Кедергісіз орта, қолжетімді қажеттіліктер
05.07.2024
78
0

Еліміздің барлық өңірінде мүмкіндігі шектеулі жандардың өз әлеуетін іске асырып, лайықты өмір сүруі үшін тиісті қажеттіліктер қолжетімді болатын кедергісіз орта құру бағытында жоспарлы жұмыстар жолға қойылып келеді.

Осы тұрғыда кеншілер қаласы – Қарағандыда мүгедектер арбасын жөндеу­мен және қызмет көрсетумен айналысатын алғашқы шеберхана ашылды. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың өзгелермен қатар жүріп-тұруына мүмкіндік беретін жалғыз көлік құралы – мүгедектер арбасы. Бұрын ол бұзылып қалса, жөндейтін маман табылмай, кәдімгідей қиындықтар туындайтын. Мүгедектерге техникалық қызмет көрсету орталығының ашылуымен ол проблемалар артта қалды. Бұл қызмет көрсету орталығының ерекшелігі сол – мұнда жөндеу жұмыстарының бәрі тегін жасалады. Сондай-ақ шеберді үйге де шақыра аласыз. Қандай да бір себептермен жөндеу кешіктіріліп жатқан жағдайда, уақытша пайдалануға басқа арба беріледі.
Бұрын сырттың көмегіне жүгінуге тура келетін. Мәселен, арбаның электронды бөлшектерін жөндеу үшін Ресейге жіберілетін. Әрине, бұл көп уақыт кететін қолайсыз шаруа. Осындай қиындықтарды өз басынан өткерген облыс әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Нияз Сүндетәлиев былтыр мүгедектер атынан қалада сервистік орталық ашуды өтініп, өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевқа жүгінген екен. «Енді, міне, сол өтінішіміз орындалып, тек арба жөндеу ғана емес, бізге қажетті басқа да қызмет түрлерін көрсететін орталық іске кірісті», – дейді ол өз ризашылығын білдіріп.
Орталық мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтып отыр. Мұндағы шеберлер қатарында мүгедектер үшін басты көмекші – арбасыз қалудың қандай болатынын өз бастарынан өткерген мүгедектігі бар адамдар жұмыс істейді. «Қазір біз барлығы он екі адамды жинадық, оның сегізі – мүмкіндігі шектеулі жандар. Орталық мамандары жөндеу мен техникалық қызмет көрсетуден бөлек, арбаны дұрыс таңдауға, келушілерге қажет болған жағдайда цифрлық қызметтер алуға көмектеседі. Кеншілер қаласында ашылып отырған бұл орталық – біздің екінші филиалымыз. Сегіз жыл бұрын Астанада ашылған алғашқы орталық бүгінде жақсы жұмысымен көпке танымал», – деді орталықтың ашылуында «ДОС» Тәуелсіз өмір» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дина Есілдинова.
Қоғамдық бірлестік төрағасы атап өткендей, ақауларды анықтап, оларды жедел түзетумен айналысатын сервистік орталық жылына үш жүзге тарта мүгедектер арбасына қызмет көрсетеді. Сонымен қатар шеберханада құрғақ тазалауға немесе жаңа орындық тігуге тапсырыс беруге болады. Кеңесшілер қалай дұрыс күтім жасау арқылы арбаңыздың қызмет ету мерзімін ұзартуға болатынын үйретеді.
Айта кетейік, мүгедектерге техникалық қызмет көрсету орталығы мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «тең – теңге» қағидаты бойынша жұмыс істейді.

Дәрия БЕКЕТҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір