Тарих сөйлейді…
09.12.2019
1156
0

Қазақстан Жазушылар одағы  ғасырға жуық уақытта сансыз өткелектен өтті. Ұлттың жанын, ділін, шежіре-тарихын, тамырын сақтауда сүбелі еңбектер атқарды. Мехнатты жылдарды бастан кешсе де, сертінен таймады, ұстанымын ұмытпады. Назарларыңызға Одақ жылнамасының қысқаша тарихын ұсынамыз.

1934 жыл. 12-18 маусым аралығында Алматыда Жазушылар одағының тұңғыш құрылтайы өтіп, І.Жансүгіров Басқарма төрағасы болып сайланды.

1936 жыл. 17-27 мамыр аралығында Мәскеуде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің бірінші онкүндігі өтті. 26 мамырда Ж.Жа­баев пен С.Сейфуллин «Еңбек Қызыл ту» орде­німен марапатталды.

1937 жыл. 26-30 сәуір аралығында Жазушылар одағының кеңейтілген бірінші пленумы өтті. Пленумды С.Сейфуллин ашып, С.Мұқанов, М.Қаратаев, М.Әуезов баяндама жасады.

1941-1945 жылдар. Екінші дүниежүзілік соғысқа Жазушылар одағының мүшелері, ақын-жазушылар белсене қатысты. Олар Қ.Аманжолов, С.Мәуленов, А.Жұмағалиев, Б.Бұлқышев, Ә.Нұршайықов, т.б. Бауыржан Момышұлы елдің рухын асқақтатып, майдан даласында отты туындыларды дүниеге әкелді. Жазушы М.Ғабдуллин «Совет одағының батыры» атағын алды. бөлігі орден, медальдармен марапатталды. Соғыс жылдарында Жазушылар одағын Сәбит Мұқанов басқарды.

1973 жыл. 4-9 қыркүйек аралығында Алматыда Азия-Африка жазушыларының V конференциясы өтті. Конференцияда Ә.Әлімжанов баяндама жасады. Азия-Африка ақын-жазушылары елімізге етене таныстырылып, поэзиялық және прозалық дүниелері қазақ ақын-жазушыларының аудармасымен жеке-жеке кітап болып шықты.

1974 жыл. 18 қаңтарда «Қазақ әдебиеті» газетінің жарық көргеніне 40 жыл толғаны аталып өтті.

1989 жылы Желтоқсан көтерілісін ақтауға байланысты М.Шаханов, Қ.Мырза- Әлі бастаған ақын-жазушылардан арнайы комиссия құрылды.

1989 жылы О.Сүлейменовтің жетекші­лігімен «Невада-Семей» ядролық жарылы­сына қарсы халықаралық қозғалыс – қоғамдық-саяси ұйым құрылды. 26 ақпанда құрылған ұйым қазанда ресми тіркелді. Халықтан қолдау тапқан қозғалыс әлемдегі ядролық қауіпті жоюды мақсат тұтты. Семей полигонында ядролық сынақтарды тоқтатуға қол жеткізді. Еліміздің көпте­ген қалаларында, сондай-ақ Ресей, АҚШ, Италия, Жапония, Түркия, т.б. елдерде ұйымның бөлімшелері құрылды.

1991 жыл. Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиет жаңаша кезеңге көшті. «Алтынкө­пір­ліктер» атты бір топ ақын-жазушылар кешеден бүгінге өтіп, Тәуелсіздіктің әдебиет туын биік ұстады.

1999 жыл. 12 наурызда Тіл тағдырына қатысты жиын қортындысы бойынша Қазақстандағы телерадио хабарларының мемлекеттік тілдегі үлесі 50 пайыздық мөлшерде жүруіне ықпал еткен шешім қабылданды.

2001 жыл. Қазақстан Жазушылар одағы­ның өзінің Орталық Азия аймағындағы Қырғыз, Өзбек, Тәжік, Түрікмен,сондай-ақ, Әзірбайжан, Грузин және Ресей Жазушылар одағымен, Татар, Башқұрт Жазушылар Ұйымдарымен байланысын қалыпқа кел­тіре бастады.

2018 жыл. 12 наурызда Жазушылар одағының құрылтайы өтті. Көпшілік дауыспен Ұлықбек Есдәулет Төраға болып сайланды. Осы жылдан бастап Жазушылар одағының жұмысы жаңаша сипат ала бастады.

2018 жыл. Нұр-Сұлтан қаласында Жазу­шылар одағының ұйымдастыруымен «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» форумы жоғары деңгейде өтті.

2019 жыл. Нұр-Сұлтан қаласында Жазушылар одағының ұйымдастыруымен Азия елдері қаламгерлерінің тұңғыш форумы өтті. Бұл – Одақ тарихындағы Азия-Африка жазушыларының басқосуынан кейінгі ең үлкен шараның бірі ретінде тарихта қалды. Осы жылы көрнекті ақын-жазушылардың шығармалары БҰҰ-ның алты тіліне аударылып, Азия, Еуропа елдерінде сол кітаптардың тұсаукесері халықаралық сипат алды. Бұл да – қазақ әдебиеті үшін бұрын-соңды болмаған зор жетістік, биік мәртебе.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір