«ЖАСТАР СӨЙЛЕСІН! ЖАСТАР ТУРАЛЫ СӨЗ»
25.11.2022
294
0

Қараша айының 23-і күні Алматыда, ҚР Ұлттық кітап­ханасында, 2-4 желтоқ­санда болатын «Жастар сөйлесін! Жастар туралы сөз» атты жазушылар мен публицис­тердің Үшінші Халықаралық форумына байланысты баспасөз конференциясы өтті.

Халықаралық Қазақ ПЕН клубы Алматы әкімдігімен бірлесіп (форумның ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Халықаралық Қазақ ПЕН клубының президенті Бигелді Ғабдуллин) ұйымдастырып жатқан форумның баспасөз конференциясын Бигелді Ғабдуллин жүргізіп, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек, қарымды қаламгерлер Қуандық Түменбай, Жүсіпбек Қорғасбек, Қали Сәрсенбай, БАҚ, т.б. қатысты.
Аталмыш іс-шараға 12 елден танымал қалам шеберлері келеді. Алматы тағы да әдебиет, публицистика туралы маңызды әңгіме орталығына айналады. Форумның қонақтары АҚШ, Англия, Түркия, Ресей, Литва, Өзбекстан, Грузия, Эстония, Беларусь, Қырғызстан және басқа елдердің жазушылары, публицистері, аудармашылары, әдебиет сыншылары болады.
Үшінші Халықаралық Жазушылар Форумы бірінші және екінші форумдардан бірқатар айырмашылықтарға ие. Биыл әр елден келген жазушылар қазақстандық жас жазушылар мен публицистердің шығармашылық жұмыстарын талқылайды. Мақсаты – шетелде қазақ әдебиетін насихаттау, әлемдік әдебиеттің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасу және жас қазақ жазушылары мен публицистерінің шетелдік әріптестерімен шығармашылық байланыстарын нығайту, жас жазушылардың, публицистердің мәселелерін ортаға салу, шетелдік жазушылардың жаңа қазақ әдебиетіне деген қызығушылығын арттыру. Бастысы, форум жас жазушылар мен публицистердің кәсіби деңгейін көтеруге бағытталған.
Қазақ ПЕН клубының президенті Бигелді Ғабдуллин Үшінші Форум түрлі елдердің әдебиетшілерін жақындастыруға ықпал ететініне сенімді.
Форумды ұйымдастырушылар да қазақстандық жас жазушылардың өз шығармашылығы туралы пікірлерін шеберлердің аузынан еститініне, құрдастарының шығармашылығымен танысатынына, жаңа достар табатынына, әріптестерінің өмір сүретіні туралы білетініне, жаңа идеяларға енетініне, жаңа әдеби аудармашылар табатынына үмітті екендерін жеткізді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір