Данияр САЛАМАТ, кинорежиссер: КИНО ШЫН МӘНІНДЕ ҰЛТТЫҚ БОЛУЫ КЕРЕК
19.07.2024
1039
0

Белгілі режиссер Данияр Саламаттың қазақ әдебиетінің классигі Бейімбет Майлин әңгімелері негізінде түсірген, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы өлара кезеңді суреттейтін «Талақ» фильмі «А» класындағы беделді Халықаралық Шанхай кинофестивалінде әлемнің әр түкпірінен іріктеліп, қысқа тізімге (шорт листке) кірген Франция, Аргентина, Испания, Германия, Иран және Қытай елдерінде таспаланған он төрт фильмнің арасынан үздік шығып, Алтын кубокқа ие болғаны көпке мәлім. (Фильмде басты рөлде ойнаған Амира Омароваға «Үздік әйел образын сомдағаны үшін» жүлдесі тапсырылды) Бірер апта бұрын осындай елеулі жаңалықпен елімізді қуантқан киногер аталған әйдік фестивальден оралған бетте Ұлттық киноны қолдау орталығы жылда өткізіп тұратын Питчинг мәселесіне келіп араласты. Осы жағдайға байланысты, режиссердің өзімен тілдесіп, әңгімелескенді жөн көрдік. 

  – Осы Питчингке қатысты дау жылда болады да жатады. Бұған не себеп?
– Иә, Питчинг төңірегінде жылда дау шығады, өйткені бұл – жаңа әрі Қазақстанға мүлде таңсық жүйе. Бұрынғы жүйе бойынша, барлық сценарилер «Қазақфильмге» ұсынылатын. «Қазақ­фильм» бұған дейін мемлекеттен қаржы алып, фильм түсіретін жалғыз мекеме болып келді. Онда орныққан, бір арнаға қойылған тәртіп бар еді. Өзім 2004-2011 жылдар аралығында осы қарашаңырақта сценарлық-редакциялық алқаның, яғни сарапшылар кеңесінің құрамында жұмыс істедім. Сол себепті, осыған дейінгі сценарилерді қабылдау және фильмдерді өндіріске іріктеу жүйесі маған тонның ішкі бауындай жақын әрі етене дүние еді. Мұнда сценарилер жыл бойы қабылданатын, редакциялық алқа да жыл бойы жұмыс істегендіктен, келіп түскен әр сценариді жеке-жеке қарауға, сценарий авторларымен жеке-жеке кездесіп, туындысының қандай деңгейде екенін жіктеп-жіліктеп айтуға мүмкіндік бар еді, жұмыс өнімділігі де жоғары еді. Сценарий авторларымен жеке-жеке көркемдік кеңес өткізілетіндіктен, ешқандай сұрақ қалмайтын, өндіріске жолданған шығарма кедергісіз кете беретін. Редакциялық алқа айтулы мамандардан құралғандықтан, бұл жердің табалдырығынан кім көрінген аттап басуға жүрексінетін. Кейіннен әлгі дәстүрлі жүйе бұзылып, орнына қазіргі Ұлттық киноны қолдау орталығы келді. Бүгінде еліміздегі кино саласына қаржы бөлетін және үйлестіретін жалғыз оператор – осы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы.
Аталған мекеме қаржылық, заңдық-құқықтық шаруаларға бейімделгендіктен, мұндағы қызметкерлердің дені – қаржымен, есеп қабылдаумен айналысатын мамандар. Сарапшылар алқасы да осы мекеменің қаржысына қарап отырғандықтан тәуелсіз емес. Олар талқылауға ұсынылған сценарилерді екі-үш айдың ішінде қарап шығуға мәжбүр. Айтып өткенімдей, бұрындары «Қазақфильмнің» есігінен қарауға, табалдырығын аттап басуға именетін адамдар бұл жерге батыл кіріп, ойқастап жүре алады. Өйткені бұл мекемеде шығармашылықтың, шығармашыл адамдардың сесі жоқ, тек қаржылық есеп пен қағазбастылықтың әуре-сарсаңы ғана бар. Бұл жерден шығармашылық ортаға тән кей жағдайда демеп жіберетін жанашырлық пен тілектестікті іздемей-ақ қойсаңыз да болады, өйткені бұл – қаржы мекемесі.
Жазушылардан, киносыншылардан, режиссер, актерлерден тұратын Сараптама кеңесі екі-үш айдың ішінде сценарилерді қарап, саралап, сараптап, негізгі Питчингке баратын сценарилерді іріктеп шығады. Өте қиын жұмыс. Жоғарыда айтқанымыздай, бұрын «Қазақфильмде» бұл процесс жылдап атқарылса, жаңа жүйеде уақыт әлдеқайда тығыз, екі, үш, тіпті кейде бір айдың ішінде сарапшылар сүзгісі дайын болуы тиіс. Ал бұл – мүмкін емес дүние. Мәселен, Ұлттық киноны қолдау орталығына үш жүзден аса сценарий түсті делік…

– Сондай көп түсе ме?
– Көп түседі. Қазір адамдардың фильмге деген таласы көбейді. Атыңнан айналайын ұлы Тарковский айтпады ма: «Әлемде кім болса сол жалына жармаса алатын жалғыз өнер бар, ол – кино», – деп. Ып-рас! Ән айту үшін, бала жұбатардай болса да дауысың болуы керек. Сурет салар болсаң, баланың шимайындай нәрсе сала алуың керек. Ал кино түсіру үшін ше? Ештеңенің керегі жоқ! Сценаршы сценариін жазып береді, оператор түсіреді, монтажшы монтажын жасайды! Режиссер ше? Ештеңе істемесе де болады… Болды. Міне, осындай қағидатты (әзіл де болса, әрине) алға ұстанғандар көп қазір. Фильмге өнер ретінде емес, табыс көзі ретінде қарайтындар еселенді. Әрине, бұдан кейін Орталыққа түсетін сценарилер саны да көп болады. Шөп пен шөңгені ажырату өте күрделі деп айтатыным да сол. Соншама қыруар дүниені сарапшылар алқасы аздаған уақыттың ішінде оқып шығуы қиын екені кімге де болсын белгілі. Сарапшылар кеңесі сценарилердің бәрін оқымайды деген сөздің осыдан кейін шығуы да заңдылық. Осыған дейін тіпті іріктеуді Ұлттық киноны қолдау орталығының өзі атқарып кетті. Ол іріктеу құжаттардың дұрыс-бұрысымен бағаланды. Бірер құжаты дұрыс емес деген желеумен шеттетіліп қалған сценарилер көп болған өткен жылы. Ал олардың мазмұнына ешкім назар аудармаған еді. Енді биыл ережеге елеулі өзгеріс енгізіліп, үміткер фильмдердің көбі Питчингке кедергісіз ұсынылған. Дегенмен телегей нөпірдің астында талай жақсы жаншылып қалары – тағы заңдылық. Өзім туындысының озықтығына сүйініп, сырттай жанкүйер болып жүретін Әрі Би-Бек Өр Алтай деген жігіттің «Өтүкен» фильмінің сценариі Питчингке жете алмады… Атының өзі қандай! Атына қарап-ақ зор сеніммен өткізуге болатындай-ақ шығарма. Алмат Есім атты талантты жігіттің балаларға арналған «Қаңбақ шал мен Айдын» атты сценариін ерекше ұнататын ем, ол да жетпей құлатылғандардың арасында қалды.
– Сіздіңше, қандай фильмдер Питчингте бағалануы керек?
– Ұлттық фильмдер! Ұлттық өрнегі айшықты, бояуы қанық, бедері терең фильмдер! Өкінішке қарай, қазір қазақ кино әлемін ориенталистік бағыттағы фильмдер жайлап алған.

– Бұл сөзіңізді қалай түсінсек болады?
– Бәріміз үшін оңай жолы интернет желісіне жүгінейік: «Ориентализм (от лат. orientalis – восточный) – стилистическое направление в искусстве, преимущественно западном, которое использует сюжеты, мифологию, культурную и архитектурную атрибутику стран Востока» – дейді, яғни бұл – көркем өнерде бір елде болып жатқан құбылысты екінші елдің шығармашылық өкілінің көзқарасымен бейнелеу деген сөз. Ол әлемдік әдебиетте де, сурет өнерінде де бар. Кино өнеріне жақындау болған соң бейнелеу өнерін мысал ретінде қарастырамыз. Әлемдік сурет өнерінде ориенталистер көптеп саналады. Батыстық суретшілер шығыстың экзотикалық көріністерін (монша, нәзік нақыш-өрнектер, гарем, сәлде, т.б) сала отырып, олардың өмірін өз көзқарасы арқылы бейнелеген.
Солардың бірі – Джулио Розати.  1858 -1917 жылдар аралығында ғұмыр кешкен, итальяндық суретші-ориенталист. Академиялық сурет бағытын ұстанушы. Майлы бояумен іргелі полотнолар салған, сонымен қатар акварелді де ғажап меңгерген. XVIII ғасырға тән, сол жүзжылдықтың рухы сақталған туындылар жазғанды жаны сүйген, сонымен қатар Шығыс өмірін мазмұндайтын дүниелер тудырған. Ортағасырлық араб теңізшілері Магриб деп атап кеткен Египеттен Шығысқа қарай сұлап жатқан елді мекен жайлы өмір бойы картиналар салып кеткен. Мына қызықты қараңыз, сол өзі жырлап өткен Магрибке Джулио Розатидің ғұмыры табаны тиіп көрмепті. Туындыларын сонда барып қайт­қан саяхатшылардың әңгімелері бойын­ша, өз еліндегі (Римдегі) антикварлық бұйымдар сататын орындардағы заттар бойынша рухтанып салған екен.
Ал енді Ресей империясы, Брянск қаласында туып, жиырмадан асқан соң қазақ жеріне келіп, өмірінің соңына дейін Алматы қаласында тұрып, жұмыс істеген Николай Гаврилович Хлудовтың еңбектерін алайық. Суретші, иконжазушы, пейзаж шебері — Хлудов өткен ғасырдың бас кезіндегі қазақ өмірі жайлы көп туынды жасады. Қарап көріңіз… Ориентализм деген – осы. Хлудовтың шебер суретші екені рас. Қазақ живопись өнеріне елеулі еңбек сіңіргені рас. Атақты ұлт живопись өнерінің басында тұрған Әбілхан Қастеевке аз уақыт ұстаздық әсері болғаны да рас, десек те, Әбекеңнің салған дүниелерімен салыстыруға келмейді. Шеберлік емес, ұлтық жан, ұлттық реализм мен философия тұрғысынан алып қарасақ.
Мысалы, Хлудовтың 1889 жылы жазған «Жүн сабап жатқан әйелдер» картинасын алайық. Киіз үйдің ішінде алқақотан отырып алып бір топ қыз-келіншек жүн сабап отыр. Суреттегі қыз-келіншектердің бірнешеуінің кеуделері жалаңаш…
1890 жылы салған «Кір жуу» картинасын алайық. Сыртта қыз әлде, келіншек кірленді алдына алып кір жуып отыр, кеудесі жалаңаш…
Енді ой жіберейік, жалпы жүнді үйдің ішінде сабаушы ма еді? Сыртта сабамай ма? Жақсы, оған да мән бермедік дейік, бала емізгенде кеудесін қымтап отыратын қазақ әйелі кеудеден шешініп тастап айра-жайра боп отыруы мүмкін бе? Сыртта, кір жуып отырғанда жалаңаштануы тіпті сорақы. Суретші қанша эстетикалық сұлулық іздесе де ақиқаттан аттамауы керек. Себебі, көркем туындыға қиялдың араласуына болады, өтіріктің араласуына болмайды. Бәрі де ұлттық мінез бен таным шеңберінде болуы керек. (Мысалға, Хлудовтың «Көл жағасында» шығармасына ештеңе айтпаймыз, ол ақиқат шеңберінде.) Тек мұнда тұрмыстық-ғұрыптық ерекшелік қана емес, мұнда адамдардың дене тұрқымен бет әлпеті, антропологиялық қиыс кету бар, оны картинаны көрген адам анық аңғарады.
Мұны неге сөз қылып отырмыз? Біздің ұлттық киноның да кеспірі осындай қазір. Ана тілін білмейтін (болмаса, ауызекі ғана сөйлейтін) бір бет ана тілінде әдеби кітап оқымаған кинорежиссерлер кино түсіреді. Кейіпкерлері, оқиғасы, суреті, костюмы, тұрмысы «кейіпкерсындылық» (Станиславскише айтқанда) мәнерде жасалады, яғни жоғарыда айтқандай, өмірі Африка құрлығында болмаса да Магриб жұртының тіршілігі жайлы картина салып өткен Джулио Розати, болмаса Ресейде ер жетіп, қазақ елінің жаны мен тәнін бойына сіңірмей жатып картина тудырған Хлудовтай сенімсіз дүниені өмірге әкеледі. Ондай фильмдер елімізде өте көп. Олар шет елден үйіп беделді сыйлықтарды топырлатып әкеліп, жылда киножобаларын өндіріске жіберуде… Олардан елімізге не пайда? Ұлтымызға не пайда? Ол туындылардан жусанның исі шықпаса, топырақтың жұпары білінбесе, қазақ экраннан қазақты көрмесе, рухани өмірімізде құнар бола ма? Сол себепті қандай сарапшылар алқасы болмасын, (ВАК та) осыны қаперінде ұстаса деген ұсыныс айтар едім.

– Өзіңіз де үнемі осы мәселенің шетін шығарып айтып жүресіз. Басқа тұстарын айтпағанда, сценариі де қазақша емес туындылардың таңдалуы кімге, неге байланысты болып отыр?
– Көркемдігі көңілді көншітпейтін, қазақтың танымына, түйсігіне, жалпы ұлттық рухына жат дүниелер сарапшылар кеңесінен өтіп, ВАК құзырына жолданды. Осыларға шынымен де қалай өтіп кеткен деп таңғалам. Өйткені Питчинг кезінде сарапшылар алқасының ұстанымдары берік секілді көрінген. Тіпті ұлттық өрнек, тіл жөнінде рухты ескертпелер де болды сарапшылар тарапынан. Т.Бекмамбетовтің фильміне, «Әлия» жобасына, «Қазақ­фильмнің» «Бүркітші» және «Жусан» аталатын екі жобасына сарапшылар тарапынан сенімсіздік пен күмән басым болды. Бірақ не құдіреті барын білмейміз, аталған сценарилер бұл сатыдан аттап, ВАК-қа жетіп отыр. Тіпті ол белестен де өтіп, қазір қаржыландыруды күтуде. Питчингті жай көрермендермен қатар онлайн режимде осы салаға қатысты өзге де мамандар бағып отырды, қай дүние қандай деңгейде екені де көпке айқын көрінді. Манағы жобалардың жауын-жауынның арасымен қалай өтіп кеткені, ВАК-тың қарауынан да қалайша сытылып шыққаны мен үшін жұмбақ. Мысалға, Тимур Бекмамбетов деген кім? Оның неге жарты ауыз сөз айтса, жалп етіп жобасын өткізе қояды? Тимур қазақтың ұлттық руханиятына не бермек, алғаннан басқа? Басқа «тимуршылар» не бермек? Ол 2007 жылы «Қазақфильмде» жалаулатып бастаған «Алтын адамның» аяғынан шығып алсын да! Басын таудай қылып бастап, соңын қылдай қылып кетпеп пе еді…
– Комиссия құрамында кімдер бар?
– Комиссия Досхан Жолжақсынов, Әлия Бөпежанова, Назира Мұқышева, Дана Әмірбекова сынды мамандардан құралған. Биылғы жаңалық әр саладағы фильмге бөлек-бөлек сарапшылар сайланған екен. Мысалы, «деректі фильмдер», «ойын фильмдері» (көркем фильмдер), «анимациялық фильмдерден» тұратын үш бөлікте үш түрлі эксперттік кеңес құрамы болды. Алайда мұнда да бір қайшылық туындады, осы кеңес мүшелері өздеріне тапсырылған бөлек-бөлек бағыттағы фильмдерді қарағанмен, қорытынды сәтте барлығына барлық саладағы фильм­дерге дауыс беру құқығы берілді. Бұл – меніңше, өрескел қателік. Өйткені «ойын фильмдеріне» қазылық еткен азаматтар «анимациялық фильмдер» мен «деректі фильмдерді» оқыды деп айтпас едім. Оқуға мұршалары да болмайтыны анық. Сол сияқты «деректі фильмді» сараптаушылар өзге екі жанрдың жобаларын қарап үлгермейтіні аян. Соған қарамастан шешуші сәтте барлық сарапшы барлық туындыға бірдей дауыс беру құқығына ие. Бұл деген парадокс қой. Ол қалай дауыс береді, егер ұсынылған сценариді оқымаса, оның талқысына қатыспаса, оны ой-санасынан өткізбесе… Әділетсіздіктің, келеңсіздіктің көрінісі осы жерден-ақ бастау алып тұр.

– Биылғы Питчингтен өтіп, ВАК сұрыптауынан өтпеген киножобаңыз «Күміс қоңырау» деп аталған екен…
– Сценарилер қаралып жатқанда мен Шанхайда болдым. Бейнежолдау арқылы қорғадым жобамды. Фильміме қатысты ешқандай қарсы сұрақ болған жоқ. Питчингтен өткенімен, ВАК қолдамаған «Күміс қоңырау» аталатын сценариім Шанхайдан Бас жүлдені алып келген «Талақ» атты фильмімнің заңды жалғасы еді. Әу баста бұл туындыларды трилогия етіп ойластырғам. Бірінші фильмде, яғни «Талақта» өткен ғасырдың 20-жылдарындағы октябрь революциясынан кейінгі өліара кезең бейнеленсе, осы ұсынылған «Күміс қоңырауда» 30-жылдардағы алапат аштық суреттелуі керек болатын.
Бұл сценаридің әуелгі атауы «Аштық» болатын. Осыдан 14 жыл бұрын жазылып, «Қазақфильмнің» көркемдік кеңесінен өтіп те қойған еді. Бірақ белгілі бір жайларға байланысты түсірілімге жіберілуі тоқтап қалған. Ол жылдары 30-жылдардың оқиғаларына үрке қарайтын. Мен осы жылдар аралығында бұл шығармамды жетілдіріп отырдым. Одан бері аштық тақырыбында сан түрлі фильмдер түсірілді, бірақ бір де біреуі көңілімнен шықпады. Сол себепті «Күміс қоңырау­ды» осы жылдың сарапшылар кеңесінің назарына ұсынғанмын. Олар қолдады, ондағы жекелеген адамдар «Күміс қоңырауды» аштық тақырыбында жазылған ең үздік сценарий деп бағалады… Птчингтен өткізіп, ВАК-тың құзырына жіберуге шешім қабылдады. Ары қарай өндіріске жолданатынына өте қатты сенімді болдым. Өйткені дүниежүзі бойынша деңгейі жоғары конкурстардың бірі болып саналатын Шанхай кинофестивалінен Бас жүлде алып оралдық, мұндай жағдайда министрлік те, Ұлттық киноны қолдау орталығы да қазақ киносын өсіру үшін, ұлттық киноның маңызын арттыра түсу үшін менің ары қарай өнімді жұмыс істеуіме кедергі болмайды, қайта көмектеседі, қолдайды, қорғайды деп ойлағанмын, сенімім кәміл еді. Алайда бәрі керісінше болды… Құдайдың құдіреті деймін де, жай адами логикаға салайықшы, қайта мынадай үлкен жетістіктен кейін қазақ киносының дамуына құзырлы мекемелер мен жекелеген тұлғалар «алтын шыққан жерді белден қаз» қағидатымен «Талақтың» авторларымен ары қарай жұмыс істемес пе еді? Бірлесе жоспар құрысып, он төрт жыл жазылған, әбден көркемдік тұрғыдан иі қанып, шыңдалған «Күміс қоңырау» киножобасын қолдап, бұл жетістіктен де биік тұғырға бірлесе ұмтылмас па едік? Ұлт киносының өркендеуі мен дамуына тікелей жауапты адамдардың алдындағы ұлы парызы емес пе еді бұл? Бұны елемеу – шын мәніндегі ұлттық киноны елемеу деп ұқтым. Сол жаныма батады.

– Қазақ киносының ахуалы жаныма батады деп отырсыз ғой. Жалпы, кино әлемі сізді несімен қызықтырады? Бұл өнер түрінің миссиясы қандай болу керек деп есептейсіз?
– Кино – өте маңызды өнер. Оның рухани және идеологиялық күші аса зор екенін айтып кеткен саясатшылар да, өнертанушылар да көп. Дүниежүзіндегі ең кенже, сондай-ақ ең озық өнер – киноға мәдениет пен әдебиеттің барлық құнары келіп құйылған, яғни сурет өнері де кинода бар, театр өнері де, актерлік өнер де, көркем әдебиет те, бәрі-бәрі тоғысатын алаң осы – кино. Екіншіден, адам жаны мен адам затының өсуіне, өркендеуіне, ақыл-ойының дамуына ерекше ықпал ететін өнер де – кино. Қазіргі заманда әдебиетке самарқау қарайтындар көбейді десек те, киносүйер қауым артқан. Жанына керекті іңкәрлікті адамзат, жастар кинодан алады, ұлтының рухы мен ұстанымын да кино арқылы таниды, адамдық қасиеттерге деген ұмтылыс та кино арқылы сіңеді және ақыл-ойды сәулелендіретін нұр да кинодан дариды. Сондықтан елімізге тән фильмдер әрі мазмұнды, әрі рухты, әрі қазақ жанының айнасы, әрі көркемдік қуаты жоғары болғаны ләзім.
Ұлттық киноға деген ықыластың дұрыс емесін көрсететін тағы бір айғақ – елімізде кинофестивальдердің жоқтығы. Халықаралық «Евразия» кинофестивалі, «Шәкен жұлдыздары» секілді өсіп келе жатқан фестивальдеріміз бар еді, су аяғы құрдымға кетті бұл күнде. Кинофестиваль дегеніміз – дұрыс кино мен бұрыс киноны саралайтын, киноларға көңіл бөлетін, жақсы мен жаманды ажырата алу үшін көрермендердің санасына сәуле түсіретін, оң мен солды қатар көрсете отырып, талғам қалыптастыратын жалғыз алаң. Ол барлық елде бар. Бізде де болған.
Жанымыздағы Қырғыз елінде «Бішкек» кинофестивалі біріншісінен соң араға жеті ай салып тағы өткізіліп, уақытын, орнын бекітіп алды. Өзбекстан да Халықаралық Ташкент кинофестивалін қайта жаңғыртып, жылдан-жылға түлетіп, жарқырата түсуде. Ал бізде бәрі керісінше. Бар кинофестивальдеріміздің өткізу құзыретін біресе ана компанияға, біресе мына компанияға көшіріп, мәнін қашырып, соңында сиырқұймышақтандырып тындық. Кинофестиваль тәуелсіз болуға тиіс, яғни оны өткізу мүмкіндігін қоғамдық ұйым ретінде бәріне тең қарайтын Қазақстан кинематографияшылар одағына берген дұрыс, әрі алқа-салқа болып, бауырын көтере алмай, қоғамдағы орнын анықтай алмай жатқан Кино үйі әдемі өнер ордасына айналып, Кинематографшылар одағы мәртебесі де лайықты деңгейге көтерілер еді.

– Ал осы өзіңіз айтып отырған мәселелерді шешудің жолы қандай?
– Мен айтып отырған мәселелерді шешудің бір-ақ жолы бар, ол – құлақ асу, яғни шырылдаған адамдарға, өтіп жатқан конференцияларға, жекелеген мамандардың пікіріне құлақ түрген дұрыс. Кино саласында жүрген азаматтардың пікіріне құлақ аса отырып, киноның маңыздылығын жан-тәнімен түсіне отырып, қордаланған мәселелерді мемлекеттік тұрғыдан шешуге министрлік пен құзырлы органдар бейіл болса деген тілек бар. Ал біз етектен тартпай, өрге тартып жәрдемімізді тигізуге бар күшімізді салар едік. Негізгі мәселеге келер болсақ, Ұлттық киноны қолдау орталығының сараптауына ұсынылатын да, өтетін де фильмдер атына заты сай, шын мәнінде ұлттық фильмдер болуы керек. Француздың ұлы режиссері Жан Ренуар: «Менің ойымша, кино ұлттық рухта болуы керек және бұл мәселеде біз ымырасыз болуымыз керек. Бірақ біз америкалықтарға елітеміз. Бұл жаман, өйткені америкалықтар қашан да америкалық фильмдерді бізден жақсырақ түсіреді. Біз француз фильмдерін түсіруіміз керек, өйткені бұл әлемде ешкім бізден артық француз фильмін түсіре алмайды!» – дейді.
Ұлы суреткер айтқандай, ұлттық рухқа суарылған жаннан артық ешкім ұлттық фильм түсіре алмайды!

Сұхбаттасқан –
Мөлдір Райымбекова
Суреттерде: «Талақ» фильмінен көріністер

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір