«МЕН ТУҒАНДА-АҚ ӨЛІМ ЖАЗАСЫНА КЕСІЛГЕМ…»
Жас ақын дегендер көп-ақ. Жаңа ақын жоқ. Ұлттық мәдениеттің мәйегіне қарақ болған жапондар бір-біріне кітап сыйлағанда өлеңмен қолтаңба ұсына береді екен. Өлең болғанда қандай! Елдің бәріне етене таныс, қалыптасқан қасаң қағидалардан туған ұйқасқан сөз емес, өзінің өзегін жарып шыққан сол сәттегі жан тебіренісі. Ұлттық поэтикалық дамудың шегіне жеткен бұл жұртта екінің бірі, егіздің сыңары өлең жаза береді. Бірақ өздерін ақынмын деп ойламайды, баяғыдағы атқа мінгені алты ауыз, түйеге мінгені төрт ауыз өлең айтатын көшпелі қазақ секілді. Қазақтың бүгінгі өлеңі – сол алапат стихияның желігі. Қанда бар дүние бірден су аяғы құрдым болмай, ұзақ уақытқа дейін жалғасып жатады. Бірақ мына жарық жалғанға Абай келгеннен кейін қазақтың өмірі, өлеңі де адам танымастай өзгерген ғой?
Қазақтың қара өлеңі адам танымастай өзгергелі қашан? Абай мен Мағжан, Ілияс пен Қасым, Мұқағали, Тұманбай, Сағи, Өтежан, Фаризалардан кейінгі қазақтың қара өлеңі дүниежүзілік поэзияның озық үлгілерімен тізе қағысып, көзді арбап, көңілді неше қилы ойға түсіретін ырғақтарымен ерекшеленеді. Бүгінгі, кейінгі жас толқынның ішінде соны қырандай қиядан шалып, оның тереңіне бойлап, өзіндік көркем айшықтарымен көрініп жүрген Бақыт Беделханның «Мен туғанда-ақ өлім жазасына кесілгем» атты бір өлеңіне ой жүгірткім келіп тұр.
Меніңше, әрбір талантты ақында өзінің поэтикалық болмыс бітімін айқара ашатын бір сиқыр өлең болады. Бұған дейін ешкім жаза алмаған, тек өзінің қаламының ұшына іліккен өлең – өз өлеңі! Мағжанның «Пайғамбар», Қасымның «Өзім туралы», Мұқағалидың «Қара өлең», «Моцарт. Жан азасы», Төлегеннің «Сағынышы», Фаризаның «Әйелдің монологы» секілді табиғаты бөлек, өзегінен төгіліп түсе салған жаратылысы ерек дүниелер. Ал, мұндай құбылысты Андрей Вознесенский: «Стихи не пишутся — случаются, как чувства или же закат. Душа — слепая соучастница. Не написал — случилось так» – дейді.
Өлең жазудың техникасын әбден құнығып, қуып меңгеріп алған ісмер өлеңшілерден мұндай жыр тумайды, қолдан жасалады. Туу мен жасаудың арасы – қырда желкілдеп өсіп тұрған гүл мен қағаздан жасалған гүл секілді жер мен көктей. Өнердегі осы процесстің ара жігін айыра алмағандардың маңдайдағы соры бес елі: қазіргі қазақ поэзиясындағы қасиет пен қасірет те, міне, осы арада тұр… Поэтикалық дамудың шегіне жеткен елдерде бұл келеңсіздік көзге айқұлақтана көрінеді. Өлеңге керекті ұйқас, теңеу, қызыл сөз дейсің бе, бәрі бар, тек бір-ақ нәрсе, поэзия деген жоқ…
Александр Блок өлең жазудың қыр, сырын өлермендікпен меңгеріп алудың поэзиядағы өте қауіпті құбылыс екенін баяғыда-ақ байқаған. Бұ кезде өлеңнен жан кетеді де, ол қансыз, сөлсіз бір затқа айналады. Жаныңды елжіретіп, тебірентпейді, шебердің қолынан шыққан әдемі бұйым секілді… Қазір бізде осындай дүниелер қаптап бара жатыр.
Мен туғанда-ақ
өлім жазасына кесілгем,
Есейе келе шығып кетіпті есімнен.
Жаным шырылдап,
тәнім тұншығып жатқанда
Есіме қайта сен салып едің, есіл– дем!
Мен туғанда-ақ
өлім жазасына кесілгем.
Бақыт Беделхан өлеңдегі, өнердегі осы сұрқай сүреңге, мүлде, керағар ақын; «Мен туғанда-ақ өлім жазасына кесілгем…» деген өлеңнің бірінші жолын оқығанда-ақ арқаң шымыр ете түседі. Қамшының сабындай мына жарық жалғанда Тәңірінің осы құпиясын Аллаға ең ет жақын пенде ақын ғана аңғара алады. Оның басты миссиясының өзі осы – Құдайдың құдіретін сезіну ғой? Өлең дегеннің өзі – пенде мен Құдайдың арасындағы диалог. Күнделікті тіршіліктегі көрінген нәрсені ұйқасқа түсіріп, тақпақтау емес қой?! Бақыт соны қаламдас, замандастарынан гөрі ертерек сезініпті. Мәселе, міне, осында.
«Алматыда жүр жортып, Бота тірсек бозбала. Өзін мақтап әр жерде, Баққаны өсек сөз ғана» деп жазып еді Қасым бір кезде. Қасымның осы өлеңі хақында бір дүние жазам дегелі көп болып еді, қол тимеген, немесе ұмытып кеттім-ау деймін? Қасымның бұл өлеңі («Алматыда жүр жортып…») әдебиеттегі бір типтік мәселені көтерген кекейкесті дүние; маздап жатқан шоққа түссе де, жанбай, бықси беретін сондай дарынсыз, жалынсыздар қазір Алматыдан шығып, Атырау-Арқа-Алатау-Алтайды кезіп барады…
Бұл – 1954 ж. жазылған өлең. ХХ ғасырдың ортасы. Мен онда төрт-ақ жаста едім. Алпыстан асқанда, ХХ1 ғасырдың басында мұндай типтермен тағы да қайта көрісем-ау, соның сұрғұлт сықпытын көріп, содан сөз естимін-ау деп кім ойлаған?!. Қазір бізде баяғыдағыдай дәлдүрішті орынына қойып, һас таланттың таразыдағы салмағын өлшеп беретін әдеби сын жоқ; өмірде, өнерде де вакуум деген болмайды, оны қайтсе де бірдеңе… толтырып тұруы керек-ті; мыналардың көктен іздегені жерден шықты. «Деді де ол кірісті, Белинский болуға, Сайлады сөз шоқпарын Ақындарды соғуға. Жиналыста оттады, Сынаймын деп, боқтады. Қара тер боп қалжырап, Арақ ішіп тоқтады…».
Бұлардың бүгінде Қасымның өзі де сезбеген бір «кереметі» бар – аузына арақ-шарап дегеніңді татып алмайды. Шетінен шешесінен жаңа ғана туғандай сап-сау һәм өте қауіпті (будь трезв и опасен!). «Қара тер боп қалжыраса да – «тоқтамайды! Алдында Абай, Әуезов, Мағжан, Ғабит…Сайындар бар-ау деп те ойламайды. Өзінен басқа ешкімді оқымайды. Бірін-бірі көзінше «сен классиксің» деп мақтап, марапаттап, айнала бере, бірінің соңынан небір ғайбат сөз айтып, жыланша жорғалап жүреді. Бұлар біз түгілі Александр Блоктың да миын жеген; нанбасаңыз сол ұлы ақынның мына өлеңін оқыңыз: «Бірімізді-біріміз іштей жек көріп, Күндеп, жүндеп, тырнап ірің жараны, Көзде – күлкі, (көкіректі кек керіп!), Өмір өтіп барады! Сыртта осы көңілді не хош еткен?»
Социологияда «орташа шаруа» деген ұғым бар. Әдебиетте «орташа жазушы, орташа ақын» деген ұғым болмауы керек еді. Әрбір ауылдың бір-бір «Бұқар жырауы», әрбір облыстың бір-бір «Мұқағалиы, Жұмекені мен Фаризасы» бар. Біздің қазақ күн сайын, жыл сайын түсік тастай береді. «Түйеге мінгені – төрт ауыз, атқа мінгені – алты ауыз өлең айтып», «біз – ақын елміз!» деп мақтанып, масайрайды! Абайдан кейін, есі дұрыс ұлт бұлай есірмесе керек-ті! «Туғанда-ақ өлім жазасына кесілгенін…» сезбей, жалғанды жалпағынан басып қалғысы келетін шәйірлер қауымы дүниеге келе бастады…
Әдебиет – Әулиелер мекені. Төрде адамзаттан асып туған Гомер, Толстой, Пушкин, Абай, Мағжан, Қасым, Бернс, Арагон, т.б. отыр! Ақын – адамзаттың алабөтен бір құбылыстарының бірі һәм бірегейі. Ол – алаөкпе біреулердің желік ойынан туа салмайды; асыл атаның белі мен ару ананың құрсағынан, туған топырағының қасиеті мен ел-жұртының қасіретінен туады.
Facebook – Қазақ Поэзиясының қас жауына айналып барады! Қазақ осы Facebook-тің алдында отыра берсе, күндердің күні қара өлеңнің қара табыты осы жерден шығатын болады. Оған бір кезде қызыл-қырғын империяның да тісі батпаған-ды. Facebook-ті ашып қалсаң, күн сайын – «поэзия фестивал3»… «Түйеге мінсе – төрт ауыз, атқа мінсе – алты ауыз» өлең айтатын грофаман, халтурщиктердің күні туды. Көпшілігі өлең техникасын да меңгермеген… Бәрі дерлік 60-ыншы жылдардағы Қадыр, Жұмекен, Мұқағали, Сағи, Фариза жырларының көлеңкесінде қалып қойған. Бірін-бірі «гений», «ұлы», «талант» дейді. Мұндай «қырт мақтанды» (Абай) көзі тірісінде қазақ жырының босағадағы басын төрге шығарған, қайран, Қасым да естімеген-ді. Ал, мына «поэзия фестиваліне» қатысушыларға бәрібір; бұларда «әулие, әмбие» деген жоқ; оларға «Жамбыл – сталиншіл жырау», «Қасым – ескірген», Сәкен – жүргіш, Дон-Жуан», «Мұқағали – ішкіш». Өздері ғана – ақын, жетер жеріне жеткен «кемел», ұлтшыл-патриот, данышпан…
«Meн кейде туған айымыз бен күніміздің де (28 қыркүйек) дәл келуін ырымдап, жақсылықтың нышанына балаймын» деп жазып еді Шарағаңа Алтайдың кербұғысы – Оралхан Бөкей. «Міне, Сіз 60 деген асуға шықтыңыз, төменге қараңызшы, Аға, мен көрінем бе екен?» (1992 ж ).
Алтайдың кермиығы Ораханың буыны неткен бекзат еді: бізден кейін келе жатқан толқынның қанталаған көзіне қарасам, «Ағалар-ау, алдарыңызға қарамайсыздар ма, біз келе жатырмыз ғой?!» деген жымысқы ойды көрем де, зәрем ұшады… Бақыт Беделханға бір ырза болатыным, жалынсыз бен дарынсызға тез жұғатын «мания величие» дейтін осындай соқпа дерттен, мүлде, аман екен. Әдебиеттің маңайындағы өсек-аянда жұмысы жоқ… «Туғанда өлім жазасына кесілгем…» дейді осы замандас, қаламдастарының ит тірлігін көзімен көріп отырып! Оның «Ауадағы жазуын» құныға оқып, қуанышым қойыныма сыймай, рецензия жазып едім бір кезде, өлеңмен:
Судан қайтпай – шешінген,
Жүзіп өтіп Шелек, Лепсі, Есілмен;
Бір тентектің жазып шыққан
жыры – бұл,
«Туғанда өлім жазасына кесілген…»
Тәңірден тез келгенінше ол енді,
Құрық тимей, құрақ ұша жөнелді.
Кесілмесе осынша ауыр жазаға,
Жаза алмайды адам мұндай өлеңді…
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ