«ӘНШІ» ДЕГЕН АТҚА ЖЕТСЕМ ДЕП ЖҮРМІН
03.09.2019
2083
0

Рамазан СТАМҒАЗИЕВ, дәстүрлі әнші:

Тауға шығар жолдағы шағын дәмхана.
Жасыл желекке көмкерілген кең аула. Қарсы алдымда қазақтың ұлттық ән өнерінің мақтанышы, күміс көмей әнші Рамазан Стамғазиев отыр.

Жай сөйлегенінің өзінде көкірегінен үні күмбірлеп шығады. Байыппен тіл қатып, сырбаз жымияды. Ал, дәмхана жақтан шетелдік даңғаза әуен еміс-еміс естіліп қалады. Жанымызға жап-жас даяшы қыз келді. Бетімізге кезек-кезек қарап алды да, ол мұнда отыру үшін жиырма мың теңгеге тапсырыс беру керектігін шегелей айтты. Дәстүрлі ән өнерінің бекзадасын танымады. Көп адамның бірі ретінде қабылдады. Жан дүнием алай-дүлей. Әйтсе де, «ортақ келісімге» келіп, ыстық шайдан бір-екі ұрттаған соң, көңіліміз жайланып, сұхбатымызды бастап кеттік…

Қазіргі жас ақындарды оқи алмаймын

– Бала күнгі кітап оқу дейтін сүйікті ісіңізді жоғалтып алған жоқсыз ба?
– Шынымды айтсам, аздап жоғалттым. Таңнан қара кешке шейін кітап оқимын деп айта алмаймын. Көбіне өнерге қатыстыларын оқимын. Бүгінде әлеуметтік желіге, ғаламторға жақын боп алдық. Мен сізге бір қызық оқиға айтып берейін. Осыдан 1-2 жыл бұрын әнші Тілеулес Құрманғалиев: «Сізбен жолығуым керек», – деп хабарласып, үйге келді. Негізі, екеуміз бір ауылданбыз. Қолында – менің әкем мен шешемнің неке туралы куәлігі. «Мұны қайдан таптың?» – деп таңғалдым. Сөйтсем, ауыл кітапханасынан Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуін» оқуға алған. Парақтап отырса, ішінен жаңағы куәлік шыға келіпті. Кезінде әкем де бұл кітапты кітапханадан алған болып тұр ғой. Сол кезде куәлікті кітаптың арасына қоя салған болуы керек. Әкем
ауылдан 1995 жылы көшіп кетті. Ол кітапты қай жылдары оқығанын бір Құдай білсін. Одан бері қаншама жыл өтті. Демек, кітапты әкемнен кейін ешкім ашпаған. Иә, қазір кітап оқу кенжелеп қалды… Эстрада студия­сында оқып жүргенімде Жәнібек, Қайрат ағалар кітапты қажетті тұстарының астын қаламмен сыздыртып оқытатын. Жәнібек ағайым: «Бір шайнам ақыл болса да кітаптан келеді. Біреуден бір кітап артық оқысаң, сен содан биік тұрасың», – дейтін.
– Жаныңызға поэзия жақын ба әлде проза ма?
– Жастайымыздан Мұқағалиды оқыдық. Шахановтың кітабын жастанып жататынбыз. Несіпбек Айтовты да біраз оқыдым. Кейінгі кезде Аманжол Әлтаевтың екі кітабын оқып жүрмін. Қазір бір өлең кітапты бастан-аяқ оқымаймын. Бір әуенге өлең іздегенде ғана қарайсың. Алдымен іздейтініміз –Мұқағали. Қадырдан, Тұманбайдан қараймыз. Рас, қазір жас ақындар көп. Солардың ішінен көбіне Айнұр Төлеуді оқимын. Бірақ жас ақындардың стильдері, ой өрімдері, философиялық көзқарастары әуенге сәйкес келе бермейді. Шыны керек, қазіргі жас ақындарды оқи алмаймын да. Бәлкім, бұл менің кемшілігім шығар. Ойлары, тұжырымдары қызықтырып, оқып келемін де, аяқтай алмай қаламын. Адамға рух бермейді. Әркімнің өлең жаттау қабілеті әртүрлі емес пе? Студент кезімде 20 шумақ өлеңді 4-5 сағатта жаттап алатынмын. Ойыңды жетектей береді де, өз-өзінен жатталып қалады. Ал, Президенттік оркестрде әнші болып жүргенімде шетелден келген қонақтарға арнау айтқызатын. Несағаң төгілтіп жазып береді. Оқып отырғанда-ақ жатталып қалатын. Екі-үш сағаттан соң әуежайда қонақтардың алдында жаңағы арнауды мүдірмей айтып тұратынмын. Жалпы, поэзияны анда-санда оқимын. Соншалықты сауатсыз да емеспіз. Соншалықты кемеңгер де емеспіз. Өзім шәкірттерімді Алматыдағы кітапханаларға бөліп тастағанмын. Көне­ден келе жатқан сонау Қазтуғаннан бас­тап берідегі Мұхтар Мағауинге дейін оқи­ды. Өнерпаздардың өмірбаяндарын оқи­ды. Азды-көпті білері, оқығаны болмаса, екі шумақ пен қайырманы үйреніп айтқаннан бала әнші болып кетпейді. Керек десеңіз, реферат та жазғызамыз. Кененнің «Бозторғайы», «Базар-Назары», сол сияқты басқа да кіндігі тарихқа байланған әндер жетерлік. Балалар «екі ән айтсам, танымал әнші болып кетем» деп ойлайды. Олай емес екенін оқуға келгеннен кейін түсінеді. Ой-өрістері ашылған соң әнді айтулары басқаша болады. Құрғақ, жаттанды емес. Бұдан бөлек, әлем музыкасын, шығыс классикасын тыңдайды. Театрларға барып, қойылымдарды көреміз. Ықылас атындағы Халық аспаптар музейінде екі-үш жылдың ішінде 230-ға жуық кеш пен концерт өткізілді. Онда Ақан серінің, Шәкәрімнің домбыраларына дейін тұр. Жастар соның бәрін көзімен көреді, әсерленеді, ізденеді. Енді ІІІ курс студенттері ғылыми ізденіспен Моңғолияға барып жүр.
– Өзіңіздің өлең, ән жазатын өнеріңіз бар ма?
– Ән жазып көргем. Екі күннен кейін тыңдап, өз-өзімнен ұялғанмын. Марқұм Ақселеу ағаның айтқаны бар еді: «Рамазан, саған әнші деген атақ аз ба?» – деп. Содан тоқтай қойғанмын. Өлең де жаздым. Алайда екі-үш шумақ құрастырғанға «мен мынадай өлең жаздым» деуге ұяламын. Ондайды кез келген қазақ құрастырады.

Мықты әншілер бар, бірақ өнерге қосқан үлестері жоқ

– Кеудеңіз мұңға, сағынышқа толғанда, көбіне қай әнді орындап, жаныңыз тыныштық табады?

– Қазақтың классикалық әндері мен қазақ композиторларының әндерінің бәрі де – шедевр. Ұстаздарымыз: «Әнді түсініп, тегін түсініп айту керек, іздеп айту керек, құшақтап, аймалап айту керек», – дейтін. «Әнге өз бағытыңда өмір сыйлау бақытын, кілтін тапсаң, сен әнші деген атаққа лайықсың. Таба алмасаң, әнші емессің. Бір әннің кілтін табу – әнші үшін үлкен бақыт», – дейтін. Өнерге үлес қосу деген бар. Мысалы, біз Жүсіпбек Елебеков, Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов, Дәнеш Рақышевтің кезінде жететін жеріне жеткізіп айтып кеткен әндерін солардан асырып айта аламыз ба, болмаса солар сияқты қазақ даласында шашылып жатқан, жоғалып кеткен бір әнді іздеп тауып, өнердің «алтын» қорына қоса алдық па? Мәселе сонда. Кейбір әншілер бар, мықты әнші, бірақ үлесі жоқ. Айтып жүрген әнін кезінде оған дейінгілер жеткізіп айтып тастаған. Арагідік болады, мәселен, Жүсекеңнен, Ешекеевтен басқаша қырда танытып айтатындар. Қайрат ағам: «Сен мені қайталама, өз жолыңды, ізіңді тап, өзіңше ізден, жол баста», – дейтін. Жәкем мен Қайрекең екеуі Жүсіпбек Елебековтің қолында оқыған. Ұстаздары екеуіне бірдей ақыл айтты. Бірақ екеуі бір репертуарды екі түрлі бағытта орындады. Біріне-бірі ұқсамайды. Қазіргі кезде қазақ әндеріне үлес қосқан әншілер саусақпен санарлық.
– Өнерде үлесі бар әншілер деп кімдерді айтар едіңіз?
– Тілеулес Құрманғалиев. Хантәңірі аймағындағы белгісіз авторлардың қаншама әндерін жарыққа шығарды. Мысалы, Көдектің еш жерде айтылмаған төрт әнін тапты. Табанынан тозып жүріп, Қытайда қалған ағайындардың жадында қалған дүниелерді тірнектеп жүріп жинады. Еркін Шүкіманов, Нұржан Жанпейісов, Ерлан Рысқали да – ізденімпаз, үлесшіл, үлес қосқыш әншілер.
– Сіздің орындауыңыздағы «Дариға-дәурен», «Арман», «Сәуле-ғұмыр» әндері адам баласының тұтас бір ғұмырын бейнелейтін, бірін-бірі толықтырып тұрған, жұп-жұмыр біртұтас дүние сынды. Үшеуін бірінен соң бірін, қатар тыңдамаса, тыңдарманның көңілі көншімейді…
– Тұрсынжан ағаның триптих дүниесі ғой. Ол кісі былай дейді: «Адам өмірге келгенде арманға бой алдырады, содан кейін дәуренін сүреді, өмірден өткенде соңында сәулесі ғана қалады». Маған дейін «Арман» әнін Бекболат Тілеухан төрт жыл орындаған екен. Бір күні Астанада концертте: «Тұрсынжан Шапай деген ағаңды білесің бе? Керемет әндері бар», – деді. Ағаны сыртынан білетінмін. Консерваторияда оқитын ініме барғанда Саламат Қазақбаев дейтін жігіт «Аққулар, қош болыңдар», «Бала ғашық», «Көзің қайда» дейтін әндерді сұңқылдап тұрып айтатын. «Мынау не деген ғажап ән! Кімнің әні?» – деп таңғалатынбыз. «Түкем салдыкі ғой», – дейтін. Бекболат пен Саламат екеуі Тұрсынжан ағаның әндерін өзіне барып тыңдатады екен. Қазақ әдебиетінің үлкен сыншысы, абайтанушы адам емес пе? Ана екеуі бір жерінде иірімін артық салса, бір жерінде кем салады. Ұнамайды. Сонымен келісе алмай жүрген. Содан Бекболат «Тенорға емес, баритонға келіп қалар, Рамазанға айтып көрейінші» деген ойға келген. Алматыға келген соң Тұрсынжан ағаға хабарласып, үйіне бардым. Жақсы қарсы алды. Сыртымнан біледі екен. Домбырасын тыңқылдатып отырып бір әнін айтып берді. Миым жаңағы әннен басқа ештеңені қабылдамай қалды. Екі-үш күннен кейін студияға, Бағлан Омаров дейтін досыма барып, әнді жаздырдым. Бағлан: «Сен осыған дейін қаншама ән таптың, бірақ эстрада әншілері пайдаланып кетті. Мына әніңді де алып кетеді», – деді. «Алса несі бар? Композитор әнді әншілер орындауы үшін жазбай ба?» – дедім де, кетіп қалдым. Үйге келсем, Бағлан хабарласып іздепті. Сөйтсем, әнге эстрадалық өң беріп тастапты. Мүлдем басқаша естіледі. Ал, дәстүрлі мектептен өткен адам үшін бұл өте қиын. Түнімен ойланып ұйықтай алмадым. Ертесіне студияға барып тыңдадым. Естіген құлаққа ұнайтынын біліп тұрмын. Қай жағынан да мін таба алмайсыз. Содан Тұрсынжан аға, Ғалым Доскен ағамыз бар, бес-алты жігітпен келіп тыңдаған. «Мына ән қашан шығады?» – деп көптен күтіп жүрген ғой. Басында Тұрсынжан аға қабылдай алмай, қайта-қайта тыңдапты. Бір уақытта: «Тәуекел, радиоға беріп көрейік, халықтың пікірін тыңдайық», – депті. Осылайша дәстүрлі әнге эстрададан шапан кигіздік. Дегенмен сүйегі дәстүрлі музыкаға кіндігінен байланған, бояуы басқаша, ырғағы бөлек ән. Радиоға шыққаннан кейін «Сені есі дұрыс әнші деп жүрсек, мынауың не?» – деп ренжігендер болды. Мүлдем танымайтын адамдар қоңырау шалып: «Айналайын, жақсы бетбұрыс жасадыңдар, осы жолды тастамашы, әрі қарай жалғастыршы», – деді де. Қаншама хаттар келді. Алдымен «Арман», одан «Сәуле-ғұмыр», «Дариға-дәурен» жарыққа шықты. Іле «Ай, сәулем» жазылды. Бірінен соң бірін радиодан бұрқыратып бере бердік. Бір-екі жылдан соң маған ұрысқан адамдар менен кешірім сұрады. Енді мен барған жерде жиылған жұрт үш-төртке бөлініп отыратын жағдайға жетті. Бірі «Арманды» тыңдағысы келеді, енді бірі: «Мен үшін әннің шедеврі – «Сәуле-ғұмыр», – дейді. Жалпы, тоғыз жастағы бала мен сексен жастағы қарияға дейінгі адамдардың пікірін тыңдадым. Осы әндерге ғашық болған қаншама жас оқуға келді. Қаншама жастың тойында осы әндер айтылды. Осы әндер айтылған жерде менің есімім аталады. Несағаңның, Тұрсынжан ағаның есімі аталады. Бәрі де – еңбектің нәтижесі. Талай авторларды көрдім, «әнімді, әйтеуір, шығарсаң болды» деген. Бұл кісілерде ондай атымен жоқ. Күнімен, түнімен, таң атқанша бір сөзге таласып отырған кездері болған. Бір сөздің өзін ақынға алты-жеті рет жаздырған. Үш адамның ортасында қайнаған ән өте бір қайнауы бітік, көбігі алынған, жетеріне жеткен ән болды. Жететін жеріне жеткізіп барып шығарған дүниені осы кісілерден көрдім. Сөз қадірін осы кісілерден үйрендім. Бір иірімді алып тастасаң, Тұрсынжан аға: «Әннің ырғағы өзгеріп кетті. Сендер, музыканттар, қалай естімейсіңдер? Дыбыс келе жатқан жолынан шығып кетті ғой. Өзінің жолына қайта салу керек, әйтпесе, үйлесімі кетіп қалды», – деп, дыбысқа таласқан кезде кей кәсіби композиторлардың өзі шаңына ілесе алмайды. Сондай еңбекпен келген дүниені жақсы көремін. Өмірімді өнерге арнағаннан кейін адалдықтан айнымағым келеді.
– Әрқайсысы бір-бір төбе сынды осынау үштік кейін тағы да бас біріктіре алды ма?
– Қазір бір-бірімізден алшақтаумыз. Астанаға жол түскенде Несағаң бірде болады, бірде болмай қалады. Тұрсынжан ағаның өз шаруалары бар. Менің жүрісім мынау, шапқылап. Сосын жазылған әннің бәрі бірдей шедевр бола бермейді ғой. Киім алғанда өңіңізді ашатын, өлшемі сәйкес киім алмайсыз ба? Іліп қойған киімнің бәрін кие бермейсіз. Сол сияқты, әлгі үш ән де – Тұрсынжан ағаның әндерінің ішінен шекесінен шертіп тұрып таңдап алған, табиғатыма жақын келген, сезімнен туған әнді сезіне алған дүниелер.
Аққу-қаз әуелейді қалықтаған,
Қайтейін, қанатым жоқ, қалып барам. 
Жүрегім құс боп ұшып кетті-ау бірге, 
Жылатып жалғыз қалай алып қалам?!
Дариға-дәурен…
Бұл – ақын жанының толғанысы. Ал, сіздің дариға-дәурен жайлы толғанысыңыз қандай?
– Әнді айтқан сайын ойың ұштала береді ғой. Мені талай қызметке шақырды. Айлық жалақысы жақсы, мамық кресло. Бірақ бармадым. Жүрегім қаламады. Өйткені Алланың маған берген сыйы осы болар, ес білгеннен өнерге беттедім. Жәнібек ағамыз «қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыр» дегенді көп айтатын. Сол ғұмырда із қалдырған жөн. Жақсы жағынан. Абай айтқандай, өнердің бір кетігіне кірпіш боп қалансақ, бір әнмен болса да өнерге үлес қоссақ дейміз. Қаншама шәкірттерім бар. Қытайдан, Моңғолиядан келген шәкірттерім де жетерлік. Бүгінде кей шәкірттерім өз мектептерін ашып отыр. Байқауларда немере шәкірттерім келіп қатысып жатады. Соларға қазылық етіп отырып, баяғы айтқан, үйреткендерімнің далаға кетпегеніне қуанамын. Маған содан басқа ештеңе қызық емес. Бұдан бөлек, адам ретінде ағайынмен араласу, өскен жеріңді, ұстаздарыңды ұмытпау бар. Негізі, өзіме ақыл айтқаннан гөрі ісіммен көрсеткен ұнайды. Шәкірттеріммен бірге ел кеземін, концерттерге апарамын, кездесулерден қалдырмаймын. Соның бәрінен ой түйгізем. Ғылымға бет бұрып жатқандары да бар. Жалпы, Жәкем айтқандай, «Адам боп келдім өмірге, адам боп өту – тілегім». Сондай-ақ, Абай айтпақшы, «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын?»
Ішкі мәдениетіміз даңғаза мәдениетке айналды
– Қайбір жылдары әншілерді төбесіне көтерген көпшілік бүгінде оларға наразы. «Әншілер халықтың арқасында байыды. Алайда халықтың қиын жағдайын көре тұра үндемейді. Биліктің жандайшаптары. Жағымпаздар» деген сыни пікірлер жиі айтылады. Бұған не дейсіз?
– Халықтың сөзіне қосыламын. Рас, біз арзан атаққа, біреудің аяқ киімін «жалауға», біреудің қасында тұрып көрініп қалуға жаман үйрендік. Біреулер мұқтаж жандарға «Памперс» берсе де, жария қылатын болды. Өткенде Арысқа бір топ әншіні жіберді. Сонда кейбірі «мен бара жатырмын» деп ғаламторға жазып жатты. Әйтсе де, халық Сәкеннің, тағы басқаның бетін көріп, ты­ныш­тала қойды дегенге кім сенеді? Кезін­де «Алтын жүрек» деген сыйлықты берушілер: «Қаншама рет демеуші болдыңыз, қайы­рымдылық концерттерін өткіздіңіз, сізді осы сыйлыққа ұсынамыз. Не бергеніңізді жазып, мына қағазды толтырсаңыз», – деген. Ашуланып, «Атақтарың керек емес!» – дедім. Жасаған жақсылығыңды жария етіп жүргенді ұнатпаймын.
– Азамат ретінде қоғамдағы қандай жайттар толғандырады?
– Көп қой. Тіл бостандығы жоқ. Бүгінде адам құқығы жерге тапталды. «Қазақстан», «Хабар» арналарынан көрсетіп жатқан «бізде бәрі тамаша» деген дүниелер мен халықтың тұрмыстық жағдайы бір-біріне сәйкес келмейді. Жалғандықпен өмір сүріп жатырмыз. Несиені үйіп-төгіп алып, күні-түні содан қалай құтыламын деп отырған халықты арзан әзіл-сықақ театрларымен алдағымыз келеді. Экранымызды соларға беріп қойдық. Солар қолын көтерсе де, шашын қайырса да күлеміз. Ішкі мәдениетіміз даңғаза мәдениетке айналды. Кейде мына тұрған Ташкенге барғанда таңғаламын. Көше атауларынан бастап ғимараттары, үстеріндегі киімдері, тамақтану орындары, тыңдайтын музыкаларына дейін ұлттық ерекшеліктері байқалып тұрады. Баласының жеп отырған кәмпитінің сыртында өзбекше жазылып тұрады. Мәселен, бір ғұламаның атымен атап қойған. «Туған жер жайында ән жаздырайық» десем, кей әншілер күледі. «Жер жекеменшікте ғой қазір. Біреудің жері туралы қалай ән жазасың?» – деп. Менің айтарым: бұл – біреудің жері емес, қазақтың жері. Қазіргі Қазақстан, Астана туралы әндер маған рух бермейді. Өйткені Астананың айналасында отырған ауылдардың ішетін суы, жүретін жолы, жарығы жоқ. «Елу елдің қатарына қосыламыз» деген сықылды жыл сайынғы бағдарламаларды естігенде, кім кімді алдап жүр дейсің. Журналистер бізден: «Дәстүрлі әншілер, қайда жүрсіздер? Сіздерден кейін енді ешкім шықпай ма?» – деп сұрайды. Неге жоқ ізбасарларымыз? Жылына бес-алты байқауда бас бәйгені жұлып алып жатқан мықты балалар көп. Алайда тәуелсіздік алғалы экраннан бір дәстүрлі әншінің концертін көрдіңіз бе? Жоқ. Біз ұлттық құндылықтарымызды көрсетпейміз. Көрерменге Тукалар қызық болып тұр. Бірақ үкіметке ренжіп отыратын уақыт па? Қазір тыңдарманмен ғаламтор арқылы жұмыс істеп жатырмыз. Шәкірттеріме: «Домбыраңды құшақтап, «мен дәстүрлі әншімін» деп аш-жалаңаш отыра берме. Ізден, оркестрмен, хормен, эстрадамен, дуэтпен айт, тойға бар, әйтеуір, жолын тап», – деймін.
– Өнерге қатысты қандай келеңсіздіктер жаныңызды ауыртады?
– Біздің кезімізде оқу бітірген жас мамандарды облыстарға жіберіп, үкімет жағдай жасайтын. Қазір концерттік бірлестік деген жоқ. Әнші болатын бала алдымен жеті жыл музыкалық мектепте, одан 4 жыл колледжде, 4 жыл консерваторияда, екі жыл магистратурада, үш жыл докторантурада оқиды. Толыққанды диплом алып шыққанда жасы 28-30-ға ілінеді. «Мен жұмыс істеймін» деп бір жерге барса, «21 жасқа дейінгілерді аламыз» дегенді естіп қайтады. Магистратура, докторантураны көрсеңіз, тіптен шошисыз. Таныс-тамырмен беттері былш етпей келіп, өтірік ғалым боп шығып жатқандар бар. Кей өз атын жаза алмайтындар бір-бір декан болып отыр. Атақ деген нәрсе сатылатын болды. Белгілі сыбызғышы Талғат Мұқышевтың жасы бүгінде 60-қа таяды. Кенжелеп қалған дәстүрді «тірілтіп» алып келіп, сыныбын ашып отыр. Атағы жоқ. Тілеулес қаншама дүние жасады. Атағы жоқ. Нұржан Жанпейісовтің де иықтары тап-таза. Бүкіл еңбегін, шәкірттерінің жетістігін, шығарған кітаптарын жазып, он рет атаққа ұсындық. Жоғарғы жақ өткізбейді. Дәулескер күйші, ғалым, өнер зерттеуші Мұрат Әбуғазының да еңбегі ұшан-теңіз. Он бес кітаптың авторы. Еліміздегі өнер оқу орындарының студенттері Мұраттың кітаптарын оқып отыр. Атағы жоқ. Бізде атақты екі ән айтып, аспанға қарап жұлдыз санап жүргендер алады. Өмірінде бір рет жеке концертін өткізбегендер алады. Майра Ілиясованың да істеп жүрген ісінің халтура екенін бетіне айтқанмын. Ән деген – бас-аяғы бар поэзия, поэма. Түсінгенге, ішінде құпиясы бар. Айтқасын іші-сыртын ақтарып айту керек. Ал бұлар сызып алған схемаларымен сегіз жол әнді сегіз әншіге береді. Кейін тіпті он алты әншіге беретін болды. «Мынауыңыз тойбастар ғой», – дегенмін. Сосын сол қойыртпақты радиоға береді. Халық Ескендір, Нұрғали ағаларымыздың даусын біледі, жазбай таниды. Ал ана сегіз, он алты әншінің ішінен кімнің даусын таниды? Бәрі маңырап жатыр. Ілия Жақановтың «Түнгі сыр» дейтін әні – оңашада айтылатын сырлы ән. Соны алты әншіге береді. Оған Жақановтың әнін бұзып айтуға кім рұқсат берді? Ағамыз сол әнді дуэт үшін жазды ма? Дуэт дегеннің форматтары басқаша емес пе? Аға мен қарындастың, қыз бен жігіттің, ғашықтардың дуэті… Ал, Майра кез келген әнді дуэт қылып, сол үшін ақша алып, «мен бүйтіп жатырмын» деп сөйлейді. «Атыңызға затыңыз сай болса, мына тірлігіңізді тоқтатыңыз», – дегенмін. Жалпы, бізде авторлық құқық деген жоқ. Қыздарым мен ұлдарым концертіне қатысқысы келіп барып, талай жылап келген. Әнін алып барса, жақтырмай, інісіне жібереді. Ал, оның әндерінің бәрі – «тамаша». «Киімің нашар» деп, киім тіктіруге жібереді. Ол жерде құрбысы отыр. Таза қанау. Сосын сол концертті экраннан көрсетеді. «Сағындырған әндер-ай» дегеннің өзі кезінде «Ел» продюсерлік орталығы жасаған «Сағыныш» деген ретро-концерттен шыққан. Атауын сәл өзгертіп, шығарып отыр. «Қайнайды қаның, ашиды жаның»…
Сосын бишілер зейнетке шығуы үшін 63-ке келгенше билеуі керек. Ал, 63-тегі апаның сахнада билеп жүргенін көз алдыңызға елестете аласыз ба? Оркестр «шұңқырында» үрмелі аспаптарды үрлеп отырған музыканттар да 63-ке дейін жұмыс істеулері керек. Алайда олардың көкіректері 25 жыл аспап үрлегеннен кейін жарамай қалатынымен шаруасы жоқ. Әншілерде де сондай жағдай. Мыңнан бір шығар, Бибігүл апайымыз бен Ермек ағамыз сияқты даусын сақтап қалған. Уақыты келгенде жапырақ та қурайды ғой. Мезгілі өтсе, жеміс те былжырап, жегің келмей қалады. Оны түсінетін үкімет бар ма?!

«Итің әнші екен, ә!»

– Шәкірттеріңіз, ағаларыңыз жайлы айтып өттіңіз. Ал, досқа қаншалықты байсыз?
– Өмірден де, өнерден де тапқан достарым жетерлік. Менің бір бақытым да солар. Қиналғанымда електен өткендей өздері-ақ екшеліп шыға келеді. Концерт өткізерімде афиша жасату, киім тіктіру, бір жерге ұшып барып-келу, т.б. шаруаларға жанын аямайды. Бәрін қабағыңнан ұғады. «Сен ән айт, өзге жұмысқа шаршама», – дейді. Шәкірттеріме де «Әншіден бұрын алдымен адам болыңдар», – деймін. Әншілігің мықты болғанмен адамдығың болмаса, құның көк тиын. Достарым менің руыма, шыққан жеріме қарамайды. Берген дүниесін бұлдамайды. Әйтпесе, бір ағалар болған, түннің жарымында, таң ата шақырып алады. Барсаң, біреумен арақ ішіп отырады. Екі ән айтқызады да, тыңдамайды. Содан «мен саған бүйткенмін» деп міндет қылады.
Осы кезде жанымызға төрт-бес жасар баласы бар жас әйел келді. Әншімен амандасып, «Аға, ұлымның аты – Рамазан. Сізбен суретке түссе бола ма?» – деп өтінді. Әнші жылы шыраймен «келе ғой, құлыншақ» деп шақырып, балақанды тізесіне отырғызды. Аға Рамазан да, бала Рамазан да суретке күліп түсті. Ал, ырымшыл қазақ әйелінің қуаны­шында тіптен шек жоқ екенін кім де болса байқар еді. Бала Рамазанды көзімен ұзатып салған соң, аға Рамазан менің сұрағымды күтпестен әңгімесін былайша жалғастырып әкетті.
– Қайбір жылы Жаңаарқаға концерттік сапармен барғанмын. Бір-екі әннен кейін залда отырған шалдар тоқтатып қойып, «Сен Үкілі Ыбырайдың «Толқынынан» бас­тап айтшы», – деді. Негізі, сахнада тұрып қандай ортаға түскеніңді түсінесің. Ана ақсақалдардың құлақтары сергек екені, талай әншіні тыңдаған, талай әншіге баға берген орта екені көрініп тұр. Маған он екі әнге тапсырыс берді. «Анау ән, мынау ән» демейді. Нұсқаларымен сұрайды. Ең соңында: «Қали Байжановтың орындауындағы нұсқамен «Жиырма бесті» айтшы», – деді. Аяғым дір-дір етіп, төбемнен аққан тамшы өкшемнен тамшылап тұрды. Сөйтсем, біреуі: «Әй, итің айтты, ә. Итің әнші екен», – дейді. Сондағы берген бағасы. Көңіліне кішкене болса да бірдеңе жетіп тұр ғой. Зал тым-тырыс. Бірақ бәрі естіліп тұр. Тағы бірі: «Әй, пәленше, мына баланы көп қинай берме, келесі жолы келмей қояды», – деді. Оған біреуі: «Жіберейік пе?» – десе, енді бірі: «бара бер», – дейді иек қағып. Сыртқа атып шықтым. Сонда ағаларым арқамнан қағып, құшақтап: «Айналайын, міне, ел деген осы. Сен елге келдің. «Айтушыдан тыңдаушың мықты болсын» деген осы», – деп риза болған.
– Сондайда өзіңізді әнші сезініп, марқайып қаласыз ба?
– Жоқ. Мен «әнші» деген атқа әлі жеткен жоқпын. Жетсем екен деп жүрмін. «Ел аралаған сыншы болар, орман аралаған үйші болар» демей ме? Елге бару – сынап кету деген сөз емес. Елге бару деген – елдегі бар дүниені көру, байқау, халықтың ішкі даусын есту. Ел арасында отырғанда бәрі де түйсікке тоқылып отыруы керек. Соның бәрі өнерпазды жетілдіре түседі.
Әне, менімен амандық тілеп қоштасқан әнші көлігіне мініп, жөнеп кетті. Әлдеқайдан домбыраның күмбірлеген үні құлағыма талып жеткендей ме? Іле көңіліңді толқытып, бойыңды шымырлатар сыршыл ән тау ішін жаңғырықтыра жөнелді. «Аққудың көз жасындай көлге тамған, жанымды тербетесің шерге толған, ой, арман»… Сөйтсем, жүрегім екен ән салып тұрған. Ал дәмханада миыңды шағар даңғаза әуен тынбай ойнап жатыр…

Сұхбаттасқан
Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір