ҰЛТ ҮШІН КҮРЕС «ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ» ГАЗЕТІ АРҚЫЛЫ ЖҮРІП ЖАТТЫ
10.12.2019
1279
0

Мерзімдік басылымдардың ел өмірінен алатын орны ерекше. Тіпті қаламгердің аяғын аттап бастырмайтын тоталитарлық кезеңнің өзінде газет беттерінде, азды-көпті болса да, оқырманның кәдесіне жарайтын материалдардың жарық көретіні белгілі. Рас, коммунистік идеология журналистиканы, әдебиет пен өнерді, тарихты насихат құралына айналдырды.

Бірақ сондай қиын жағдайда рухани әлемімізде жақсы туындылар болмады деп айта алмаймыз. Біріншіден, біздің жазба әдебиетіміз, профессионалдық өнеріміз, негізінен, совет өкіметі тұсында қалыптасты. Екіншіден, қанша қиын болса да, сол заманда Б.Майлиннің әңгімелері, М.Әуезовтің повестері, әйгілі «Абай жолы» эпопеясы, І.Жансүгіровтің «Құлагері», т.б. дүниеге келді. Белгілі дәрежеде халықтың эстетикалық талғамы қалыптаса бастады. Кеше ғана мәдениеттен алшақ, сауаты жоқ надан аталған халық саяси қыспақта отырып-ақ, азғантай уақыттың ішінде өзінің шығармашылық әлеуеті әлем халықтарының ешқайсынан кем емес екенін дәлелдеді.

Мінеки, осындай рухани дамудың қалың ортасында жүрген және соған елеулі ықпал жасаған басылымдардың бірі – «Қазақ әдебиеті» газетінің жарық көргеніне 85 жыл толып отыр. Бұл – үлкен тарих. Өйткені бұл тарихтың ішінде әдеби туындылар арқылы берілген халықтың арман-аңсары, қуаныш-қайғысы, қысқасы, бүкіл жан-дүниесі жатыр.

Қазақтың аяулы азаматтары осы газетті басқарып, осы газет арқылы өз халқына, қолдарынан келгенше, жақсылық жасауға тырысты. Большевиктік саясатты қолдап отырса да (басқа жол да болмағаны белгілі), танымдық тұрғыда қазақтың рухани әлемін байытуға үлес қосты деп айта аламыз.

1980 жылдардың ортасынан әрі қарай заманның сипаты өзгере бастады. Темір шымылдық сырттан ағылған ақпараттар ағынына тосқауыл бола алмай қалды. Әлемдік әдебиеттің ықпалы күшейе түсті. Аяғы Совет өкіметінің саясатына қосылмаған, тіпті оған қарсы күрескен Алаш азаматтарын ақтау мәселесінің күн тәртібіне қойылуы, тарихтың ақтаңдақтарын ашуға, ұлттық құндылықтарға ұмтылыс, 86-жылы алаңға шыққан жастардың ашық қарсылығы – осының бәрі бұдан әрі халықтың бұрынғы құлдық санамен өмір сүргісі келмейтінін көрсетті.

1989 жылы мен «Қазақ әдебиеті» газетіне Бас редактор болып келгенде мәдени-саяси кеңістікте осындай өзекті мәселелер күн тәртібінде тұрған еді.

Алайда ұлттық құндылықтар үшін күрес біз ойлағаннан да күрделі болып шықты. Орыс тілді қазақтардың көбі – оның ішінде кезінде ұлтжанды атанып жүрген белгілі адамдар да бар – «біз өз бетімізше ел бола алмаймыз, ру-ру болып бытырап кетуіміз мүмкін» деген ойды желеу етіп, ұлттық дербестікке қатысты аргументтерді жоққа шығаруға тырысты. Ал біз сол кезде тарихқа, жерге байланысты материалдарды көбірек беруге тырыстық.

Есімде, ұмытпасам Мамин-Сибиряктің бір әңгімесі болу керек, сол кездегі қазақ елін билеп отырған патша чиновниктерінің өзара айтысы берілген. Сонда бір орыстың: «Өткенде қазақтардың бәленбай мың десятина жерін тартып алғанбыз, одан кейін тағы да сондай жерді тартып алдық, енді тағы да аламыз деп отырмыз, сонда бұл халық қайтып күн көрмек?» деген мазмұнда айтылған сөздері бар. Бұл, әрине, шындықты мойындау деген сөз. Сондай материалдарды табу қажет болды.

Желтоқсан көтерілісіне байланысты тартыстар аз болған жоқ. Өйткені жастарды жазалауға қатысқан адамдар әлі сол басшылық орындарында отырған болатын.

Осындай жағдайда ұлт үшін күрес «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы жүріп жатты. Яғни, бұл газет әдебиетті ғана насихаттап қойған жоқ, Қазақ мемлекетінің тәуелсіздік жолындағы күресінің қалың ортасында жүрген басылым болды деп айта аламыз.

Редакция ұжымын газеттің 85 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Төлен Әбдік,

жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері.

«Қазақ әдебиеті» газетінің 1989-1991 жылдардағы Бас редакторы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір