Өнер адамының сыншысы халық болуы керек
04.12.2019
2163
0

Әнші, продюсер, «Бурылтай», «Еділ–Жайық», «Айналдым, елім», «Аққұм», «Бақыт құшағында», «Япыр-ай» сияқты әсем әндерді ел жүрегіне сіңірген Майра Ілиясовамен әңгімеміз балалық шағы, әке арманы, өнерге қадам басқан сәті және өзінің авторлық жобаларына қатысты  жаңсақ пікірлер турасында өрбіді.

ӘКЕМНІҢ АРМАНЫ – МЕНІҢ ӘНШІ БОЛУЫМ ЕДІ

 – Бала кезіңізден әнші болуды армандаған ба едіңіз?

Балалық шағым қиын өтті. Анам­ның аты Қазына еді,  3 жасымда дүниеден озыпты. Әкем Әліғазы Ыбырайұлы әрі әке, әрі шеше орнына шеше болып, бізді бағып-қағып өсірді. Әлі есімде, әкем жұмысынан шаршап келсе де, қолы босай қалса болғаны, домбырамен ыңылдап ән салып отыратын. Сонда үнемі бір әнді қайталап айта беретін. Қазір сол әнді бір жерден естіп қалсам, аяулы әкем көз алдыма келеді. Кейін сол әннің «Бір мысқал» деген халық әні екенін білдім.

– Өнерге ынтық болған сол кездерден есте қалған сәттер жайында айтсаңыз.

Анамыз қайтқанда үлкен әпкем Қайниса бізге қамқор бола білді. Сабаққа бармай, бізді қарауға бекіпті. Осы күні сол әпкемізді анамыздай сыйлаймыз, себебі ол балалық шағын біз үшін құрбан етіп, бауырларына қарады, ол кісіге мәңгі қарыздармыз. Мен ешқашан әнші боламын деп ойлаған емеспін. Бірақ үнемі үйде ән айтып жүреді екенмін. Үйге қонақ келсе, әкем «Менің Майрам ән айтады», – деп мақтанып отырады екен. Өйткені әкем де, анам да, үлкен әпкем Қайниса да, тете әпкем Әсия да ән салатын. Қайниса әпкем үй жинаса да, тамақ істесе де, әйтеуір ән айтып жүретін. Анамның айтқан әндерін, «Ақтамақ», «Ақерке» сияқты ескі әндерді көп орындайтын. Сол әуендер менің құлағымда жатталып қалған. «Сағындырған әндер-ай» ән кешінің дүниеге келуі де осындай естеліктермен байланысты болса керек. Репертуарымда халық әндерінің көп болуының себебі де – осында.

Қайрат аға «маған әнші келді» , – деді

– Есіміңіздің Майра Уәлиқызымен байланысы бар ма?

Керекуге, бүкіл елге кеңінен танылған Майра Уәлиқызының есімі халыққа белгілі ғой. Ол кісінің ел алдында тартынбай ән айтуы, Қоянды жәрмеңкесінде топтың алдында өнер көрсетуі әкеме өзгеше әсер еткен болуы керек. Май айында туған маған «Майра» деп ат қойыпты.

– Алматы – өнер жолына түсуді армандаған сан ұрпақтың маңдайынан сипап, кекілінен тараған қасиетті өнер бесігі. Сіз де Алматыға осындай оймен келген шығарсыз?

Алматыға ауылдағы бір досыма ілесіп, келдім. Келе сала нағашы ағам, жазушы Тұрдыбек Алшынбаевты іздедім. Оқуға құжат тапсырғанмен, емтиханнан құладым. Содан соң бас киім тігетін фабрикада жұмыс істедім. Кейде үй жинап жүріп ән салғанымды кітап бөлмесінде отыратын нағашы ағам тыңдап жүреді екен. Бір күні ол кісі маған: «Майра, сен бір домбыра тап та, Жарқын Шәкәрім деген ағаңа дауысыңды тыңдатшы», – деді. Айтқан жеріне барып, ол кісіні тауып, халық әні «Бір келіншек» пен Нұрғиса Тілендиевтің «Аралдағы жеңеше-ай» әнін айтып бердім. Жарқын аға тыңдап болған соң: «Қалқам, дауысың жақсы екен, жүр», – деді де, мені  екі қабатты ғимаратқа алып келді. Әлдебір аудиторияға кіргенде қияқтай мұрты бар, ақ көйлек киген бір кісі отыр екен. «Қайрат, мына қарындасымыздың дауысын тыңдашы», – деді. Сөйтсем, біз «Қыз Жібек» фильмінде салған әнін аузымыз ашылып тыңдайтын Қайрат Байбосынов осы кісі екен. Ол кісі дауысымды тыңдады да: «Жәке, маған жақсы әнші келді», – деп, «Майра, қалқам, бізде әнші қабылдауда екі кезең болады, сен екеуінен де өттің, құжаттарыңды тапсыра бер», – деді бірден.

 – Бір сөзіңізде «Ақселеу ағадан ән үйрендім» деп едіңіз…

– Әнші ретінде ізденуден талмай, әртүрлі концерттерге қатыстым. Бір күні Ақселеу аға кезіккенде «менде бір дауысыңа келетін ән бар, үйретейін», – деді. Көп концерттерде осы әнді орындадым. 1985 жылдары ғой деймін, Өзбекәлі Жәнібеков аға Мәдениет министрі болып тұрған кез еді, бір топ мықты әншімен бірге жас әншілердің тізімі ұсынылғанда, менің де аты-жөнім болған екен, сол жиырма минуттық «Қазақтелефильм» түсірілімінде осы әнді орындадым, халық жақсы бағалады. Өнердегі, өмірдегі досым Роза Рымбаева бұл әнді ұнатып, эстрадамен айтты. Негізі, Ақселеу ағадан екі ән үйренгем, біреуі «Күләнданың әні» деп аталатын, бірақ ол ән менің оң жамбасыма келмегенін айтып ем, Ақселеу аға «Жарайды, ол да жақсы ән еді», – деп күлді де қойды. Кейін осы кісілерден алған тәліміміз бойынша, үйренген әндерімізбен «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамблімен бірге шетелдерге шығып, әртүрлі концерттерге қатысып жүрдік. Әлі есімде, бір күні Эстрада-цирк өнері студиясына барғанымда, Жәнібек Кәрменов аға сабақ беріп отыр екен, «Ой, Майраш, хәлің қалай? Сені концерттерден көріп жүрмін, қазір жас әнші ретінде жазушы ағаларыңның аузында жүрсің, сен туралы пікірлері жақсы», – деп ағынан жарылып, ақ тілегін айтты.

Ол кісінің сол кезде айтқан сөздеріне онша мән бермеппін, кейін ойласам, ән өнеріндегі ұлы тұлғаның маған деген ықыласы, бағасы екен ғой. Сол кезде менен «Қандай жаңа әндерің бар? Байқаймын, кейінгі кездері сен ұмытылып бара жатқан халық әндерін орындап жүрсің», – деп сұрады. Жақында «Үри-ай» деген ән үйрендім», – деп едім, «айтып жіберші», – деді. Ән біткенде «аяқ жағын «Аа-ай, Үри-ай» деп аяқтағаның дұрыс болар», – деп ақылын да айтты.

– Қазіргі біздің қоғам әншілерден аяқ алып жүргісіз болып кетті, тіпті, кімнің әнші, кімнің айқайшы екенін айыра алмайтын күйге жеттік…

Бұған себеп: бізде қазір музыкатанушылар, өнертанушылар өте аз. Сосын қазіргі қоғам жеңіл, дарақы дүниелерге көптеп мойын бұратын хәлге жетті. Біздің кезімізде сынға назар аударатынбыз, ал қазіргі әншілерді сынасаң, басың дауға қалады. Бибігүл апамыздың бірде маған «Майра-ау, қазір көктегі жұлдыздардан жердегі жұлдыздар көбейіп кетіпті ғой», – дегені бар еді. Біздің қоғамның сиқын дәлме-дәл суреттеп берген сөз осы болар. Егер шынайы әнші боламын дегендер болса, онда алдымен өнерге деген жанашырлық, өзіне деген сыни баға болса, мейлі, ол кім болсын, жаман өнерпаз болмас еді.

Оқи отырыңыз!

«ӘНШІ» ДЕГЕН АТҚА ЖЕТСЕМ ДЕП ЖҮРМІН

МЕН РАМАЗАННЫҢ ҚҰРДАСЫ ЕМЕСПІН ҒОЙ…

– Бірнеше ән жобаларын жасадыңыз. Бұл ой қайдан туып еді?

2004 жылы бастау алған дарынды балалар мен жасөспірімдерге арналған «Дауысыңнан айналайын» атты алғашқы авторлық жобам «Жұлдыз болғың келсе» деген атпен республикалық деңгейге көтеріліп, қазақ сахнасының ең жарық жұлдыздары мен жобаның лауреаттары қосылып ән шырқайтын, өнерсүйер қауым сүйсініп көретін жұлдызды ән кешіне айналды. 2006 жылы ардақты аналарымызға арналған 8 наурыз күні өтетін, «Хабар» телеарнасымен бірлескен, көрермен асыға күтетін ән кеші көрерменге ұсынылды. Он үш жыл бойы аналарымыздың алғысын алып жүрген «Жан анам» кешінің арқалап жүрген жүгі ауыр. Осы кеште жыл сайын сәбиі ауру бір анаға көрермендермен бірлесе отырып 2.000 000 – 3 500 000 теңгеге дейін көмек қолын созамыз. 2008 жылы «Сағындырған әндер-ай» ән кеші дүниеге келді. Кейінгі кезде жас әншілер кейбір әндерді бұзып орындай бастады, сосын «аға буын әнші мен жас әншіні неге бірге сахнаға шығармасқа» деген ой келді. Жобаның мақсаты – аға буын өнерпаз бен жас буынның арасын жақындату. Облыстардан келіп қатысқан талантты әншілер мықты өнер жұлдыздарымен бірге ән айтып, халыққа танылып жатты.

Бұл жобаға қатысатын әншілерге талап та қатаң болды. Сол үшін кеш жобасы халыққа тез таралды, әншілер арасында беделі артты.

Ол кештің бағдарламасына өнерсүйер қауым сағынып, аңсап жүрген халық әндері, халық композиторларының әндері, қазақ-совет дәуіріндегі әндер, 50-жылдар мен 90-жылдардағы, оның бер жағындағы ұмытылған, бірақ халық аңсайтын, тіпті кейінгі 5-10 жылда хит болған әндер кіреді.

«Сағындырған әндер-ай» кешінен кейін екі жоба дүниеге келді. Домбырамен айтатын дәстүрлі әншілерге арналған «Алтын домбыра» кешінің атауы кейіннен Исраил Сапарбай ағамыздың ұсынысымен «Күміс көмей, жез таңдай» болып өзгерді. Бұл жобаны қолға алған себебім – домбырамен ән салатын дәстүрлі жас әншілердің көбірек танымал болуына ықпал ету. Алматы қаласының сол тұстағы әкімі Ахметжан Есімов ағамыз қомақты қаржы бөлді. Биыл осы «Сағындырған әндер-ай» жобасының он жылдық мерекесі Нұр-Сұлтан қаласынан бастау алды. Орталық концерт залында өткен ән кешінің шеруін Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов бастаса, эстрада жұлдыздары Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, опера жұлдызы Нұржамал Үсенбаева жалғастырып, Қыдырәлі-Қарақат, Алтынай мен Жұбаныш, Тамара мен Айгүл Иманбаева, Гүлнұр мен Ақбота, Жазира мен Жанболат, Серікбол мен Өмірқұл, жас жұлдыздарымыз Төреғали, Қуандық, Нұрболаттар аяқтады. Домбырамен ән салатын Рамазан Стамғазиев сіздерге берген сұхбатында маған қатысты  бір пікір айтыпты. Ол сол сұхбатында мені құрдасындай көріп «Майра, Майра» деп атайды. Мен одан бір мүшел жас үлкенмін.

Бүй дейді, «Ілия Жақановтың «Түнгі сыр» деген әнін он алты әншіге беріп орындатыпты». Ілия ағаның «Түнгі сырын» «Сағындырған әндер-ай» жобасында ешкімге орындатқан жоқпыз. Ілия ағаның «Еділ – Жайық», «Жайлаукөл кештері», «Алматы кешінде» сияқты әндері айтылған. Сосын «он алты адамға бір әнді орындатады», – дейді. Біз ешқашан бір әнді жұлмалап, он шақты адамға орындатқан емеспіз. Мысалы, Бибігүл апамыз жас шәкіртімен айтса, Нұрғали ағамыз екі жас тенор әншімен қосылып орындайды. Ескендір ағамыз «Алашұлы» тобымен патриоттық әндерін шырқайды.

Бір сөзінде «Менің шәкірттерім Майраға барып жылап қайтты», – дейді, концертке шығармаппын-мыс…. «Шәкірттерім» деп кімді айтқанын түсінбедім, оның шәкірттері – домбырамен ән салатын дәстүрлі әншілер, менің жобам эстрада әншілеріне арналған. Бірақ мен Рамазан сияқты «бір күнде шапқылап он шақты тойға үлгерем» деп байдан да, кедейден де ақша жинап жүрген жоқпын.

Онымен қоймай, «Сағындырған әндер-ай» «Сағыныш» атты жобадан ұрланған», – дейді. Менің «Сағыныштың» алдында екі жыл бұрын дүниеге келген авторлық жобаларым және «Сағыныштан» кейінгі екі жобам әлі де халықтың сұранысында. Рамазанның «ұрлады» деген сөзіне осы дәлел емес пе? Рамазан өнерге шынайы жанашыр болса, шаштары боялған, кеуделері ақтарылып, сандары жарқыраған әншісымақтар мен арзан жобаларды неге айтпайды? Солардың қазақ өнерін қорлап жүргенін білмей отырған жоқ қой. Кезінде дәстүрлі әншілерді көтеру мақсатында жасалған «Алтын домбыра» жобасына орай Рамазанға телефон шалып: «Рамазан, сен дәстүрлі әншісің ғой, осы кешке келіп ән айтып берші», – деп ем, «менің кешке тойым бар», – деп жауап қатты. Егер ол өнерге жаны ашыса, қазақтын қара домбырасын сыйласа, біз бастаған іске келіп мұрындық болар еді. Соған қарағанда, Рамазанның соңғы кезде уақыты мен жұмысы тойдан ақша жинаудан аспай жүрген сияқты.

Мен – адал еңбегіммен қасиетті өнерге қызмет жасап, ұстаз болып, шәкірт дайындап, жас әншілерге қамқор болып, дарынды бүлдіршіндерге қолдау көрсетіп жүрген қазақтын бір қызымын. Осындай ұсақ-түйек нәрсені әңгіме қылып отырғанымыз үшін «Қазақ әдебиетінің» қадірлі оқырмандары – асқар таудай ақсақалдарымыздан, қаламы жүйрік ағала­рымнан, ақиық ақындарымыздан және ақ орамалды аналарымыздан, талантты әпкелерімнен кешірім сұраймын.

«Сағындырған әндер-ай» бағ­дарламасы – көрермен көз­айымына айналған концерттік жоба. Бұл бағдарламалық концертке Бибігүл Төлегенова, Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір Хасанғалиев ағамыздан бастап, сахнаға  шығып жүрген жас әншілер, таланттар өнер көрсетеді. Мақсаты – халыққа ретро әндерді жаңаша түрлендіріп, ұсыну.

 Роза РЫМБАЕВА,
әнші, Қазақстанның Халық әртісі

 «Сағындырған әндер-ай» Қазақстанның сәулетті сахналарында, телекөрсетілімдердегі осы тақырыппен өткен ғажап ән кештерінде небір інжу-маржан дерлік әндерімізді өмірге қайта әкеліп, қайта тірілтіп, адамның жан жүрегін, нұрлы сезімін, ақыл-ойын аялап, құлдырап бара жатқан эстетикалық әндерді қайта оятып, жандандырды. Жадап-жүдеген ән өнеріндегі бұл сілкіністі жасап, оны жүйелі түрде ыждағаттылықпен жүргізіп, әнге сусаған жұрттың сүйіспеншілігіне бөленген бір аяулы жан – белгілі әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, туған халқының ән мұрасын ана сүтіндей ардақтап жүрген Майра Ілиясова екенін әркез мақтаныш сезіммен айтамыз.

 Ілия Жақанов, композитор, жазушы

 Әнші Майра Ілиясова сахна төріне ұлттық, фольклорлық дәстүрлі әндерді шығарып, өзі сонымен көркейіп өсті. Қазақтың халық әндерімен қанаттанды. Ол – ұлттық өнерімізге домбырамен үн қосқан майталман әнші.

Майраның халық сүйсіне тыңдайтын «Сағындырған әндер-ай» атты төл жобасы дүниеге келгелі он жыл өтіпті, бүгінде он жылдық мерейтойы.

Сол он жыл ішінде Әбілахат Еспаевтан бастап, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов сынды компози­торлардың көрермен назарынан тыс қалған, ұмытылып бара жатқан әндері қайта ғұмыр кешті.

Сондай өнер жауһарларын «Дос-Мұқасан» ансамблі, Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Мақпал Жүнісова, Жұбаныш Жексенұлы, Мәдина Сәдуақасова сынды әншілер, «МузАрт», «Жігіттер», «Алашұлы» топтары қайта жаңғыртып шырқады.

Осындай үлкен істі қолға алып, оны халқымыздың сүйік­ті бағдарламасына айнал­дырған Майра Ілиясованың «Са­ғындырған әндер-ай» ретро- ән кешінің онжылдық мерей­тойымен құттықтай отырып, шығармашылық даңғыл жол тілеймін. «Сағындырған әндер-ай» көрермендерін сағындыра бергей!

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір