Тұрлыбек Мәмесейіт: «Тау – менің тағдырым…»
– Аға, туындыларыңызға көбіне таудың күңіренісі мен күрсінісін, адами болмыс пен дала тағысының дара қасиеттерін, табиғат құбылыстары мен аң-құстардың тіршілігін арқау етіп келесіз. Ал бұл әңгімеңізде өзгеше өрнек, соны сипат байқалады. Шығарма идеясы қалай туды?
– Иә, дұрыс айтасың, тауда туып, тауда өскендіктен тау жаныма жақын. Қайда жүрсем де, тау көз алдымнан кетпейді. Ойымнан шықпайды. Тау – менің тағдырым. Ал мына әңгіме оқиғасы да көптен ойымда жүретін. Талай рет жазғым да келген. Бірақ қаламым жүре қоймады. Алайда өзіме қатысты тұстары болғандықтан, ауық-ауық ойға оралып мазалай беретін. Ондайда Абай атамның «Құдай-ау, қайда сол жылдар?! Махаббат, қызық мол жылдар!» дегені еске түсетін. Кейде, тіпті, уақыт өткен сайын сол жастық кез, әлдебір бейнелер көз алдыма келетін. Бірақ бәрі алыстап кеткен, сағымға айналған сартап сағыныштар. Ойлайсың, сағынасың, өкінесің… Осындайдан келіп қолыма қалам алып едім…
– Әңгіме өте көлемді екен. Шығарма мазмұнында күнделікті тіршіліктегі іс-әрекеттер баяндалғанын аңғарамыз. Алайда оқырман шығарма желісінен ішкі тартыс пен ситуациялар қақтығысын, әлдебір оқыс бетбұрыстар көргісі келгендей.
– Сұрақтың төркінін аңғардым. Әрине, оқырман шығармадан тосын шешім, қызықты тартыс күтетіні рас. Дегенмен кейіпкер болмысын, тағдырын, күнделікті тұрмыстағы ұсақ-түйектер де аңғартып жатады емес пе? Жазу барысында өмірдегі түйткілді жайттар кимелей бергені рас. Керемет дүние жаздым дей алмаймын. Көңілімде «осы қалай?» деген тұстар әлі де бар. Алғашқы нұсқадан біраз ықшамдалды.
Оқи отырыңыз!
Терезеден қараған қыз
– Бұл шығармаңызды жазу барысында қандай көркемдік миссияны өзіңізге мақсат тұттыңыз? Сол үдеден шыға алдым деп ойлайсыз ба?
– Өмірде болатын кездейсоқ жағдайлардың адам тағдырын қалай өзгертіп жіберетінін, сондайдан туындаған өкініш өмір бойы өзегіңді өртейтінін көрсетсем дедім. Адам өміріндегі махаббат деген ғажайып сезімге аса бір құрметпен абайлап қарап, аялай білмесең, оның аяғы қандай өкініш-қайғыға соқтыратынын мегзедім. «Махаббатты зорлықпен, қара күшпен қолдан жасай алмайсың» дегенді айтқым келді. Тоғжан өмірінде Мұрат кездеспесе, тағдыр жолы мүлде басқаша болар ма еді?! Осының бәрі еске түссе, Тоғжанның жан-дүниесі алай-дүлей болып кетеді. Ал Еркежан өмір бойы әкесін іздейді. Жұмысшылардың ескі жатақханасының бір қуысын паналаған тұрмыс-тіршілігі анау. Өмірде мұндай оқиғалар аз ба?! Қазір тіпті көбейіп кеткендей. Көп жылдардан кейін Тоғжанның кездесуі, Сабырдың да жан әлемін бір кезде қолы жетпеген, сағымға айналған махаббат хикаясы қайта жаңғыртып астаң-кестең етіп кетті. Бір жағы қуанса, бір жағынан өткен күндер елесі сағымдай бұлдырап көз алдына келіп ескі жараның аузын тырнағандай. Осыларды қаншалықты жеткізе алдым, оқырман өздері түйсіне жатар.
– Салыстырмалы түрде қарап көрсек, адам психологиясына үңілу мен өзге жаратылыс иелерінің, табиғат көріністерінің тереңіне бойлаудың қайсысы әлдеқайда күрделі болуы мүмкін?
– Әрине, адам психологиясына, ішкі әлеміне үңілу әлдеқайда күрделі екені бесенеден белгілі. Таудың қойнау-қолаты, жықпыл-жырасы менің көңілімде сайрап тұрады. Ал адамның ішкі қалтарыстары мен тылсым құпияларына үңілу қиынның қиыны. Адам аласы ішінде деген. Мына әңгімені жазу барысында, негізгі тақырыпқа байланысты қиналған тұстарым болды. Тіпті «жеріне жеткізбей үстірт кеттім бе?» деп те ойға қалам.
– Әңгіме басталған тұста есімізге «Махаббат бекеті» фильмі түскендей болды. Әңгіменің жазылу барысына осы киноның әсері бар ма?
– Бұл киноны бұрынырақ шала-шарпы бір көргенім бар. Ұзын-ырғасы есімде де жоқ. Жалпы қазақ киносындағы махаббат хикаялары (әсіресе, осы заманғы) көңілімнен еш шыққан емес. Өйткені бәрі жасанды, шындығы аз. Өмірдің өзіндей тебірентпейді. Олардан өз басым әсер ететіндей тұшымды нәрсе байқаған емеспін. Керек десеңіз, осы күнгі қазақ кинолары теледидарды жаппай жаулап алған түрік телехикаяларындағы кейбір көрініс-сюжеттерді айнытпай қайталай бастады. Өздерінше ізденіс жасау деген атымен жоқ.
– Осындай сүреңсіз соқпақтардан өтсе де, оқырман Сабыр мен Тоғжанның отбасы болып өмір сүруін күткендей. Шығарманы бұлай аяқтауыңыздың себебі неде?
– О бастағы мақсатым: махаббат хикаяларынан туындайтын өкінішті, мұңға толы сағынышты көрсету еді. Сабыр мен Тоғжанды табыстыра салудың бұл жерде еш қисыны жоқ. Арада көп жылдар өткен. Қанша ғашық болса да, Сабырдың күйеуге тиіп кеткен Тоғжанды күтіп жүре алмайтыны белгілі. Бүгінде оның отбасылы екені анық. Әңгіме соңында Сабырдың «Бәрібір кешіктім!» дейтіні бар. Иә, ол кешікті. Автобустан ғана емес, алғашқы махаббатынан да. Осы бір сәт оған өте қиын еді. Шыдай алмады, сыртқа шығып кетті. Екеуіне де тағдырдың сыйы осы болды. Әңгіменің осылай аяқталғаны жөн.
– Туындыларыңызды қағазға түсіріп болған соң жиі редакторлықтан өткізесіз бе? Түзетулер енгізіп, шығарманың құрылымына қайта қарайтын кездеріңіз бола ма? «Терезеден қараған қыз» әңгімеңізге осындай негіздегі өзгертулер енгізгіңіз келмеді ме?
– Ойыңды түсініп отырмын. Мен көп жылдар баспада қызмет істеген редактормын. Бір жазған дүниемді қайта қарауға, өңдеуге, түзетуге ниетім ауып тұрады. Мына шығарманы да араға уақыт салып екі рет қырнап, өңдедім. Алғашқы нұсқасынан үштен бірі қысқарды. Соңғы рет газетке жіберерде оқып отырып, әлі де өңдеп-түзететін, бас-аяғында ауыстыратын тұстар бар-ау деп қалдым. Тегінде, көркемдікте, шеберлікте шек болмайды. Жазған дүниеңе қайта-қайта шұқшия назар аударып, өңдей берсең, жарқырай беретіні де анық. Осымен де бір көрейін дедім.
– Әңгімеңізге көп рақмет.
Әңгімелескен Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА