Өлім мен өмірдің үндестігі
29.11.2019
2453
0

 

Қазіргі жас жазушылар қандай тақырыптарда қалам тербеп жүр? Олар аға буын салған соқпақпен жүруді қалай ма, әлде араларында өзіндік жол іздеуге ұмтылатындары бар ма? «Талғам-таразы» айдарының бүгінгі «оқырманы» – әдебиеттанушы Ардақ Нұрғазы жас жазушы Санжар Бекжановтың «Қараңғы көшедегі шырақ» атты әңгімесін оқығаннан кейінгі ой-пікірімен бөлісті.

Санжар Бекжанов

Санжар Бекжановтың «Қараңғы көшедегі шырақ» атты әңгімесі бар. Әңгімені прозадағы сурет ағымы әдісімен жазылған шығарма деп қабылдауға әбден болады. Көз алдыңызға XX ғасырдың сурет өнерінде жиі кездесетін күңгірттендіру тәсілімен салған картинаны келтіріңізші. Мәселен, күңгірт көше, күңгірт адамдар, күңгірт қозғалыс… Бірақ мұның бәрі – таным кеңістігіндегі күңгірттіктер. Суретші әлгі күңгірттікке жан береді немесе оларды қозғалысқа келтіреді. Картинадағы әрбір образдың өз қимыл-қозғалыс ауаны мен кеңістігі бар. Олар сол ортада өмір сүреді. Бірін-бірі толықтырады, кемелдендіреді, қатпарлайды, әсте бір-біріне бөгет болмайды. Содан барып біздер өзгеше өнер туындысымен ұшырасамыз. Ол картина болса да, біз одан образды, сюжетті сезім бояуын, жан тебіренісін көреміз. Бірақ картина бір қарағанда сол баяғысындай күңгірт. Сізді тұманды дүниеде анықтыққа жетелейтін – суретшінің эстетикасы мен өзіне тән қолтаңбасы. Сурет өнерінің дәстүрлік емес, модернистік заманға тән қалыптастырған талғамы. Ендеше, бұл картина қандай мазмұннан тұрады? Шығарма бірнеше қиықтан құрам тапқан. Соның бірі – сәтсіздікпен аяқталған махаббат. Бұл – қыз бен жігіттің қол ұстасу деңгейіне көтерілмей қалған сәтсіз махаббат емес, отбасылық өмірдің аяқталуынан тұратын махаббат. Шығарманы ұстап тұрған махаббатқа байланысты сезім бояуы. Бұл бояудың қанықтығын, әсерін, образын, реңін жеткізу үшін жазушы бірнеше детальды кірістіре пайдаланған. Соның бірі – өлім туралы ойлану. Әңгіме басталған сәттен өлім тақырыбы бірден ортаға шығады. Бұл тақырып жастар шығармашылығында өте көп кездесетінін айта кетейік.

Дегенмен Санжар Бекжановтың өлім елесін жазуы мені тәнті етті. Оған себеп: жазушының тақырыпқа сай детальдарды қанық та икемді бере алғандығында деп ойлаймын. Зерттеулерге қарағанда, өзіне қол жұмсайтындардың ақыл-есі төмен бола бермейді. Ондай адамдар мұндай қадамға барудың алдында күшті рухани арпалысты басынан кешетін көрінеді. Ал ол арпалыстың болмысы қашанда ой әлемінде күшті қозғалыс, текетірес болып басталып, біртіндеп дағдарысқа ұласады. Осы барыста адам санасы алдымен қызу жұмыс істейді, барынша жылдамдығы артады, біртіндеп жүйкесінің тоқырауына дейін жетеді, соңында біртіндеп әлсірейді, ал әлсіреу барысы – қайта жинақталу емес, керісінше, мүлдем шашылуы немесе өзегінен айырылуы болып шығады. (біз мұны Ф.Достоевский шығармашылығынан басталған әдебиет тарихынан жақсы білеміз). С.Бекжанов осы ағысты екі сапада берген. Бірі – «бірден өлу» болса, екіншісі – «күнде өлу» деген мазмұнға саяды. Осы екі түрлі «өлу» арқылы жазушы шығармасында жаңа сапа кеңістігін ашқан. Ол кеңістіктің бір аты – өмір мен өлімнің үндестігі. Бұл – әдебиет тарихында, Ф.Достоевскийден бастап айтайықшы, көп кездесе бермейтін қолтаңба. Негізі, жазушылардың дені шығармашылықта жоғарыдағының бірін ғана таңдап жатады. Соны, сол ағынды қуалап алға жылжиды. Себебі, бұл ағынның, өзеннің арнасын бұрып әкетіп, аман-сау жағаға шығуы оңай шаруа емес. Дәстүрлі әдебиеттің жүйесіндегі сюжеттің, оқиғаның, кейіпкер болмысының, т.б. әсері сенің басқаша жол қарастыруыңа ерік бермейді. Бірақ, С.Бекжановқа келгенде, бұл тыйым шетке ығысып қалғанын байқаймыз. Соның нәтижесінде біз аталған әңгімеде өлім елесінің екі түрлі келбетімен танысамыз. Шығармада мынадай жолдар бар:

«Көше бойымен аққан суды кім қаттырақ шашады деп уәделескендей, жолдың шетіне тығылған адамдарға қарамастан, зулаған көліктер. Блюздың еденнен төбеге дейін созылған терезесінен көптеген қызықты нәрсені көруге болады. Көбінесе құлаққап тағып отырғанда кино көргендей күй кешетінмін…».

«Шатырдың шетінен тырс-тырс құлаған жауынның суы. Жаңбырдан кейін тазарған ауа, көшелер тыныштықта мүлгиді. Сапырылыс аяқталды. адамдар да баяу. Тағы да шыдамдылық танытуға тура келеді. Ертең қарашаның бірі…».

 Жоғарыдағы екі абзац жандүниесін өлім елесі кезген адамның бір сәттегі екі түрлі болмысын көрсетеді. Бірі – қозғалыстағы, екіншісі тұрақты күйді меңзейді. Бұл – өзіне қолжұмсаушыларда кездесетін, үздіксіз екпін алып, зораятын, қар көшкіні сияқты әлеттің заңдылығына сай келетін деталь. Бірақ осы түйін бізді санасын өлім елесі кезушінің екінші (біз бұған дейінгі шығармаларда кездестіре бермеген) қырына да жолықтырады. Ол – адамның өзіне қол жұмсамаған жағдайда да өлім елесімен тербелген сәтінің көрінісі. Бұл түйіннің мән-мағынасы бөлек. Содан барып біз өлім елесі әлдилеген адамның екі түрлі болмысымен ұшырасамыз. Өз басым жазушының бұл ұстанымын ерекше атап өткім келеді. Себебі, бұл – шеберлік қана емес, шығармашылықтағы көрегендікке, байқағыштыққа әкеліп саятын қасиет. Сондай бір түсінік болмаса, мұндай детальды жазу қиынға түседі.

Әңгіменің кезекті бөлігі кейіпкердің күнделікті өмірін қаузаудан тұрады. Бірақ тұтас күйінде емес, аралық салып ортаға шығатын кейіпкердің бұл өмір қиықтарын беруде жазушы қазақ әдебиетінде жиі төбе көрсе­тетін қолтаңба, сарынға барған. Айталық, О.Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» шығармасының ә деп басталғандағы сөз алысы, әуені соңғы қырық жылда әдебиетке келген әр буынның шығармашылығында із қалдырғанын жақсы білеміз. Ол әсерді біз «Оралханша лиризм» деп атасақ, қателесе қоймаспыз. Немесе бұл прозадағы лирикалық шалықтаудан тұрады. Аздаған түңіліс, сағыныш, уайым, белгісіз қайғы-мұң сорған көңіл-күйдің жан әуені. С.Бекжанов дәл осы тұста өзінің прозаға қалай келгенін аңғартатын сияқты. Егер шығарма осы сарынмен басталып, сол сапамен аяқталып жатса, онда бұл шығарманы сөз етудің де еш реті болмас еді. Себебі, сюжетті, оқиғаны қанша жерден құбылтып, жаңалағанымен, бәрібір жазушы ретінде С.Бекжанов жаттандылықтың қалыбынан шыға алмас еді. Мұндай жазушылар біздің әдебиетімізде жетіп артылады.

Соңында, әңгімені толық оқып шыққанда көз алдыңызға бір картина келеді. Жоғарыда айтқандай, бұл – екі жаққа кетіп, айрылысқан махаббаттың картинасы. Басқа тұсы күңгірт болса да, суретте әйел мен ердің сұлбасы және бір алтын балықтың бар екенін аңғарасыз. Ол балық бірде өлі күйде елестесе, бірде тірі күйінде көзге шалынады. Басқаша айтқанда, «санадағы өлімнің» символы. Бұл символдың өзіндік мәні, келіп шығар шүңеті бар. Немесе мына тіршілік әлемінде қатып қалған ештеңе жоқ. Бәрі – өзгеріс үстіндегі дүние. Адам өзін де толық түсіне алмайды, өзгені (айталық, әйеліңді), өзгенің рухын, сен туралы түсінігін түсіну, қала берді оны өз тұрғыңнан тұрақтандыру, кесім жасау, қорытындылау деген – ақылға қонбайтын шаруа. Сондықтан да картина – күңгірт, қараңғы, бірақ түсінген жанға өзіне тән жол сілтер шамшырағы бар туынды.

 С.Бекжановтың бұл әңгімесі маған жазудағы қолтаңбасының жаңалығымен ұнады. Қажетіне қарай сюжет пен оқиғаны бөлшектеп тастауы, қысқа да нұсқа поэзияға тән образдарға ден қоюы, бастысы, түйсігіңе әсер етерлік детальдар табуы, ақыл айтып, көсемдік көрсетіп, мыжып кетпеуі жанға жылы тиді. Әңгіме жазу деген – ертегі айту емес. Сен шығармаңда ертегі айтуың мүмкін, бірақ оны ертегі деңгейінде жазбауың керек. Себебі, ертегінің қай-қайсысы да ақылға қонады, ал өмір – басқаша.

Ардақ Нұрғазыұлы, ақын

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір