«Қазақ әдебиетінің» командировкалары
29.11.2019
1187
3

Нұрғали Ораз, жазушы

 

Жылқыбай аға және жылқы мәселесі

…1986 жылдың тамыз айы. «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметке орналастым деп қуанып, достарыма айтып та үлгергенім жоқ, бас редакторымыз, аты аңызға айналған Шер-ағаң – Шерхан Мұртаза өзінің кабинетіне шақырып алды да:

– Осы біздің қаладағы ет дүкендеріне бара қалсаң, азын-аулақ қойдың, сиырдың етін ғана көресің. Ал ата-бабаларымыз баяғыдан қорек етіп келе жатқан жылқының еті мүлде жоқ, – деді менің көзіме тіке қарап отырып, сәл ғана пауза жасап. – Сөре толған доңыздың еті. Бұл қалай, ә?..

Мен Шер-ағаңның найзадай қадалған көзінен жасқанып, иығымды қозғадым. «Білмеймін» дегенім ғой.

– Қазақтың жері кең байтақ, – деді Шер-ағаң сөзін жалғап. – Жылқыға өріс жетеді. Ендеше, оны неге өсірмейміз? Неге көбейтпейміз? Сен осы тақырыпты зерттеп, мақала жазсаң қайтеді. Кеше бір кісілерден естіп қалдым, сона-а-ау Целиноград облысындағы Ерейментау ауданында Реймер деген бір совхоз директоры өз шаруашылығында жылқы өсіріп, қалаға апарып қымыз сатқыза бастапты. Ұлты неміс болса да, қазақтың қамын ойлап, бие саудырып жатқан оның атасына мың да бір рақмет демейміз бе!

Шер-ағаң тағы да сәл кідіріп, ойланып қалды.

– Қысқасы, қазір бухгалтерияға барып, командировочныйыңды ал да, Целиноградқа ұш, – деді содан соң қолын солтүстік жаққа қарай бір сілтеп.

Сөйтіп…

Бас редактордың кабинетінен қалай атып шыққанымды өзім де білмеймін.

Зыр жүгіріп жүріп ұшаққа билет алдым. Асығып-аптығып жүріп екі көйлек, бір шалбарды сөмкеге салдым. Сөйттім де, көзді ашып-жұмғанша-ақ жолға шығуға дайын болдым. Ендігі қалғаны, өзім бұрын-соңды көрмеген Целиноград қаласындағы қонақүйлердің бірінен орын алу үшін бронь жасау ғана.

Ол кезде біздің әрбір өңірдегі сенімді пункттеріміз – облыстық газеттегі әріптестеріміз еді. Сондықтан да телефонның құлағын тез-тез бұрап жіберіп, Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» газетінің редакциясына қоңырау шала қойдым.

– Ал-ло-о, – деген көңілді дауыс естілді ар жақтан. «Осындай да осындай… «Қазақ әдебиеті» газетінен. Сіздерге өтініш…» – деп жатырмын.

– Бәрекелді!– деді әлгі дауыс. – Қандай мәселемен?..

– Жылқы шаруашылығының проблемаларына байланысты.

– Ә-ә, – деп дауыс иесі енді сәл мүдіріп қалды. – «Қазақ әдебиетінен»… жылқы шаруашылығына байланысты. Қызық екен?.. Әйтсе де, сіз нағыз өзіңізге керек адамға хабарласып тұрсыз. Себебі, менің атым  Жылқыбай болады!

Осы сәтте мен сасқалақтап қалып, қолымдағы телефонның тұтқасын түсіріп ала жаздадым. «Япыр-ай, – деймін ішімнен. – Әзілі ме, шыны ма?..»

– А-а… Фамилияңыз кім болады?..

– Жағыпаров.

Уһ! Шыны екен…

***

Жылқыбай ағамды содан бері қатты жақсы көріп кеттім. Маған көп көмегі тиді. Қонақүйден орын алу, бейтаныс қаламен таныстыруды айтпағанда, Целиноградтан бес жүз шақырымдай қашықтықтағы Ерейментауға дейін бірге барып қайттық.

Жылқы шаруашылығының неге өркендемей жатқанын Реймер жолдас бізге бір-екі-ақ ауыз сөзбен түсіндіріп берді. Сөйтсек, жылқы етінің мемлекеттік сатып алу бағасы ол кезде өте төмен екен. Бар болғаны – 70-80 тиын ғана. Олай болатын себебі, ауылшаруашылығының есебіне қатысты әлдеқандай бір құжаттар жасалғанда: жылқы қыста өз аяғымен жайылады. Жем-шөпті аса қажет етпейді. Сондықтан өзіндік құны да төмен болуға тиісті деп жазылып кеткен көрінеді. Ал доңыз-екең болса, күндіз-түні қолға қарайды, қанша тамақ берсең де талғамай, таңдамай опырып жей береді. Ендеше, оның өзіндік құны да өте жоғары болуға тиісті. Демек, мемлекеттік сатып алу бағасы  2 сом 80 тиынға шығады.

Міне, осыдан кейін кім жылқы бағуға құмарта қойсын?.. Целиноградтағы «Есіл» қонақүйінде отырып жазып әкелген «Жылқылы ауыл неге жабырқайды?» атты очеркіме Шер-ағаң сол күні қол қойды да, сол аптадағы нөмірге жарқ етіп шыға келді.

Одан соң оны тездетіп орыс тіліне аударып, «Известия» газетіне жолдаймыз деп отырғанымызда, жоғарғы жақтан «бұл мәселені осымен тоқтатыңдар» деген бұйрық жетті…

 

Тұқаңның дәу шабаданы

Ұзақ жылдар бойы редакцияда жауапты хатшы болып қызмет істеген көрнекті жазушы Тұқаң – Тұтқабай Иманбеков ағамыз ақкөңіл, кішіпейіл, көпшілікпен тез тіл табыса кететін кісі еді.

Бірде Ор-ағаң – Оралхан Бөкеев, Тұқаң, фотограф Сайлау Пернебаев ағалармен бірге командировкаға шықтық.

Ор-ағаңның қолында – шағын сөмке. «Бірақ мұның ішінде бәрі бар», – деп қояды.

Ол кісі біздің кумиріміз еді ғой. Ор-ағаңа ұқсап киініп, Ор-ағаң сияқты паң, кірпияз болып жүргіміз келетін. Содан да болар, ағамыз да бізді өзіне жақын тартып, «Кейін сендерге бәрін-бәрін үйретем. Журналистің жүгі қашанда ықшам, ыңғайлы, жеңіл болуы керек», – деуші еді.

Ор-ағаңның бір кездері Прагадан алып келген әдемі курткасы болатын. Іші-тысы екі түрлі. Қалаған жағыңа аударып кие бересің. Біз оған қатты қызығатынбыз.

Сайлау аға да сәнді киімдерді таңдап киеді. Кез келген кісінің қолына түсе бермейтін «Кодак» деген керемет фотоаппараты бар. Оны өзі де мақтан тұтып, былайғы жұртқа көрсетіп жүргенді ұнатады.

Ал Тұқаң болса, қарапайымдау. Ашық-жарқын, әзілқой кісі. Айналадағы кісілермен тез тіл табысып, шүйіркелесе кетеді. Тұқаңның қолында – дәу шабадан.

–Әй, мына Тұқаңды қараңдаршы, – дейді Ор-ағаң бізге қалжыңдап. – Мына шабаданды тектен-текке алып шыққан жоқ-ау, ә! Қазір салдыр-гүлдір етіп бос келе жатқанымен, елден қайтқанда тыңқиып, іші қазы-қартаға толып, көзімізді қызықтыратын шығар.

Ор-ағаңның бұл қалжыңына Тұқаңның өзі бастап, бәріміз кеңкілдеп күліп аламыз.

– Әлі-ақ, көрерсіңдер, – дейді сонсоң Тұқаң дәу шабаданын алақанымен ақырын ғана сипап қойып. – Бұ шабадан бәріміздің кәдемізге жарайды!

Айтса айтқандай-ақ, «Қазақ әдебиеті» газетінің қызметкерлері барған жерден міндетті түрде екі-үш ақын, бір-екі прозаик табыла кетеді екен. О заманда қазіргідей компьютер, электронды пошта дегендеріңіз өңіміз түгілі, түсімізге де кірмеген кез.

 Қолжазбаларын қобыратып, «Алматыға қалай жеткіземіз» деп отырған әлгі әріптестеріміз Тұқаңды көргенде, төбелері көкке жеткендей қуанып кетеді. Тіпті, көпшілігіне  дәу шабадан бұрыннан таныс па деп те қаласың. Өйткені бір-екі ауылда оны өздері ашып, өздері жауып жатқан ақындарды да көзіміз шалғандай болды…

Сөйтіп, біз командировкадан қайтатын күні әлгі дәу шабадан қолжазбаға лық толды. Тұқаң жымиып, әлдеқандай бір көңілді әннің қайырмасын ыңылдап тұрып: «Ал, бала-а, – дейді маған қарап. – Мұны енді, сен көтересің!»

Ой-хой, баяғы біздің дәу шабадан деп жүргеніміз түк емес екен. Бұл енді, нағыз шойын шабаданға айналыпты. Екі қолым салдырап, белім майысып, мықшыңдап әзер көтеріп келем.

Сайлау ағам жымың-жымың етіп: «Әй, мұның бәрі кәзитке шығатын болса, сен биыл жұмыс істемей, құр әшейін қара-а-ап отыратын болдың ғой», – деп қағытады.

Сәкеңнің де тілінің уы бар. Байқамасаң, ара сияқты шағып алады. Өзімді өзім іштей: «Үндемеген үйдей бәледен құтылады», – деп жұбатқаннан басқа амалым жоқ…

 

 

ПІКІРЛЕР3
Аноним 04.12.2019 | 21:57

Fotballdrakter barn Dorcas Gretchen England Drakt WeldonCo AshlySad Dorcas

Аноним 15.03.2020 | 20:33

Kandy hos mx-sport får du personlig behandling
av hyggelige og flinke sportsentusiastervelkommen til en trygg handel fotball draktsett!

Annma

Аноним 15.03.2020 | 21:00

Marianne entdecke fußball trikots auf nike.comkostenlose lieferung und gratis
rückversand Fußballtrikots Günstig. Brent

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір