Терезеден қараған қыз
26.11.2019
2066
0

Тұрлыбек Мәмесейіт, жазушы

Орталық саябақта өткен кітап мерекесі түс қайта Абай алаңында жалғасатын болып, жұрт тарай бастады.

Қобырай қозғалған адамдар арасымен өтіп бара жатып Сабыр өзіне біреудің қарап тұрғанын байқап, тоқтаған еді, бұдан көзін аудара берген жас әйелдің қолынан ұстаған кішкене қызы жүр дегендей оны тартқыштап, ал әйел орнынан қозғалмаған күйі, қызын бауырына басып бұған қайта қарады. Сабыр жүрмек болғанда, әйелдің ұмсына түсіп, көзін үлкейте күлімсірей қарағанын анық көріп, қайта тоқтай қалды. Көздері түйісе берді. «Нағыз бота көз ғой мынау!». Әйел күлімсіреген күйі кірпіктерін жиі қағып жылы ұшырай қарайды. Сабыр қысылыңқырап қалды. Жымиып, басын изегендей болды. Әйел көз алмайды, «танитын сияқты». Қызы да тартқыштағанын қойып, тыныштала қарап қалыпты. Әйелдің үлкен көздері нұр шаша ұшқындап, біртүрлі қуанғандай: «Мені танымадың ба, Сабыр?» – деді. Әйелдің жүзі сәт сайын жылыұшырап барады. «Қайдан көрдім?!» Әйел құндыз кірпіктерін жаба беріп, бота көздерін төңкеріп қайта қарағанда, «Құдай-оу, сол ма?!» деген оймен бірге, бұның жүрегіне сәл-пәл діріл кіргендей болып:

– Тоғжансың ба?! – деді таңғала. Бір аттап жақындап тұрды.

– Иә, иә! Тоғжанмын! – деді әйел күлімсіреген күйі қуана сөйлеп.

Жүзі жайдарылана мәз боп тұр. Қызы да бұдан көз алмай, күлімдей қарайды. Жан-жақтағылар түгел тарап, бұлар оңаша қалғандай.

– Япырай! Шын Тоғжансың ба?! – Сабыр жан-жағына көз жүгіртіп өтіп: – Қайдан жүрсің?! – деп сұрады.

– Сенбей тұрсың ба?! – Кірпігін қағып қалып, басын қисайта шекелей қарап еді, көзі жарқ-жұрқ ете қалғандай болды, – Осындамыз. Бүгін жексенбі болған соң, қызымыз екеуміз паркке келгенбіз. Содан сендерді көріп…

– Осы Алматыда тұрасың ба өзі?!

– Иә, осында, Алматыда.

– Қашаннан бері?!

– Баяғыдан осындамыз ғой.

– А-а, солай ма?! Мен сені мұнда емес деп ойлайтынмын. Бұлай кездесемін деген, тіпті ойымда жоқ еді.

– Ұмытып кеткенсің ғой. – Қабағы шытынай қалғандай болды.

– Жоқ, ұмытқан жоқпын. Осында тұрсаң, қаншама жыл, бір кездесіп қалсақ керек еді, дегенім де…

– Енді… Жол бүгінгідей қиыса бермейтін шығар. Мен бір-екі рет сыртыңнан көргенмін.

– Қашан? Қай жерде?! – деді – Сабыр елп ете қозғалып.

– Абайдың бойында. Абай – Әуезовтің маңайында…

– Дұрыс. Ол маңайдан көруің мүмкін.

– Сол жақта тұрасың ба?!

– Жоқ, жұмысым сол төңіректе.

Жаздың күні шақырая ысып кетті де, бұлар ақырын жылжып, көлеңкеге барып тұрды. Жаңағы жұрт жиналған алаңқайда ешкім қалмады.

– О-ой, Тоғжан-ай! Солай де. Мен сені Алматыда деп, тіпті ойлаған емеспін…

– Мен сені көрсе де танымайтын шығар деп ойлайтынмын.

– Неге?! Есімдесің. Сені қалай ұмытайын… Айттым ғой, сенің осында екеніңді білмедім.

Осы сәт Тоғжанның ақша жүзіне лып етіп, қызғылт рең теуіп, кірпігін қағып-қағып жіберіп:

– Жақсы, Сабыр. Көп сұрақтар қойып жібердім бе?! – деді.

Бағанадан тыныш тұрған қызы қайтадан шешесінің қолынан тартып, қыңқылдай бастады.

– Жо-оқ! Сұра, сұра! Сұраған жақсы! – Сабыр біртүрлі қысылыңқырап, – Қызың асығып тұр ғой. Аты кім өзінің? – Еңкейе иілді.

– Қазір! Қазір, қызым! Паркті қыдыртам деп алып шығып едім. Іші пысты бұның. – Қызына еңкейе бұрылып, – Ағаға атыңды айтшы! Айта ғой! – деді.

– Еркежан! – Басын қозғалта күле сөйледі. Күле қарағанда бет әлпетінен шешесіне ұқсастықты байқады Сабыр.

– Ой, айналайын! Атың әдемі екен! Кім қойды? Папасы қойды ма? – Еңкейе шашынан сипай беріп, Тоғжанға қарады.

Ол қабағы сәл түйіле:

– Иә… Иә, папасы… – деді, жүзі күреңіте құбылып.

– Мен қазір, – Сабыр жүгіре басып барып қол созым жердегі дүңгіршектен балмұздақ алып келіп, алдымен біреуін Еркежанға ұсынып, – Мә ала ғой. Атыңды айтып, ағамен танысқаның үшін, – деді де, екіншісін Тоғжанға берді.

Еркежан: «Рахмет, аға!» деп мәз-мейрам. Тоғжан жаңағыдан шытыныңқы. Үнсіз. «Не боп қалды?».

Үшеуі жұрттың шетін ала жайлап аяңдап келеді. Нөпір халық әлі ағылып келіп жатыр. Саябақтың ортасына қарай ойын, концерт болып жатқан сияқты. Музыка ойнап, ән естіліп қалады. Саңқылдап сөйлеген адам даусы анық жетіп тұр.

Еркежан сәл озыңқырап кетті. Тоғжан­ның томсарыңқы түрінен Сабыр батына алмай, бір жағынан кетуге де асығып, қысы­лыңқырап келеді. Сонда да білгісі келіп:

– Жолдасың не істейді, Тоғжан? Бүгін келмеген бе? – деді ақырын.

Тоғжан басын көтеріп жан-жағына қарағандай болды. Үнсіз.

– Ұмытпасам, ұмытпасам… Жолдасың суретші ме еді?!

– А-а, оны қайдан білдің?! – Тоғжан таңғала жалт қарады. Көзі үлкейе жарқ ете қалғандай болды.

– Естігем, бағанадан ойланып, есіме түсірдім. Дұрыс айтып тұрмын ба?!

– Кімнен естідің айтшы?!

– Дұрыс айтып тұрмын ба, өзі?! Шынымен суретші ме?!

– Иә, дұрыс айтып тұрсың! Суретші болған…

– Бәсе, солай. Көрдің бе! Сен болсаң «ұмытып кеттің» дейсің. «Жақсы суретші» деген, солай ма?!

– Оның бәрін қайдан біліп алдың?! – Тоғжан абдырап қалғандай, біртүрлі сасқалақтағандай болып, – Раушан айтып па еді? – деп сұрады.

– Енді… Бір кезде іздедім… Келер деп күттім…

Тоғжан тұнжырай төмен қарады, күрсін­гендей болды. Еріп бара жатқан балмұздағын жол жиегіндегі урнаға тастай салып, беторамалын алып қолын сүртті.

– Иә, ә! Білем! – дей беріп, Тоғжан еркінен тыс күрсініп жіберді. Оған өзі қысылып қалды. – Мына қыз ұзап кетті ғой. Адасып қалмайын.

– Иә, адасып қалма, Тоғжан. Адам көп екен. Мен… – Сабыр кібіртектей тоқтап: «Енді сұрағымды тоқтатайын. Қажай бергенім орынсыз сияқты» деген оймен: – Мен онда қайтайын, Тоғжан. Жаңа естідің ғой. Түс қайта Абай алаңына жиналамыз. Кездескеніміз жақсы болды. Сәті түссе, бір әңгімелесерміз. Айтпақшы, жұмысың қай жерде?! Мүмкін болса, барып жолығармын, – деді.

– Үшінші емхана! – Жылдамдата жүре берді. «Еркежан!» деп дауыстап барады. Сабыр да бұрыла берді. Төрт-бес адымнан кейін тоқтап артына қарап еді, Тоғжан қызының қолынан ұстап жол шетінде бұның артынан қарап тұр екен…

«…Көзі ғана сол қалпында» деп ойлады Сабыр. Шындығында көзі ерекше болатын. Алғаш көрген сәтте-ақ, үлкен қара көздері тәнті еткен… Қызық. Кинотеатрда танысып еді… Шұбатылған тізбекке жақын келіп: «Соңы кім?» деген сұраққа:

«Соңы – мен!» – деп, кезек шетіндегі қыз қиғаштай жалт қараған. Сұңғақ бойлы аппақ қыз екен. Ботаның көздеріндей жанары жарқ ете қалды. Екеуі де селк ете түскендей болды. Жақып таңғала Сабырға қарады. Сабыр да көздері бақырая Жақыпқа қарады. Жақып көзімен қызды көрсетіп, басын шайқайды. Сабыр ақырын басын изеді. Кезек баяу жылжиды. Жақып тыныш тұрмай, ары-бері жүріп, шетке шығыңқырап қиғаштап қызға қарайды. Қыз оны байқаса да елемей, алдынан көз алмайды. Жақыптан маза кетті. Тықырши береді. Арасында Сабырға қарап көзін қысып қояды. Сабыр да мазасыздана, өзінен-өзі қысыла бастады. «Қап! Мынау бүлдірер ме екен?!».

Кезек касса терезесіне жақындап қал­ғанда Жақып қызға мойнын қисайта еңкейіп:

«– Қарындас! Қайсы киноға аласыз билетті? – Афишаға көз жүгіртіп. –Біз-ақ ала салайық!» – деді қиыла. «– Жоқ, рахмет! Өзім алам ғой!».

«– Жарайды, қарындас, мен алып шығам билетті. Сіз тұрмай-ақ қойыңыз. Қыздың: «Қызық екенсіз, өзім алатын едім?» дегеніне қарамай, Жақып кимелеп барып үш билет алып шықты. Үлкен есік ашылғанда ішке кірді. Залдың орта тұсындағы қатардың тура экранға тұспа-тұс орындары. Қызды ортаға алып отырды. Танысты. Қыздың аты Тоғжан екен. Медучилищеде оқитын болып шықты. Өздері аттарын айтты. Қыз да ара-тұра сұрақ қойып, бұлардың да өзі сияқты студенттер екенін біліп, риза болғандай жымия түсіп, қысқа-қысқа тіл қатысып отырды. Кино басталды. Үнді фильмі. Қызыл-жасыл дүние. Ән, би. Жаныңды баурап әкететін музыка жайбарақат отырғызбайды. Тоғжанның оң жағында отырған Жақып ара-тұра күбірлеп қызға бірнәрселер айтқан болады. Сабыр үнсіз. «Не айтып отыр екен, ә?!»

Экран құбыла келіп, үлкен бір алаңда жаппай би басталды. Әлгі негізгі кейіпкерлер болып жүрген қыз бен жігіт ортада. Олардың биі, қимылы ерекше. Ән айтып жүрген де сол жігіт. Би ортасында екеуі қолдарын ұстаса керіліп тұра қалады да, бір-біріне үздіге қарасып сәл тұрып, қайта жұлқына билеп кетеді. Сабыр орнынан қозғала «бізге бүйтіп билеу қайда?!» деп ойлады. Шалқая беріп қиғаштай Тоғжанға көз салды. Қисайта киген береті құп жарасып, ұзын кірпігі қылп етіп қағылған сайын көзі экран жарығымен шағыла сәуле таратып қалады. Құдайдың құдіреті, тура мына кинодағы билеп жүрген қыз сияқты. Әлгі көптің ортасындағы қыз бен жігіт билей-билей сыртқа шығып кетеді. Біресе қол ұстасып, біресе бірін-бірі қуалай көк-жасыл таудың қойнауына енеді. Қыз тіпті мәз, жігіттің қолынан сытыла шығып, қаша жөнеледі. Жігіт қуып жетіп қайта ұстап, өзіне қаратып қойып, «менен ешқайда қашып құтылмайсың» дегендей құшағын аша қапсыра құшақтап тұрып, тауды жаңғырта ән салады дейсің! Бір жағы жасыл беткей, бір жағы қалың қарағай, ортасында сарқыраған өзен. Сабырдың көз алдына өз аулы келді. Ақырын күрсіне беріп: «Ой, ауылды қайтем, мына тұрған Медеуді айтсаңшы! Тоғжанды Медеуге алып барсам… ән айтып, би билеп…». Өстіп отырғанда кинодағы қыз жігіттің қолынан жұлқына шығып, тұра қашты. Жігіт қуып жетіп құшақтай алғанда екеуі ұмар-жұмар жығылып, ылдиға қарай домалап кеткені… Осы сәтте Тоғжан ішегін тарта, сол қолымен иегін ұстай алды. Оның оқыс дыбысынан өз қиялымен отырған Сабыр селк ете түсіп, өз ойынан өзі ұялып, жиналып отырды.

Кинодан кейін Жақып пен Сабыр Тоғжанды жатақханасына шығарып салып қайтты. Жолда Жақып: «Қалайсың, Сабыр мырза?! Киноға барғың келмеп еді… Қызды ұнатып қалдың-ау деймін! Қандай әдемі қыз! Ақ ботадай тура. Көзін айтсаңшы, көзін!.. Тоғжан десе, Тоғжан нағыз! Енді айырылма бұл қыздан! Жатақханасын көрдің. Кел. Киноға шақыр!..» – деді, екі-үш жас үлкендігін танытып. Сабыр ешнәрсе демей, басын изеп күле берген…

 «…Бұлар неге жол шетінде менің артымнан қарап тұрды?» – деп ойлады Сабыр былай шыға, – Есіне не түсті? Бір нәрсе айтқысы келді ме екен? Мен бүйтіп тез кетіп қалады деп ойламаған-ау! Әңгімелескісі келген шығар… Көзі бұрынғыдай көрінгенімен, қабағында бір мұң бар сияқты. Өңі де сынық. Жымиғанда езулеріндегі сызықтар да айқын көрініп қалды. Ал күйеуін айтқанда неге түрі бұзылып, шытына қалды? Тіпті тұнжырап та кетті ғой… Бір түрлі жабырқап қалғандай көрінді… Бір сыр бар секілді. Кездесіп әңгімелесу керек-ау!..»

…Сол алғашқы көргеннен кейін-ақ Сабырдан маза кеткен. Тоғжан бейнесі көз алдында тұрады да қояды. Күндіз де, түнде де. Жатса да, тұрса да. Өзі көрген жатақханаға барғысы-ақ келеді. Бірақ «тәуекел» деп тартып кетуге жүрегі дауаламайды. Сабырдың бір медеу тұтқаны: өткенде жатақхана алдында қоштасарда Тоғжан бұларға рахмет айтып және сөздерін Жақыпқа қарап айтып тұрып, дәл кетерде бұған бұрылып, күлімсірей «жақсы» деп басын изегені еді. Сондағы үлбіреген ақша жүзі, екі беті шұңқырлана езу тартқаны, ұзын қою кірпіктерін қағып-қағып жіберіп, жан тебірентерліктей маздаған қос жанары нұр шаша қарағаны ойлаған сайын өзіне тарта береді.

Қарашаның бас кезі. Алматының май тоңғысыз қоңыр күзі. Арада бір аптадай уақыт өткенде Сабыр Тоғжанға баруға тәуекел етті.

Қыздың жатақханасына жақындаған сайын жүрегі лүпілдей, өз-өзінен қысылама-ау! Ыңғайсызданама-ау!..

Сабырдың осы батылсыздығына орай, бүгінгі кездесу ойлағандай болмады. Тоғжан бөлмесінде екен. Шығуын шықты. Жылышыраймен сәлемдесті. Өткендегідей жайнап тұр. Бұл «киноға барайық!» – деді. Қыз сәл ойланыңқырап тұрып: «Әй, бүгін болмайды-ау! Басқа жұмыстар бар еді!» – деді. Сабыр не дерін білмей үнсіз. Жаңағы лүпілдеген жүрегі де басылып қалғандай. Осы кезде Тоғжан: «Жақып қалай?» – деп қалды. Оны сұрайды деп ойламаған Сабыр: «Жақсы, жақсы. Ол бөлек тұрады ғой!» Қыз таңғала: «А-а, солай ма? Мен екеулеріңді бірге тұрасындар ма деп ойлап едім». «Жо-оқ, ол пәтер жалдап тұрады. Жоғарғы курста ғой. Екеуміз бір ауылданбыз» – деді. «Е-е, түсінікті онда!». Жамылып шыққан кофтасын қаусырына тұрып: «Жарайды, Сабыр. Басқа уақытта барар­мыз киноға. Жақсы!», – деп қыз бұрылып кете барды.

Сабырдың көңілі су сепкендей басылды. Сыртқа шыға өзіне-өзі кіжініп, өзін-өзі жек көріп, «қайдан бүгін келе қалып едім, қасымдағы балаларға не деймін?!» деп «бұрқылдап» келеді. Біресе «Енді келмеймін, Жақып-ақ келсін! Сонымен-ақ киноға барсын!» деп қаттырақ адымдаса, біресе сабасына түсіп: «Әй, шынымен де, тығыз шаруасы бар шығар! Сабаққа да дайындалу керек қой. Өзімнен-өзім маған не болды?! «Енді келме» деген жоқ қой. «Басқа уақытта барармыз киноға!» деді. Бұдан артық не керек?! Өз аузымен айтып тұр». Осындай әрі-сәрі оймен Сабыр жатақханасына қайтып келген.

Бір аптаға әзер шыдап, Тоғжанға тағы келді Сабыр. Батылдау болайын деп өзін-өзі жол-жөнекей қайраумен болды. Бұл жолы Тоғжан өткендегіден басқаша көрінді. Тіпті көңілді сияқты.

– О-о! Қалай, Сабыр? – Күлімсірей, қуана сәлемдесті, – Өзім де сен шығарсың деп едім!

– Жақсы, жақсы! – дейді Сабыр да күлімдей түсіп, басын изей. Тоғжанның жылышырайлы сөзіне риза болып. Әсіресе, «өзім де сен шығарсың деп едім» дегеніне көңілі кәдімгідей көтеріліп, өзін еркін сезініп, ары-бері нығыздана қозғалып, жан-жағына қарайды, – Бүгін қолың бос па, Тоғжан!

– Қолым бос, – деді қыз да елп етіп, – Киноға барамыз ба?!

– Барайық. «Арманға» барамыз ба?

– Қазір мен киініп шығайын, – деп Тоғжан ұзын дәлізбен жылдамдай басып ұзай берді.

– «Арманға» барайық дейсің бе? – деді көшеге шыққан соң Тоғжан, – Қандай кино бар екен?

– Енді сендерге жақын дегенім ғой. Бара көрерміз.

– Одан жақын кинотеатр бар. Білмейсің бе?..

– Қойшы! Қай жерде? Шын айтасың ба?

– Міне, мына жерде, – Тоғжан Ленин көшесіне шыққанда оңға бұрылды. Сәл жүргеннен кейін оң қанаттағы биік үйлерді көрсетіп, – Мына биік үйлердің астынан «Искра» деген кинотеатр ашылған.

– Мен оны білмейді екем. Жақсы бопты ғой, сендерге. Үйдің қасынан.

– Жақсы, жақын. Бірақ іші тар, «Армандай» емес. Бір-ақ рет бардық қыздармен. – Тоғжан жүрісін баяулата келіп тоқтай қалды.

– Неге тоқтадың? Бірнәрсеңді ұмыт қалдырдың ба?!

– Жо-оқ, жәй, – Қыз біреуді іздегендей жан-жағына қарап, – Бүгін өзі ауа райы жақсы екен ғой. Қарашы, жып-жылы. Кеше суықтау болған. Сабыр, киноға бармай-ақ, саябақта серуендеп қайтайық. Панфилов саябағы жақын. Бола ма?!

– Жарайды, барсақ барайық.

– Жүрейік онда! – деп Тоғжан Сабырды қолтықтап алды. Сабырдың жүрегі лүп ете түскендей болды. Кеудесін кере басын көтеріп қояды.

Кешкі саябақ. Тіпті іңір десе де болғандай. Адам сирек. Екеуі қолтықтасқан күйі би алаңын айналып шықты. Алаң қазір бос. Демалыс күндері ғой кіру мүмкін емес. Іші де, сырты да қалың нөпірге толады.

Ары-бері жүріп келіп екеуі ұзынша орындықтардың біріне қатарласа отырды.

– Шындығында бүгін ауа райы сондай тамаша боп тұр екен, Сабыр. Саябаққа келгеніміз жақсы болды. Өзі жып-жылы, – деді Тоғжан отырған күйі ұзын қарағаштардың басына мойнын соза қарап.

– Иә. Жылы боп тұр. Енді суытса, жауын-шашын басталатын шығар. Өткен аптада аспан бұлттанып, жел соққанда, күн жауатын шығар деп едім, қайтып ашылып кетті ғой. Суытады енді. Қарашаның ортасы…

Біруақ екеуі үнсіз қалысты. Тоғжан орнынан сәл жылжып, жақындап отырып еді, Сабырдың тұлабойы дір еткендей болып, жүрегі дүрсілдей жөнелді. Қызбен иық түйістіріп отырғанына, басқа дүниені бір сәт ұмытып, біртүрлі көңілі жайланып, жан дүниесі уылжи елжіреп қоя берді. Ақырын Тоғжанға қарады. Сол алғашқы танысқан кездегідей басында қисайта киген берет. Сондай қызғылт түсті жеңіл шарфтың бір ұшын сыртқа шығарып иығынан асыра бос тастап қойған. Бұл жолы шашын түймей, тоқпақтай бір өрім етіп өріп арқасына салыпты. Алакөлеңкеде ұзын кірпіктері қылп етіп қағылып, тура алдына қараған күйі үнсіз отыр. «Не ойлап отыр екен?». Сабыр құшақтағысы келіп қозғала беріп, қоя қойды. Батпады. Енді Тоғжанның қолдарына көз тастап еді, арғы қолын жұмып, таяныңқырап отыр да, бергі қолын тізесіне қарай соза тастап жайбарақат. Сабыр жәйлап сол қолдың салалы саусақтарын сипай келіп ұстады. Қыз дір еткендей қолын тарта берді. Бұл жібере қоймай, саусақтарымен қоса сәл қысыңқырап еді, Тоғжан қолын тарта беріп, «қой, тұрайық!» – деп орнынан түрегелді. Сабыр да тұлабойы шымырлай қозғалып, теңселіңкіреп барып көтерілді.

…Сол кеште Сабыр мен Тоғжан жақсы­лап танысты. Жөн сұрасып, Алматыға қай жақтан қашан келгендерін білісті. Сабыр осы Жетісудың таулы өңірінен екенін айтты. Тоғжан біртүрлі таңғала қарағандай болған. Ал өзі болса, сонау Ақтөбе облысының алыс бір ауданынан екен…

…Тоғжанның әке-шешесі бұрынырақ арасы ұзамай бірінен кейін бірі о дүниелік болыпты да, бұлар – өзінен бес жас үлкен ағасы екеуі жамағайындарының қолында өскен. Содан Тоғжан мектеп бітірген соң Алматыға келіп, өзі жасынан армандаған дәрігерлік институтқа құжат тапсырады. Бірінші жылы соңғы пәннен құлап, ауылға қайтады. Биыл екінші рет сол оқу орнына қайта тапсырып, қорытындысында конкурстан өте алмай, енді құжаттарын қайтып алуға барғанда, «Конкурстан өте алмағандар Республикалық медициналық училищеге емтихансыз қабылданады» деген хабарландыруды оқып, «енді қайда барам, тағы ауылға қайтамын ба» деп әрі-сәрі боп жүргенде, бұған да Құдайға шүкір деп, осы оқуды қолай көрген. Өкінбейді. «Дәрігер болсам» деген арманына бір қадам жақындағандай сезінеді. Алыс облыстан келгендердің тізіміне еніп, жатақхана берілді. Қазір көңілі жәйланғандай бірқалыпты. Бірақ аулын қатты сағынып жүр екен. Ойылдағы мамасының жалғыз сіңлісі, нағашы апасына хат жазған. Әлі жауап келмей, соған алаңдаулы екенін әңгімеледі.

Сабырдың «ауылымыз таулы жерде» дегеніне қатты қызықты. «Қалай? Қорықпайсыңдар ма?! Ауылдарыңа көлік бара ала ма?!» – деп сұрайды. Басын шайқап-шайқап қояды. «Медеуді көрген шығарсың» – дейді Сабыр. «Иә, көргем. Былтыр ауылға қайтарда қыздармен барғанбыз!». «Көрсең, біздің ауыл сондай таудың арасында» – дейді Сабыр. Тоғжан одан сайын қызыға да, таңғала: «О-ой, қорқынышты ғой. Күндіз жарайды. Түнде қалай жүресіңдер?! Медеудегідей өзен бар ма, су бар ма?!». «Ба-ар. Өзен деген тура ауылдың іргесінде. Сарқырап ағып, гүрілдеп жатады!». «Мәссаған! – қыз басын шайқайды, – Біздің жақта өзендер дыбысы шықпай, ақыр-ы-ын ағады». «Енді, бізде таулы жер емес пе!». Тоғжан біраз үндемей отырды да, есіне бірнәрсе түскендей: «Медеуге барайықшы!» – деді. Сабыр күле беріп, «барамыз, әлі талай барамыз Медеуге!» – деді орнынан тұра беріп. Осылай екеуінің қыдырыстары көбейді. Жиі-жиі киноға баратын болды.

Бір күні ойламаған жерден Тоғжанның аға-жеңгесімен танысты Сабыр. Аптаның ортасында бір келіп, демалыс күні бірге қыдырмақшы болып келіскен. Бірақ қоштасарда Тоғжан: «Айтпақшы, Сабыр, мен ол күні ағайымның үйінде боламын. Сен сонда кел. Сол жерден шығып кетеміз» – деп, мекен-жайды айтқан.

«Саяхаттан» төмен ауыл сияқты жеке үйлердің бірі екен. Жеңіл киіммен Тоғжан шықты: «Қалайсың? Үйге жүр!». Жымия қарап, еркелей күлімсірейді. Қозғалған сайын жаңа жарылған қарбыздың иісіндей, тіпті жас сәбиден аңқыған уыз дәміндей балғын леп лүп етіп қалады. Сабыр елжірей қарайды. Көзі күндегіден де үлкен көрінді. Нағыз ботаның көзі. Тұңғиыққа тарта мөлдірейді. Әппақ жүзі ұйқыдан жаңа оянған жас баланың жүзіндей балбырап, қарлығаштың қанатындай қиылған қас-кірпігі оған ерекше сән беріп, иығына төгіле жайылған қап-қара қолаң шашы одан сайын ажарландыра түседі. Ақ торғындай тамағы үлбіреп, қызғылтым еріндері бүлдіргендей уылжиды. Сабыр шыдай алмады: «Бүгін тіпті, әдемісің, Тоғжан!». «Болды, болды! Жүр, үйге кір!». Екі беті шұқырая жымиып, жүзіне қызғылтым нұр тарап, ұзын кірпіктерін қағып-қағып жіберді. «Жоқ, мен кірмей-ақ қояйын. Ыңғайсыз болады! Одан да өзің киініп тез шық!». «Онда былай: Кәзір үйдегілер бір жерге кетеді. Солар шыққан соң, кіресің. Күте тұр!». Сабыр қысылайын деді. Тоғжан шықса, тез кетіп қалсақ деп еді… Тықырши бастады. «Әй, Тоғжан! Қонағыңды сыртта тұрғызып қойғаның не? Үйге кір демейсің бе?!» – деді есіктен сөйлей шыққан келіншек Сабырды байқап. Артынан жігіт шықты. «Жолдасы, Тоғжанның ағасы болды». Екеуі сыртқа қарай жүрді. Соңдарынан Тоғжан да келе жатыр. Сабыр олардың алдынан шығып, сәлемдесіп жігітпен қол алысты. «Тоғжанның ағасы – Бақтияр, мен жолдасымын, атым – Раушан! – деді келіншек, – Тоғжан, қонағыңды үйге кіргіз. Шай бер! Үйге кір, айналайын!». Екеуі шығып кетті.

Сабыр мен Тоғжан емін-еркін отырып, әңгімелесті. Музыка тыңдады. Тоғжанның ағасы былтыр әскерден келгеннен кейін үйленіп, осы күзде Алматыға көшіп келіпті. Қазір құрылыста жұмыс істейді екен. Ал      Раушан музыка пәнінің мұғалімі боп мектепке орналасқан.

* * *

Бірінші қабаттағы алакөлеңке дәлізбен келіп, шеткі бір есікке кілт салып ашқаны сол, аржағынан қызы: «О, мама!» – деп келіп құшақтай алды да, Сабырды көріп, «Ой!» деп тұрып қалды.

– Еркежан, ағамен амандас, – Тоғжан артына бұрылып, – Жүр, Сабыр, үйге кір! Былай өте бер! – деп ашық есікті нұсқады.

Шағын бөлмедегі диванның шетіне келіп отырды. Біртүрлі көңілі басылып жүдей қалғаны… Бұл төрт қабатты ескі жатақ­хананы бұрыннан білетін Сабыр. Ұмытпаса, жұмысшылардыкі сияқты еді. «Қалай алып қалды екен? Әлде жалдап тұра ма?!».

Сабыр бүгін үшінші емханаға Тоғжанды іздеп барды. Өткендегі ұшырасудан кейін оншақты күн өткен. Жан-дүниесін алай-дүлей етіп кеткен бұл кездесу өткен-кеткен­нің бәрін есіне түсіріп, кинодағыдай көз алдына әкелді. Көп жылдар өтсе де, зәуіде бір ойына оралып, өткен өміріндегі өкініш пе, сағыныш па, әйтеуір сағымдай бұлдыраған бірнәрсе бейтап күйге түсіруші еді. Енді міне… Ойлап-ойлап Сабыр жастық шақта бастан кешкен дүниелерді қайта оралмайтын сағым күндер елесі ретінде бір еске түсіргісі келді. Тоғжанда да біраз сыр тұнып жатқандай…

Жұмыс аяғында емханадан шығып, Тоғжан екеуі біраз жүргеннен кейін Сабыр:

– Асығыс болмасаң, Тоғжан, бір жерге барып отырайық. Әңгімелесейік. Өзім шығарып салам ғой, – деген.

– Бір жерге баруға уақыт жоқ қой. Осылай жүрейік біраз…

– Жақсы-ы. Үй-ішің іздеп қалмаса.

– Еркежан үйде жалғыз. Көп кешікпеу керек. Күтеді.

– Папасы кеш келе ме, не?!

– Папасы… – Тоғжан кібіртіктеп, – Папасы келмейді. Жоқ папасы! – деді.

– А-а! – Сабыр сасқалақтай, – Неге? Қайда? – деп сұрауын сұрағанымен, іштей: «Бәсе, өткенде де осы Еркежанның атына байланысты папасы туралы айтқанда біртүрлі боп қалып еді…» деп ойланып қалды.

Тоғжан күрсіне дем алып, назарын төмен салды. Сабыр да ішінен «імм» дегеннен басқа әлдене деуге батылы бармай үнсіз қалды. Әлден уақыттан кейін үнсіздікті Тоғжанның өзі бұзып:

– Солай, Сабыр! Біздің жағдай осындай.

– Ой, кешір, Тоғжан! Ыңғайсыз сұрақ қойған екенмін.

– Ыңғайсыз ештеңесі жоқ. Біз үйреніп кеткенбіз.

– Қашан сонда? Ажырасып кеттіңдер ме?!

– О-ой, қашан дейтін емес! Біз, тіпті, жөнді тұрған да жоқпыз. Ақтөбеде бір айдай. Сосын Алматыға келдік…

– Солай ма?! – Сабыр таңғала басын шайқады, Сонда…

– Біз келіп қалдық. Осы көшенің арғы бетіне өтсек – алыс емес. Енді қорықпай үйге жүр, Сабыр! – деді Тоғжан күле сөйлеп.

– …Ішің пысты ма, Сабыр! Жайланып отыр. Кәзір шәй ішеміз, – деді Тоғжан бөлмеге кіріп. Жеңіл халат киіп, ортасынан бір буған шашын арқасына бос тастап қойған. Диванның қарсысындағы үстелдің үстін сәл жинастырып, терезе пердені ашыңқырап қойды. Ары-бері қозғалған сайын лүп етіп мұрынға жеңіл де жұмсақ хош иіс келеді. Сабыр оған білдіртпей бастан-аяқ көз салып өтеді. Үстел мен терезенің ортасында тумбочканың үстінде кішкентай теледидар. Оның бетін сипай өтіп Тоғжан бөлмеден шыға берді. Тағы да жаңағы хош иіс сезіліп, Сабыр орнынан бір қозғалып қойды.

– Сыртқа шығып ойнадың ба, Еркежан? Жоқ, күні бойы ұйықтап жаттың ба?! – деді Тоғжан шайға отырған соң қызына.

– Шыққан жоқпын. Теледидар қарадым! – Қуықтай ас үйдің босағасына сүйеніп тұрған қыз Сабырға күлімсірей қарайды. Таныс боп қалған.

– Кел, шай іш, қызым. Кәзір тамақ та піседі. Отыр мұнда ағамен бірге.

– Жоқ, мама, шәй ішкім келмейді.

– Еркежан онда, – Сабыр шалқая беріп, қалтасына қолын сала, – Балмұздақ алып жей ғой, – деп бір уыс тиынды сылдырлата қыздың қолына салды. Күлімдей қуанып кеткен қыз: «Рахмет, аға! Рахмет!» – деп сыртқа беттеді.

– Үйге әкеліп же, Еркежан! – Тоғжан қызының артынан дауыстап, – Күні бойы жалғыз қалады. Іші пысады ғой… – дегенше Еркежан қайта айналып:

– Мама! Аға кетіп қалмасын. Мен тез келем! – деді бұрыла беріп.

– Кетпейді, аға! Кетпейді!

– Кетпеймін, Еркежан! – десіп екеуі де күлді.

– Міне, осы! – Тоғжан күрсініп жіберді, – Үлкейген сайын қиын боп барады. Көріп отырсың, үйде жалғыз қалады. Қорқамын. «Аға кетпесін!» дейді. Есі кіріп қалды. – Тоғжан біреу естіп қоймасын дегендей сыбырлай сөйлеп, – Әкесін іздейтін сияқты.

– Мүмкін. Иә, иә, – Сабыр басын изей, – Бірге оқитын балаларды көреді, естиді.

– Иә, соларды көреді. Бірінші класта оқып жүргенде, «қыздарды папалары келіп алып кетеді», – деп айта беретін. Кейін қойды.

– Папасын өзі жақсы біле ме? Көріп пе еді?

– Әй, есінде жоқ-ау! Кейін бір-екі рет келген. Онда бұл мүлде кішкентай. Бір жолы төртте ме, әлде бес жаста ма екен, қолынан жетектеп көшеде екеуміз келе жатқанда «Мама, менің папам қайда?» – деп сұраған. Не дерімді білмей, қатты састым. Әйтеуір, «папаң алыста жұмыс істейді», – деп едім, «келе ме, қашан келеді?» дегені. «Келеді, кейі-ін келеді», – деп қойғам.

– Ойпырай, ә! – Сабыр орнынан бір қозғалып қойып, тұнжырай қалды. Не айтарын да білмейді. Сұрай беру тағы ыңғайсыз.

– Кел! Шәй іш, Сабыр! Менің жағдайымнан басың ауырып кетті ме?! – Тоғжан кесеге қол созды.

– Мен… Мен, тіпті ештеңе білмейді екенмін.

– Қайдам! Өткенде бәрін білетін сияқты көріндің, – Тоғжан сәл күлімсіреген болып, – Суретші ме деп…

– Оны естігем ғой…

– Раушаннан ба?!

– Енді, Тоғжан, сол кезде сен кешіккен сайын менің де шыдамым таусылды. Не істеймін? Қайда барам, Раушаннан басқа?! Алғаш сенің демалысың аяқталуға жақын қалғанда бардым Раушанға: «Ой, ол қыз ауылға бара алмапты. Біздің жақта қар қалың жауады ғой. Боран дегендей. Омбылаған қардан жолдар жабылып көлік жүре алмай қалыпты. Жынды қызға бармай-ақ қой дедім. Жо-оқ, «барам да барам. Апамды сағындым» деп болмады. Енді міне… Білмеймін. «Қайт енді», – десем, «жолды тазалап жатыр, бір-екі күн күтіп көрем», – дейді. Болмаса келіп қалар енді» деген. Одан кейін тағы бардым. Үйде ешкім жоқ екен. Қараңғы түскенше күтіп, келмеген соң кетіп қалғам.

Осы кезде сыртқы есік ашылып, Еркежан сөйлей кірді:

– Мама! Жақсы балмұздақ алдым! Ақша жетті, үшеу алдым. Саған да, ағаға да!

– Болды, болды, қызым. Біз шәй ішіп отырмыз. Тоңазытқышқа сала тұр. Сосын…

Еркежан көзі ұшқын шаша мәз.

– Қай класты бітірді?

– Екіні бітірді ғой. Амандық болса, күзде үшінші класқа барады.

– Е-е, әлі-ақ есейеді. Бойжетіп шыға келеді қыз деген, – деді Сабыр, – Бәрі жақсы болады, Тоғжан.

– Айтқаның келсін, Сабыр! – Тоғжан баяу күрсінді.

–- Иә, сол жылы Ақтөбеде қар қалың болды. Мен қайдан білейін, ондай боларын. Училище болса да оқуға түстім. Көңілім көтеріңкі. Ауылға бір барып қайтайын деп едім. Нағашы апамды да қатты сағынып едім… Жолым болмады ғой… Ақыры… – Тоғжанның дауысы, баяулап барып, дірілдей тоқтады. – Есіме түссе… Құдайым-ай!.. Қайдан барып едім сол жолы!… – Жыламсырап орнынан тұрып барып, терезеге қарады.

– Өй, өй, Тоғжан! – Сабыр да сасқалақтай орнынан тұрды. – Жылап тұрсың ба, не?! Қой! Қой!

– Ой, кешір, Сабыр! Қайдағылар еске түсіп кетті ғой, – Тоғжан екі қолдап саусақтарымен көздерін сүрткіштеп, есік жаққа «Еркежан көріп қоймасын» дегендей жалт-жалт қарап келіп, қайта орнына отырды. – Сабыр, кешір сен! Есіңді шығардым ба?! – Күліп қояды.

– Қой, Тоғжан! Жәй әңгімелесіп отырмыз ғой. Шындығында бүйтіп есті шығарма!

– О-о, қазан да қайнады, – деді Тоғжан, таси бастаған ыдыстың қақпағын ашып, – Шәй ішіп болсаң, Сабыр, сен кішкене демал, асығыс емес шығарсың, – Орнынан тұрып, бөлмеге беттеді: – Міне, мына диванға жатып, аяғыңды созып,.. Еркежан ағаңа жастық қойып бер. Жұмыстан шыққан шығарсың…

– Иә, шаршадық шындығында.., – Сабыр шалқалай жатып аяғын созды.

…Сонда Ақтөбеге Тоғжанды Сабыр өзі шығарып салған. Бақтияр мен Раушан жұмыстан шыға алмай осы Сабырға табыстап еді. Тура қаңтардың он бесі болатын. Екі аптадай демалыс. Көптен айтып жүрген нағашы апасының аулына бармақ. Кеше екеуі «Арманға» киноға барған. Содан жаяулап қайтып еді. «Он күннен кейін маған да демалыс басталады. Мен күтем, сені, ертерек келесің бе?» – деген бұл қимай. «Көремін. Ерте келуге тырысамын. Ауылдарыңа барғым келеді! Көргім келеді тауды», – деп, Сабырды қолтықтаған күйі оның иығына басын сүйеген.

Түс әлетінде жүретін пойызға шығарып салу үшін Сабыр сабаққа бармай, ертерек Тоғжанның жатақханасына келген. Екеуі асықпай шығып, қол ұстасқан күйі мәз-мейрам болып, вокзалдың буфетінен келіп шәй ішті. Сабыр Тоғжаннан көзін алмайды. «Осылай сенің көзіңе қарап отыра беруден жалықпаймын!» – дейді қимай. «Қойшы», – деп күлді Тоғжан. Бұл қиыла қараған күйі қыздың қолынан ұстап, оның салалы саусақтарын қос уысына алып, босатпай біраз отырды. Іші-бауыры елжірей ынтыға түседі.

Пойыз қозғалғанда Тоғжан вагон терезесінен біресе қолын бұлғап, біресе алақанын әйнекке жабыстыра саусақтарын қозғап-қозғап қояды. Өзі мәз боп күліп тұр. Бірнәрсе айтқан болады. «Кешікпей келем. Күт!» дейтіндей. Қолын бұлғап ыржиып тұрған Сабыр пойыз жылдамдығын үдеткенде, қуып жететіндей қосыла жүгіргенін өзі байқаған жоқ. Тоғжан одан сайын мәз бола қолын бұлғайды. Соңғы вагондар жол иінінен бұлаң етіп өте шыққанда барып бір-ақ тоқтады. Жан-жағында ешкім жоқ. Алабұртқан көңілден қимас сезімге толы тәтті шағын біреу еріксіз суырып әкеткендей құлазып қалды. Жан әлемі бірден жабырқап сала берген…

Дастархан қайта жасалған. Шағын үстелді толтырып қойыпты.

– Содан ауылға жете алмай пединститутта оқитын кластас құрбымның жатақ­хана­сында жаттым. Ол да жолға шыға алмай қалған. Қайта соның болғанын айт. Екеуміз автовокзалға күнде барамыз. Еститініміз бір-ақ жауап: жол жабық. – Тоғжан әңгімесін айтып отыр, – Тамақтан алып отыр. Мынаны ашасың ба! – деп шараптың ұзынша бөтелкесін әкеліп үстелге қойды, – Асықпайық, әңгімелесейік. Білемін, сен маған өкпелісің!..

Еркежан ас үйге бір кіріп, бір шығып, бұларға риза болып қарайды. Сабыр Тоғ­жанның жаңағы көңілі босағаннан кейін өзін өзі сәл тізгіндеп: «Көп сұрақ қоя бермейін. Өз еркімен әңгімесін айтар. Қазбаламай-ақ қояйын!» деп ойлады. Шарапты ашып, сирақты бокалдарға құйып: «Ал, Тоғжан, көп жылдардан кейін кездескеніміз үшін тост көтеруге болады. Зымыраған уақыт. Көзді-ашып жұмғанша он шақты жыл өте шығыпты. Басыңнан талай оқиғалар өткен сияқты. Өмір болған соң бәрі де болады. Ең бастысы аман-есенбіз!» – деп бастап, кездескеніне риза екенін айтып бокалын түйістірді.

– Сонымен жатақханадамыз. Студент­тердің көбі қысқы демалыста. Біз сияқты бірен-саран ауылдарына бара алмай қалғандар ғана. Қолымыз бос, қыдырамыз, киноға барамыз. Бізбен бірге жоғарғы курстың бір қызы болды. Ол да Байғаниндегі ауылына бара алмай жүрген. Сол қыз бір күні бізді киноға шақырды. Барсақ, кинотеатр алдында бір жігіт күтіп алды. Ауылдасы екен. Аты – Мұрат. Таныстық, киноға кірдік, – Тоғжан ақырын күрсініп қойды. – Содан әлгі жігітті жиі көретін болдық. Күнде келеді киноға шақырып. Бара-бара жатақханадан шықпайтын болды. Жолдастарым деп бір-екі рет туған күн жиындарына ертіп барды. Ондай кезде әлгі жігіт жанып кетеді. Домбыра тартып ән салады. Негізгі мамандығы суретші екен. Билейді. Алдымен биге ылғи мені шақырады. Өстіп жүргенде бір апта өте шықты. Автобекетке барып тұрамыз. Жол әлі жабық. Сонда ғой автовокзалда Раушанның ағасын жолықтырғаным. «Раушанмен сөйлесіп жағдайыңды айтып қоямын» деген. Сөйлесіпті ғой…

– Иә, сол кезде екен ғой, менің Раушанмен сөйлескенім, – деді Сабыр.

– Иә, солай сияқты, – Тоғжан әңгімесін жалғастырды, – Сонымен Алматыға қайтатын уақыт та жақындап қалды. Автобекетке күнде барамыз. Жолдың ашылатын түрі жоқ. Ашылмақ түгілі аршыған жолды қайта қар басып қалыпты деп төндіре сөйлеген жауапты естиміз.

Ары-бері ойлана келіп Тоғжан Алматыға қайтқанды жөн көреді. Осы күндерде күнде келіп-кетіп жүретін Мұрат қалаға жақын жердегі бір ауылға тойға шақырды. Ол жаққа Тоғжанның барғысы келмеген. Нағашы апасына бара алмады, ешнәрсеге құлқы жоқ. Алматыға қайтуға дайындалатынын айтып азар да безер болып еді, бәрі жабыла шулап болмады. «Мына тұрған жер. Барамыз да қайтамыз. Алматыға өзіміз шығарып саламыз. Жүр де жүр. Бәріміз бірге барып, бірге қайтамыз!». Ақыры Тоғжанды көндірді. Баратын болды.

Жақын дегенмен, оның да жолы оңай болмады. Тракторлар жолды аршып, қарды таудай-таудай етіп үйіп тастаған. Кісі бойынан биік. Әр жерде тұрған орнында шыр айналып зырылдаған көліктер. Мұрат тауып келген Уазик машинасымен жылжи-жылжи кеш бата бір ауылға келеді. Аппақ қардың қоршауында тұрған бір үлкен үйдің ауласына кірді. Есік алды толған адам. «Келдік! Түсейік!» – деді біреу. Есіктің алды алакөлеңке. Машинадан түсе бере: «Келін келді! Келін келді!» деген дауыстар естіліп қалды. «Келін келді!» дей ме?!» деп елең ете қалған Тоғжан сөзіне бір қыз: «Той ғой, енді!» – деді. Тоғжан көңіліне күдік кіре бастады. «Үйге жүріңдер! Үйге жүріңдер!» деп қаумалаған жұрт. Шу-шу еткен әйелдер… Тоғжанның есі шығып, құлағы шулап, басы айналды…

Сөйлеп отырған Тоғжан демі дірілдей шығып:

– Сөйтсем, күткен келіндері мен екенмін! Маған әдейі ескертпей, алдап алып келген. Үйленетін адам Мұраттың өзі болып шықты. Сол екен бәрін ұйымдастырып жүрген. – Біртүрлі өкси күрсінді. – Осылай торға түстім ғой! Өмірім быт-шыт болды! – Даусы қаттырақ шығып кетіп, өзі ыңғайсызданып қалып, тез үнін бұқтыра – Кешірші, Сабыр! – деген Тоғжан шарап толы бокалды қолына алды. – Келші, алайық! – Сыңғыр еткізіп алып шарапты сіміріп салды да, көзін төмен аударып отырып қалды. Кірпіктері суланып, жиі қағылады. Әлден уақыттан кейін басын көтеріп: – Қанша бұлқынып, айқайласам да, болмады, – деді дауысы қайта бұзыла.

Сонымен күнде жиын, күнде той дегендей, бұл ауылда аптадан аса айналып қалады. Болар іс болғанмен, Тоғжанның көңілі алаң, мазасы жоқ. «Оқуы не болады? Ел-жұрт не дейді? Не апасына бара алмады. Аға-жеңгесі не дейді?!». Мұраттың ойына ешнәрсе кіріп-шықпайтын сияқты. Екі езуі екі құлағында. «Ешнәрсе ойлама, бәрі жақсы болады. Оқуыңмен Алматыға барған соң өзім сөйлесем. Осы жақтан анықтама жасатып аламыз. Еш алаң болма!» – дейді. Бәрібір Тоғжанның жан-дүниесі жайланбайды. Бұлай бәрі өзгеріп кетеді деген үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Біруақ бұл жаққа жолға шыққанына өкінді. Раушан да, Бақтияр да айтудай-ақ айтып еді. «Жол алыс, қар басып қалады!» деп… Енді ойынан Сабыр шықпайтын болды: «Мені күтіп жүр-ау! Алдап кеткендей болдым-ау!..».

Әңгіме тыңдап отырған Сабырдың қабағы түсіп кеткен:

…Сол кездерде Тоғжанның кешікке­нінен-ақ Сабырдың да мазасы кетіп, қайта-қайта Раушанға келетін. Алдында бір келгенінде «Жол ашылмай, ауылға бара алмапты. Енді кеп қалар. Ағайыммен сөйлесіп тұрмын», – деген. Сөйтіп жүргенде демалыс та бітті. Тоғжан әлі жоқ. Сабыр тіпті не істерін білмеді. Оның да қысқы демалысы басталып, аулына барып тез қайтып келген. Тоғжан болса, әлі келмепті. Раушанға тағы келді. Үйінен шығып келе жатыр екен. Асығыстау сөйлесті. Бұрынғыдай емес. Көңілсіз, қабағы шытыңқы. Ашуланыңқырап сөйледі: «Иә! Кешігіп жатыр. Ауырып қалды ма? Біз бармай-ақ қой деп едік. Болмады ғой. Міне, енді сабақтан қалды!».

Сабыр бір сұмдықтың болғанын сезді. Жүрегі кеудесіне сыймай, қатты соғып, басы айналғандай тұрып қалған.

Екі-үш күннен кейін Сабыр шыдай алмай Раушанға тағы келді. Раушан біртүрлі өткендегіден де абыржыңқы көрінді: «Әй, білмеймін! Бұл қызды түсінбей қалдық!». Сабыр елең ете қалды. Жүрегі суылдап, дегбірі қашты. «Мен саған, Сабыр, өткенде айта алмап едім. Сені де түсінеміз. Бірақ енді айтпасақ болмайды». Сабырдың шыдамы таусылып, бойына діріл кірді. «Сен жігітсің!..». Көзін алмай, қадала қарады. «Біз де, білмей қалдық, бұл қыздың ойын. Сен енді ренжіме! Тоғжан күйеуге тиіп кетіпті!..». «А-а!». Даусы оқыс шыққан Сабыр құлап қала жаздады. Көзіне жас үйірілді. Байқап қалған Раушан: «Қой, енді, Сабыр! Қыз деген сондай сайтан болады!». Иығына қолын салды: «Жас жігітсің! Әлі талай қыз кездеседі. Алдымен оқуыңды бітіріп, жақсы маман болу керек. Содан кейін қыз өзі-ақ келеді!» – деп жымия күлген болды.

Шын-өтірігіне сене алмай есеңгіреп тұрып қалған Сабыр әлден уақытта есін жиғандай болып, сенделген қалпы жатақ­ханасына қайтқан…

Өткен оқиғалар есіне түскен сайын түрі бір қуарып, бір қызарып құбылып отырған Тоғжан әңгімесін жалғай түсті:

– Содан Ақтөбеге келіп, тағы да бір танысының үйінде тұрдық. Күнде біреу шақырады. Жолдасы да, танысы да көп екен. Екі рет сурет көрмесіне қатыстық. Мұраттың екі картинасы қойылыпты. Құттықтаушылар көп болды… Күнде жиын-той…

Сонымен айдан аса уақыттан кейін бұлар Алматыға келеді. Мұраттың бұл қалада пәтер жалдап тұрғанына жеті-сегіз айдай болған екен. Енді отбасымен тұратын кеңірек үй іздемек. Оған Тоғжанның аға-жеңгесі де зыр жүгіріп көмектесті. Сөйтіп, Алматының Татарка ауданынан жеке үйдің бір бөлмесімен келісіп, екеуі сонда орналасты. Мұраттың Ақтөбеден алған анықтамалары іске жарап, Тоғжан әйтеуір оқуына қайта кірісті. Бір біткен шаруа осы болды. Тоғжан қатты уайымдап жүр еді. Мұрат әр жермен сөйлесіп жүріп, өнер мұражайына жұмысқа орналасты. Ерте кетеді, кеш келеді. Содан бір айдай шамасы болғанда, Мұрат кешігуді жиілетеді. Кейде, тіпті келмей да қалатын болды. Айтатыны: Үлкен сурет көрмесін өткізіп, соңынан соны атап өтіп, тойлапты…

Күндер өтіп жатты. Мұраттың сылтауы көбейді. Кешігуі, үйге қонбауы жиіледі. Тоғжанға күдік кірді: «Бұл қалай? Бүйте берсе, мұның аяғы не болады?!». Сабағынан шығып, үйге келсе, бөлме даладай азынап тұрады. Мұратты күте-күте екі көзі төрт болып, жападан жалғыз бүріседі де жатады. Осылай Тоғжанның уайымы көбейді, неше рет Сабырды іздеп барғысы да келді. Әлі де үмітпен өзін-өзі тоқтатып жүрді. Бір күні үйге қонбағаны былай тұрсын, түн жарымында удай мас боп келді. «Жаздым, жаңылдым! Енді қайталанбайды! Кешір мені!» – деп ант-су ішті. Содан үш-төрт күн үйден шықпай жатып алды. Не жөнін айтпайды. Тоғжанның әбден басы қатты. Көп өтпей Мұрат «еркелігін» қайта бастады. Үйге қонбауы көбейді. Екі-үш күн қатарынан жоқ боп кететін болды. Өстіп жүргенде бір күні сабақ үстінде Тоғжанды бір әйел іздеп келді.

Осы тұсқа келгенде Тоғжанның түрі біртүрлі боп сәл үнсіз отырды да, қайта сөйледі.

– Ал кеп тарпа бассалсын әлгі әйел! «Менің байымда нең бар?! Басын айналдырып!..». Түкке түсінбеймін. «Мен қазір бәріне барып айтамын! Отбасымды бұзды деп, оқудан шығартамын!» – дейді түкірігін шаша долданып. Төбемнен жай түскендей болды ғой. Есімнен танып қала жаздадым, масқарамды шығарды.

«Тоғжанды жөнсіз кінәлап жүр екенмін-ау! Қандай жағдайға душар болған!» деп ойлап отырған Сабыр, енді мынаны естігенде, басын оқыс көтере беріп, қабағын түйе Тоғжанға еңкейе:

– Не? Әйелі бар ма екен?! – деді төне түсіп. Тұла бойы дірілдеп кетті.

– Иә! Әйелі, бір баласы бар екен. Мені алдап жүріпті. Не деген оңбаған десеңші! – Жанар аясына тағы да жас айналып, – Екі жақты да алдап, бір күн ол жақта, бір күн бұл жақта… – Мөлт-мөлт еткен тамшылар көзінен үзіліп-үзіліп түсті. Өкси егілді. Сабыр отыра алмай орнынан тұрып келіп Тоғжанның иығынан ұстап:

– Қойшы, Тоғжан! Егіле бермеші! Бәрі өтті-кетті нәрселер ғой! – деп жұбата сөйлеп, самай шаштарын қайыра маңдайынан сипады.

– Ой, кешірші, Сабыр, – Тоғжан сасқалақтай есік жаққа жалт-жалт қарап, – Отыршы. Еркежаннан ұят! Орныңа бар! Жыламаймын! – Көзін сүрткіштеп орнынан тұрып кетті.

…Осыдан кейін Тоғжан бәрінен түңілді. Құры сүлдері сүйретіліп әрең қозғалады. Оңаша қалса болды, көз жасына ерік береді. Ұйқы-күлкіден айрылды. Үш күннен кейін Мұрат келді: «Әйеліммен өзі де ажырасайын деп жүргенмін. Мен сенімен бірге боламын. Басында айтпағаныма кешірім сұраймын!». Тоғжан сөйлескісі келмеді: «Осы алдағаның да жетеді. Енді сенімен тұрмаймын! Келме маған!». Мұрат келуін тоқтатпады. Әуелде аға-жеңгесінің үйіне барып тұрған Тоғжан қайтадан жатақханаға шықты. Мұрат сол баяғыдай қай жерде болса да Тоғжанға келеді де тұрады. Жай келмейді. Бұрқырап, ішіп алып келеді. Кірген-шыққанда тосып тұратын болды. Бір күні қатты айтты: «Енді келсең, енді мазамды алсаң, тура милиция шақыртып ұстатып жіберемін!». Содан біраз уақыт тыныш боп қалған. Енді құтылған шығармын деп еді. Жоқ, олай болмады. Шамасы, оншақты күн өткенде, ұмытпаса күн жексенбі-ау! Қыздар бәрі жайбарақат шай ішіп отырған. Екінші қабаттағы терезеге тырс етіп тас тиді. Бөлмедегілер елең ете қалды. Жарыса терезеге ұмтылды. Тоғжан таңғала қарады. Мұрат. Киім киісі басқаша. Ешнәрсе болмағандай ыржиып күліп тұр. Шегіне беріп еді, «Тоғжан! Тоғжан!» деп болмады. Сап-сау сөйлесіп тұрғаннан кейін: «Иә, не айтасың?! Келме деп едім ғой!». «Кешір, Тоғжан! Бір көріп кетейін дедім. Келме десең, келмей-ақ қояйын!». Бұрыла бергенде, тағы дауыстады. «Бұл неғып сыпайы болып қалған?». Тоғжан қайта қарады. «Не? Не айтасың?!». «Енді сенің мазаңды алмаймын. Анда-санда осылай келіп, көріп тұрайын!». «Жоқ! Керек емес! Енді келме!». Мұрат сәл үнсіз қалып: «Жарайды, Тоғжан! Маған осы терезеден қарағаныңның өзі жетеді!». Тоғжан бұрылып, терезені жауып алды.

Содан бір аптадан кейін Мұрат Тоғжан­ның терезеден қарап тұрған суреті салынған үлкен рамалы картинаны «18-бөлменің қыздарына» деп төмендегі вахтаға қалдырып кетіпті. Мұраттың өзін қайтып Тоғжан көрген жоқ.

– Ол сурет өзіңде бар ма?! – деді Сабыр Тоғжаннан көз алмаған күйі. Жүзі алабұртып отырған Тоғжан:

– Көргің келе ме? Бар! – Сәл ойланғандай болып барып, орнынан тұрды да, бөлмеден рамалы суретті алып шықты. Еркежан ілесе келді. Көңілді. Бұларға күлімдей қарап қояды. – Кел, қызым. Отырып тамақ іш.

Еркежан басын ары-бері қозғап, еркелей келіп, дастарқанға отырды. Сабыр раманы қолына алып, суретке қарап отыр. Майлы бояумен салынған сурет «Терезеден қараған қыз» деп аталады екен. Терезеден күлімсіреп Тоғжан қарап тұр. Үстінде гүлді халат. Шашын оң иығынан бұрқырата алдына түсіріп қойған. Екі көзі ботадай жайнап, күлімсіреп қарайды. Жымиғанда білінетін екі бетінің шұңқырына дейін айнытпапты. Сол жағында терезеге қойылған вазадағы қызыл гүл алаулай жанып, Тоғжанның шиедей ернімен үйлесім тауыпты.

– Өзінше күлімсіретіп қойыпты. Күлім­сіреу қайда, жарылардай ызаланып тұрғам! – дейді Тоғжан.

«Терезеден қараған қыз», – деп күбірледі Сабыр. «Шындығында, бұл мен үшін де терезеден қараған қыз болып ойымда қалып еді. Иә, иә! Ақтөбеге шығарып салғанымда пойыздың терезесінен осылай қарап тұрып қолын бұлғап кете барған…».

Кейін Тоғжанның күйеуге тиіп кеткенін естігенде қанша ренжісе де оның елесі көңілінен бір кеткен емес. Ауық-ауық есіне түсіп, жан-дүниесін уылжыта өртеп, жан-сарайының терезесінен көзі мөлдіреп Тоғжан қарап тұрғандай болатын. Мұндайда жүрегі шымырлап барып, шаншып-шаншып кететін…

– Көп қарадың ғой, – деді Тоғжан.

– Иә, ә, қалай болғанда да жақсы сурет. Дәл өзің…

– Солай ма?!

Екеуі де бір дем үнсіз қалды. Сәлден кейін Тоғжан Сабырға күлімсірей қарап:

– Үндемей қалдың ғой. Біресе жылап, біресе күліп көңіліңді түсірдім бе?! «Тоғжан қандай боп кеткен?» деп таңғалып отырған шығарсың. Келгенің жақсы болды, Сабыр. Әңгімелесіп рахаттанып қалдым! – деді.

– Иә! Өткен-кеткенді еске түсіріп, мен де бір серпіліп отырмын. Ашық-жарқын сырласқаныңа ризамын, Тоғжан.

– Енді… Мен өзімді сенің алдыңда кінәлі санап жүргем!..

– Олай деме. Ешнәрсеге кінәлі емессің…

– Түсінгеніңе рахмет! – Күлімсіреген Тоғжанның ажары ашылып, жүзі жайнап шыға келді.

– Шайды ысытып жіберейін. Анадан құйып қойсаңшы. Екеуміз бір шиша шарапты тауыса алмадық қой.

Бокалдар қайта толтырылды.

– Мен енді әңгімемді аяқтайын, – деді Тоғжан жүзі алқызыл нұрға бөленіп, – Сол күндерде мен қатты жүдеп кеттім. Ешнәрсеге құлқым да, зауқым да болмады. Әйтеуір әрең қозғалып қыздарға ілесіп сабаққа барып келемін. Тамаққа да тәбетім жоқ. Аздап ішкен-жегенімді ізінше құсып тастаймын. Бастырылып жөнді ұйықтай да алмай жүрдім. Бір күні дәрігерге бардым, – Сәл тыныстап күрсініп қойып, – Енді жетпегені осы еді! Тексеру нәтижесі екіқабат екенімді анықтады. «Енді қайттім!» деп тағы да жылауға бастым. «Үлкеймей тұрғанда алдырып тастайын!» деген ойымды Раушан тоқтатты. «Қой! Қой! Ондайға барма! Бұлай істесең қайтып бала көтермей қалуың мүмкін. Жассың. Өз өміріңе өзің қиянат жасама! Саған баланың еш кедергісі болмайды. Өзім бағып беремін!». Сонымен, Құдайға тәуба! Еркежаным қасымда!

– Өте дұрыс істегенсің, терезеден қараған қыз! – Сабыр Тоғжанға күлімдей қарады. – Өте жақсы. Жарайсың! Жеңгеңнің тілін алғаның ақыл болған!

Бағанағыдай емес, Тоғжанның қабағы ашылып, жүзі балбұл жанып, қызылы қызыл, ағы ақ дегендей, алқызыл беті балбырап, еріні үлбірей уылжып, құралайдың көзіндей мойыл жанары шуақ шаша құлпырып отыр. Жүректегі неше жылғы зілді мұң там-тұмдап сейіліп, іштегі шері тарқап, көңіліне сәуле түсіп, сергіп қалғандай.

Сабырдың ойына өткен күндердің бір елесі оралды: Екеуі «Арман» кинотеатрынан шықса, жапалақтап қар жауып тұр екен. Қалықтай түсіп жатқан қарды қызықтап, Абай алаңында біраз қыдырып жүрген. Сонда бір ағаштың астынан өте бергенде Тоғжан бұтақты сілкіп қалып Сабырды қарға көміп сықылықтай күліп қаша жөнелген. Мойны-басына қар саулаған Сабыр қызды қуа ұмтылып, ұстай алды. Тоғжан бұлқынып бой бермейді. Сабыр қапсыра құшақтап өзіне қаратты. Қас-кірпіктеріне дейін қар тұрып қалған Тоғжан көше шамдарының сәулесімен қарға аунаған түлкідей құлпырып алыпты. Көздері түйісе бір-біріне елжірей қарасып тұрып қалып еді… Тап қазір сондағы бейнені көрді Тоғжаннан. Көңілі алып-ұшып, кеудесі дүрсілдей жөнелді. Сабыр шыдай алмады. Көзі тұна орнынан тұрып:

– Мен сені дәл қазір таптым, Тоғжан! – деп келіп құшақтай алды.

– Ойбай! Қой, Сабыр! Қой! – Бұлқына есік жаққа қарап: – Еркежаннан ұят! Қойшы! Қайтшы үйіңе! Талай уақыт болды! Автобус тоқтап қалады енді. – Сабыр босататын емес, сүймек болады:

– Мейлі! Тоқтай берсін!

– Ойба-ай! Қорқам, Сабыр! Болды, болды! Қайт енді үйіңе! Тыныштық керек!

Осы кезде есік жақтан тысыр естіліп, Сабыр құшағын босатып, лып етіп орнына отыра қалды. Тоғжан есікке беттеді. Сәлден кейін қайта кіріп, ақырын сөйлеп:

– Еркежанды жатқызып келдім – деді.

– Тоғжан! Кешір мені! Мен… –Ары қарай сөзін ұмытып қалғандай үнсіз қалып: – Мен қайтайын! – деді Сабыр дауысы толқи.

– А-а! Қайтасың ба?! – Тоғжан таңғала. – Автобус тоқтап қалды ғой!

– Мейлі! Ақыры кешіктім…

Енді Тоғжан құшақтай алды:

– Алдымен мені кешір, Сабыр! – Оның иығына басын қойып жылап жіберді.

– Өй, Тоғжан! Мұның не?! Жылама! Демал енді! Қой! Ауырып қаласың!

– Жақсы. Жарайды! Сау бол! Рахмет келгеніңе! – Тез басып барып есік ашты. Өзін-өзі тоқтатқанмен, көз жасын тежей алмай тұрған Тоғжанға ұмсына беріп, маңдайынан сүйді де, «жақсы» деп күбірлеген Сабыр есіктен шығып кетті.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір