Құда бала
18.10.2024
88
0

«Ойбай-ау, мына жігіт теректей сорайған біреу ғой, жетім қозыға ұқсап қасында қалай жүрем?» «Мынаның беті қожыр-қожыр, сүймек түгілі, сүйкенуге жүрегің айниды», «Анауың аузына құм құйып алған ба, «үндемегеннен қорық» деген», «Түу, мына шіркіннің сып-сып етуін, көп сөйлеген кісіде пәтуә болмас», «Әнебіреудің сөйлегені жыланның ысылындай екен», «Көзі алақ-жұлақ, есі дұрыс па өзінің?» «Құрысыншы, тіпті 41-жыл емес қой, бір жөнді жігіт кез­десер»…
Өстіп жігіт­тер жайлы ойымды сан-саққа жүгіртіп жүргенімде, бесінші курс­тың біткенін де байқамай қалыппын. Бір күні қараптан-қарап отырып: «Құдайым-ау, осы мен соқа басым состиып елге қалай қайтпақпын? «Иен Алматыдан бір жігіт таппағаны ма?» – деп ел-жұртым күледі-ау» деп қайғырайын. «Не де болса, бір жігіт­тің етегінен ұстау керек!» деген шұғыл шешім қабылдадым.
«Жүргенге жөргем ілінер!» Жүріп көре­йін»… Барымды киіп, бақанымды ұстап көшеге шықтым. Іздегенге –
сұраған, қарсы алдымнан жерлес жеңешем Жетіскеннің жолыға кеткені. Анау-мынау әңгімеден соң: «Бітімкүл-ау, бәкене бойлымын демесең, әжептәуір қызсың ғой. Қалада қалғың келсе, сені үй десе – үйі, күй десе – күйі, ми десе –
миы, тіпті шапқылаған машинасы бар құда баламмен таныстырайын. Ертең осындай уақыт­та кел!» – дегені, жортқанда жолы болғыр жеңешемнің! Адамның жанын айт­қызбай түсінетін құдіретіңнен айналайын-ай! Енді күйеу алмайтын шығар деп күйгелі жүрген күйім түзеліп, үмітімнің ақ желкені қанатын жайды. «Ойпырмай, «отырған қыз орнын табар» деген осы шығар, баяғыдан бері Құдай осы жақсылыққа бастап жүр екен ғой!» Түнімен сұңғақ бойлы, қыр мұрынды, толқынды қара шашты, қалың қасты болашақ жарымның көлігінде келе жатқанымды елестеткен мен байғұс дөңбекшіп ұйықтай алсамшы.
Ертесіне еркек пішіндес, етжеңді құрбым Есімкүлді ертіп, айт­қан уақытында жеңгемнің үйіне жетіп келдім. Жеңгеміз дастарқанын жайнатып қойып, ақ бөкендей желіп жүр. Айтып жүрген құда баласы, масқара-ай, ені мен биіктігі бірдей қарбыздай домаланған біреу екен. Жеңгеміз таныстырып жатыр, жігіт те майлы қасықтай жылмаңдап тұр. Құрғырдың аты да Құлық болар ма? Құлық! Түндегі тамаша қиялым быт-шыт болған мен, жеңгеме мұрнымды тыржит­тым. Отырысымыз жаман болған жоқ, жарасқандай боп тарастық. Былай шыққан соң Есімкүл: «Мына жігіт сенен гөрі маған лайық екен, барған жерде мас болып қалса, қолтығыма қысып алып қайтамын. Ал сен екеуің бірдей бәкене бойлысыңдар, ертеңгі күні бала-шағаларыңмен ергежейлілер елінен келгендей болып жүрерсіңдер», – деп ішек-сілесі қата күлді.
Содан не керек, өйтіп-бүйтіп әрең құтылдым әлгіден. Қолыма қонған бақыт құсынан оп-оңай айырылып қалғаным үшін Жетіскен жеңешем жер-жебіріме жет­ті. Неге екенін білмеймін, Есімкүл құрбымның да қарасы көрінбей кеткен-ді. Жігіт біткенге мұрнымды шүйіре қарап жүрмін әлі.
Айтпақшы, кеше көшеде бала жетектеген Құлық пен соңдарынан емпеңдеп еріп бара жатқан Есімкүлді көріп қалдым. Құлық баяғыдай емес, құлындай құлпырыпты. Биіктігі мен енінің айырмашылығы айқындалып, әбден ысылыпты. «Мерседестеріне» отырып жатыр. Осыны көріп тұрып, ішімнің удай ашығаны-ай…
Біраз уақыт ойланып тұрып қалып­пын. Сонда не ойлады дейсіздер ғой. «Қой, Жетіскен жеңешеме қайта барайын. Тағы да қалған-құтқан, аннан қашқан, мыннан қашқан құда балалары бар шығар. Бұл жолы жалғыз баруым керек. Бірақ … кімді ертіп бармақпын? Онсыз да жалғызбын ғой».

Тоқал ешкінің кебін кию

Қарап отырғанша әңгіме болсын, өзімнің кім екенімді айта отырайын. Ай-күннің аманында Құдай қосқан қосағынан тірідей айырылған, сонау Жеткізбес шағынауданында тұратын Қитықтың бұрынғы келіні, Жетпегірдің жеңгесі Сәндігүл деген кісі мен болам. «Елде күйеуінен айырылған жалғыз сен бе екен, қазір таяқ лақтырсаң, сендей бір шүйкебастың төбесіне тақ ете қалады. Мазаламай жайыңа жүрші» дегісі келіп, ішінен жақтырмай отырғандар да бар шығар. Ажырасудың жолы алуан түрлі ғой. Ішіме сыймаған соң, сырымды сіздермен бөлісе­йін деп жатқаным да әнше­йін.
Ажыраспай тұрғанда Қарабайым (күйеуімді айтам) аяқ астынан іссапарға кете қалды. Көптен кез­десе алмай жүрген құрбыларыммен бастаңғы жасаудың бір сәті түсті-ау деп, құлшына іске кірістім. Бір кеште балаларымды өз бөлмелеріне қамап қойып, құда келетіндей әлек-шәлегім шығып дайындалдым. «Ой, творчес­кий адам емес» деп, күйеуінен ажырасып кеткен Кірпияз құрбым мен тұрмыс құрмай-ақ бір мықтыдан бала сүйген Күлбілте құрбым бар – бәріміз бір шалқитын болдық-ау.
Екі құрбым оң жақтағы қыздай құлпы­рып жет­ті-ау кештете. Ойпырмай, үстерінде үлде мен бүлде. Құлақтарында бриллиант, қолдары толған алтын. Айт­қан әңгімелері мынадай: «Маған пәленше сөз айт­ты, маған түгенше өлердей ғашық. Ана махаббатым маған пәленді подарить ет­ті. Бастық ғашығым маған түгенді сыйлады». «Бойдақ келіншектер не деген бақыт­ты еді! Күйеуі бар мен қасқа босқа өмір сүріп жүр екенмін-ау. Өздерін он сегіздегі қыздай сезінеді-ай!» деген ойдың әлегіне түсіп кеткенімді сезді ме:
– Осы мен бар ғой, күйеуімен бірге тұ­ра­тын әйелдерді сұмдық аяймын. Байғұстардың күні құрысын! – дегені Кірпияздың.
– Құрысын, адамды адам аяп жетістірмес, Құдай аясын десеңші одан да. Мен өзім күйеуі бар әйелді торға түскен торғай деп есептеймін, – деп Күлбілте мендейлердің жағдайын, тіпті сүмірейтіп жіберді.
Құрбыларым кеткеннен ке­йін өз-өзімнен ашуланып, ұйықтай алсамшы. Сүйіп қосылған Қарабайымнан оп-оңай-ақ жерідім. Өзінің Құдай сүйетін қылығы жоқ екен-ау, тіпті. Жігіт кезіндегі жекіріп сөйлегені, еркек кезіндегі кекіріп сөйлегені, ана бір жылы үйге түнемей қалғаны, шешесіне болысып, түнеукүні маған зіркілдегені есіме түсіп кеп берсін. Ана ой ананы, мына ой мынаны оятып, он бес жыл отасқан отағасыма әп-сәт­те қас жау болып шыға келдім.
Айтпақшы, дұрыстап таныстырайыншы өзін. Кәдімгі Қарабай Қарашолақов деген жасы қырыққа кеп қалған жас ақын ше, сол ғой. Өзіме арнаған өлеңін оқ+ып берсем, мүмкін, естеріңізге түсер:
Өмірде бақытым сен, Сәндігүлім,
Тамақ тоқ, ұйқы ерекше қанды бүгін.
Қызмет­те, асханада сені еске алсам,
Елестер көз алдыма сан қылығың.
Шалыңның шалқығанын көтер, жаным,
Өзіңсіз еш көпірден өте алмадым.
Жарына жыр арнаудан жалығатын
Мен емес өмірдегі осал жаның.
Осы секілді жүздеген өлеңнің авторы. Қазір сол өлеңдерін қарап отырсам, жүдеген өлеңдер екен ғой. Ақын болып төбеме шырақ жаққаны да шамалы, қаламақысы кітаптың шыққан ақысына кетеді. Тапқан табысы өзінен артылмайтын соны да күйеуім бар деп жүрдім-ау мен! Сонысымен қоймай, мінезі шақар. Қонаққа барған жерде өлеңін оқымадым деген біреуді көрсе, жағасына жармаса кетеді. «Сен қалай мендей ақынды танымайсың? Бірақ сендейлерге мені түсіну қайда? Менің талантыма әлі-ақ табынып, өздерің-ақ қоғадай жапырыларсыңдар!» – деп жұдырығын ала жүгіреді. Иә, оны ақын деп мойындағанша, мен де ана дүниеге кетіп тынармын.
Содан, не керек, әңгіменің қысқасы, бала-шағасын сағынып аңқылдап жеткен Қарабайымды қаным қарайып қарсы алдым. Аңқылдаған байғұсым түкке түсінбей аң-таң. Содан қойшы, алты ай дегенде әрең ажырасып тындым. Енді бір арқа-басым кеңіп, ұшқан құстай тәт­ті өмірдің ұшар биігінен көрінетін шығармын дедім. Жоқ, биікке емес, күйікке ұрынғандаймын. Басыма бар пәлені үйіп берген бастаңғыны қарғап-сілеймін. Қайдағыны қоздырып жүрген, тіліңе теріскен шыққыр Кірпияз сол екі ортада әйелі өлген біреу­ге күйеуге тиіп кетіпті. «Қайт­қан малда қайыр бар» дегендей, Қарабайыма қайта қосылсам ба десем, о сұмдық, Күлбілтенің қолына кіріп алыпты. Міне, мүйіз де жоқ, киіз де жоқ, мүйізден құралақан қалған тоқал ешкінің кебін кидік.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір