НИКОТИНДІ ӨНІМ – МЕЗГІЛСІЗ ӨЛІМ
12.07.2024
39
0

ХІХ ғасырдың ортасына дейін құрамында никотині бар өнімдерді тұтыну адам өміріне қауіпті екені айтылмағаны белгілі. Мысалы, бұл кезеңдерде америкалық дәрігерлер шылымның денсаулыққа тигізер залалы жоқ деген хабар таратып, темекі жарнамаларын одан әрі жаңғыртты. Алайда 50-ші жылдардың екінші жартысынан бастап медициналық технологияның қарқынды жұмысының нәтижесінде шылым шегудің салдары өлімге әкеліп соқтыратыны жайлы деректер жарыққа шыға бастады. Бүгінде халық денсаулығына жауапты ұйымдардан бастап, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымына дейін «никотин өнімнің мезгілсіз өлімге әкелетінін» айтып, дабыл қағуда.

Алғашында тіс ауруына қарсы дәрі ретінде қолданылған темекі бірте-бірте үйреншікті дағдыға ұласып, нашақорлықтың ең кеселді бастауына айналды. Құрамында никотин, көміртек тотығы, аммиак, формальдегид сынды зиянды заттары бар шылымды шеккен адам өзінің ғана емес, өзгелердің де улануына себепкер болады. Никотин адам ағзасын туберкулез, бронхит, демікпе секілді созылмалы ауруларға шалдықтырып қана қоймай, жүрек-қан тамырларына кері әсер етіп, инсульт қаупін арт­тырады. Темекі – сатылымдағы құнды тауар. Сондықтан мұндай өнімдерге жұмсалатын шығындар табыс бюджетінің едәуір бөлігін құрайтыны жасырын емес. Соның салдарынан тіршілікте әлеуметтік әрі экономикалық ауыртпалық туындап, оның арты күйзеліс пен мазасыздықтың пайда болуына әкеледі.
Дүниежүзі бойынша шылымға құмар азаматтардың жылына 10 миллиардқа жуығы темекі тартса, Қазақстандағы көрсеткіштің 36 пайызын ерлер, 19 пайыздық үлесін әйелдер құрайды екен. Ал 2018 жылғы мәліметтерге сүйенсек, шылым шегудің салдарынан 21 мыңға жуық қазақстандық азамат мезгілінен бұрын жан тапсырған.
19-сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойып, никотин өнімдерін тұтынуға қатаң түрде шектеу қойды. Яғни, 2024 жылдың 20-маусымынан бастап никотин өнімдері мен вейптерді сатуға және жарнамалауға тыйым салу толықтай күшіне енді. Десек те, шылымға қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстардан айтарлықтай пайда жоқ. Өйткені шылымның денсау­лыққа зиянды екенін көз көріп, құлақ естісе де «ауру қалса да, әдет қалмайды» деп ақталатындар қателікке жаппай бой алдыруда. Тіпті, әлі ақыл тоқтатып үлгермеген жас жеткіншектердің басым көпшілігі түтінсіз никотин өнімдерін тұтынып, аталмыш ғасыр дертіне оп-оңай шалдығып жатыр.
Қазіргі таңда 34 елде электронды темекі сатуға тыйым салынған, ал 74 елде әзірге мұндай өнімдерге қатысты нормативтік шектеулер енгізілмепті. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебреисус те мемлекеттерді өз азаматтарын, әсіресе балалар мен жастарды қорғау үшін электронды темекінің таралуын тежеу үшін қатаң шаралар қабылдауға шақырды. Өткенге көз жүгіртсек, Мемлекет басшысы 15-наурызда өткен Ұлттық Құрылтайда Қазақстанға ұлт болашағына балта шабатын вейптарды әкелуге және сатуға тыйым салу керектігін баса айтқан болатын.
Шылым шегу – ғасыр дертін өршіткен тәуелділік. Әсіресе, тәуелділікті арттыратын никотині бар электронды темекілердің қатерлі ісік пен жүрек-қантамыр ауруларын тудыратыны анықталса да, бұл деректі жоққа шығаратындар да табылады екен. Әлемге белгілі кардиолог Константинос Фарсалинос никотиннің қатерлі ісік дертін тудырады деген пікірдің жаңсақ екенін алға тартып, никотинді обыр дертімен байланыстырған медицина сарап­шыларының қателесіп жүргенін жеткізді. Кардиолог түрлі-түсті орамжапырақта, баклажанда, картоп пен қызанақта никотин бола тұра, бұл көкөністерді барлық адамның тұтынатынын айтты. Сондықтан малайзиялықтар темекіден толықтай бас тартудың негізгі тәсілі – электронды темекіге ауысу деп тапса керек. Өйткені электронды темекіге ауысқандардың физикалық жағдайлары жақсарып қана қоймай, тыныс алу жолдарының дұрысталып, ұйқы режимдерінің орнықты күйге ауысқаны әлеуметтік сауалнама арқылы жүзеге асқан ауқымды зерттеу барысында анықталды. Алайда кейбір мамандар вейптарды жиі қолдану түрлі аллергиялық реакциялардың пайда болып, өкпенің созылмалы аурулары мен иіс сезу қабілетінің күрт төмендеуіне әкеледі дейді. Маман-сарап­шылардың электронды темекіге қатысты пікірлері екі тарапқа бөлінсе де, құрамында никотині бар темекі атаулының қауіпсіз түрі жоқ.

Дана САДЫРҚАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір