«СЫНШЫҒА АЙТЫЛАР СЫР» немесе ЗЕЙНОЛЛА ҚАБДОЛОВТЫҢ ТҰСЫНДАҒЫ «ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ»
06.12.2019
1246
0

Белгілі әдебиет зерттеушісі, филолог ғалым, Қазақстанның Халық жазушысы Зейнолла Қабдолов 1959 жылдың сәуірінен 1960 жылдың қарашасына дейін «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы қызметін атқарған.

Қабдолов басқарған уақытта әдеби апталықта әдеби сынға баса көңіл бөлініп, «Кітаптарға шолу» айдарымен баспадан шыққан жаңа кітаптарға талдау жасалады. Ал «Келіңіз, пікір алмасайық» айдары бойынша жаңа әдеби туындылар талқыға түсіп отырған. Мәселен, «Мадақтау ма, мазақтау ма?» деген мақалада Ілияс Есенберлиннің «Біржан сал трагедиясы» поэмасына сын айтылады. Онда автор: «Атағы шыққан әнші Біржанның өмір тарихын бұрмалап, болмаған оқиғаны бояулап, Біржанды өмір бойы жындана берген адам есебінде көрсетуі шындыққа жата ма?» – деп, Біржанның көзін көргендердің естеліктеріне сүйене отырып әйгілі тұлғаның өмірін қысқаша баяндап өтеді, Біржанның өмірінде мұндай қайғылы жайттың ел ішіндегі дау-дамайлардан кейін жалқы рет орын алғанын айтады (Е.Байболов. Қазақ ССР Ғылым академиясының Ғылыми кітапханасының қызметкері. 1960, 15 қаңтар). Газет бетінде көп ұзамай жарық көрген «Сыншыға айтылар сыр» атты мақалада автор – ақын Хамит Ерғалиев сын жанрына қатысты ой-пікірін білдіре келе, мақаласының соңында әлгінде айтылған Е.Байболовтың сыни мақаласына тоқталады. «Рас, біраз ұзақ нәрселер жазған тәжірибесіне қарамастан, Ілияс өлең техникасына, көркемдікке күні бүгінге дейін жеткілікті көңіл бөлмей жүр. Оны қатты айтқан абзал. Сонымен бірге оның адал еңбегін аққұла мансұқ етпеу керек еді. Оның поэмасында Біржан бірнеше рет жынданбайды, сыртқы зұлым күштің қысымы – неше түрлі қиянат сөз, өтірік-өсек, «жаптым жала», жалған лақап бәрі қосылып ақынды жынданар халге келтіреді… Онда сыншы айтқандай талантты мазақтау жоқ, Ілияс ақынның Біржанға деген махаббаты бар», – деп түйін жасайды (1960, 15 сәуір). «Келіңдер, пікір алмасайық» айдарымен профессор Б.Кенжебаев жас ақын Әділбек Абайділдановтың «газеттің өткен нөмірінде жарияланған» «Ленин» дейтін өлеңіне қатысты сын пікірін айтады. «Өлеңнің кемшіліктері мазмұны мен көркінде, айтқан ой-пікірі мен қолданған сөз, теңеулерінде», – дейді (1960, 4 наурыз). Кенжебаевтың шағын сыни мақаласындағы тұжырымдары әжептәуір пікірталас тудырып, газетте Қ.Нұрмахановтың, Ж.Ысмағұловтың, К.Шәменовтың Б.Кенжебаевқа қарсы мақалалары жарияланған. Бұдан бөлек, редакцияға бір ғана күнгі поштамен төрт адамның мақаласы келіп түскен. Редакция алқасы осының бәрін айта келе мынадай түйіндеме беріпті: «Айтыс не көрсетті? Айтыс алдымен сын пікір жалаң емес, нақты айтылса, белгілі бір көркем шығармаға байланысты дәлелді, деректі айтылса ғана нәтижелі болатынын аңғартты» (1960, 25 наурыз).

 Сол уақыттағы әдебиет өкілдерінің алтын уақытын қиып, тіпті, бір ғана өлеңнің өзіне осылайша пікір білдіргендері таңғалтпай қоймайды. Сын түзелмей – мін түзелмейтінін ұмытып бара жатқанымыз ойланта ма, Сізді?!

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір