Н. Оразалин. Ұлтқа қанат бітірген ұйым
13.12.2019
964
0

Қазақстан Жазушылар одағы – ұлт үшін аса қажет осындай киелі де қасиетті ұлы міндетті абыроймен атқарған, атқарып келе жатқан, Алла бұйырса, алда да атқарары мол ұлт руханиятының аруақты төрі.

Бұл – қолына қалам ұстаған жазушы қауымы үшін ғана емес, күллі қазақ елі үшін артық дәлелді керек етпес, Сөзді сақтау мен Рухты қорғаудың айдай Ақиқаты!

Өкініші мен өксігі, өрті мен дерті Ұлы Даланың тынысын қатар буған өт­кен ғасырдың елең-алаңында, дәлірек айтқанда, ұлт арыстары мен алыптарының басы жадыға түсіп, бірі қамалып, бірі атылып жатқан қиямет-қайым кезеңде, қазақ халқы қолдан жасалған геноцидтің құрбаны болып, ұлы нәубет ұлтымыздың жартысынан астамын баудай түсірген қасіретті жылдармен тұспа-тұс өмірге келген ұйымның өткенін – ұлт әдебиетінің жаңа дәуірдегі қалыптасу тарихы ғана емес, ұлтымыздың аласапыранға толы аумалы-төкпелі, алуан түрлі күнгей-көлеңкесі шарпысқан жиырмасыншы ғасырдағы ұлы тарихы деп танып, бағалауымыз керек. Бастауында Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер тұрған ұйымның құрылуы хақында, тоқсаныншы жылдар басында ара-тұра айтылған ұшқары пікірлердің негізсіз екенін бүгінде уақыт дәлелдеп отыр.

Тоғыз валды теңіздей өкірген өткен ғасырдың шындығына бойлаған сайын, 1934 жылдың маусымында Алматы қаласында Сәкен Сейфуллин беташар сөз айтып, Ілияс Жансүгіров ауқымды баяндама жасап барып, уақыт-аламанына қосылған қазақ қаламгерлерінің ұйымының 85 жасқа толғанын ойлап отырып, іштей толқығаным, тарихтың арғы-бергі кезеңдерін таразы-талқыға салып, тебіренгенім рас.

Оның үш себебі бар…

Бірінші себеп – үстіміздегі жылы 125 жылдықтары Сарыарқа, Қостанай, Жетісу төрлерінде аталып өткен, ұлт әдебиеті мен руханияты әлгіндей қиын-қыстаулы кезеңдермен бетпе-бет келіп, ұлт ретінде сақталу, сақталмауымыз күн тәртібінде тұрған тұста тәуекел айтып, ерге қонған алаштың үш бірдей алыбы мен арысына – Сәкен, Ілияс, Бейімбеттердің рухына тағзым жасау парызы болса; екінші себеп – сол арыстар мен алыптар аманатын орындап, әр дәуір қиындықтарымен беттескен тұста ұйым тағдырын өз тағдырлары санап, әдебиетке адал қызмет еткен, Тәңір­ден бұйырған дарыны мен таланттарын ұлт топырағында көгеріп-көктеген сөз өнерін өрістетуге арнаған ұлыларымызға, ірілерімізге, бір сөзбен айтқанда, бүгінде арамызда жоқ, аттары мен ақиқаттары аңызға айналған аға буын өкілдеріне деген құрметім… Үшінші себеп… Ширек ғасырға жуық өзім тізгінін ұстап, тәртесін мойын­ға ілген 1996 жыл мен 2018 жыл ара­лы­ғындағы өтпелі дейтін өзек өртер қиындығы аз болмаған кезеңге қайыра бір оралып, жаһандану дәуірі көлденең тартқан уақыттың «тар жол, тайғақ кешулері» мен «соқтықпалы соқпақты» сәттерін аз-кем ой тезіне салу.

Әрине…

Ой мен санаға, жан мен жүрекке салма­ғы аз түспеген ұйым өмірін бір мақалада сар­қып айту мүмкін емес. Алла бұйырып, жа­ратушы мүмкіндік беріп жатса, мойылдай қара шашты бозқырауға бояған жылдар қағаз бетіне қонып, ұйым тағдырын өз тағ­дырындай көріп, от кешіп, мұз кемір­ген, тәуелсіздік дейтін киелі де қасиетті ұғым­ның қанатында жүріп, есейген, ес жиған уақыт жайлы түбі бір кітаптың жазыларына күмәнім жоқ. Әрі-беріден соң бұл мен үшін ғана емес, уақыт дейтін кір­пияз мінезді ұлы сыншының алдында бір дәуірдің шындығын қаз-қалпы айтар аяулы да аруақты Ақиқат үшін керек екені анық!

Жә…

Ол басқа әңгіме!

Бүгінгі әңгіме…

Менің қолыма қалам алып, ақ қағазбен тілдесуіме себеп болған қасиетті қазақ көркемсөзінің қарашаңырағы – Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдық торқалы тойы!

Әуелі… Ұйымның құрылу кезеңі мен оны құрудың қажеттілігі туралы өз ойымды жеткізгім келеді…

Ілгеріде айтқандай, идеологияланған қоғамның темірдей берік тәртібін орнық­тыру үшін жүйеге осындай бір ұйым ке­рек болды. Бұл – уақыттың бұлтартпас ақиқаты! Ақиқат астарында екі мақсат, екі мүдде тұрғаны даусыз еді. Бірінші мақсат – тоталитарлық жүйенің мүддесі – ел санасын шеңгелімен бүріп отырып, ойды құрықтау, тізгіндеу! Екінші мақсат – ұлттық мүдде! Оған жетуді ойлағандар – Сәкен, Ілиястар болатын!

Міне…

«Ұлтым» дегендер атылып, асылып, «жұртым» дегендер жіпке тізіліп көгенделіп, итжеккенге қуылып жатқан тұста тұсауы кесілген ұйымның күнгей мен көлеңкелі себептері осы!

Алып мемлекеттер алып ойлы, алып мақсатты тұлғаларды жаратары тарихтан белгілі. Тізгіндеу, ырықтау, құрықтау дейтін аярлығы мен қатігездігі қатар өрбіген айласы мол әдіс Кеңестер Одағы дейтін империяда ой мен сөздің жаңа тұрпатты кеңістігін қалыптастырды. Тізесі батқан билікке қарсылық күн санап қоюлана түсті. Осы бағыттағы үнсіз «қарсыласу» әдебиетте әлемдік сипаттағы көркем туындылардың жазылуына ықпал етті… Бұл – біз ойлап тапқан жаңалық емес. Бұл – адам баласы өзінің саналы өмір сүруге бет алған тұста қаталдық пен қатігездікті мансұқтаудан туындайтын жерүсті қағидасы еді.

Бұл ойымызды дәлелдейтін мысалдарды әлемнің арғы-бергі тарихынан молдап келтіруге болады. Империялар қанат жайып, билік шексіз үстемдікке ие болған қоғамда ұлттың, ұрпақтың ішкі тайталасын (қарсылығын) оятар қуатты көркем туындылардың өмірге келуі, өнердің өрістеуі заңды! Ерте дүние тарихынан, атап айтқанда, көне қытай мәдениеті мен ертедегі Үнді философиясын өмірге алып келген кезеңдерден, Шумер, Мысыр, Бабыл мәдениеттерінің бесігін тербеткен замандардан, Элиндік дәуірдің сиқырлы өркениеті мен Көк түріктердің тастағы ғажайып жырларын жаратқан кезеңдерден біз өнер мәңгілігі мен ой-парасат мәңгілігінің жаратылысын аңғарғандай боламыз!.. Ұлы қарсылық ұлы тұлғаларды қалыптастырып, ұлы тұлғалар ұлы мәдениетті жаратқанын көреміз.

Тұрлаулы тарихтың еншісіне айналған ХХ ғасыр – адамзат ойының жаңа тұрпатты үлгілерін қалыптастырған, арғы-бергі дәуірлердің тәжірибесін қорытқан, соның нәтижесінде адам баласының өмір сүруі мен ойлауының, көркемдік түйсінуі мен қабылдауының орасан жаңа үлгілерін қалыптастырған, парасаты мен ғарасаты қатар өрілген ғасыр. Бір сөзбен айтқанда, ХХ ғасырдың ұлы әдебиетін жасауға ықпалы зор ұйым осындай парасат айдыны мен ғарасат майданы шарпысқан кезеңде келді.

Жекелеген елдердің мысалына сүйенсек те, әлемдік контексте алып қарасақ та, сіз бен біздің кіндігімізді кесіп, санамызды қалыптастырған, ойымызды бекіткен, ғаламат оқиғалар мен өлшеуге көне бермес өзгерістердің кеңістігі болған сол өт­кен жүзжылдық өмірге алып келген қауымдасып, қоғамдасып өмір сүрудің бір үлгісі – осы әралуан өнер иелерінің әрқилы шығармашылық ұйымдар айналасына топтасуы. Жазушылар одағы – дәуір тудырған сондай ұйымдардың ірісі болды.

Шығармашылық одақтардың құрылы­мын түзген – Кеңестер Одағы дейтін алып империя жүйелі жұмыс істеді. Әдебиетті бағыттау мен өнерді тізгіндеу арқылы жүйе тұтас бір дәуірдің рухани ұстанымын қалыптастыруға күш салды. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін коммунистер қаталдық танытып, тізгінді тежеумен қатар, әдебиет пен өнер иелеріне жағдай жасауды да жан-жақты ойластырды. Империя өз ойын жүзеге асырып, өз мақсатына жету үшін сол тұстағы беделді, белгілі қаламгерлерді барынша ұйым жұмысына тартты. Шетте жүрген Максим Горькийдің Отанына қайтуы, ұйым жұмысына белсене араласуы – соның айғағы.

Бізде Максим Горькийдің тарих арена­сын­дағы атқарған осынау айтулы міндетіне баға беруде сыңаржақтық бар. Горькийдің пешенесіне «пролетарлық» дейтін қа­саң ұғым өшпестей болып жазылып қал­ған­дай… Ақиқатына келейікші… Суреткер қаламынан туған көркем туындылар өзінің құндылығымен, шыншылдығымен дараланып, берісі – орыс, әрісі – әлемдік әдебиетте оқшау көрінетін сипатын қалай жоққа шығаруға болады?! Өмірді тану мен өмір шындығын бағалаудағы жазушы ұсынар концепция астарында қаншама замана ақиқаты мен адамдар тағдыры жатыр десеңізші?! Шыңырау түбіне түскен пенделердің қасіретін дәл Горькийше жаз­ған суреткер некен-саяқ… Горький – шын мағынасындағы нағыз реалист суреткер, ірі жазушы. Ол – Толстойдың, Чеховтың көзін көрген, қатар жүрген, тәлім алған, үлкен әдеби ортадан шыққан XX ғасыр әдебиетінің тумысы бөлек көрнекті өкілі.

Егер Горький дәрменсіз жазушы болса, оны тұтас бір жүйенің құрақ ұшып, іздеп, Италиядан арнайы алдырып несі бар еді?! Коммунистерге Горький бар жағынан, суреткерлігі, іскерлігі, ықпалдылығы, тіпті саяси жағынан болсын дөп келді, үйлесті. Сондықтан жаңа қоғамның санасын тәрбиелейтін тарихи міндетке ұйытқы болар ұйым тізгінін Мәскеу ұзақ ойланбай Горькийге тапсырды. Горькийдің суреткерлік беделі мен қоғам алдындағы абыройына сенгендіктен тапсырды. Өзге республикалар да өздерінде құрыла бастаған жазушылар ұйымының тағдырын халқы қабағына қарап, өнерін жоғары бағалайтын тұлғалардың қолына сеніп тапсырып жатты. Қазақстанда мұндай тарихи міндет Алаштың ұлы перзенттері – Сәкен Сейфуллин мен Ілияс Жансүгіров бастаған шоғырдай талантты топтың үлесіне тиді…

Осы арада басын ашып айтар бір шын­дық бар. Ол – жаңадан пайда болған отарлаушы державалық жұрттың орнына тарих аренасына жан алысып, жан берісіп жүріп келген Кеңес өкіметі өзінің айқай-сүреңі мол төңкерісшіл ұстанымдарына берік екенін дәлелдеді. Көнгенге жылы қабақ танытты, көнбегеннің басын алды. Державалық амбицияда шек болған жоқ… Соның салдарынан қазақ өз жерінде өзі қашқын атанып, өз жерінен өзі үркіп, үдере көшті.

Қаңғыртқан – айласы қалың қоғамның әккі саясаты.

Үркіткен – айы теріс туған уақыттың зобалаңы мен зорлығы.

Тарихи әділетсіздік халқымызды қына­дай қырды… Алаш дейтін айбыны асқан адал жұрт сеңдей соғылысып, бірі Ерен қабырғадан әрі асып, тілі, діні бөлек жұрт­тың тепкісіне түссе, бірі құм кешіп, қу медиен шөл басып, Ауған асып, Иранды паналады… Телім-телім боп тентіреді… Ен даланы еркін кезіп, ен жайлаған елдің еркін өмірі ертегіге айналды. Төркінінде «сену» мен «сендіру», «көну» мен «көндіру» жатқан билікшіл қоғамның ұйымды құрудағы мақсаты, мұраты жүзеге осылай асты.

Сәкен Сейфуллин де, Ілияс Жансүгіров те – өз ұлты үшін бастарын бәйгеге тіккен біртуар тұғырлы тұлғалар ретінде ұлтты сақтап қалудың бірден-бір жолы тілді сақтау екенін, тілді сақтау үшін халқымыздың ғажайып қазынасы – сөз өнерін, көркем әдебиетті сақтау керек екенін жан-тәнімен, бар болмысымен түсінді. Жазушылар ұйымын аяғынан тұрғызу арқылы олар ұлтты, ұлттың ұлы құндылықтарының қайнары – көркем әдебиетті сақтап қалуға болатынына сенді. Сол үшін күресті. Сол үшін ұйымды өзінің түпкі мақсатын жүзеге асыру үшін құрған империялық қоғаммен терезелерін тең ұстай отырып, тебінгісін тең баса отырып сөйлесті.

Өз шындықтары мен өз ақиқаттары үшін өзектері өрт жұтып жүріп күресті.

Ұйым құлағында тұрған Алаш азаматтары қаламгерлердің еркін одағын құру арқылы әдебиетті сақтау мен қаламгерге жағдай тудырудың алғышарттарын қалыптастырды. Мұндай жоба бұрын-соңды әлемнің ешбір елінде болмаған еді. Сәкен, Ілияс, Бейімбет айналасына Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мү­сірепов, Ғабиден Мұстафин, т.т. тәрізді топтасқан ұлттық әдебиетіміздің сол тұстағы ірі өкілдері Жазушылар одағын үлкен әдебиетке алып барар бірден-бір ұлт руханиятының киелі төріне, алтын арналы мектебіне айналдыра білді. Уақыт озған сайын сол өзгерген, өрісі кеңейген замана ағысымен қоса қаламгерлер ұйымы да өзінің бағыты мен бағдарын толықтырып, кеңейтіп, өрістетуге күш салды.

 Әрине, ұйым өмірі бір қалыпты бол­ған жоқ. Идеологияшыл қоғам­ның «сола­қай­лығынан» ұлттық құндылық­тары­мыз­дың аз зардап шекпегені белгілі. Бұл орайда, ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтің «Хан Кене», «Қилы заман» тәрізді ертеректе жазылған классикалық дүниелерінің тағдырын еске алсақ та жеткілікті. Мысалы, 1928 жылы жарық көрген «Қилы заман» романы жазушы өміріне қара бұлт болып төнген жылдарды қалай ұмытуға болады? Егер Әуезов қамауда қалып, өзінің осынау шедеврларынан «бас тартпағанда», жазушы тағдыры қалай болар еді?! Байлар тұтқындалып, Алаштың ақылы асқан көсемдерінің бірі атылып, бірі айдауға кетіп жатқан тұманы қалың кезеңде қосақ ішінде Әуезовтің кетуі де әбден мүмкін еді. Әуезов шегініске барды. Шегініс – жеңіліс емес… Сөз жоқ, 1932 жылғы ашық хат кемеңгерліктің көрінісі еді… Кемеңгерлік ұлы суреткерді сақтап қалды. Ұлы суреткер әлемге әйгілі «Абай жолы» эпопеясын жазды. Қазақ әдебиеті ғана емес Еуразияның ұлы кеңістігін жайлаған қазақ есімді халық осы туынды арқылы жұмыр жерге өрісі кең, өркенді ұлт ретінде кеңінен танылды.

1934 жылы қазақ жазушыларының тұң­ғыш құрылтайында сөйлеген Сәкен Сейфуллиннің сөзіне назар аударсақ та, Ілияс Жансүгіровтің баяндамасын зейін қоя оқысақ та, басты мақсат ұлт әдебиеті мен ұлт қаламгерлерін замананың сойқанды дауылынан сақтап қалуға күш салған жүректердің соғысын, сергек ойлы сананың жанұшырған әрекетін сезінуге болады.

Бірақ суреткер санасын қозғауға салған уақыт тым қатал болып шықты. Уақыт тудырған империяның әккілігі де, айласы да асып түсті. 1937-38 жылдардағы сталиндік репрессия ұлтты да, ұлтшыл ой-сананы да біржола шөктірді, есеңгіретті. Империяның айбыны бел алып, ұлт қайраткерлерінің айдыны тарылды. Үндемеу, іштен тыну, құса болу, ашыну, ұлттық қартаю дәуірі басталды… Екінші жақтан күнбағыстардың, шолақбелсенділіктің, жалпақшешейліктің жолы сайрап іске қосылды.

Ұйымның ұлы тарихына көз жүгіртіп отырып, қоғам өміріндегі күнгейлі-көлең­келі тұстардың таңбасы мен ізін одақ өмірінен анық аңғаруға болады. Күнгейлі тұсы да көп, көлеңкелі сәттері де жеткілікті… Жасырып-бүгетіні жоқ, «қаржысын бөліп, қаламгердің жағдайын жасаған» қатал жүйе, әсіресе 30-40-50 жылдарда ұйым қолымен біраз қиянатқа жол бергенін білеміз… Тарихтың ащы сабақтарына ойша көз жүгіртсеңіз, бармағымызды қарш-қарш шайнайтын тұстары жетіп-артылады.

«Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» дейтін отызыншы жылдар мен қырқыншы жылдардың ақыл мен парасат иелеріне қырғидай тиген «шұбар төс» мінезін айғақтайтын тарихи құжаттарға бүгінде жол ашыла бастады. Оқысаң, ар­қаң­ды аяз қапқандай болады. Әкесі баласын, інісі ағасын аямаған содыр заманға не деуге болады?! «Әйелің – халық жауы» дегенде ауыз ашуға дәті бармаған «империя көсемдерінің» қауқарсыз кескінін көріп тұрып, «төмендегілерге» айыпты қалай тағарсың?! Ортағасырлық инквизициядан асып түспесе, кем түспеген қоғамнан қаламгерлер ұйымын бөле-жара қарауға болмайды. Бірді-бірге айдап салу мен бірін-бірі ұстату «ортақ іске» айналған қоғам жазушыларды да өз ұйығына тартты. «Бейімбет жау болса, біз де жаумыз…» деген Ғабит Мүсіреповтер мен жүйе солақайлығын ашық айтып, Сталинге хат жазған Тұрар Рысқұловтар аз, тым аз болды. Шындықты айтпақ түгілі, естіген жанның мойнына қылбұрау түскен қоғамды кінәлайсың ба? Әлде адам жанын тоздырған заманды кінәлайсың ба?!

Дегенмен…

Өкініші мен өксігі, қуанышы мен жеңісі қатар өрілген осынау жиырмасыншы ғасырдың төл перзенті саналар жазушылар ұйымының ұлт әдебиетін әлемдік сатыға көтеруде орасан істер атқарғанын мойындауымыз керек. Ұйым әдебиет өрісін кеңейтіп, озық үлгілі туындыларымыздың өзге тілдерге аударылуына, сондай-ақ көр­кем әдебиетіміздің үздік үлгілерінің қа­тарының молаюына барынша күш салып, тиісті мемлекеттік орындар алдына кітап шығару, қаламақы төлеу, жазушының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын реттеп отыру секілді күрмеулі мәселелерді қойып отырды. Сол мәселелердің оң шешілуіне мұрындық болды.

Қатал дәуірдің қиямет-қайымы мен қиындықтары еңсеріле бастады.

Тағдырын көшпелі өркениетке байла­ған, бірте-бірте жаңа замана жалына жармасып, даму мен өрістеудің жаңа сатысына көтерілген, ұлт әдебиетінің айырықша шарықтаған тұсы XX ғасыр екені дау тудырмайды.

XX ғасырда ұлт ойы мен парасатының кенен көздері ашылып ұлт ғылымы қарыштап өсті, әдебиетіміз бен өнеріміз әлемдік биікке көтеріліп, ондаған классикалық шығармалар дүниеге келді, ғаламтану үлгілеріміз мойындалып, көркемдік мектептеріміздің көкжиегі кеңейді. Қазақ халқы өзінің көпғасырлық көшпелі дәуірін тұйықтап, отырықшылыққа бет түзеді, үй тұрғызды, қала салды, қара соқаны ғарыш жолымен жалғады. Ең бастысы, азаттық айдынына шықты.

Осы ғасырда Абай, Махамбет, Жамбыл есімдері әлемге қазақ жырының құ­ді­ретін танытты. Осы ғасыр Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Сұл­тан­махмұт, Шәкәрім, Сәкен, Ілияс, Бейім­бет, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиден шығар­маларының тұсауын кесті. Арыстарымыз бен Алыптарымыздың ойын тербеткен ғасырдың соңы қазаққа тәуелсіздік дейтін киелі ұғымды тарту етті. Тәуелсіздіктің тұғырға қонғанын көрдік.

Иә…

Дәуір ұлтты шыңдады. Ұлт дәуірдің болмыс-бітімін жасады. Өмір, замана ақиқаты бізге осыны айтады.

Әдебиет сол ақиқаттың айнасына айналды.

Жиырмасыншы ғасыр ұлт мерейін өсірер үлкен әдебиетімізді қалыптастырды. Ғасыр бедерінде қазақ әдебиетінің барлық жанры дамыды. Жазушылар одағы сол қалыптасу мен дамудың қара қазанының отын үрлеген қара көрік секілді қыруар міндеттер атқарды. Соның арқасында ел көкірегінде сөз өнеріне деген құрмет пен ықылас орнықты. Бұл жағдай өз кезегінде ұлт қаламгерлерінің әдебиет алдындағы жауапкершілігін күшейтіп, жазуға деген құлшынысын молайтты.

Осы ғасыр Б.Момышұлы, Қ.Аманжолов, Қ.Бекқожин, Х.Ерғалиев, Ә.Нұрпейісов, Т.Ахтанов, Б.Соқпақбаев, Ә.Нұршайықовтар бастаған соғыс көр­ген ұрпақтың онсан жүйріктерін әлем­ге танытып, көркемдіктің жаңа сипаты реалистік-психологиялық кеңістігін қалыптастырды. Осы ғасыр тарихқа «жылымық» дейтін айырықша атпен енген алпысыншы жылғылардың өрісі кең өзгеше туындыларын жаратты. Мұқағали, Қадыр, Тұманбай, Олжас, Фариза, Жұмекен, Төлеген, Сәкен, Күләш, Кеңшілік, Жұматай, Жарасқан, Иранбектердің есімі қазақ жырының баламасына айналды.

Осы ғасыр қазақтың ұлттық прозасын әлемдік сатыға көтерген, Әбіш Кекілбаев, Сайын Мұратбеков, Мұхтар Мағауин, Қалижан Ысқақ, Әкім Тарази, Бексұлтан Нұржеке, Ақселеу Сейдімбек, Смағұл Елубайлар бастаған жаңа тұрпатты баяндау үлгісін алып келді.

***

Қазақстан Жазушылар одағы дейтін киелі де қасиетті ұйымның абырой-беделін көтерген жазушыларға – тарих толқынында ұлт намысын қорғай білген тұлғаларға бұрыла кетуді өзіме парыз санадым.

Біріншісі, желтоқсан көтерілісі кезіндегі төрт қаламдасымыздың айрықша ерлік көрсетіп, таяққа құлаған, жазықсыз жапа шеккен ұл-қыздарымызға ара түскені. Олар – Жұбан Молдағалиев, Сафуан Шаймерденов, Сейдахмет Бердіқұлв, Сағат Әшімбаевтар. Бұл төрт есімнің азаттық көтерілісінің ұраны секілді болғаны ел жадында.

Әрине 1986 жылы алаңға шыққан қаламгерлер аз болған жоқ. Оның бәрін бұл арада түгендеп жату мүмкін де емес…

Екінші оқиға, Олжас Сүлейменовтің «Невада-Семей» қозғалысын бастауы. Қасірет пен қайғыға малынып, қырық жыл бойы ұлы Абайды жаратқан киелі өңірдегі жарылысты тоқтату туралы азаматтық ұстанымы әлемді өзіне жалт қаратқаны ел есінде. Ел пікірінің ақыры Тұңғыш Қазақ Президентінің Жарлығымен 1991 жылдың жазында (Кеңестер Одағының ыдырамай тұрғанында) жүзеге қалай асқаны жадымызда. Сөз жоқ, алаштұлғалы екі бірдей азаматтың (Президент пен Ақынның) ерліктерін ұмытуға болмайды!

Реті келгендіктен, айту парыз деп ойлаймын… 1999 жылы Қазақстан Жазушылар одағында 12 наурыз күні Тіл тағдырына орай өткен жалпы жиналыс шешімінің Қазақстандағы телерадиохабарларының 50 пайыздық мөлшерде жүруіне (ресми, бейресми арналарда) ықпал еткені үлкен оқиға болғаны ел есінде. Осы жылдың күзінде Жазушылар одағында «Жер Кодексін» талқылаудың да қоғамда үлкен резонанс тудырып, соңыра Парламентте қабылдану қарсаңында тұрған Заң жобасын Ел Президентінің тоқтатқаны жұрт жадында.

Осының бәрі, сайып келгенде, құ­рыл­ға­нына 85 жыл толып отырған қара­ша­ңы­рақ ұйымның шығармашылықпен қатар ел өмі­ріндегі, қоғам тіршілігіндегі маңызды оқи­ғаларға белсене араласып отырғанының айғағы.

Иә…

Он бес жылы кем бір ғасыр тарих үш­ін қысқа – көзді ашып-жұмғандай мерзім. Ұйыммен жасты, яғни 1935 жылғы туған, ақсақалдықтың биігіне көтерілген жұмырбас пенде үшін бұл, сөз жоқ, үлкен уақыт кеңістігі. Ата жасын артқа тастап, бабалық кезеңге өтіп отырған әлгі адам баласының көзімен бағалар болсақ, басынан заманалар құйыны мен уақыт дауылы аз өтпеген шежірелі ұйымның ұлт алдында, ұрпақ алдында сіңірген еңбегі, атқарған жұмыcы ұшан-теңіз екенін аңғармау мүмкін емес. Өз басым 22 жыл Жазушылар одағында Төрағалық қызметте жүріп, ұйым жұмысын басқарыппын. Еншіме тиген жауапкершілік міндетті қолдан келгенше адал атқаруға тырыстым… Шынын айту керек, әрқайсысы өзін кемінде «бір-бір министрдей сезінетін» әріптестеріммен иықтасып, күйіп-тасып жүріп, ордалы төріміздің жүгін өрге сүйреу жеңіл болған жоқ. Ауыр жүкті жеңілдетіп, шаршаған сәттерде қамшыгерім болған ағаларыма, қатарларыма айтар алғысым көп. Әсіресе ұлтқа қанат бітірер ұйымға қиын кезде қол ұшын беріп, қамқорлық көрсетіп келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа айырықша ықыласымды білдіргім келеді.

Білдіре отырып… Жазушылар одағы­ның 70 жылдығы аталып жатқанда, салтанатты жиынның биік мінберінен Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматовтың ауызымен айтылған мына бір сөздер жады төрінде жаңғырды: «Союз Писателей Казахстана мужественно выстоял, не поддался разрушительным действиям сил злоупотреблявших эгидой свободы без ответственности. Он выстоял, подрос и укрепился, и сейчас, на фоне того, что претерпевает современная действительность, выглядит, как вершина Алатау устоявшая при землетрясении…

На фоне того, что пережила и переживает наша страна Киргизия и что сейчас происходит Узбекистане, вы, казахстанцы, даете пример твердой, устойчивой платформы в условиях нового демократического развития. Эт положительная результативность должна и дальше сохраняться, развиваться не только для вас самих, но и для окружающих вас народов.»

Мақаланы ХХ ғасырдың ұлы жазу­шы­сының осынау баталы тілегімен аяқтай отырып, дамудың жаңа сатысына өткен Қазақ Еліне, сол санатта қазақ қаламгерлеріне мерейтой құтты болсын деген тілек айтқым келеді.

«Ырыс алды – ынтымақ» дейді дана халқымыз.

«Береке басы – бірлік» дейді абыз ойлы Алаш жұрты.

Ұлтқа қанат бітіріп, арманын қалғытпай келе жатқан қарашаңырағымыздың ылайым ынтымағы – қасында, берекесі басында болсын!

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір