Ғалым ҚАЛИБЕКҰЛЫ.  «Құда, құда!» дегізген
03.12.2019
11820
0

Ғалым Қалибекұлы

Балқаш қайда? Мойынқұм қайда?!

Қыз ұзатып отырған Қа­сымханның үйіндегі кеңесте ары тартысып, бері тартысып, құдалыққа, тойға он бес адам баратын болды. Отқа қарап отырған жоқпыз десіп, той малы, кілем-кілше, алқа-білезік, дәм-тұз дегеннің бәрі қамдалды. Құда түсіп келгенде ана жақтың да әуселесін көрген, сонда да қыз бергендерін бұлдамай, кәдемен, қазақы жосынмен барғандары жөн деп білген.

Жазық жолмен барсаң үш жүз шақырым, жолсызбен төтелесең жүз елу шақырым екен құданың ауылы. Жолсызбен-ақ үш мәшинемен ертелетіп шықпақ. Мәшине дегендері өңшең жол талғамайтын көлік. Кешкі тойға зу етіп барамыз, бір-бірімізден қалмай қатар жүрсек «но проблема» дескен. Осы жерге келгенде Қасымхан көне қоймады: «Үлкен құдамның су жаңа автобусы бар, азар болса жанармайын құярмыз, жүрісі жайлы, адам сияқты демалып барайық та» деген. Ертелетіп осы үйден аттанатын болып түннің бір уағында үйді-үйлеріне тарасқан туысқандар.

Қасымханның шешесі Гүлнәзия апа таңертеңгі шәй үстінде «Жорытқанда жолымыз болсын!» айтып бата жасады. Есік көзіне құйрығын тіреп тұрған шағын автобусқа той малынан тартып жүктің бәрі тиелді. Қызыл-жасыл ленталар байланды. Он бес кісі түгенделіп отырған соң «А, бісімілла!» десіп жолға шыққан.

Тойға бара жатқандар көңілді. Жайлы көлікте неше түрлі әзіл әңгімелер айтылып келеді. Өзі әнші, өзі сері, осы әулетке жиен – Дәрмен домбырасын қолға алып әуелетіп ән бастады, өзгелері оған қосыла жөнелді:

«Құда, құда» дегізген,

Құйрық-бауыр жегізген.

Айналайын, құдадан,

Өріске мал өргізген…

Дәрменнің бұл шаңыраққа жиендігі шамалы, алыстан бір қиылысатыны болмаса қан араласпаған жамағайынның баласы. Розамен бала күнінен тел өсті, мұрты тебіндеп шыға бастаған шақта Розаға деген махаббат оты тұтанды, жақсы көрді. Екі жақтың да үлкендері «осылар бас құраса жаман болмас» деген ниетте болатын. Алайда аспан айналып жерге түсті, жалын атқан ынтық жүректің пәре-пәресі шықты. Дәрменнің көзден аққан жасына, жалбарынған лебізіне Роза пысқырған да жоқ, жігіттің алтын басынан қарғып, ұшқан құстың қанаты талатындай қиырға кетті де қалды. Неден жазғанын, неден қадірсіз болғанын түсінбей дал болды бұл. Еріндерінен емшек сүті кеппеген сәби кездерінен түсінісіп-ұғысқандай болушы еді бір-бірін. Ақыл толғанда ағасындай болып жүрді Розаның. Ержетіп, етек жапқанда өспірім қызды өзгеден қызғанып, іштей меншіктеп жүрді. Іштегі ұлы сезім оянып, ғашықтық дейтін дерт меңдегенде, Розаны шын сүйетінін білген. Ол да мені сүйеді деп жан-тәнімен сенген. Ләйлаға балаған Розасы тал түсте ақылынан адасты, Мәжнүнді де ақылынан алжастырды, мұны терең бір шыңырауға итеріп жіберіп, аспанға ұшқан бу секілді аяқасты ғайып болды. Үлкендер жағы да бозбалаға аяушылықпен қарағанымен, жұбатарға қайран жасай алмаған.

Дәрменнің көз алдына алма жүзді, қыр мұрынды, қой көзді Роза елестейді. Аузын ашып сүйгені, көзін ашып көргені еді жас жігіттің. Осы сапарда оны ақырғы рет болса да жақыннан көретініне бек қуанды. Қапысын тапса іштегі өкпе-назын ауызба-ауыз айтпақ, оның қазіргі тірлігін көзбен көрмек. Осындай шырын қиял кешіп отырып мұңлы бір әуезді әнді қалай бастағанын өзі де сезбей қалған:

… Өтті күндер, өтті жылдар, сол түндер,

Жанарыңда тамшы болып мөлдірер.

Бір қуарған қайың қайта көктей ме,

Қоштасайық, қоштасуға қолың бер…

Шағын автобусты бастарына көтеріп келе жатқандардың ішінде Қасымханның кенже қызы Раушан да бар. Раушан әнге де, әңгімеге де қосылмай, ең артқы орындықта ойға батып отыр. Оның есіл-дерті ұзатылып кеткен тетелес әпкесі Розада. «Хал-жағдайы қалай екен, барған жеріне үйренісе алды ма, жалғыздық көріп жылап жүрген жоқ па?…» деген сан сұрақ миын жегідей жеп келеді. Иә, «Қыз – жат жұрттық» дегенді қазекем айтқан. Розаның барған жат жұртының түрін көрмеймісің, барған жері анау ит өлген қиыр. Шөл дала, шет-шегі жоқ құмды өлкенің бір пұшпағы. Өз елінен есті бір жігіт таппағандай қара тапал, бұқа мойын, бауырсақ танау, екі бұтының арасынан жүк тиеген машина еркін өтетіндей талтаққа тиіп, жердің шетінде, желдің өтінде, атын естімеген, көз көрмеген «Жаңаталап» дейтін ауылға барғанын айтсайшы! Жас табылмаса да, жасамыс біреуге жар болып, әке-шешенің қасында, туыстарының ортасында жүруі керек еді ғой. Баяғыда бір қу айтты дейтін «қыз бен биттің жүрмейтін жері жоқ» деген сөз рас екен, қыз сорлы байға шығарда суқараңғы соқырға айналып, көрінген еркектің етегінен талғамсыз ұстай салатын көрінеді. Оны да өз әпкесінің басынан көрген. «Қызды қырғыз да алады» дегенді атам қазақтың қалай айтқаны жұмбақ. Осыған миы жетпей келеді Раушанның. «Розаға жаны ашып, аяғанынан жүрегі езіліп, іштей қан жұтып келеді. Қаланың бұла өскен ақсаусақ қызы шаңы аспанға көтерілген шағын ауылда қалай ғана бақытты бола алады» деген ой мұны қарабас құрттай мүжіген…

Көлікте өзімен-өзі, ешкімде, ешнәрседе шатағы болмай келе жатқан ең кішкентай жолаушы – Қасымханның немересі Рүстем. Терезеден тысқа тесіліп, елсіз даланы қызықтап, жоқ нәрсеге таңқалып келеді. Жолдың екі жағалауындағы бітік өскен жыланқияқ пен теріскеннің арасынан атып шығып тұра қашқан ор қоянды, пыр етіп ұшқан бөденені көргенде айғай салады. Қай Құдай айдап келгенін кім білсін, бір топ жыңғылдың жанында жайылып тұрған көк есек аузын арандай ашып, ақырып қалғанда Рүстем:

– Ата, ата, ананы қара, үлкен қоян! – деді есі шыға бақырып. Өмірінде есек көрмеген сәби қайдан білсін, есекті ерепайсыз дәу қоянға ұқсатса керек.

Жапан түзде жападан-жалғыз жүргеніне қарағанда көк есек тегін есек емес, шамасы. Көк есек туралы бұл елде сан түрлі аңыз айтылады. Соның бір парасы мынадай: «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» дейтін заманда, жоңғардың өте зұлым, безбүйрек, қанішер бір батыры болыпты. Бесіктегі баланы етігінің өкшесінің нәлісімен езіп өлтіріп, қапыда мерт болған жас сарбаздардың бүйрегі мен бауырын отқа қақтап жейді екен. Тұтқынға түскен қазақ батырларын садақ атпасын деп екі көзін, қылыш-найза ұстамасын деп екі қолын, атқа мінбесін деп екі аяғын кесіп тастайды екен. Қолғанатқа жарап қалған баланың мұрнын не екі құлағын шұнтитып кесіп тастайтын көрінеді. Бертінге дейін бір елдің ақсақалдары ақсақ-тоқсақ, пұшық, соқыр, шолақ болып өмір сүріпті. Әлгі кәззап қолға іліккен әйелді төрт қазыққа керіп байлап, ойына келгенін істеп болған соң тірідей терісін сыпырады екен. Сонда әйел бейбақтың зар илеген даусына адам түгілі жан-жануар, тау-тас, орман-тоғай, өзен-көлдің өзі төзе алмайды дейді. Сондай бір сұмдықты бәлиғатқа енді толған айдай сұлу бір қызға жасапты. Қыздың терісін сыпырып жатқанда қыз шиедей ернін тістеп, «қыңқ» деп дыбыс шығармапты, көзіне жас алмапты, кісәпір-кәпірге жалынып-жалбарынбапты. Құдай Тағала бар болса, әділ жазасын өзі берер деп тек ішінен қалмақты қарғай беріпті, қарғай беріпті… Кейін қазақтар күшейіп, жерлерін жаудан босатып, жоңғарларды түре қуыпты. Ақырғы бір шешуші шайқаста қалмақ батырын жекпе-жекте қазақтың өрімдей жас батыры найзасымен өндіршектен түйреп, жер жастандырыпты. «Өлді!» деп тастап кеткен ит қалмақ тірі қалыпты. Бойында кіресілі-шығасылы жаны бар хайуан елін таба алмай ай жүріпті, күн жүріпті, қазақтың кең даласында оңы мен солын айыра алмай, жел қуған қаңбақтай қаңғырып қалыпты. Манағы сұлу қыздың қарғысы тиіп, кейпінен өзгеріп, көк есекке айналыпты. Жыртқыш аңдардың өзі көк есекті арамсынып, жегенді қойып исінен қашады екен. Ұшқан құс та, жүгірген аң да, жыбырлаған жәндік те көк есектен теріс айналыпты. Құдіреті күшті Құдай көк есекті қыста суықтан, жазда шөлден өлтірмей, ақырзаманға дейін басы ауған жаққа қаңғысын деп дәп осылай жазалапты…

Қара жолдың сорабы бірде анық, бірде күңгірт. Бұйра-бұйра құмнан, ақселеу жапқан төмпешік-төбелерден көз сүрінеді. Жыңғылы, бұланның мүйізіндей арбиған, арса-арса сексеуілі мен кісі бойынан биік сарбалағы селдір-селдір ақ шаңқан дала тұяқ серіппей ұйқыда жатқандай. Тандырдан шыққан ыстық жалындай көз алдыңда бұлдырап тұрған ақ мұнар, ақ сағым қуған сайын жеткізбейді, жеткен сәтте қайта жалт береді…

Шағын автобус жолақтан шықпай имырттап, ілбіп келеді. Манағы жүріс жүріс екен, шоқалағы мен адыры көбейген сортаң дала көлік доңғалағын тұсап, қарқынын баяулатқан. Қаттырақ жүрсе – лоқ-лоқ етіп ақсақтап секіреді де, орындықтағы кісіні аспанға атып-атып жібереді. Төрт-бес сағат өтсе де қайдан шығып, қайда келгенін бір адам айыра алмады. Нартәуекел жоба. Білетіндердің айтуы солай: жалғыз жол, адастырмайды, сораптан айнымасаң – түбі бір діттеген жеріңе жетесің. Солайы солай-ақ шығар, бірақ мына жол тіптен ұзарып барады, күн еңкейіп келеді, алыстан тақыр бас құм төбелер көрінгені болмаса, ескі сүрдектің кетеуі кетіп-ақ қалған. Құдай ұрайын десе табан астынан қырсық шалады екен. Көліктің артқы доңғалағының бірі «тарс!» етіп жарылды да қалды. Сүйем қарыс сексеуілдің бұтағы кіріп кетіпті. Жолаушының бәрі тысқа шығып, құрыс-тырыстарын жазып, таза ауа жұтып, дәрет сындырып жеңілдеп қалды. Шопыр қосалқы доңғалақты тез ауыстырды.

– Қуып келе жатқан кісі жоқ, шәй-пәй ішіп, өзек жалғап алайықшы, кешке дейін бір жетерміз, – деді Қасымханның досы, осы топтағы «Бас құда» Нұрлыбай.

– Дұрыс, дұрыс! – десті бәрі.

Гәзет төселіп, жол азығы әкелінді. Әркім түрегеп тұрған беті қалағанын жеп, ішті. Нұрлыбайдың ішіне бүккенін қабағынан оқитын Қасымхан «жолаяқтан» бір-екі кесені төңкертіп жіберді. Өзіне де дәл солай істеді. Қуанышқа да, қайғыға да ортақ қандыкөйлек досының бұйығы, тұйық қалыпта келе жатқанының өз себебі бар: жуықта тағдыр қосқан жары о дүниелік болып, қырық күн аза тұтып, есіктен аттап шыққан беті оның. Ұзақ уақыт бейнет көріп, төсек тартқан әйелінің жәудіреген көзіне қарай алмай қатты қиналушы еді Нұрлыбай. Жазылмайтын дерттің беті бері қарамайтынын әу баста дәрігерлер шегелеп айтқан. Айтқандары айдай келді: үш айдың ішінде жаман ауру алып тынды. Күні-түні зар илеп, бебеу қаққан Зүһраның түріне мүсіркей қарап отырып, өзінің шыбын жанын қоярға жер таппаған Нұрлыбай әйелінің соңғы демі үзіліп, тәтті бір ұйқыға батқан жүзінен көз айырмай, арқасынан ауыр жүк түскендей терең тыныстаған. Құдай алдындағы шыны сол: Зүһраның бар азаптан, күйдіргі, зәһарлы дерттен құтылғанына шын қуанған. Иманды болғыр, жақсы-ақ адам еді, «жазмыштан озмыш жоқ» деп еңсесін тіктеп, үйден бүгін ұзап шыққан Нұрлыбай іштегі күйігін әлгіндегі ащы сумен басқандай сәл жеңілдеді, сәл де болса сергіді. Қасымханды құшақтап, арқасынан қағып-қағып қояды. «Енді қайтейін, жан досым!» дегені. Бұл жалғанда тағдырдың сынағы біткен бе, «Құдай бір айналдырса, шыр айналдырады» дегендей, бір жыл бұрын әкесі қайтқан, әкесінің кезегін күтіп тұрғандай-ақ іле-шала ортаншы інісі о дүниеге аттанды. Тосыннан келген өлім Нұрлыбайдың қабырғасын қақыратып кеткен. Енді міне жыл аунағанда асыл жарынан айырылып, қайғының үстіне қайғы жамады. Дегенмен досының қара нардай қайыспас ердің сойы екенін Қасымхан жас кезінен жақсы білетін.

«Таяп қалған шығармыз», – деді әлдекім шәйқайнатымнан астам уақыт жүрген соң. Қалғып-шұлғып, есінеп, дел-сал отырған жолаушылардың алды мызғып та кетті. Баратын ауылдың қарасы бүгін-ертең көрінетін түрі жоқ. Алыстан қарауытып құм төбелер көзге шалынғанымен, мал-жан тірлік ететін нышан байқалмайды… Өстіп мимырттап келе жатқанда бірдеме «Тарс!» ете түсті. Жұрт селт етті. Албасты басып тағы бір доңғалақ атылған екен…

Бәрі бітті. Тағы да сексеуілдің сояуы дөңгелекті тесіп өткен. Ауыстырар ештеңе жоқ. Жолаушылардың үні өшті. Шопыр қолды бір сілтеді де, жүрелеп отыра кетті. «Тү-үйт… әкеңнің!», – деді Қасымхан. «Ой, шешеңнің!..» , – деді Нұрлыбай. «Жамауға келмей ме?», – деді Дәрмен. «Ине-жіп беріңдер мынаған»…

Қанша қажасқанмен бірдеңе өнсін бе! Үміт үзілді. Күн кешкіріп, қараңғы қоюланып келеді. Төңіректе қыбыр еткен тіршілік белгісі білінбейді.

«Үш-төрт мәшинемен шыққанда ғой…» деді Қасымханның шешесі.

– Мен не дедім, сөйтейік демедім бе?

– Бар мәшинені аяп…

– Өз айтқаны болмаса…

– Рас, кісі сөзін құйрығына да қыстырмайды.

– Біліп едім осылай аяғымыз көктен келетінін…

Қасымханның тілі байланып қалды. Осы топтың үлкен-кішісі алдын кесіп өтпеуші еді, «Қасекең не айтады, сол болады», «Аға не айтады, бітті!», «Қайнағаның сөзі – сөз!» десетін, мұның айтқаны заң, заңнан да күштірек пе еді, қап! Албасты азғырайын десе аяқ асты екен, қу темірді қызғанғандай несі бар, бас-басына бір-бір мәшине мініп келсе де тіс жармауы керек еді. Енді тиыш отыр тілін жұтып. Өмірінде алғаш рет ағайын алдында абыройынан айырылғаны жанын жегідей жеп, басын көтеруге дәрменсіз, бишара хәлге түсті. Үстіндегі қыры сынбайтын кәстөмдей сағы сынбайтын Қасымханның жарты күнде естімеген сөзі, көрмеген қорлығы қалмады. Бір тәуірі бұл топта бәйбішесі Зейнегүл болмады. Алыс жолға жарамай, белінен шойырылып қалатыны бар еді, шарасыздан үйге қарауыл болып қалған. Болғанда «айттым ғой мен саған!» деп бастайтын еді де, «ананы өйтсең қайтер еді, мынаны бүйтсең қайтер еді!» деп байғұстың ашыған миын одан сайын ашытар еді. Енді міне Қасекең отыр төсекке сиген балаға ұқсап…

Жұлдыздар жамырап келеді. Күн райы бұзылды. Жел көтеріліп, арты боранға айналатындай түр байқатады. Құлан жорытпас қу далада жылт еткен бір сәуле көрінсеші! Жарты күн өткенде барып сайтанның отындай өлеусіреген жарығы бар бірдеңе алыстан келе жатты. Ойпырай, әлгі тасбақаның жүрісіндей митыңдаған бәле жақындағанша жарты жыл өткендей болды. Тіркемесіне көмір тиеген трәктір екен. Түріне қараса тоқтамайтын секілді. Кемпір бастап, Қасымхан қостап жолға жата кетсін. Әзер тоқтатты шопырды. Өзі удай мас, өлеңдетіп жүр. «Өле алмай жүрсіңдер ме!?» – деп дүрсе қоя берді.

– Өле алмай жүрміз! – деді Қасымхан, – Көкетай, далада қырылып қалмасын десең ала кет бізді!

– Қайда отырғызам сендерді?!

– Ақысын ал да, төбеңе отырғызсаң да өзің біл, көкетай.

–Тамақ жібітерің бар ма?

– Сұрағанын беріңдерші!

– Қайда барасыңдар?

– «Жаңаталапқа!»

– «Опба!», неге?

– Құдалыққа, тойға барамыз.

– Кімнің тойына?

– Самыраттың.

– Опба! Самыраттың тойы де, келін түсіріп жатқан…

– Сенен басқа мәшине өтпей ме бұл жолдан?

– Өтеді. Бүгін дүйсенбі болса, бейсенбі күні Мурка өтеді. Оныкі де осындай «мәшине»…

– Атың кім, бауырым?

– Коля!

– Әй, Колья, бағасына келісейік те, езе бермей…

– Қаншаусыңдар?

– Он беспіз.

– Орын жоқ!

– Қалағаныңды алшы, шырағым… Бір қой!..

– Ойбай, құдаларға атап апара жатқан малды бермекпісің?! – деп шырылдады кемпір.

– Малдан басқа?

– Бір кілем.

– Пап, Парсының кілемі ғой! – деп безектеді Раушан.

– Кілем керек пе, жан керек пе?!

– Жан керек!..

– Кәзір қасқырлардың аш, малға шабатын кезі. Он бесіңе кезіксе, қыстық соғымын сойып алады… – деп Коля, өз әзіліне өзі мәз. «Мені жейді» деп жылаған Рүстемнің дауысы естілді арғы жақтан. «Тағы бір кәстөм қос. Бітті!» – деді Коля кекетіп.

– Қостық, қостық!

– Пап, Италияның костюмы ғой! – деп шырылдады Раушан.

– Коля, балам, «Жаңаталапқа» дейін қанша бар? – деді кемпір.

– Әрі кетсе он шақырым…

Қасымханның інісінің әйелі Әсемгүл тіл-жақты, адуынды кісі болатын. Ол да әзірге үнсіз. Бейбіт заман болса мынау өлердей жалындырып, жарты құдай болып тұрған жаман шопырдың аузына әлденеше рет сиер еді, әттең адам қор болайын десе қайдағы бір албастының аяғына жығылып, дегенін істейді екен-ау. Мына алқаш шынымен бұларды тастап кетсе не болмақ… Әңгіменің төркінін аңдап, амалы құрыған соң да бұл қатын аузын баққан. Әйтпесе ішінен шала бүлініп кіжініп-ақ отыр Әсемгүл.

Сауда бітті. Үш кілемнің бірі трәктіриске кетті, екіншісін жазып, көмірдің үстіне жайды. Үшіншісі аман жетсе де жаман болмас… Үлкен-кіші таласа-тармаса тіркемеге артылып шығып жатты. Коля: «Құдаша кәбинаға отырсын», – деп Альбинаның білегіне жармасты. «Отырсын, отырсын!» – десті бәрі. Онсыз да тіркеменің үстінде тізе басар орын қалмаған-ды. Альбина Қасымханның құдайы көршісінің үкілеп отырған бойжеткен қызы, көрші ақысын ескеріп, ел көрсін, жер көрсін деп құдалардың қатарына қосқан. Құрық тигізбес асау, қанша кербез болғанымен амалдың жоқтығынан кәбинаға көтерілді Альбина.

Автобустың жүргізушісі «мәшинемді тастап ешқайда кетпеймін!» – деді. «Қасқырға жем боласың!» десе де көнбеді, өзі бір кержақ, қырсық орыс екен. «Әдірем қалғыр! Бұған жанынан көрі астындағы көк темірі қымбат болса, өз обалы өзіне!» – деді кемпір.

– Дабай, кеттік! Мықты отырыңдар! – деді Коля.

Трәктір құйрығындағы тіркемесін жұлқа тартқанда қою шаң бұрқ ете түсті. Жолға түскені сол, екі үлкен доңғалағынан ұшқан топырақ тіркемедегілерге бет қаратпады. Жел күшейіп, кілем астындағы көмірдің тозаңы қосылды, қиқы-шойқы жол жолаушыларды сілкіп-сілкіп алады. Теңіздің ақжал толқынында қалқыған қайықта отырғандай трәктірдің тіркемесіндегілердің зәрелері ұшып, кетеуі кете бастады. Кәбине­нің артқы терезесі жоқ екен. Сәмбірлеп сөйлеп, өз айтқанына өзі күліп Коля отыр. Анда-санда Альбинаның қара санынан мытып қалады, бүйірінен түртіп қалады. Басында тулап, қолын қағып, қатты-қатты жекіп тастаған еді, Коля шыбын шаққан құрлы көрмеді. Терезеден ұрған желден тұла бойы мұздап, дір-дір етіп отырған Альбинаны байқады ма, байқамады ма, Коля май мен тер сіңген мақталы курткасын ұстатты. Жан керек екен, амалсыздан киіп алды қыз. Бір шишаның қақпағын жұлып тастап, мойнынан қылқындырып ұстап, ара-тұра ұрттап келеді көңілді шопыр. Аузы жабылмай дарылдап әңгіме айтады. Ол айтқандары арттағыларға естілмесе де, «Құда, құда дегізген, құйрық-бауыр жегізген…» деген әні құлаққа ысқырып жетеді.

Айнала көзге түртсе көргісіз тас қараңғы. Тіркеменің үстіндегілер бір-біріне жабысып ықтап, жақтаудан, киімдерінің шалғайларынан ұстап қатып қалған. «Кемедегінің жаны бір», ұшып кетпесек игі еді дегеннен өзге уәйім жоқ бұларда. Мойынқұмды кесіп өтіп, жердің шегіне де жететін уақыт болды, ішек-қарын, қолқа-жүректі солқылдатып әлі келеді сайтанның сапалағы «дыр-дыр» етіп. Шаң-топырақ пен көмірдің тозаңы ауызға кіріп, қиыршықтан тістері шықыр-шықыр етеді. Екі жамбасқа кезек аунап, қара тастың үйіндісінің үстінде байыз таппайды жолаушылар…

«Жаңаталапқа» тұп-тура түнгі он екіде жетті бұлар. Мектеп асханасының залында өтіп жатқан той қызыпты. «Құдалар келді!» деген хабар жетісімен, лап қойып бір топ кісі далаға атып шықты. Алда екі жігіт сырнайларын құлаштай тартып әнге басып келеді:

«Құда, құда!» дегізген,

Құйрық-бауыр жегізген…

Жұрт жарыққа жақындағанда байқады бұларды: үлкен-кіші, ер-әйел бір қора қара нәсілді! Бас изесіп күлген, қуанған мәзіретін жасаған болады жаңа құдалар, аппақ тістер мен жылтыраған көздерден басқа ештеңе көрінбейді. Бұл ауылға келін боп жатқан Роза да шыдай алмай далаға жүгіріп шыққан. Шықты да, өз көзіне өзі сенбеді: Әжесін, әкесін, түп қотарыла көшіп келгендей жамырасып тұрған туыстарын көргенде жылап жіберді. Сағынғаннан-сарғайғаннан емес, намыстанғанынан, қорланғанынан.

Іштен құман, орамал көтеріп шыққан екі-үш бала құдалардың қолына су құя бастады. Беті-қол жуылып жатыр, көмірдің бетке қонған ысы қанша сабындап жуса да кетер емес. Баттастырып бір қабат крем жаққандай, майланып, жылтырап тұрды да алды. Киімді айтпай-ақ қой…

Сырнайлатып, кернейлетіп тойшыл қауым тік тұрып, сап түзеп қарсы алды жер түбінен жеткен құдаларды. «Жаңаталаптың» биші қатындары мен еркектері екі иықтарын жұлып жеп, үйір қорыған айғырдай жер тарпып, шыр айналып билеп, құдалардың алды-артын орап жүр. Қонақтардың биге қайдан зауқы соқсын. Түгел қарасан боп, аяқ-қолдары ұйып, жансыздап қалған. Тек қана Гүлнәзия апа екі қолын бұралтып, өкшесін еденге қадап, жеп-жеңіл билей жөнелді. Не деген сүйегі асыл адам! Не деген жансебіл жан!

Төрдегі мұрты бұзылмаған екі үстелде өңшең қоңырқай өңді, қара сұр киінген, сыпайы, мәдениетті қалалық құдалар отырды. Құдалардан бата сұралды. Жасы да, жолы да үлкен Гүлнәзия апа «бісімілла» деп екі алақанын жайып бүй деді:

Кетпес ырыс, кең пейіл берсін,

Еліміз аман, тыныш заман болсын!

Құдалық мың жылға жалғассын,

Алла қолдасын,

Көре алмаған дұшпан оңбасын!

Алақанға салып әлпештеп өсірген

Ақ ботамның басынан бақ кетпесін,

Белдеуінен ат кетпесін,

Дастарқанынан ас кетпесін,

Қосағымен қоса ағарсын!

Ақ ордасы тұғырлы,

Өздері ғұмырлы,

Үбірлі-шүбрлі болсын,

Әумин!

«Аллаһүакбар!» – деп жұрт жамырай бет сипасты. Роза да қос қолымен бетін сипай бергенде, Дәрменге көзі түсті. Ол да бұған сұғын қадап отыр екен. Жанарын тез тайдырып әкетті. Алапат өрт жан дүниесін жалмап, жүрегін жалын шарпығандай оқыс күй кешті Роза. Бір ащы өксік көкірегіне кептелді, өзегін өткірдің жүзі тіліп өтті. Өкініштен бе әлде құсадан ба, шарасына симаған қос тамшы жас атылып шығып, ақша жүзден төмен қарай сырғып бара жатты… Оны біреу байқаса да, біреу байқамады.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір