Жастар театрының жаңалығы
25.10.2015
1398
0
12115525_1633368276922338_683194925158985930_n
Қазақтың Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театры жетпісінші мерейтойлық маусымын қос бірдей премьерамен ашты. Балаларға арналған «Алтын мүйізді киік» (режиссері Еркін Әбдірешов), Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Мұқағали Мақатаев поэмасының желісі бойынша «Райымбек! Райымбек!» поэтикалық тарихи драмасы (режиссері және инсценировкасын жасаған – Мұрат Ахманов) жетпісінші маусымның жаңалығы.

DSC_0084

Мерейтойлық маусымын үлкен да­йын­дықпен бастаған театр биыл «АССИТЕЖ» дүниежүзілік ассоциациясының Қазақстандағы орталығы болып жарияланды. Баспасөз мәслихатында ұжым директоры Сәбит Әбдіхалықов жетпіс жылдыққа байланысты жеті шара дайындалып жатқанын хабардар етті. Журналистерге берген сұхбатында театр басшысы қос премьераның не үшін таңдап алынғанын, театрдың биылғы жоспарлары туралы ой-пікірін ортаға салды. «70-ші мерейтойлық маусымды қос премьерамен ашып отырмыз. Біздің басты көрер­­ме­німіз – балалар. Жеткіншектер үшін халық ертегісінің ізімен «Алтын мүйізді киік» спектаклін қойдық. Маусымды Мұ­қағали Мақатаевтың «Райымбек! Райымбек!» тарихи дастанымен ашуы­мыздың да өз мәнісі бар. Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы. Сол айтулы мерекеге театр ұжымы қосқан үлес ретінде, әрі тарихымызды тани түсу үшін, жастарға пат­риот­тық тәрбиені сіңіру мақсатында осы қойылымды таңдап алдық. 13 жасында өз атын өзі ұрандап, 17 жасында қол бастаған Райымбек бабамыздың бейне­сін жас ұрпаққа көр­сетпекке ұмтылдық. Ендігі жерде қазақ топыра­ғынан нәр алған оғлан­да­ры­мыз­дың, тұлғалары­мыз­дың жастық шағын насихаттауды мақсат етпекпіз. Театрдың жетпіс жылдық мерейтойы аясында «Мұхтар Әуезов театры – төркінде» деген атпен әкемтеатр біздің сахнада бір-екі спектаклін қоятын болады. Наурыз айында «Алтын сақа»  атты балаларға арналған спектакльдердің рес­пуб­лика­лық бірінші фестивалін ұйымдас­тыру жоспарда бар.
DSC_0011Мерейтойлық маусымды Ғ.Мүсірепов шығармасымен неге ашпады деген сұ­рақ­тың қойылуы да көңілге қонымды. Жыл бойы жетпіс жылдықтың құрметіне түрлі шаралар өтеді, ал 2016 жылдың мамыр айында 70 жылдықты ресми түрде мерекелейміз. Сол кезге Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» спектаклін арнайы дайындаймыз», – деді театр директоры.
Театрдың әдебиет бөлімінің меңгеру­шісі, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Бақыт Беделхан журналистерге бер­ген сұхбатында бүгінгі  таңда  жас дра­ма­тургтерді тәрбиелеу мен дайындау ісінің қиындығы туралы айтты: «Театрдың жетпіс жылдық мерейтойына байланыс­ты арнайы альбом шығару,  деректі фи­льм түсіру жұмыстарын қолға алып жатырмыз. Әрі 20-30 жас аралығындағы жас драматургтердің үйірмесін ашу да ойда бар. Осы күні драматург жоқ деп жүрміз ғой, керісінше, бізде драматург көп, олар тек ескі сарынмен жазады. Біз ашқан үйірмеде драматургияда өзін сынап көргісі келетін жас қаламгерлер дра­ма­тур­гияның заңдылықтарын  сахнада жү­ріп үйренеді, түрлі репитицияларға қа­ты­сып, драматургиялық дүниелердің қалай жасалатынын көзбен көреді».
DSC_0066Жаңа маусымның премьерасы Мұ­қа­ғали ақынның ел тарихын, батырлық шежі­ресін жырмен суреттеген шығар­ма­сы­мен ашылды. Біздің ұққанымыз – «қа­зақ қанын сылқитып» жатқан далада, қай за­ман болсын, қай дәуірді бастан өт­кер­мейік, өз «Ақтабан шұбырындысы», өз зұлматы бар екен. Актерлер би тілімен, көлеңкелі театрмен, әнмен, қимылмен – әр замандарда өз мансабы мен лауазымы үшін бұрынғының жолын ұстан­ған­сып, тыныштықты ту етіп көтергенсіп, тек қана қарақан басының қамын ғана ойлап қалған бишікештердің мысықтілеуі мен ел басына күн туғанда жауға қарсы ұран­дап шабар ұланның асқақ арманын көр­сетіп берді. Қойылым туралы болашақта кеңінен жазыла жатар, біз өз кезегімізде қойылымды сахналауға атсалысқан мамандардың пікірін қысқаша бергенді жөн санадық.


Дариға ТҰРАНҚҰЛОВА,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы
Сахна тілі кафедрасының меңгерушісі, академик:

– Соңғы кезде актерлер қауымының сөзді даңғырлатып айтып шығып, ол сөздің әуеніне, әуезіне, ырғағына көңіл бөлмей кеткені рас. Қазақ хандығының 550 жылды­ғына байланысты театрдың  директоры Сәбит Әбдіхалық­ов пен көркемдік режиссер Мұрат Ахманов «Райымбек, Райымбек­тің» сөзін дұрыстап шығаруға көмек берсеңіз деп қолқа салды. Өзім сахна тілінің айналасында 45 жыл еңбек етіп келем, әсіресе, актер­лердің тілімен жұмыс жасау маған өте қызық және өте қиын. Қиын болатыны – өзі пісіп, өзі есейіп,  аяғынан тік тұрып кеткен адамдарға қайтадан сөз сөйлеуді үйретудің машақаты көп. Кез келген актер сенің сыныңды қабылдай бермеуі мүмкін. Қойылым алдында «Райымбек! Райымбек!» тарихи дас­танына үлкен талдау жасалды, шығарма туралы келелі әңгіме қозғалды. Кейбір актерлермен жеке, кейбірімен сахналық қойылымда жұмыс жасап, айтылған сөз халыққа түсінікті өлең-жыр, ақ өлең тілімен жетуі үшін барынша тер төктім. Актерлермен тіл табыс­тық  деп ойлаймын. Көпшілік сах­­на­­­сын­­дағы сөздерді, жеке сөз­дерді жа­са­ған кезде әр сөзге өзіндік характерін беруге тырыстым. Поэти­калық дра­ма­ның өз с­­тилі, өз бағыты бар. Режис­сер­дің қойған бағы­ты­мен, мизансценасына қарай сөз­дер­ді тірілтіп беріп отырдым. Сөздің астары, оның астарын­да­ғы мағына бар. Соны ха­лық­­қа жеткізуге тырыстық. Өз басым жалған сөйлеген актерді жек көрем. Ұқ­қа­нымыз, поэтикалық поэзия түрінде жазылған қойы­­лым­­дар­ды халық тың­дай­ды екен. Қазақ өзі өлеңге жа­қын ха­лық қой. Бүгінгі қойылым, әсі­ресе, жастарға керек дү­ние. 13-тен кейін 18 жасқа ержеткен өреннің бойындағы батылдық  біздің  жастарға уағыздайтын ең қажет мінез. Соғыс болмай-ақ қойсын, бірақ батыл жүректі, арлы бабаларының жас күніндегі бейнесін жет­кіншектер көруі, білуі тиіс.  Дәл осы уақытта бұл қойылым нағыз керек дүние деп есептеймін.


Мұрат АХМАНОВ,
театрдың көркемдік жетекшісі:

– Ата-баба дәстүрін ұстанғансып, тағынан айрылып қал­мау­ды көксейтін мінез қа­зақта бұрын да болған, қазір де бар. Қай заманда да ата дәстүрін жа­мыл­­­­ғансып, бірақ өз қа­мын ғана күйттейтін, ел тыныштығын ойлағансып, өз байлығын, не мансабын көксейтіндер өмір кешкен. Мейлі, қандай тарихи маңызды шығарма болсын, бүгінмен  үндеспесе, оның халыққа қажеті шамалы. Ал Мұқағалидың бұл шығармасынан қазақ басынан мәңгілік арылмаған зарды байқайсыз. Мұқағали дастанында жырлаған зар Кеңестік дәуірде де қазақтың басында шырқ үйіріліп тұр­ған еді. Қойы­лымдағы көрі­ніс­тердің көбі қызыл мата­ның астында өтуі керек бол­ды. Оның бір себебі – қанға бөккен қа­зақ даласы «Ақ­та­бан шұбы­рын­ды» жы­лы да, одан бергі ке­ң­ес­тік кезде де бейнеттен арыл­ма­ға­нын көрсету еді. Ха­лық өз басына түс­кен зауалдың зауал екенін аңда­май да қалып жат­қан шы­ғар. Есіңізде болса, қойылымда бі­рін­ші рет атом бом­басы жарылған тұста сах­надағы кейіп­керлер қуанып жүре­ді. Иә, атом бом­басы жа­рыл­­­ған­да біз шат­тан­­дық. «Біз мықты­мыз» деп атойладық. Ал оның зардабын қазір көзбен көріп отырған жоқпыз ба? Біз «Райымбек! Райымбек!» арқылы өткен ғасырдағы ұлы шай­қастарды ғана емес, әр замандарда қазақ басынан арылмаған «Ақтабан шұбырындыны» көрсеткіміз келді. Ондай қауіптің барын бүгін де ескеруіміз керек.

Әзірлеген Қарагөз Сімәділ.

ПІКІР ҚОСУ