Роза БАҒЛАНОВА: Билікте Отанын шексіз сүйетін азаматтар болуы керек
24.02.2023
646
0

Құрметті оқырман, туғанына ғасыр толған, әнші, Қазақстанның және бұрынғы КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланова мен музыка зерттеушісі, өнертанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Пернебек Момынұлының ертеректе екеуара болған шағын әңгімесін назарла­рың­ызға ұсындық.

– Роза апай, сіз – халқымыздың ән өнерінде есімі аңызға айналған әншісіз. Сонау Отан соғысы қызып тұрған шақта майдандағы жауынгерлер алдында ән салуыңыздың өзі ерлік деп түсінеміз.
– Рақмет, айналайын. Соғыс кезінде жауынгердің мамыражай отырып ән тыңдауға уақыты болған жоқ, әрі снарядтар мен пулемет оқтарының сақылдаған үнімен жарысқандай концерт қойған күндеріміз жиі болды. Осылайша майдангерлердің рухын көтердік, жеңіске құлшындырдық. Сонда өзіміз оққа ұшып кетеміз-ау деп ойламаппыз. Осылайша Берлиннің түбіне дейін барып қайттым.
1943 жылы бірінші рет – Солтүстік майдандағы концерттен соң Совет Одағының Маршалы Коневтің қолынан, екінші рет – 1945 жылы Варшава қаласының маңында Совет Одағының маршалы Рокоссовскийдің қолынан «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарын алдым.
Өнерімді жоғары бағалап, аса бір ыстық ықылас пен ризашылығын білдіріп хат жолдаған жауынгерлер де аз болмады. Халық тарапынан әнімді құрметтейтін әсерден арылмағаныма шүкіршілік етемін. Ал енді қажет болса «Жас Алаш» үшін және бір ерлік жасау­ға дайынмын!

–Роза Тәжібайқызы, сізді еліміздегі ең қайырымды ана деп естимиз. Сол рас па?
– Әу бастан дінге берік адаммын. Кішкене кезімде әжемнің үйреткен Құрандарын жаттап өстім. Ол кісінің анасы Меккеге барған, жаны таза кісі еді. Бүлдіршін кезімнен мен де бір Аллаға сеніп, адамдарға қайырылымды болуға, қиналғанда көмектесуге бейім болып өстім.
Қазір Қазақстан мұсылман әйел­дері қоғамының құрметті төрайымымын. Бірнеше жылдан бері қыруар іс тындырдық. Мүгедектер мен қарияларға тамақ беруді ұйымдастырдық, туған күндерін атап өттік. Қызылорда облысында көзі ауыратын 6 мың адамды екі айда дәрігерлерге тексерттік. 1500 азаматқа көзілдірік сатып әпердік.

–Сіз сахнаға шыққанда жұртты дауысыңыз ғана емес, өзіңізді ұстауыңыз, көркіңіз, киіміңіз, бәрі-бәрі тамсандырады. Үйде де осындай ұқыптылықты ұстанасыз ба?
–Әлбетте, мәдениет деген – рухани байлық. Адам театрға, концертке барғанда, сахнадағы адамды тыңдау үшін және одан тәлім алу үшін барады. Өнер мен мәдениет кісіні сұлулыққа тәрбиелеуі тиіс.
Мен 1949 жылдан бері күтінемін. Оның өзі – мәдениет. Елу жылдан бері өзіме белгілі бірнеше ғана кремді пайдаланамын. Шаш күтімім өз алдына әңгіме. Киімдерімді «Сымбат» сән академиясы тігеді. Онда тігіншілер менің жасыма жарасымды киім тігу жақтарын қарастырады. Яғни, адам жақсы көрген кісісін құшақтап, құмардан шыға иіскегендей киініп, сүйкімді болып жүру қажет. Адамның киімі мен келбеті және ішкі дүниесіне де мейірім қанып тұру керек. Кейбіреулер бар жақсысын киеді. Бірақ келбетінің залымдылығы, қулығы сыртқа ұрып тұрады. Бұл, әрине, өкінішті. Бұл күнде біраз әншілерге де, сазгерлерге де көңілім толмайды. Әнді айтқанда, ол жүректен шығып, жүрекке жеткені абзал. Әнші мәдениеті мен ән айту мәдениеті өзара астасып жатса, қуанасың. Кезінде «Рекеңе арнап жаздым» деп әкелген талай әнді орындаудан бас тарттым. Бірі – жасыма, екіншісі – талғамыма лайық болмады. Жаңа әндердің мәтініне, әншілердің киімі мен сахнада өзін қалай ұстайтынына назар аударыңызшы…
Мен ең атақты концерт залдарында, шет ел патшаларының театрларында ән айтқан адаммын. Өзімді мықтымын деп санамаймын, құдайға шүкір. Үлкен буын және біз негізін қалаған мәдениетті ендігі жастар жоғалпаса екен дейміз.
Жақында Иранға бардым. Бұл елде әйелдерге ән айтуға болмайды. Алайда бір халықаралық ұйымның өкілдері қолқа салып, маған ақыры ән айтқызды. Орташалау залға көрермендер сыймаған соң, үлкен залда ән айтуға рұқсат берді. «Әнді керемет сезіммен айтады екенсің» дегендер болды. Мұндай дағды маған жарты ғасырдан бері серік болса, атақ-абырой әперсе, одан қалай айниын.
Мен адамның ойын оқимын. Әніммен де, сезіммен де емдеймін. Мен ән салып тұрғанда әңгімелесіп отырғанда қасымдағы кісі ауырған жерін сипаса, ол демде жазылып кетеді. Алақанымдағы биотоктің қасиетін ҚазМҰУ-дың профессоры Июнишин тексеріп, таңғалған.
Айтпақшы, Алматыда зілзала болады деп елдің үрейін ұшырғалы қанша жыл болды. Ал мен екі-үш баллдан артық жер сілкінбейді дегеніме де сонша жыл болды. Анау айтқанындай, ештеңе көріп тұрғаным жоқ. Бізді Алла сақтап тұр. Әрі неше жылдарға дейін Алла сақтайды.

– Роза Тәжібайқызы, жұрт сізді сағынып жүреді. Санаулы айлар қалған мерейтойыңыздың алдында қандай жоспарыңыз бар?
– Биыл келінді боп, соңғы кездері ешқайда шыға алмай қалдым. Әйтпесе, Қостанай, Алматы облыстары, Тараз қаласының басшылары шақырып жатыр. Барған жерімде халық өте көп жиналды. Соңғы рет Атырауда қойған концертім өзіме өте ұнады. Иманғали шақырған, айналайын, асыл бала ғой. «Апай қалай, ренжіп қалған жоқ па?» – деп бәйек болып жүргені. Ең соңғы концертте халықтың көптігі сондай, театрдың есігін сындырып жіберіпті. Директор: «Апа, театрдың есігі сынып қалды» – дейді. «Е, оны жергілікті басшыларыңа айт, мен кінәлі емеспін ғой», – дедім.
Халық жақсы әнді сағынып қалды. Киген көйлегі етегін екі елі жауып тұр­ғандардан, айқайдан халық шар­шады. Айқайдан адам ешқандай нәр алмайды. Нәр алатын, адамның жүрегіне от беретін, ойландыратын әндер қазір жоқтың қасы. Бір айтқан сөзін жүз рет айтып, не музыкасы, не сөзі жағынан мәні жоқ әндер көбейді. Менімше, әншілер де ойланар деймін. Келесі жылы 80-ге келемін. Бұрын айтылмаған әндер дайындап жатырмын. Иншалла, бұйыртса бір жақсы концерт­тер өткіземін.
– Халық өздеріңіздей асыл аналарға арқа сүйейді, салиқалы сөз күтеді. Аузыңызға қараған жұртқа не айтар едіңіз?
– Бірден айтар едім, еліміздің келешегі керемет. Құрып жатырмыз деген бекер сөз. Әрекетсіз адам ғана құриды. «Алма піс, ауызыма түс» дегенді қою керек. Ол күндер өтіп кетті. Біз халыққа жылы сезімді арнап, рух беріп отыруымыз керек.
Айтыңызшы, қай елде кемшілік жоқ. Әлемнің 60-тан аса мемлекетіне табаным тиді. Көрдім. Бәрінде кемшілік бар. Жарлы да, бай да, орташа да өмір сүруде. Бәрімізге президент, министр, ғалым болу бұйырмаған. Қойшы болатын да, тойшы болатын да жағдай бар. Бәрі мөлшерімен болуы тиіс. Билікте Отанын шексіз сүйетін азаматтар болуы керек.
Ел, жер, дін, діл және тіл деп шырылдайтындар көбейсін. Сол азаматтарымызбен халқымыз мақтана берсін! Кейде Иманғали, Алтынбек, Ғалымжан, Әлихан секілді қазақша сөйлегенде кісінің мысын басатын жігіттерге риза боламын. Атқамінер өзге азаматтар неге солардай болмасқа?!
Шүкір, тәуелсіздіктің оныншы жылы да есік ашты. Бұл жыл бәрімізге береке, құт әкелсін.
– Әңгімелеріңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Пернебек Момынұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір