Келешекке кедергісіз ұмтылыс керек
29.11.2019
866
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «СЫНДАРЛЫ ҚОҒАМДЫҚ ДИАЛОГ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ӨРКЕНДЕУІНІҢ НЕГІЗІ» атты Қазақстан халқына Жолдауы халық арасында үлкен серпіліс тудырғаны белгілі. Өйткені Жоба – ел дамуының Басты құжаты. Төменде ғаламтор желісінен іріктеліп алынған Жолдау туралы пікірлерді беріп отырмыз.

 

Экономиканы көтеретініне сенімдіміз

Совет ҚОЖАБЕКОВ,
экономика ғылымдарының кандидаты, доцент, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Экономика және бизнес» факультетінің деканы

2019 жылдың 2 қыркүйегі мемлекетіміздің ең маңызды күндерінің бірі ретінде тарихта қалатыны белгілі. Осы күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауын жолдады. Бұл жаңадан сайланған президенттің алғашқы Жолдауы болғандықтан, ел арасында қатты қызығушылық тудырды. Бұл Жолдау мемлекетіміздің Президентінің сайлауалды бағдарламасының негізінде жасалғанын ескерсек, оның мемлекет дамуына елеулі үлес қосатыны және президенттік басқарудың басты бағыттарын белгілейтіні анық. Әлемдік экономикада туындаған қиындықтар мен алып, дамыған экономикалар арасындағы жаhандық сауда соғыстары Қазақстан мемлекетінің экономикасына да теріс әсер етуде. Осы орайда Елбасы ұсынған 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясына және Ұлт Жоспарына сәйкес бірқатар құрылымдық міндеттерді іске асыруы, ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізу міндеттері экономиканы көтеретініне сенімдіміз. Бұл Жолдаудың басқа Жолдаудан негізгі ерекшелігі – мемлекеттің экономикаға көзқарасының түбегейлі өзгеруі. Бұның ішінде мемлекеттің экономикаға әсері мемлекеттік секторлардың бәсекелестік нарыққа көңіл бөлуі, мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиімділігін талдау бойынша мемлекеттік компаниялардың санын азайту туралы берген тапсырмалары – экономиканы инклюзивті экономикаға апаратын жол. Бұл қадамдар – мемлекетте бәсекелестік нарығын дамытып қана қоймай, сонымен қатар шағын және орта бизнестердің дамуына зор үлес қосуына, болашақта ел экономикасын жаңа белестерге жеткізетініне сенімді бағыт. Осы орайда Президентіміз шағын және орта бизнеске жасалатын жеңілдіктер мен қолдаулар мемлекет тарапынан одан әрі қолдау табатынын нық сеніммен айтуда. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл қаржылық қолдау «Бизнестің жол картасы» аясында үш жылдың ішінде 250 млрд. теңгеге дейін қосымша бөлу туралы үкіметке берген тапсырмасы, бұл саланы дамыту мемлекет саясатының басты бағытына айналатынын көрсетіп отыр. Бұл шаралар, атап айтқанда, ең алдымен мемлекет тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Мемлекет дамуы халықтың табысына тікелей әсер етеді. Табыстың көтерілуі мемлекеттегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсартатынын ескерсек, Жолдау үлкен үміт пен болашаққа деген нық сенімді оятып отыр.

Әлеуметтік жаңғыру білім беру сапасын жетілдірумен байланысты

Күләй ЖАҚСЫЛЫҚОВА, Сәтбаев университетінің профессоры

2019 жыл Қазақстан қоғамының өткір саяси мәселелерді талқылауға белсенді қатысуға дайын екенін көрсетті. Қоғамдық-саяси реформаларға сұраныс бүгінгі күні ерекше жоғары. Сондықтан да Қоғамдық диалог тақырыбы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауының өзегі болып отыр. Елдің саяси жүйесін кезең-кезеңмен жаңаша жаңғыртуға шақыра отырып, Президент оның базалық сипатын атап көрсетеді: «…елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпайынша, табысты экономикалық реформаларға қол жеткізу мүмкін емес».

 Президент еліміздегі қоғамдық келісімді нығайтудың «негізгі кілті» болып табылатын тіл мәселесіне де ерекше тоқталды. Бұл жөнінде ол: «Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», – деп атап көрсетті.

 Президент өз Жолдауында сот пен құқық қорғау жүйесін жетілдіруге, бизнесті дамытуға, қаржы ресурстарын дұрыс бөлуге, халыққа әлеуметтік қолдау көрсетуге, ел аймақтар арасындағы теңсіздікті жоюға және басқа да халықты толғантып жүрген мәселелерге ерекше көңіл бөледі.

 Білім беруге бұрынғыдай мемлекеттің дамуындағы стратегиялық роль беріледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында республика ауылдарындағы мектептердегі білім беруді жетілдіру, жоғары оқу орындары жұмысының сапасын және ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыру мәселесі де көтерілді.

Президент өз Жолдауында көрсеткендей, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі білім беру сапасын жетілдірумен тығыз байланысты. Сондықтан Президент атап өткендей, «маман даярлау ісі еліміздегі және ғаламдағы еңбек нарығынан тыс қалмағаны жөн». Сөйтіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жоғары оқу орындарының алдына бәсекеге қабілетті, білікті маман дайындау, олардың оқу бітіргеннен кейінгі «өмірден өз орнын табу», яғни жұмысқа орналасу мәселесін қатаң қадағалаумен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарын сапалы жүргізіп, оны коммерцияландыру бағытында қарқынды және нақты жұмыстарды жасауға үлкен міндеттер артып отыр.

Президент өз Жолдауында қоғам мен биліктің өзара ықпалдасқан іс-қимылының осы түрін неғұрлым сындарлы деп есептей келе, азаматтарды ашық диалогқа шақырады. Президент өзекті, шешімін күтіп тұрған мәселелердің бар екенін ашық айта келе, сонымен бірге оларды шешудің ұтымды жолдарын ұсынады, тәуекелдер мен мүмкіндіктерді прагматикалық тұрғыдан бағалайды.

Көкіректердегі асыл ойды дөп басты

Әбілғазы РАЙЫМБЕКОВ,
Алматы облысының Құрметті азаматы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы замандастарымызды айрықша толғандырып жүрген өзекті мәселелердің шешімін көрсетуімен құнды. Әсіресе ұлттық мүддеге негізделген тапсырмалардың өзектілігі өзін мемлекетшіл санайтын әрбір азаматты бей-жай қалдырмасы анық. Сонымен биылғы Жолдауда айтылған аса өзекті мәселелерге тоқталар болсам, Президенттің мемлекеттік компаниялардың санын қысқартуға, шағын және орта кәсіпкерлікті жаппай дамытуға, Үкіметтің тариф пен бағаны реттеу мәселесін қолға алуына, жалпы ішкі өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға жеткізуге, мемлекеттік компаниялардың санын қысқартуға қатысты ойлары – қолдарлық бастама. Сондай-ақ, Парламент Мәжілісі депутаттарының заңды құқығын пайдаланып, Үкіметке өзекті мәселелер туралы сауал жолдауы керектігін айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзі көкіректердегі асыл ойды дөп басқандай болды. Себебі, сайлаушылардың қолдауымен заң шығарушы органға барған кейбір депутаттардың халықтың мүддесі үшін бірауыз сөз айтпайтыны жасырын емес. Қасым-Жомарт Тоқаевтың аузынан шыққан сөздің ең аталысы – ата-бабамыз қасық қанымен қорғаған жеріміздің шетілдіктерге сатылмайтындығын мәлімдеуі дер едім.

 Мүгедек балаларды емдетуге ерекше көңіл бөлгендігі қуантты

Қадыр ӘБДІРАХМАНОВ,

Алматы облысы Сарқан аудандық мәслихатының хатшысы

«Басты байлық – деннің саулығы. Қоғамымызда еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейінгі замандастарымыздың дені сау болуы үшін барлық жағдай жасалуда. Соған орай, медициналық тексеріс, сырқаттанудың алдын алу, саламатты өмір салтын қалыптастыру, дәрігерлік тегін кеңес беру жүйелі жолға қойылған. Бірақ, өмір болған соң әртүрлі жағдай орын алады. Бүгінгі таңда балалардың құрсақта жатып кемтарлыққа шалдығуы белең алып отыр. Нәрестелердің туа біткен сал ауруы, есту-сөйлеу кемістігі жиі кездесуде. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата-аналар оларды күтіп-бағу, емдету, оқыту жағынан қиындыққа тап болып жатады. Көп жағдайда балаларды бағып-қағу қаражатқа келіп тіреледі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында әлеуметтік мәселеге, оның ішінде мүгедек балаларды емдетуге ерекше көңіл бөлгендігі қуантты. «Жан-жағың аман болсын» дейді қазақ, басқаға ақжарма тілегін арнағанда. Ендеше, Қазақстанның әрбір тұрғыны келешекке кедергісіз ұмтылуы керек.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір