Татулық пен елдіктің мерекесі
25.10.2015
1057
0

573073_1796209619_AH1Z8228Қазақ хандығының 550 жылдық тойы өтіп жатқан дүбірлі мерекеде ұлт зиялылары мен ақын-жазушылардың ортасында жүріп, сұхбаттас болдық. Бәрінің айтары бір: «Бұл той – тарихын тереңнен алған мемлекет екенімізді танытқан,  халықтың рухын көтерген, қалғып бара жатқан сананы сілкінткен мереке ғой!..». Кешкі басқосулардың бірінде жазушы Бексұлтан Нұржеке-ұлы: «Мемлекеттік мүдде жолында Керей мен Жәнібек елді ынтымақтаса басқарды. Бірі таққа отырғанда екіншісі оның тағына көз алартпады, татулықты сақтады. Өзге елдердің билеушілері таққа таласып, ел ішін ырың-жырыңға айналдырып жатқан тұста, Керей мен Жәнібек ел іргесін бүтіндеп алды. Ішкі алауыздықтың ел тыныштығын бұзатынын ұқты, мемлекет тұтастығы үшін татулықты, бірлікті сақтай білді. Бізге осы мінездері үлгі», – деген еді. Иә, тақ пен туыстық таразы басына түскенде алғашқысының салмағы ауырлап кете беретін аласапыран заманда, мансап қумай-ақ, ел бүтіндігі үшін туыстық, татулық тілеуінен айнымаған мысалдар бізде жетерлік. «Тарихи жазбаларда Үгедей хан сырқаттанғанда кенже інісі Төле айналмақ рәсімін жасап, соның жолында өзін құрбандыққа шалғаны туралы айтылады», – дейді «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» энциклопедиясының 1-томында. Мемлекет бүтіндігі, ұлт тұтастығы жолында хан ел үшін басын бәйгеге тіксе, хан айналасындағылар ұлт тұтастығы үшін хан жолында құрбан болыпты.


Қазақ – тарихын қадірлей алатын ұлт екенін Тараздың дүбірлі мерекесі тағы бір дәлелдеп берді. Керей мен Жәнібек туын тіккен өңірде «Қазақ хандығы» монументінің ашылуы – бабалар аманатына адалдық, үлкен құрмет. Монумент айналасында абыр-сабыр болып жүрген – немересін арқалаған ата-әже, баласын жетелеген ата-ана, той қарсаңында басы қосылып, шығармашылық және еңбектегі жаңалық­тарымен бөлісіп, қауқылдаса қалған зиялылар тобы, студенттер, оқушылар – Тараз­дың шуағы ерекше. Көпшілік жүздерінен айрықша жылылықты байқар едіңіз. «Біз кеше ғана құрылған халық емеспіз. Сонау сақ пен ғұндардан, Түрік мемлекеттерінен, одан бергі Алтын Ордадан қалған, Керей мен Жәнібектің соңынан еріп Шудың жағасында ту көтерген елміз. Қазақ сөзі сол кездерде шыққан болатын. Тарихымызды бүкіл әлем білсін, келер ұрпақ танысын деп осыны жасап отырмыз». Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тараз тойында, «Қазақ хандығы» монументінің ашылу салтанатында осылай деп сөз сөйледі.
Білетіндер бұл  тойға әлемнің 17 мем­леке­тінен арнайы қонақтар жиылғанын айтып жатты. Дүниежүзінің ең ірі деген телеарналары осы күні Тараз маңындағы дүбірлі тойдың хабарын таратты. Бұл тойда түрлі мере­келік шаралар аталып өтті. Мәселен, «Қазақ хандары» энциклопедия­сының тұсауы кесілді. «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталы­ғы ашылды. Көне қаланың орнын тамашалап жүріп, сонау ерте заман­ға өтіп кеткендей күйге енесің. «Мыңбұлақ» сквері «Мыңбұлақ» жайлауын, Шолу мұнара­сы ескі шаһарды көз алдыңа елестетеді. Мұнара жұмысы толық біткен соң, биі­гінен қарағанда Тараздың көрікті жерлері түгел­дей көрінетін болады десті мамандар. Кешен аумағына қойылған «Домбыра» стелласы – қа­зақ рухының асқақты­ғын паш етіп тұрған­дай…

1444329555_lҚазақ хандығының 550 жылдығы қар­саңында тойға тарту ретінде еліміздің әр өңірі Тараздағы түрлі нысандардың құрылы­сын жүргізуді өз мойындарына алды. Тараз­дың шығыстық сәулет өнері өрнегінде жа­ңар­­тылған оюлы оңтүстік қақпасын Оңтүстік Қазақстан облысы толықтай жаңар­­тып берді. «Тараз» қонақүйінің алдына орна­тылған скверді жаңалау жұмысын Маңғыс­тау облысы жүргізді. Батыс Қазақс­тан облысы «Көне Тараз» тарихи-мәдени ор­та­лы­ғындағы «Мыңбұлақ» скверінің құ­рылысын жасады. Ал Қызылорда және Қостанай облыстары бірігіп, «Қарахан» кесе­­несі маңына сквер орнатты. Нәтиже­сінде, қаланың Төле би даңғылының бойында көрікті демалыс орны бой көтерді. Атырау облысы Тұңғыш Президент саяба­ғының қарсы бетіне сквер орнатты. Соның ық­па­лы­мен, «Астана» ықшамауданының аумағы гүлдей құлпыра көркейген. Сквер аума­ғында 2 субұрқақ, сондай-ақ, қала тұр­ғындары мен қонақтары демалуға арналған құйматас жолдар мен орындықтар орна­тылған. «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталы­ғындағы дуал және кіреберіс арканы орнату жұмыстарын Алматы қаласы қолға алды. Жамбыл даңғ­ылы бойындағы көпір өткелін безендіру жұмысын Ақтөбе облысы мойнына алды. Ал автобекет аумағынан сквер орнату жұмыс­тарын Солтүстік Қазақстан облысы жүргізді. Тараздың Тәуке хан көшесіндегі көпір өткелін абаттандыру жұмысын Павлодар облысы жасады. Жолға жаңа асфальт жабыны төселіп, жақтаулары ауыстырылды. Көпір­дің қос қапталына қыран мен барыс бейнелері орнатылды. Бұл қазақтың ұлттық нақышы іспетті қаланы одан бетер айбаттандыра түскен.
Алматы облысы Тараз қаласының көр­нек­ті орындарының бірі – Жамбыл алаңын абаттандырып, тарихи тақырыптағы екі барельеф орнатқан. «Бұл алаңды абаттандырып, ескерткішке қайта өң беру – Алматы облысының хандықтың тойына қосқан сыйы. Жамбыл аллеясын қайта жаңғырттық. Ескерткішті күрделі жөндеуден өткізіп бердік. Бұл жетісулықтардың Жамбыл Жабаевқа көрсеткен ерекше құрметі деп қабылдаңыздар. Алматы облысы кәсіпкер­лері аллеяны жаңғыртуға 75 миллион қаражат бөлді. Ескерткіш маңайын да абаттандырып, екі барельеф салып бердік. Ескерткіштің оң жағында бұрын ескі базар болатын. Сол базардың көрінісі алаңның көркін бұзып тұрған еді. Базарды көрсетпеу үшін арнайы барельеф жасалды. Тараз қала­сының әкімімен бірлесіп, той қарсаңын­да аллеяның ресми ашылуын өткіздік», – дейді Қазақ хандығының тойына Алматы облысының өнерпаздары мен әнші-жыр­шыларын қоса алып келген Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев.
Дүбірлі мерейтой барысында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ерлік арқауы, елдіктің бастауы – Қазақ хан­дығы» атты жазба жас ақындарының республикалық жыр-мүшәйрасының қорытындысы шығарылды. Үшінші орынды Айжан Тәбаракқызы, екінші орынды Бақ­дәу­лет Әбдрашит алды. Ақын Мирас Асанғазы бірінші орынды иеленді. Мүшәйраның бас жүлдесін Ерлан Жүніс «Нараду» поэмасымен қанжығалады. Ерланның поэмасын аға буын ақындардың өзі ең сәтті туындыға балап жатты.
Хандықты жырлауды мақсат еткен айтыс та, аламан дода да, білегі мен жүрегі мықты балуандардың күресі де, сән-салтанаты жарасқан тарихи қойылым да, көшпелі жұрттың көзіндей болған көшпенділер мәдениеті де тойдың даңқын аспандатты. Алайда, тарихи көркем шығар­малар тудырған қаламгерлердің көбінің жұрт­шы­лықпен кездесу өткізуге мүмкіндігі болмады. Биыл туғанына 100 жыл толу ме­рей­тойлары қатар келген, Қазақ хандығын, ұлт тарихын көркем  шығар­маларына арқау еткен, сөйтіп Кеңестік солақай саясаттың соққысын аяусыз көрген Ілияс  Есенбер­линнің оқу­лары ұйымдастырылып, қазақ хандарын зерттей жүріп, шындықты айтқаны үшін түрмеге «тоғытылған» аса көрнекті ғалым Ермұхан Бекмахановқа арналып түсірілген Сатыбалды Нарым­бетовтың «Аманат» фи­льмі көпшілік көрер­мен назарына ұсынғанда тойдың салтанаты арта түсер ме еді деген ой келді, бабалар рухына тағзым етіп жүріп.
Не десек те елдік пен татулықты ту еткен мұндай ғаламат той қазақ халқын өткені мен тарихына жақындастыра түскені сезіледі…

Өз тілшіміз.
ПІКІР ҚОСУ