Сырға толы 85 жыл!
Уақыт ілгері жылжыған сайын ертең бүгінге, бүгін кешеге көшеді. Жазушылар одағы құрылып, арда азаматтар одақ тізгінін алғаш ұстаған сонау күндерден бері 85 жыл сырғып өте шығыпты. Ғасырға жуық сол уақыт ішінде Жазушылар одағында сандаған айтулы оқиғалар болды. Одақ мүшелерінің «Халық жауы» деген жаламен оққа байланған сәті де, қолына қару ұстап соғысқа аттанған кезі де, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай шағы да, 1986-да алақұйын болған тұсы да, тәуелсіздіктің алғашқы сынағы да одақты айналып өтпеді. Шүкір, бұл күнде одақ төрт аяғын тең басқан тұлпардай. Дегенмен, кәрі тарихқа көз жүгіртіп, әр кезеңдегі одақ басшыларының үніне құлақ салып көрелікші!
Сәкен Сейфуллин
…Жақсы білесіздер, жолдастар, екінші бесжылдықты орындауда негізгі міндеттің бірі – шаруашылықтан да, адамның санасынан да капитал қалдығын жою. Мен «адамның санасындағы қалдық» дегенді қаттырақ айтамын: өйткені, адамның санасын, жан жүйесін қайта істеп, қайта жасауда жазушылар адам жанының инженері болуы керек. Міне, кеңес жазушыларының, тұңғыш съезіміздің алдында тұрған ірі міндеттерінің басы – осы.
(Қазақстан кеңес жазушыларының тұңғыш съезін
ашардағы Сәкен Сейфуллиннің сөзінен)
Ілияс Жансүгіров
Поэзияда әлі желісі көркем, тілі бай, мазмұны күшті үлгілі өлеңдер жоқ. Поэмада көрінген күшті қаһармандар жоқ. Қызықты тартыс жоқ. Өлеңге жан бітіретін лирика жоқ. Поэзияны шарықтатып аспанға шығаратын фантазия, төңкерісшіл романтизм жоқ. Бұған әлі ұмтылған ақын да болмай келеді, өлең жеңіл жазылып, арзан құнды болып барады. Тек аяғы ұйқасқан, газеттің мақаласы, жаңа жарапазан, бата поэма – әсіресе соңғы жылдарда өлең өнерін төмендетіп алдық. Сәбит айтқандай, күніне бір поэма жазып отырып, ілгергі ақындардан жылына бір поэма оқымайтын ақын көбейді.
…Біз өткен жылы әңгіме, очерк, өлеңдерге бәйге жарияладық. Бұл – бәйге көпті оятты. Бәйгеге елудің ішінде шығарма түсті. Біз осы шығарманың жетеуіне бәйге бердік. Осы бәйгеміз туралы кейбіреулерде «бәйге дұрыс берілмеді» деген көңіл бар. Бұл туралы менің айтатыным: бәйгенің біріншісін беру негізгі жағынан біздің қатеміз болған. Бұл – бәйге комиссиясының жиылысында айтылып, бір пікірге келген қатеміз, неге десеңіз, алдыңғы бірінші бәйге беру олай қорытынды шығаратын болғанда, әрине, біздің бірінші бәйге беруіміз қата, қаншалық тәуір жазылғанымен «Шұғыла» да, «Ахыран бастығы» да, «Төте жол» да, өзгелері де әдебиетіміздің маңдай алды, бірден-бір үлгісі бола алмайды.
(Ілияс Жансүгірұлының
І съезде жасаған баяндамасынан)
Сәбит Мұқанов
* * *
Ұзақ жазудың да мөлшері бар. Кезінде желпініп жарыққа шықпаған романдардың стол астында шіруі де мүмкін, бітпеген көп романдардың бірін-бірі басып тұншықтыруы да мүмкін. Енді «бұл неліктен?» деген сұрау қояйық. Ол сұрауға кесіп жауап айту қиын. Дегенмен жорамалдауға болады. Оған екі себеп болу керек, бірінші – жазам деген темасының меңгерілмеуі, шикілігі, айқын еместігі, екінші – өресі, шеберлігі жетпеуі. Жасыратыны жоқ, біздің көп жазғыштарымызда осының екеуі де бар.
Уәдесі көп, орындағаны аз, бір орыннан жылжи алмайтын жазушыларға осы мінін айтсаң, «Менің көп уақыт жазғанымда, бітірмеуімде қанша ақың бар? Бітірген бөліміме қарап бағала!» – деп ренжиді. Ондай жазушыға айтарымыз: бірер қабырғасы көтерілген, есік, терезесі, едені, төбесі салынбаған, сыланбаған үйге қарап инженердің шеберлігін айыруға бола ма? Сол сияқты басталып бітпеген шығармаларының құнды-құнсызын қайдан білеміз?
…Үшінші – қанша материал жинасын, қанша талантты, фантазиялы болсын, егер сөз жазушыда білім болмаса, күрделі көркем шығарма бере алмайды. Мысалға, романды алайық, егер бір жазушы романның теориясын білмесе, роман дегеннің не екендігіне түсінбесе, романдарды оқымаса, ол жазушы романды қалай жазбақ? Тыңнан жолды қалай салмақ? Орыстың жазба әдебиеті негізі қаланғанына 800 жылдан асты, ал орыс әдебиетінде роман жанры туғанына 100 жылға жеткен жоқ. Күнбатыс Еуропада роман ХІ–ХІІ ғасырларда туа бастады, бірақ ХVІ–ХVІІ ғасырларға дейін туған роман еркін аяқтана алған жоқ. Бұрын әдебиетінде роман жоқ елдерде романның тез тууына себеп – әдебиеті өскен, көрші елдердің романынан үлгі алғандық. Олай болса, роман жазатын адам ең алдымен жалпы білімі, оның ішінде әдебиет білімі жеткілікті, сауатты болуы керек. Әйтпесе, одан ойдағыдай шығарма ала алмаймыз.
(Сәбит Мұқановтың
ІІ съезде жасаған баяндамасынын)
Ғабиден Мұстафин
* * *
Романның тілі орамды, мағыналы, тапқыр екендігі өз алдына, онымен қоса – бай. Салақтықтан, білмегендіктен, кейде тіпті жалған сақтықтан халық жасаған бірсыпыра тіл әдебиетімізден қағажу қалып жүрді. «Абай» романында халық тілі кең қолданылған, олардың қайсыбіріне автор жаңа мән сала, жаңа әсер бере отырған. Жылдар өтер, біздің тарихшыларымыз жазушының, кітаптың тіл байлығын терең зерттейтін болар, сонда «Абай» романының бұл қасиеті арта түсетіндігіне күмән жоқ.
Абай дәуірі түгілі колхоздасудан бұрынғы ауылды осы күнгі жастардың көбі білмейді. Өйткені, тіпті тез өзгерді ауыл, орасан өзгерді. Біздің өзіміз «Абай» романындағы халықтық кейбір салттарды білмейміз. Тарихты тек тарихи ғалымдардан ғана үйрену – жетімсіз. Жақсы шығарма оқушыға эстетикалық ләззат берумен қатар, білім де береді, өмір тануға жәрдем етеді. Өткен қауымның салтын, әдет-ғұрпын, күнкөріс тәсілдерін, жалпы елдік қағидаларын білу қажет десек, «Абай» романы – бұл жағынан да өте құнды кітап.
(Ғабиден Мұстафиннің
ІІІ съезде жасаған баяндамасынан)
Ғабит Мүсірепов
Әуезов жазушылардың ІІІ съезінің қарсаңында он үш, он төрт жылдық еңбегін аяқтады. Бұл өзі – көлемі екі мың бетке жуық, төрт кітаптық серия. Бұнда бір халықтың жарым ғасырлық өмірі бар. Сол жарым ғасырлық өмір романда көркем тілмен кең көлемде көрсетіліп отыр. Атақты ақын, ойшыл, нағыз халық ұлы ретінде көрсетіліп отыр. Төрт кітаптық бұл бір топ роман өмір тақырыбының бәрін жағымды геройдың тағдыры мен тартысы арқылы береді. Ол – ақыл, қуаты зор, интеллекті бай герой. Ендеше, бұл аудандас романдар еңсесі биік, ірі мәдениетті үлгі етеді. Жоғары сапалы әдебиеттік мәдениетті дамытады. Бұл көп романның жайын осы съезде сөз қылғанда, біз бір нәрсені айта аламыз. Қазақ совет әдебиеті Абай жайындағы төрт кітаппен Бүкілодақтық көркем әдебиет қорына үлкен үлес қосты дейміз.
* * *
Біздің «Қазақ әдебиеті» газетінің де рухы көтеріліп, іске батылырақ кірісе бастады. Бұл газет бірсыпыра ақын, жазушыларымыздың шығармаларындағы кем-кетікке әділ де тура бірнеше сын мақалалар жариялады. Газетіміз келешекте де осы партиялық сара жолдан таймас деп сенемін. Біздің съезіміз әділ сынды әлсіретудің әдісін іздемес, қайта әдебиетімізде орын алып келген ірілі-уақты олқылықтардың тамырын тауып, сонан арылудың амалын құрастырар деп сенемін. Әдебиетіміздің ержеткен белді әдебиет болғандығының белгісі де осы боларға керек.
* * *
Ал әдебиетіміздің салмағы ескі тақырыпқа қарай творчестволық ізденудің қай кезеңінде, қай кезінде ауды? Оған берер жауабым – сом шығарманың, үлкен көлемнің жолын іздеген кезде ауды демекпін. Меніңше, біздің әдебиетіміз жөнінде, тіпті, басқа әдебиеттер жөнінде де, айтар сөздің әділі осы болуға керек.
Бәлкім, осы күні ерсі көрінуі де мүмкін, бірақ ескі тақырыпқа ауытқуды осыдан отыз жыл бұрын өзіміздің ардақты Сәбит Мұқанов бастап, кезінде шу көтерген «Сұлушашын» жазып тастап еді. «Сынықтан өзгенің бәрі жұғады» дегендей, ізінше осы тақырыптас, осы түрлес поэмалар қойдай өрді де, патриархалдық-феодалдық замандағы қазақ әйелдерінің күңдік күйі жырлана бастады. Иса Байзақовтың «Құралай сұлуы» мен «Ақбөпесі», «Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетауы», Ілияс Жансүгіровтің «Күй», «Күйші», «Құлагері» шықты да, он жыл бойына поэзиямыздың өресі осылармен өлшенетін болды. Бұларға ере бір топ жас ақын он шақты поэма жазып еді, бірақ олары еліктеу болып шықты. Сәбит Мұқановтың өз басы ескі тақырыптан іле жеріп, енді қайтып оралмастай, іргесін ашып, безіп кетті. Бірақ істелер іс істеліп, із салынып қалды. Тіпті, «жаңашылдың жаңашылымын» деп жүрген ақындардың бағзы біреулері осы бағдардан әрі тізгінін бұрыП ала алмай келді.
* * *
Мен көрші өзбек жазушыларының табыстарын күндемеймін, оған қызығамын. Олар Москвада болған онкүндіктерінде әдебиеттің арқауы етіп жаңа тақырыпқа жазылған шығармаларын ортаға салды, ал біз оны істей алмадық. Әдебиетіміз қаншама жоғары дәрежеге көтерілсе де, жаңа заман тақырыбына келгенде, мүдіретін кедергіміз көп-ақ. Кемшілігіміз мол, міндетіміз зор, олай болса, осы мәселені шешуге жұмыла кірісуіміз қажет.
Бұдан Қазақстан жазушылары жаңа тақырыпқа бүтіндей бет бұруға міндетті деген ұғым тууға тиіс. Қай жанрың болсын, қай жазушының болсын, қолы жеткен табысы заманымыздың тақырыбын қаншалық игере алғандығымен өлшенуі керек. Сол жаңа тақырыпты қаншалық көркем етіп көрсете алғанымен бағалануы керек. Сірә, тек осындай принцип қана әдебиетіміздің идеялық-көркемдік сапасын жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік тудыратын тәрізді.
(Ғабит Мүсіреповтің IV съезде сөйлеген сөзінен)
Жұбан Молдағалиев
* * *
Бүгін қазақ көркем сөзінің қай саласына көз жіберсең де, соған өз үлесін қоса бастаған талантты жастарды көресің және әдебиетіміздің қазіргі табыстары сөз болғанда оларды атамай кету де қиын. Біз енді Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, Қадыр Мырзалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Еркеш Ибраһим, Шәміл Мүхамеджанов, Тұрсынзада Есімжанов секілді ақындарды, Сайын Мұратбеков, Мағзом Сүндетов, Қалихан Ысқақов, Сәкен Жүнісов, Жайсаңбек Молдағалиев, Әкім Тарази, Шерхан Мұртазаев, Ақан Нұрманов, Шәрбану Құмарова сияқты прозаиктерді, Рахманқұл Бердібаев, Баламер Сахариев, Зейнолла Серікқалиев, Әбіш Кекілбаев, Хасен Әдібаев сияқты жас сыншыларды әдебиетіміздің келешегі деп берік сеніммен айта аламыз. Есімдері бүкіл одаққа белгілі бола бастаған ақын Олжас Сүлейменов пен прозаик Әнуар Әлімжанов та әдебиетте осы екі съезд арасында орнықты.
…Ендеше, тіпті ең жақсы деген шығармаларымыздың да кем-кетігін бүгуге болмайды. Мысалы, бірсыпыра жарқын образдар галереясын жасаған Хамза Есенжановтың кейбір кітабында шұбалыңқылық, кісі көптігі (перенаселенность) бар десек, ол осы бір үлкен жазушыны жамандыққа сүйреу ме екен? Ел өмірінің елеулі кезеңдерін қамтитын «Есею жылдарындағы» кейбір ескерілмеген жәйттер мен қара дүрсін беттерді атап көрсетсек, ол әдебиетіміздің ақсақалы Сәбит Мұқановты мұқату бола ма? Таяуда ғана екі миллион жарым тиражбен «Роман-газетада» «Ымырт» деген атпен «Қан мен тердің» бірінші кітабы жарияланды. Жұртшылық пікірін ескере отырып, Нұрпейісов осынау жақсы романды кейбір басы артық детальдардан арылтып, ширата түссе, сынның пайдасы деген осы емес пе? Тұтас алғанда, үлкен суреткер өнерін танытатын Ғабиден Мұстафиннің «Көз көрген» атты мемуар-романына әрқилы сындар да айтылды. Соның ішінде шығарманың бас қазығы – Сарыбала оқырмандардың көзі алдында бұдан да гөрі естиярлау, ой-өрісі кеңдеу бола түссе деген талапты нұр үстіне нұр деп қарау керек емес пе? Немесе қазақ металлургтары туралы тұңғыш романымыз «Теміртауда» схематизм элементтері бар екенін айтқаннан, марқұм Зейін Шашкиннің осынау бір құнды еңбегі жаман бола қалды ма? Тәкен Әлімқұловтың жұртшылық жылы қабылдаған «Ақбоз ат» романындағы негізгі кейіпкердің бірі Елеусіз образының солғындығын да неге айтпасқа?
Мен қазақ романының кәміл табыстары болып саналатын осы алты шығармаға әдейі назар аударып отырмын. Алдымен жақсы шығарманың кемшілігін кешпеу керек.
(Жұбан Молдағалиевтің
V съезде жасаған баяндамасынан)
Әнуар Әлімжанов
* * *
Егер сіздердің назарларыңызды тағы бір өте сүйсінерлік және қуанышты фактіге аудара кетпесем, проза жөніндегі бұл қысқа шолуымыз аяқталмай қалғандай болып тұрар еді. Бұл жерде біздің прозаиктеріміздің қатары есеп беріп отырған уақыт ішінде жас таланттар есебінен бұрын болып көрмеген мөлшерде толыққанын айтып отырмын. Егер 60-шы жылдары бұл күнде бәрімізге белгілі, жұрт таныған жазушылар Сайын Мұратбеков, Әбіш Кекілбаев, Сәкен Жүнісов, Қалихан Ысқақов, Шоқан Әлімбаев, Шерхан Мұртазаев, Бекежан Тілегенов, Дүкенбай Досжанов, Сәтімжан Санбаев, Мағзом Сүндетов, Қабдеш Жұмаділов, Әкім Тарази, Рамазан Тоқтаров, Сейдахмет Бердіқұлов, Шәрбану Құмарова, Бек Тоғысбаев және Жайсаңбек Молдағалиев сияқты жастар тобы келіп қосылғанын орынды қуанышпен сөз етсек, ал жетпісінші жылдар біз үшін, біздің мәдениетіміз үшін одан да жомарт кезең болып отыр деп сеніммен айтар едім.
(Әнуар Әлімжановтың
VІІ съезде жасаған баяндамасынан)
Олжас Сүлейменов
* * *
Жаппай сауаттылықтың өсуіне байланысты жазушылықты кәсіп қылғысы келетіндер де көбейіп кетті. Біз әдеби дарын дегеніміз – тек табиғат берген сый, сөз саптай білу қабілеті деген дағдылы ұғымдамыз. Бұл өлшем поэзия туындысына баға бергенде (соның өзі де белгілі бір шамада) дұрыс та болар. Рас, жалпылама түсініктерді түрлендіріп, космосты игеру жайлы лирикалық поэма жазып шығуға болса болар, бірақ бір шаруаның ерекшеліктерін бүге-шігесіне дейін білмей роман немесе повесть жазу мүмкін емес. Қалай болғанда да, олай әдеттенуге болмайды.
Бүгінгі оқырман талабы күшейіп кетті, автор өз кейіпкерлерінен көп білмесе, аз білмеуі тиіс. Оқырман бірде-бір мүлт кетушілікті, бірде-бір үстірттікті кешіре алмайды. Рас, оқырманның да оқырманы бар, олардың бәрі бірдей автор қозғап отырған қайсыбір проблемаларды білмеуі мүмкін, мұның өзі кітаптың әйтеуір күн кешуіне кеңістік ашады да, классикалық әдебиет пен әлемдік мәдениеттің ұлы үлгілерімен тәрбиеленген совет оқырманы жазушыға асқан сеніммен қарайды. Көп жағдайда біз осы сенімге тым иек сүйеп кететініміз де жасырын жәйт пе?
* * *
Көп уақыт бойы қалғып келген ресми ғылымды ұйқысынан оятуда өзіміз маман емес дейтіндер тындырған іс үлкен. Әдебиетшілер ғана емес, Ілияс Есенберлин ғана емес. Мәселен, орта ғасырлық Шығыстың ұлы ойшылы Әл-Фарабиді қазақ ғылымы үшін кенші Ақжан Машановтың ашып бергенін көпшілік біле бермейді. Қазақтың жазба поэзиясының тарихына, кем дегенде, үш ғасырды қосуға жәрдемдескен М.Мағауиннің мәдениет тарихына қандай үлес қосқанын көпшіліктің білмеуі де мүмкін.
(Олжас Сүлейменовтің ІХ съезде жасаған баяндамасынан)
«ХХ ғасырдың 20 сәті», «Клеопатра» деген асқақ поэмаларымен, өршіл өлеңдерімен әдебиетке екпіндей енген қарағандылық Серік Ақсұңқарұлы соңғы жылдары «Жез тасқын», «Қызыларай» атты бірінен-бірі өткен, рухы биік өлең жинақтарын шығарды. Олар «Жалын» журналы жариялаған оқырман анкетасы бойынша ең көп оқылатын кітаптар деп танылды. Әлі бірде-бір кітабы шықпаса да, коллективтік жинақтар мен мерзімдік баспасөз арқылы әдебиет әлеміне әйгілі болған Шәкизада Әбдікәрімов пен семейлік Тыныштықбек Әбдікәкімовтың, маңғыстаулық Светқали Нұржановтың жырдағы қолтаңбалары ерекше. Ақтөбелік ақын, Мұқағали атындағы сыйлықтың лауреаты Ертай Ашықбаевтың «Қос мең» жинағы, ұзынағаштық ақпа ақын, шақпа лирик Есенқұл Жақыпбековтың «Ақжармасы», жамбылдық Қуандық Шолақовтың «Күзгі ырғақтары», шымкенттік Ханбибі Есенғараеваның «Жан гүлім», Қасымхан Бегмановтың «Қарашық», оралдық Ғайсағали Сейтақовтың кітаптары – аузымен құс тістеген Құлагер болмағанымен де өз оқырмандарының ілтипатына бөленген, бірақ әдеби сын назарына ілінбей жүрген туындылар.
(Ұлықбек Есдәулеттің Х съезде жасаған баяндамасынан)
Қалдарбек Найманбаев
Сенсеңіздер, мына ауыр кезеңде бес жыл бойы осы қарашаңырақты қалай сақтап қалуымыз керек деген мақсатпен қызмет еттік. Өйткені бұл жерден қай кезде де халықтың сөзі сөйленген. Соның мұңы мұңданып, соның қамы айтылған. Қажет кезінде әлі де талай айтылады, айтыла бермек.
Біз, жазушылар үшін ең кымбат нәрсе, асыл мұрат – сонау Асанқайғы мен Бұқар жырау, Махамбеттер, Абайлар, кешегі Ахмет, Мағжандар армандап өткен, өмірі мен еңбегін сол жолда сарп еткен Бостандық туы – Еліміздің тәуелсіздігі шығар. Ендеше, тап бүгінгі таңдағы бар тілек, игі мақсат, басты шаруа – жаңа ғана қолға қонған осы Бақыт құсын қапылыста үркітіп, ұшырып алмаудың қам-қарекетіне сайса керек. Бұл жолда төзім, шыдам, болашаққа сену жемісті нәтижесін берері сөзсіз. Аз күнгі қиындық үшін өре түрегеліп, Жаңа мемлекеттің негізін орнықтыру қамындағы Елбасымыздың шаужайына жармасқандай әңгіме-шу тудырып жату парасаттылыққа апармас еді. Ондай дүрдараздықты қалайтындар да, олай болып жатса онан өз ұпайын түгендейтіндер де табылар. Бірақ ол халықтың пайдасына шықпайтыны кім-кімге де аян.
(Қалдарбек Найманбаевтың XI съезде жасаған баяндамасынан)