Ел таңдауы: үміт пен сенім
20 қарашада елімізде президент сайлауы өтті. Алты кандидат қатысқан сайлауда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 81, 31 пайыз дауыс алып, 7 жылға сайланды. «Әділетті Қазақстан» құруды көксеген ел басшысы осы мерзім ішінде ең алдымен қандай мәселелерге көңіл бөлгені жөн? Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін билікке қандай талап-тілек қойсақ болады? Ел Президентіне айтар датыңыз қандай? Осы сұрақтар төңірегінде қаламгер қауымның пікірін сұраған едік.
Қ.ТОҚАЕВҚА НЕ ҮШІН СЕНЕМІЗ?
Құлбек ЕРГӨБЕК, жазушы-ғалым
Сексенінші жылдар. Нақтыласам, 1986 жыл. Жазушылар одағы. Бір кабинетте үш кісі. Б.Мұқай, К.Тоқаев және Мен. Соңғы кезде Кемел ағамыз қатты дегбірсізденіп алды. Баласының КСРО-ның Қытайдағы Елшілігінде қызмет істейтінін білеміз. «Қытай соңғы күндері тынышсыздау» деп әлдебір күдіктің төбесін көрсетіп қойды. Миллиард Қытай қай кезде де теңселіп-теңселіп қоятыны рас. Бүйрегі ауыратын Кемел аға сырт елден әлдебір дәрілер алдыратынын да білеміз. Әке үмітінің зор екенін білгелі қашан. Біз де Кемекеңніңбаласына сырттай тілеулес жүреміз. Өйтпегенде ше? Бұратана қазақ баласы Москваның мемлекеттік Халықаралық қатынастар институтын үздік бітіріп, КСРО Сыртқы істер министрлігіне қызметке қалдырылған. Аппаратта тәжірибеден өтіп, Қытай елшілігінде қызметте жүр. ХХ ғасырдың 30-шы жылдары Сауд Арабиясында совет елшісі қызметін атқарған Нәзір Төреқұловтан тартып, Төлеген Тәжібаев қостап, сырт елдерінде елшілікте қызмет атқарған, атқаратын қазақтар саусақпен санарлық.
…Жылдар өтті. Жазушылар одағында қаламдас, балалар әдебиеті жөнінен әріптес болған екі аға да «дүние шіркін, дүркін-дүркін өтеді бір күнді» айтқызып, бақилыққа әр кез көшіп кете барды. Мен Түркістанды түлету мақсатында туған жеріме аттанып кеттім.
Халықаралық қатынастар факультетінде оқитын ұлым, бүгінгі саясаткер, көптілді юрист Шыңғыс Ергөбек Түркістанға Н.В.Новиковтың «Пути и перепутья дипломата», Л.Н.Кутаковтың «Вид с 35 этажа. Записки советского дипломата», В.С.Зориннің «Владыки без масок», Қ.К.Тоқаевтың «Как это было…» аталатын кітаптарын ала келді. СССР-дің Сыртқы істер министрі А.А.Громыконың редакция басқаруымен шыққан «СССР-дің Дипломатиялық қатынастары» туралы көп томдықты әлденеше ақтарғам. Ұлым Шыңғыс әкелген әлгі кітаптарды сүйсініп оқып шықтым. Әсіресе ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қ.К. Тоқаевтың қолынан шыққан әлгі «Как это было…» аталатын кітабы. Сүйсіндім. Дипломат жазбасы. Қытайда 1986 және 1989 жылдары болған үлкен дүрбелеңнің туу себептерін, сол кезгі Қытайдағы саяси-экономикалық дағдарыс, содан туған дүрбелеңді қолмен қойғандай етіп әңгімелеген. Талдай отырып әңгімелейтін, әңгімелей отырып талдайтын шеберлігіне таңғалдым. Өзге елдің елшілерінде бар, бізде жоқ «дипломат жазбалары» әдеби дәстүрді туғызғаны үшін қуандым. Ең бастысы – детектив жазушы Кемел ағайдың сонау 80-ші жылдары Жазушылар одағында отырып, дегбірсізденген себебін терең түсіндім. Халықаралық жағдайды ойлап, баласын уайымдап, бүйрек сырқаты қабынып, ұзамай көз жұмған Кемел ағайдың әкелік жүрегін терең түсіндім.
ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев жайында ойладым. Миллиардтан баяғыда лықсып тасыған Қытай еліндегі саяси-экономикалық ахуалды әлеуметтік жағдаймен жіті байланыста талдай білген, алып елдің дағдарыс себебін салдарымен қоса айқындай алған азамат Тәуелсіздік алғанына мәз болып, 30 жыл мақтанумен жүріп, тоқырауға түсіп қалған қазақ елін «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН» форматында жолбасшы болып дамыта алатынына күмәнім қалмады.
Қ.К.Тоқаевқа сол үшін де сенгім келеді. Сеніммен дауыс бердім.
ТАЗА ТАБИҒАТ ҮШІН КҮШ БІРІКТІРУІМІЗ КЕРЕК
Роза МҰҚАНОВА, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері
Бұл жолғы сайлаудың тарихи бетбұрыс болғаны рас. Халықтың ықыласы да, сенімі де айқын көрініс тапты. Енді, науқаншыл, кертартпа әрекеттен бойды аулақ салып, елдің көшін түзеу басты мұратымызға айналуы керек. Жаңа қоғам, жаңа Қазақстан, әділетті орта құру барша азаматтың үлесінде. Әділетті қоғам орнатуға әрқайсымыз мүдделіміз. Қазіргі таңда атқарылар іс те, жауапкершілік те күшейіп отыр.
Қазақстандағы ірі қалалардың бәрі лас. Алматыдай сұлу шаһар әлемдегі ең лас қалаға айналды. Арқаға алғаш көш түзегенімізде Астананың ауасы тап-таза еді. Бүгінгі күнде Астана да ең лас қалаға айналып барады. Біз – өзіміз тұратын қаланың мәдениетін қалыптастыра алмай отырған ұлтпыз. Неге қазақтар көп шоғырланған қалалар тез ластанады? Өзен-суларға, орман-тоғайларға қалай болса солай қараймыз. Табиғатты көздің қарашығындай қорғауға пейіліміз де, санамыз да жар бермей келеді. Таза ауа, таза су, таза табиғат үшін күш біріктіруіміз керек. Қалаларды ірілендіргеннен гөрі, қала халқының санын шектен асырмаған дұрыс сияқты. Қала маңындағы ауылдарды көркейтіп, экономикалық өсім қарқынды дамыса, қоғамдағы жағымсыз әрекеттермен бәріміз бірге күресе алсақ, ұлтымызға, халқымызға қажет әділетті қоғамда өмір сүре аламыз деп ойлаймын.
ЫЛҒИ «ЕКІ АДЫМ ІЛГЕРІ» ДЕГЕН БОЛМАЙДЫ, БОЛҒАН ДА ЕМЕС
Оңайгүл ТҰРЖАН, ақын
Бұл сайлаудың қорытындысы – ешкімге жалтақтамай, жаңа дәуірге қадам басудың басталуы деп бағалаймын. Біз, әрине, жақсылықтың бәрінің тез-тез болғанын қалаймыз. Алайда 30 жылдық тежелудің таудай-таудай кедергілерін жолдан қысқа уақыт ішінде алып-алып тастау – тез болатын жағдай емес. Соған қарамастан, Президентіміз Қ.К.Тоқаев әрбір істің ұтырын тауып, жедел қимылға мүмкіндік беретін реформалар жасайды деген үміттемін. Кезінде А.Байтұрсынұлы айтқандай, «біздің қоғамның сырқаты тек бір жерінде емес, ол оның барлық жерінде». Оны «емдеп», аяғынан тік тұрғызып жіберу – тек бір адамның мойнындағы міндет емес, әрқайсымыздың міндетіміз. Әсіресе жұмыссыздық мәселесі. Бұл – ең қиын сұрақ екені рас. Бірақ біздің елде ғана емес, ең мықты деген алдыңғы қатарлы елдердің бәріндегі ауыр мәселе – осы. Бұл баяғыдан солай. Оны шешудің ұтымды жолының бірі ретінде Президентіміз жастарға өз бизнесіңді аш, көмек береміз деп отыр, яғни, өзіңе-өзің жұмыс ойлап тап, қолдаймыз деп отыр. Жастар дегенде – жасы қырық беске жетпегендердің бәрін жастар деп есептеймін. Демек, олар «маған кім не тауып береді?» дейтін ескірген жұрттан көшіп, «мен нендей жұмыс ойлап тауып алсам екен?» деген концепциямен жүруіне тура келеді. Яғни, жастарға идеяшылдық керек. Миды қозғап, қоғамдағы қажеттіліктерді саралап, «кетігін тауып», өзіңнің сол кетікті жабатын «кірпіш» ретіндегі мүмкіндігіңнің бар екеніне көзің жетті ме, істі бастап кет. Тәуекел ет те, тас жұт! Тәуекел түбі не? Әрине, желқайық. Ол қалай да алып шығады. Басында қиын болуы мүмкін, кейде кері кетіп жатқан сияқтануы да мүмкін. Бірақ «екі адым ілгері, бір адым кейін» идеясы бар емес пе? Ылғи «екі адым ілгері» деген болмайды, болған да емес. Ал биліктің Әділетті болуы – мұндай іс-қимылға даңғыл жол ашатындығын Президент Қ.Тоқаев кешегі жиында айтты. «Әділеттілік болмаса, даму да болмайды, реформа да болмайды, тіпті ештеңе де болмайды» деді. Рас қой! Мемлекет басшысы айтқан сөзге мен сенемін. Сіз де сеніңіз!
Үлкен биікке шығарады деген сенімдеміз
Дәулеткерей КӘПҰЛЫ, ақын, ҚЖО Астана қалалық филиалының директоры
Президент сайлауына халық белсенді қатысты. Өзіміз дауыс берген сайлау учаскелеріне, «Қазмедиадағы» онлайн теле-марафонға таңғы жетіден түнгі бірге дейін ағылып келіп жатқан халықтың санында есеп жоқ. Әртүрлі тақырыптар қозғалып, қазіргі түйткілді мәселелер жөнінде талай-талай дүниелер айтылды. Әр саланың мамандары келді. «Алда, болашақта Қазақстан қай бағытта даму керек?» деген сұрақ бұл елдің әрбір саналы азаматын бейжай қалдырмайды.
Халық өз таңдауын жасады, әр қазақ өз дауысын берді. Әрқайсының жүрегінде үміттің оты, көздерінде сенімнің ұшқыны бар. Қасым-Жомарт Кемелұлы енді ешкімге жалтақтамай, алдағы жеті жылда мемлекетімізді үлкен биікке шығарады деген сенімдеміз. Әділетті Қазақстан құру жолында әрбір азаматтың өз саласын шынайылықпен, махаббатпен, жауапкершілікпен алға жетелеуі маңызды. «Хан шаңырақ болғанда, халық – уық» дейтін қазақпыз. Шаңырақты шайқалтпай, уықты қыдыртпай, әр қазақ өзінің міндетін дұрыс атқаруы қажет. Көшбасшымызға тірек болғанымыз жөн. Бұрынғы ескі жүйенің, бұрынғы жемқор жүйенің құрсауын бұзып, Әділетті қоғам орнату бағытында Қасым-Жомарт Кемелұлы барын салады деген ойдамын.
ҚАРУЛАНҒАН ҚОЗЫ ҚАСҚЫРДАН ҚОРЫҚПАС
Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ, ҚЖО Қарағанды облыстық филиалының директоры
Біз – жасымыз отыздан асқанша бір ғана президенттің ауысқанын көрген ұрпақпыз. Назарбаев кеткен кезде Перуашев құсап көңіліміздің босағанынан бе екен, әлде ақыры президенттің ауысқанын көргендігімізден бе, көңіліміз алабұртқаны бар. Соңғысы болса керек. Жарасқан Әбдіраштың Ғафу Қайырбековке арнаған эпиграмасындағы «Теледидарды ашып қалсаң Ғафекең» болып кете бергеннен кейін Нұрсұлтан Әбішұлынан жалыққанымыз – бір, жемқорлық пен дағдарыстан көз ашпаған Қазақстанды көре беріп ашынғанымыз – екі.
Ал енді Тоқаевтан не күттік? Сол жолы дауысты Қосановқа берсек те болар еді. Қосановтың желкесі күдірейген, кеудесі үңірейген ақордалық клан мен жыланға шамасы жетпесін біліп Тоқаевқа бердік. Тоқаев ол жағынан үмітімізді ақтай бастады. Бірақ әлі де болса көмейде күлбадамданған күдік бар.
Осы жолғы сайлауда тағы Тоқаевты таңдадық. Басында сайлау жариялағанына қарсы болдық. Бұл кісі де Назарбаевтың сценарийімен кетті деп. Кейін ойласақ, бұл алдағы елге төнген қауіптің алдын алудың айла-шарғысы екен. Өйткені кезінде Ақорданы ен жайлаған, кейіннен қуылған клан мен жыландар келесі сайлауға өз кандидаттарын дайындап жатқандай. Әлдекімдер блогерге айналып, халық алдында ұпай жинай бастапты. «Аңқау елге арамза молда». Бұл бір себебі десек, екінші себебі Тоқаевпен қатар президенттікке түскен үміткерлерге Мемлекет тізгінін сеніп тапсыра алмайды екенбіз. Не болса да, тілеуіміз осыдан кейінгі сайлауда.
«Демократия дегеніңіз – екі қасқыр мен бір қозының ас мәзірін таңдау үстіндегі дауыс беруі. Ал бостандық мұздай қаруланған қозының бұндай дауыс беру нәтижесіне қарсы шығу» деген екен Бенджамин Франклин. Біз отыз жыл бойы жасанды демократияның құрбаны болдық. Алдағы уақытта қаруланған қозыдай бостандық сезінер кезіміз келе жатқан секілді.
Ең бастысы ел аман, жұрт тыныш болсын! Не көрмеген елміз?! Арқамызда осы Мемлекетті құру жолында жаннан безген ақшейіттер мен ашаршылықта құрбан болған ата-бабамыздың аруағы тұр. Тоқаев сол салмақты сезінсе екен дейміз. Ер жігіт әке алдында қалай абыройлы болғысы келсе, ұлт алдында да солай абыройын ойлайды. Мен Қасым-Жомарт Кемелұлының аманатқа қиянат қылмайтынына сенемін!
ҰЛТТЫ ҰШПАҚҚА ШЫҒАРАР ДЕП СЕНЕМІН
Мерей ҚАРТ, ҚЖО Абай облысы филиалының директоры
Кезектен тыс Президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 81,31% дауыс жинап, жеңіске жеткенін көрдік. Иә, оның ең жоғары пайыз алатыны айдан-анық еді. Өйткені Қасым-Жомарт Тоқаевтан басқа лайықты, ел сенім артатын кандидат жоқ еді.
Бұл жеңіс бүкіл халықтың әділетті қоғам құрылсын деген ниеттегі жеңісі екенін аңғарамыз. Жаңа Қазақстан – жаңа дәуірдің басы болсын деп сенеміз.
Президент сайлауына халықтың қатысу белсенділігі ең жоғары болған Абай облысы екеніне куәміз. Абай облысының сайлаушылар тізіміне енгізілген сайлаушылардың 80,18% дауыс берген екен.
Тұрғындар азаматтық жауапкершілік танытып, таңдауын жасады. Таяуда құрылған облыстардың белсенді болатыны да бесенеден белгілі. Қанша жыл армандаған, аңсаған халық тілегіне құлақ асып, Абай облысын құрған Ел Президентіне халықтың алғысы деп ойлаймын.
Президент сайлауының ең басты қағидасы елдің еңсесін қайта тіктеуге, алдағы жеті жылда түбегейлі өзгерістер жасауға, (әр сала бойынша) бір тудың астына бірігетін күн туғанын мақсат етсе, мұратымызға жетерде мұрттай ұшпай, ұшпаққа шығар қадам екеніне бек сенейік.
Уақыт төреші. Қазақ елін тағы бір белеске шығарып, алдымызда қандай күн туар екен деген үмітке жалғады.
Ұлан-байтақ жерімізді сақтау, елдігімізді паш ету, еркіндігімізді жоғалтпау сынды құндылықтарымыз артып, Жаңа Қазақстанның жұлдызы жоғары болса деп тілеймін!
Халық сенген екен, Президентке ең жоғары дауыс берген екен, халықтың адал көңіліне дақ түспейтін, қуатты мемлекет құратын, заңы әділ, әлеуеті тең, алып Елге айналайық!
АМАНАТ АРҚАЛАҒАН АЗАМАТ
Хамит ЕСАМАН, ҚЖО Жамбыл облыстық филиалының директоры
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ашық әрі әділ өткен сайлауда айқын басымдықпен жеңіске жетті. Президентке деген халықтың қолдауы мен сенімі қазақ елінің алдынан жаңа мүмкіндіктердің ашылғанын көрсетеді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлының Әділетті Қазақстан құрудағы тың бастамалары, жаңашыл идеялары да алдағы жарқын күннің, жақсы сәттердің көрінісі деуге болады.
Халқымыз – ежелден әділдік, адалдық, туралық жолын ұстанып келе жатқан ел. Мұны ұлтымыздың ұлы мұраларынан, тарихи шежірелерінен де анық аңғарамыз. Ал Президенттің Әділетті Қазақстан құрудағы сәтті саяси қадамдары да сол ұлттық құндылықтармен сабақтас дер едік. Президент «Халықтың сенімі – ең басты құндылық» екенін айтты. Халықтың сенімінен ұлы ештеңе жоқ. Сонымен қатар халқымыз ертеден аманат деген ұлы сөзге ерекше мән берген. Бұл күні халық өзінің тағдырын Құдайдан соң, Қ. Тоқаевқа сеніп тапсырды. Ал өзіне артылған аманатты, сенім жүгін лайықты деңгейде арқалап, жүктелген міндетті абыроймен атқару – нағыз елім дейтін ерге ғана тән мінез болса керек. Мәртебелі әрі жауапты міндетті Қасым-Жомарт Кемелұлының адал атқаратынына сенім мол. Әділетті Қазақстанда кемел ұлт, ашық қоғамның ары қарай салтанат құрып, еліміздің дами түсетініне біз де сенеміз.