен бір күні түгел шатылып кетесіңдер ғой», – деп қалжыңдаушы еді. Бірақ, бетімізге жел боп тиген жоқ, себебі, дәл сол тұстағы газет қазақы баспасөздің көсеміне айналып еді. Аяқ астынан туатын идеяны бәріміз қуана қолдап, үлес қосуға әзір тұратынбыз. Нөмірді түгелдей бір мәселеге арнап, тиісті тақырыптарды бөліп алып, өте жоғары деңгейде әзірлеуші едік. Газеттің авторлары да өте белсенді болды. Марқұм Ғалым Ахмедовтан бастап, жастарға дейін газеттің барлық тақырыптарына белсенді түрде араласты. Бұл, шамасы, сол кезгі сенім, «қоғамды біз де бағыттауға тиіспіз» деген риясыз, адами ұмтылыс болар. Газет қазір де жақсы, бірақ сол тұстағы сенім мен құлшыныс қазір қазақ қоғамында бәсеңсіп қалды.

Өз басым «Қазақ әдебиетінде» істеген жылдарымды мақтан тұтамын. Сол кездегі әріптестерімді де.

Газеттің мерейлі жасы құтты болсын! Ұжымға үлкен табыстар тілеймін!

Мейірхан Ақдәулетұллы, ақын

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір