ЖАҢАЛЫҒЫ МОЛ ЖОЛДАУ
18.03.2022
431
0

ЖАҢА РЕФОРМАЛАР – ХАЛЫҚ МҮДДЕСІ

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы оң өзгерістер мен өзекті ұсыныстарға толы болды деуге болады. Президент жолдауында ең алдымен отыз жылдық тарихы бар тәуелсіздігіміздің жемістерін ұмытпауды, тәуелсіздігімізді қастерлеудің маңыздылығын атап өтеді. Өйткені қасіретті қаңтар оқиғасы қалың елдің қабырғасын қайыстырды. Бейбіт шерушілер арасына кірген арандатушылар мен лаңкестердің аяусыз әрекеттерінен қаншама қан төгілді, қаншама шаңырақ қара жамылды. Президент олардың қайғысына ортақтасып, көңіл айтып қана қойған жоқ, құқық қорғау органдарына нақты тапсырма беріп, лаңкестерді жазаға тартып, жазықсыз жандарға күш көрсетіп, «ортағасырлық жабайы үлгіде» азаптаушыларды жауапқа тартуды нақты айтқан болатын. Ел арасында жалған қауесеттерге жол бермеу үшін БАҚ құралдары арқылы өткен оқиғалар, тергеу орындарының жұмыс нәтижелері туралы нақты ақпараттарды жариялап, баға берудің маңыздылығын көрсетті. Президентіміздің індет кезінде де, қаралы қаңтарда да халық мүддесін көздегені анық. Өйткені Мемлекет басшысының өмірлік қағидаты ақиқат екенін таныдық. Расында, елдігіміздің іргесін қақыратуға, тыныштығын бұзуға ұмтылған сатқындар мен лаңкестердің жойқын әрекеттерін тоқтату, ел тыныштығы мен тұтастығын сақтау оңай болмағаны белгілі. Мемлекет басшысы ел ішіне іріткі салған сатқындардың «күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтіргенін» халыққа ашық жеткізді. Осындай жағдайда қиыннан жол тауып, бітімгерлерді шақырғанымен, олардың бір оғын да шығындатпай, өз құқық қорғаушы азаматтарымыздың күшімен тойтарыс берілгенін атап айтып, оларға ризашылығын білдіріп өтті. Халық мүддесіне адал қызмет етуді Мемлекет басшысы «президенттік әрі перзенттік борышым» деді. Президент, осы орайда, халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыруды өзіне міндеттеді. Шынында да, саяси жаңғырусыз елдің тұрмысын, әл-ауқатын өркендету мүмкін еместігі мәлім. Екі жарым жыл ішіндегі қол жеткен нәтижелерді атап өтті. «Елімізге түбегейлі реформалар қажет екеніне бек сенімді екенін, әйтпесе тоқырауға тап болатынымызды» ескертті. Сондықтан «геосаяси ахуал шиеленісіп тұрған» қазіргі жағдайда алыпқашпа пікірлерге бой алдырмай, еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Шынында, ұсынылған бағдарлама қоғам мүддесімен терең тамырлас, көкейкесті екені танылады. Атап айтқанда, қазіргі қоғамымызды «демократияландыру, мемлекеттің орнықты әрі басқаруға икемді болуына» жол ашу, қазіргі қырғи-қабақтық, қатаң санкция, теңдессіз қиыншылықтармен» тығыз байланысты. Сондықтан да маңызы зор бағдарлама болып табылады. Бұл реформаның құр атақ, дақпырт үшін жасалмайтынын қадап айтты. «Экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жоюға тиіспіз» деді. Оның орнына «ашық әрі әділ бәсеке» орнатқанда ғана халықтың әл-ауқаты артатынын салмақтады. Рас, «адал да әділ бәсекені», әсіресе, ғылым-білім саласында, басқа да түрлі мәдени салаларда жетілдіре түсу қажеттігі айтпаса да түсінікті болса керек. Жалпы, Президенттің «мемлекетті басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға көшуді» көздеуі де елді дамыту мүддесінен шығып отырғаны анық. Сондықтан «Күшті Президент –ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа алатын жаңа Қазақстанның стратегиялық мақсатына сай бастамаларды ұсынды. Біріншісі президенттің өкілеттігі туралы болса, бұл тұстағы маңызды мәселе «президентті тым көп өкілеттілігінен айыру» арқылы саяси жаңғыру үдерісін дамыту болса керек. Екінші бастаманың маңыздылығы – Парламенттің рөлін арттырып, функциясын қайта қарау, депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктеумен сабақтастырылды. Расында, бұл халық көкейіндегі мәнді мәселенің бірі болғаны баршамызға белгілі. Үшіншісі сайлау жүйесін жаңғыртумен, жетілдірумен тікелей байланысты қозғалды. Бұл бағытта да тапсырмалар беріліп, заңнамалар қабылданатыны айқындалды. Аралас сайлау үлгісі ұсынылды. Төртінші, партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту туралы ұсынысы да «еліміздегі саяси кеңістікті дамыту үдерісін жандандыратыны» айқын. Бесіншісі – сайлау үдерісін жаңғырту – әділ және ашық сайлау өткізуге жол ашпақ, дауыс берудің әлемдік үлгілерін ескеру. «Әлеуметтік желідегі үгіт-насихатты жүргізуге заң бойынша рұқсат беруді ұсынамын», – деді Президент. Байқаушылар қызметі де заңдастырылмақ. Алтыншы бастама – құқық қорғау институттарын күшейту. Демек, азаматтарымыздың мүддесін қорғау. Президент Конституциялық сот құруды ұсынды. Жетінші, бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту туралы бастамасы «еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі мен идеологиялық дербестігі» мәселесін қозғады. БАҚ заңын қайта қарауды ұсынды. Сегізінші бастаманың маңыздылығы еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын нақты жетілдіру мәселесімен байланысты болды. Семей аймағында Абай облысын, Жезқазған аумағында Ұлытау облысын, Жетісу мен Алматы облыстарын құрып, Қапшағайды Алматы облысының орталығы етіп, оған еліміз үшін орасан зор еңбек еткен көрнекті мемлекет қайраткері, біртуар тұлға Д.Қонаев есімін беруді ұсынуы, осы орайда, ел пікірін де ескергені қазіргі аумалы-төкпелі кезеңде ел үмітін арқалаған Президентіміздің тарихымызды қастерлеуі әрі жеке басына тән кісілік қасиеті деп түсінгеніміз абзал. Тоғызыншы ұсынысының маңыздылығы – жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандырумен байланысты. Бұл «жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін күшейту, масылдық көңіл күйлерді төмендетуге, демократиялық өзгерістерді орнықтыруға» жол ашпақ. Сондықтан да қажетті тапсырмаларды бекітті. Оныншы бастамада дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар туралы мәлімдеді. «Әлемде геосаяси жағдай шиеленісіп тұрғанда бұрын болмаған қаржылық-экономикалық қиындық» бүкіл халықты тығырыққа тіреп отырғаны белгілі. Осы орайда, Мемлекет басшысы қажетті резервтерді, амал-тәсілдерді қолданып, дағдарысты еңсеруді Үкіметке жүктеді. Соның бірі –ұлттық валютаны тұрақтандыру, оны шетелге шығаруды шектеу екені ашық айтылды. Барлық жағдайда бюрократияға, формализмге жол берілмейтіні қатаң ескертілді. Алайда барша міндеттер мен мәселелерді шешуде біздің халқымыз Президентімізбен бірге «толық жұмылуы қажет». Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы жаңа Қазақстанның іргетасын бекітіп, өзгерістер мен жаңғыруларға жол ашады, халқымыздың отаншылдық рухын биіктетіп, игіліктерге бастайды, азаматтарымыздың мақсаттарына қол жеткізетініне сенемін. Мен ең алдымен халқымыздың көшбасшысына сенемін, оны қолдайтын ынтымақшыл халқымызға және озық ойлы, білімді жастарымызға сенемін.

Раушан ӘБДІҚҰЛОВА,
Қазақ әдебиеті және әдебиет
теориясы кафедрасының доценті

 

ЖАҢАЛЫҒЫ МОЛ ЖОЛДАУ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жолдауы көптің көңіліне үміт пен сенім ұялатты деп ойлаймын. Себебі, өзі атағандай, қаңтар төңкерісінен кейін көпшіліктің санасын үрей билеп, алдағы күндерге деген алаңдаушылық пайда болғаны рас. Мемлекет басшысы жақын уақытта елде жүзеге асырылатын қоғамдық-саяси және әкімшілік-құрылымдық реформаларды атай отырып, көкейіміздегі біраз күдікті сейілткендей болды. Ең алдымен ел басшысы қаңтар төңкерісіне тікелей кінәлі адамдардың тиісті жазасын алатынын, ал жазықсыз жандардың ақталып шығатынына сенім білдірді. Ондай шетін әрі мемлекеттігімізге қатер төндірген дүрбелеңнің енді қайталанбау керектігін баса айтты. Сондай-ақ ол республикамыздың саяси бағыттағы жаңғыру үдерісіне қатысты мына мәселелерге арнайы тоқталды. Біріншіден, ендігі жерде президент ешбір саяси партияларға мүше болмауы тиіс. Сонымен бірге облыс, аудан басшылары мен орынбасарлары да партия филиалдарын басқарудан босатылады. Екіншіден, президент билігімен бірге Парламент құзыреттілігі де күшеюі тиіс. Яғни Мәжілістің ел заңдарын шығару және бекіту өкілеті кеңейе түседі. Мәжіліс қабырғасында құрылатын «аудиторлық палата» үкімет пен экономикаға жауапты мекемелерден жылына екі рет есеп алып отырады. Бұл өз кезегінде экономикалық және қаржылық жемқорлықты азайтуға өз септігін тигізбек. Үшіншіден, жаңа Қазақстанды дамыту үшін өз идеяларын ұсынатын партия қатары көбейеді. Бұл орайда, жаңа партияларды тіркеу үшін мүшелердің межелі саны 20 000-нан 5000-ға дейін азайтылатын болады. Тағы бір қуантарлығы, алдағы сайлауларда 70 пайыз пропорционалдық және 30 пайыз мажоритарлық жүйе бойынша жергілікті кез келген азаматқа Мәжіліске немесе мәслихатқа депутат ретінде сайлануға құқық беріледі. Төртіншіден, Қазақстан азаматтарының құқын қорғау, заң аясында әділеттілік орнатуды қамтамасыз ету мақсатында Конституциялық сот құрылады. Бұл да еліміздің демократиялық жаңару жолындағы құтты қадамдарының бірі деп ойлаймын. Бесіншіден, Президентіміз қазақстандық БАҚ пен тәуелсіз журналистиканың дамуына қажетті заңнамалар қабылданатынын атады. Бұл орайда, төртінші биліктің адал әрі «тапсырыссыз» қызмет атқаруы да Отанымыздың қауіпсіздігі мен тұрақтылығына елеулі үлес қосатынына сенім білдірді. Алтыншыдан, Президент еліміздің әкімшілік-территориялық құрылымына байланысты өз ұсыныстарын жеткізді. Мемлекет басшысының арнайы жарлығы шыққаннан кейін жақын уақытта Ұлытау, Абай және Жетісу облыстары құрылатын болады. Олардың орталығы Жезқазған, Семей, Талдықорған қалалары болып қала береді. Ал Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы болып белгіленді. Президент өз тарапынан аталған қалаға көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімін беруді ұсынатынын айтты. Жақын келешекте теріскейдегі кейбір қалаларға да кезек келер деген үміт жоқ емес. Жетіншіден, алдағы жылдары Қазақстан халқының барлық аймақтағы өкілдерінің және мемлекет, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен ұйымдастырылатын құрылтай Қазақ елінің көптен шешілмей жүрген елдік, тілдік мәселелерінің түбегейлі және оңынан шешілуіне ықпал етеді деп үміттенемін. Ел басшысы бұдан басқа да халықтың көкейінде жүрген бірқатар келелі мәселелерге тоқталып, Үкімет пен Парламентке тиісті тапсырмалар жүктеді. Президент өзінің Қазақстан халқына адал қызмет ететініне сендіре отырып, әрбір азаматты байтақ еліміз бен жеріміздің болашағы жолында жұмыла үлес қосуға шақырды. Әділін айтсам, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бүгінгі жолдауы барша халқымызды ойландырған көптеген түйткілді жағдаяттарға лайықты жауап берумен қатар, жаңа Қазақстанның келешегіне деген сенімімізді нығайта түсті. Расында, оның адамзатты алаңдатқан аласапыран уақытта республика халқына арнаған жолдауы маған да ұнады. Меніңше, жолдау қалың елдің ойын дөп басып, көптің көңілінен шыққаны анық. Әлеуметтік желілерді шарлап кеткен жүрекжарды лебіздер де осыны аңғартады. Сөз соңында осынау қилы кезеңде кезіккен қиындықтарға қарамастан, ұлттық бірлікке ұмтылған Қазақ елі мен Президентімізге зор денсаулық, күш-жігер тілеймін!

Серікбай ҚОСАН,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
филология факультетінің
аға оқытушысы

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір